Президент • 16 Сәуір, 2019

Тиісті қаулылар бекітілді

966 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялар мен бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан кезекті кеңейтілген отырысын өткізіп, онда президенттікке кандидатты қолдап, қол жинауды және олардың растығын тексеруді ұйымдастыру және сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы екі қаулыны бекітті.

Тиісті қаулылар бекітілді
Бірінші қаулының жобасы туралы жиналғандарға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов баяндады. Ал екінші мәселе бойынша ОСК хатшысы Сәбила Мұстафина сөйледі.

«Сайлау туралы» конституциялық заңның 56-бабының 1-тармағына сәйкес, сайлаушылардың президенттiкке кандидатты қолдауы қол жинау арқылы расталады және осы заңның 3-тармағы президенттікке кандидатты қолдап қол жинауды сенім білдірілген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституцияда және «Сайлау туралы» конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексергеннен кейін бес күн мерзімнен кешіктірмей ОСК беретін қол қою парақтарымен ресімделетіні айтылды. Президенттiкке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен республика астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр пайызы қолдауы тиiс. Тізілімге сәйкес 2019 жылдың 

1 қаңтарында еліміздегі сайлаушылар саны 11 млн 814 мыңнан сәл артық адамды құрайды. Демек, президенттікке кандидатты кем дегенде 118 мың 140 сайлаушы қолдауы керек. 

Сонымен бірге кандидаттардың сайлау науқанын өткізуге көмектесетін, сайлау алдындағы үгітті жүргізетін, мүдделерін қорғауға сенім білдірілген адамдар алуға құқы бар. Кандидаттар сенім білдірген адамдарын өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда тіркетеді. Өз кезегінде олар тиісті сайлау комиссиясына сенім білдірілген адамдар болуға өз келісімін беретіні туралы өтініш береді. Аумақтық сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдар тіркелгеннен кейін оларға тиісті куәлік береді. Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, сонымен бірге ол қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі, саяси мемлекеттік қызметші бола алмайды. Сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сенім білдірілген адамдар қол жинауды ұйымдастыру мақсатында қол жинайтын басқа да адамдарды тарта алады.

Қол жинау жөніндегі толтырылған парақтар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол 10 күндік мерзімде паспорт қызметтерінің жұмыскерлерін тарта отырып, қойылған қолдардың дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады, президенттікке кандидатты қолдайтын қолдардың дұрыстығын тексеру нәтижелері туралы тиісті хаттаманы ресімдейді және оны Орталық сайлау комиссиясына жібереді.

Сонымен бірге «Президенттікке кандидатты қолдап, қол жинауды және олардың дұрыстығын тексеруді ұйымдастыру туралы» арнайы қаулымен ОСК қол жинау парақтарын беру мерзімін 5 күннен 2 күнге дейін қысқартылғанын және қолдардың дұрыстығын тексеру мерзімі 10 күннен 5 күнге дейін қысқарғаны жеткізілді. Осылайша, сайлауды ұйымдастырушылар ішкі рәсімдерді өткізу мерзімдерін қысқарту есебінен сайлау процесіне қатысушылардың іс-шараларына арналған уақытты ұлғайтқан екен.

Сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қаты­су­шы­ларын оқытуды ұйымдастыру туралы баяндаған С.Мұстафина бұл шара­ның 2017 жылғы 15 маусымда «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау тура­лы» конституциялық заңына енгізілген өз­ге­ріс­термен, сондай-ақ 2018 жылғы 29 мау­сымда Қазақстан Республи­ка­сының Бюджет кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген толықтырулардың негізінде іске асырылатынын жеткізді. 2017 жылдан бас­тап әзірленген Жол картасы шеңберінде Мемлекеттік басқару академиясының базасында оқытумен электораттық процесті ұйымдастырушы мемлекеттік қызметшілер арасынан облыс әкімдерінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері және олардың орынбасарлары, әкімдер аппараттарының басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат хатшылары, ішкі және жастар саясаты, мәдениет, тілдерді дамыту басқармаларының басшылары оқытылады. Жол картасы шеңберінде ОСК 2,5 жыл ішінде 62 оқыту іс-шараларын (дәрістер, семинарлар, тренингтер, веби­нарлар, жазғы мектептер) өткізіп, оған 14 610 адам қатысқан. Осы сайлау науқанында мамырдың аяғына дейін – барлық тізбеленген оқыту түрлерін пайдалана отырып, учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелері оқытылады. 

Кеңейтілген отырыс қорытындылары бойынша ОСК мүшелері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.