Аймақтар • 12 Сәуір, 2019

Өскеменде Қаныш Сәтпаевтың құрметіне аудитория ашылды

1717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күні және әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың 120 жылдығына орай оқу орнында геолог атындағы атаулы аудитория ашылып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Өскеменде Қаныш Сәтпаевтың құрметіне аудитория ашылды

Аудиторияның ашылу салтанатына даңқты тұлғаның жиені, геология-минералогия ғылымдарының докторы Александр Третьяков Алматыдан арнайы келіпті. 

«Бүгін Қазақстан ғылым қызметкерлерінің күні ғана емес, Қаныш Имантайұлының да туған күні. Осы ретте біз университетіміздің Г1-301 аудиториясына ғұлама ғалым есімін беруді жөн деп шештік», - деді аудиторияның ашылуында сөз сөйлеген оқу орнының проректоры Олег Гавриленко.

Қаныш Сәтпаев атындағы су жаңа аудиторияда өткен конференцияда сөз алған ғалымның жиені геологтың адамгершілік қасиеттері жайында естелік айтты. 

«Ол кісінің адамдық келбетін, қарапайымдылығын көрсететін үш қасиетіне тоқталсам деймін. Біріншісі, ХХ ғасырдың 30 жылдарының басында, елдің жағдайы қиын кезде, репрессия қарқын алып тұрған шақта ағылшындар Жезқазғанға барлау жүргізудің қажеті жоқтығын жеткізіп, «мұндағы кен орнының болашағы жоқ» деген пікір айтады. Қаныш Имантайұлы бұл кезде бар болғаны 34 жаста еді. Алайда ол алған бетінен қайтпай нысанның маңыздылығын, барлау жұмысын жүргізу керектігін дәлелдеп, ақыры кен орнын ашуға қол жеткізеді. Егер оның айтқаны дұрыс келмесе, атылып та кетер ме еді. 

Екіншісі, геологтың Ұлыбританияға баруы. Сол сапарында осы елдің экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап: «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, халқым менен де биік» деп жауап беріпті.

 Негізі ол кісінің бойы 2 метрге жуық болған. Үшіншісі, ғалым өмірінің соңғы жылдарында қатерлі ісікке шалдыққанда дәрігерлер шет елде ем алуға кеңес беріпті. Қаныш Имантайұлы екі аптадай ойланып, дәрігерлерге: ««Менің павлодарлық жерлестерімнің көбі тіпті Алматы мен Мәскеуге жете алмай жүр. Мен шет елге бара алмаймын» деп шет елге барудан бас тартыпты. Содан соң 4 жылдай тірлік кешіп, өмірден өтті ғой», - дейді Александр Третьяков.

Қазақстан шыққан тұңғыш академиктің жиені сөзінің соңында «Өскемендіктердің Қаныш Имантайұлын ерекше құрметтейтіндіктерін жақсы білеміз. Бұған облыс орталығында үлкен даңғылдың берілуі дәлел. Алматыда, Астанада, Павлодар пен Қарағандыда Қаныш Сәтпаевқа ескерткіш қойылған. Тұлғаға Өскеменде де бір ескерткіш орнатылса деген тілегім бар. Бұл ұсынысымды әкімдік қолдайды деп сенемін», - деп ұсынысын жеткізді. 

ӨСКЕМЕН