Ұрлық анықталуда
Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:21
Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті лауазымды тұлғаларының «Ауыз су» салалық мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 1,5 млрд.теңге бюджет қаражатын ұрлау дерегі барлығын анықтады, деп хабарлады Қаржы полициясының баспасөз қызметі.
Бейсенбі, 7 маусым 2012 7:21
Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті лауазымды тұлғаларының «Ауыз су» салалық мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 1,5 млрд.теңге бюджет қаражатын ұрлау дерегі барлығын анықтады, деп хабарлады Қаржы полициясының баспасөз қызметі.
Президент Жарлығымен ерекше стратегиялық маңызы бар деп танылған республиканың 7 облысында (Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Алматы облыстары) орналасқан 36 су жүйелерін тексеру барысында мұнда «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 1,5 млрд.теңгені ұрлау дерегі анықталғандықтан 2012 жылғы 31 мамырда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғалары мен өзге де адамдарына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Осындай көпқырлы тексерулерден жыл сайын 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған жүйелер мен құрылғылар өтуі тиіс. Олардың беріктілігі, тұрақтылығы мен пайдалану жарамдылығына қарап жағдайы анықталады. Аталған нысандарды тексеру қызметтеріне мемлекеттік сатып алудың конкурстарын өткізгенде Су ресурстары комитетінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының заңының нормаларын өрескел бұзумен жүргізгендігі анықталды.
Барлық 36 нысан бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілері жасалып, оларға қол қойылған. Бұл актілердің нәтижесінде «АККЕ Астана» ЖШС-не 1,5 млрд.теңге бюджет қаражаты аударылған. Кәсіпорын басшысы ақшалай қаражатты иемденіп өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Бюджет қаражатын ұрлаудың осы дерегіне қатысы бар деген Су ресурстары комитетінің лауазымды адамдары саны анықталуда.
Аталған дерек мемлекетке ірі көлемде залал келтірген жүйелі сипаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыс болғандықтан және ауқымы бойынша елдің тең жартысын дерлік қамтығандықтан, оны тергеу ісі Агенттік басшылығының ерекше бақылауына алынды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.