2018 жылдың қорытындысы бойынша шет мемлекеттерде 250-ден астам тақырыптық іс-шара, олардың ішінде 130-дан аса кездесу, 34 «дөңгелек үстел», 28 кітап және фотокөрме, Қазақстанның тарихы және мәдениеті туралы кинотуындылардың көрсетілімдері өткізілді. Шетелдік БАҚ-та аталған тақырыпта 150 мақала жарық көрді.
Әлемдік қауымдастықты Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыру мақсатында 2017-2018 жылдары мәдениет және өнер мәселелерімен айналысатын шетелдік журналистерге арналған үш баспасөз туры ұйымдастырылды. 21 елден келген шетелдік БАҚ-тың 50-ге жуық өкілі Қазақстан елордасының және Алматы қаласының маңызды мәдени нысандарын аралап, Шымкент қаласының және Түркістан мен Маңғыстау облыстарының киелі жерлерінде болды.
«Рухани жаңғыру» тақырыбында Сыртқы істер министрлігінің апта сайын басылып шығатын ағылшын тілді «Astana calling» ақпараттық бюллетенінде детиісті материалдар жарық көріп тұрады.
Аса маңызды іс-шаралардың ішінде Қазақстанның 2018 және 2019 жылдары Лондон кітап жәрмеңкесіне қатысуын атап өтуге болады. Аталған іс-шаралар барысында әлемдік аудиторияның назарына қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлу және басқа да әңгімелер», Оралхан Бөкеевтің «Кісі киік және басқа да әңгімелер», Герольд Бельгердің «Таңдаулы шығармалары» және басқа туындылар ұсынылды.
Қазіргі таңда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің қолдауымен қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясын БҰҰ алты ресми тіліне аудару жұмысын жүргізуде.