26 Маусым, 2012

Ысырапқорлықтан ойлы тұтынуға

417 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ысырапқорлықтан ойлы тұтынуға

Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:17

ЖЕТУ ЖОЛДАРЫН  АЛДЫМЕН БЮДЖЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ӘКІМШІЛЕРІ ОЙЛАСТЫРҒАН АБЗАЛ

Бүгінгідей  дағдарыс салдарын еңсеру және  экономикалық жаң­ғыру тұсында қатал  қаржы тәрті­бі ауадай қажет екенін ешкім жоққа шығара қоймас.  Халық игілігіне, әл-ауқатын жақсартуға бағытталатын қаражат салықтар­дан, басқа да кіріс көздерінен құралатынын ескерсек, бюджет­тің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр­ғанын аңғару қиын емес.  Еліміз бойынша былтыр 288 жобаның пайдалануға беріліп,  30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары­ның ашылуына 970 миллиард тең­геден асатын қаржы жұмсал­ған екен. 

Сейсенбі, 26 маусым 2012 7:17

ЖЕТУ ЖОЛДАРЫН  АЛДЫМЕН БЮДЖЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ӘКІМШІЛЕРІ ОЙЛАСТЫРҒАН АБЗАЛ

Бүгінгідей  дағдарыс салдарын еңсеру және  экономикалық жаң­ғыру тұсында қатал  қаржы тәрті­бі ауадай қажет екенін ешкім жоққа шығара қоймас.  Халық игілігіне, әл-ауқатын жақсартуға бағытталатын қаражат салықтар­дан, басқа да кіріс көздерінен құралатынын ескерсек, бюджет­тің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу бүгінгі уақыт талабынан туындап отыр­ғанын аңғару қиын емес.  Еліміз бойынша былтыр 288 жобаның пайдалануға беріліп,  30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары­ның ашылуына 970 миллиард тең­геден асатын қаржы жұмсал­ған екен.  Бұл – бір ғана индус­триялық-инновациялық даму шең­берінде жүзеге асырылған әлеу­меттік жобалар.  Орасан қаржы­ны қажет ететін мұндай  маңыз­ды бағдарламалардың  басқа салаларда  да көптеп кездесетіні  айтпаса да түсінікті.   Олай болса, бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты мемлекет құруға ұмтыла отырып  орынсыз қаржы шығындарын болдырмау­дың, оңды-солды ысырапқа берік тосқауыл қоюдың маңызы зор. Алайда, қаржылық-бақылау ор­ган­дарының мәліметтеріне көз жіберсек, бюджет шығындарын оңтайландырудың орнына бере­ке­сіз жұмсау, мақсатты түрде игер­меу үйреншікті жәйтке  ай­налғандай әсер қалдырады. Әсі­ресе, мемлекеттік  бағдарлама­лар мен жобалардың  орындаушылары «теңгенің тиыннан құрала­тынын» ескере бермейтіні өкі­нішті. Елбасының «қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтыну­мен және үнемдеумен ауыстырылуы тиіс» деген талабын  ұмыт­қан тәрізді. Араларында өте өзекті бағдарламалар мен жобалар үшін бюджеттен қарастыры­латын қаражаттар мен транс­ферт­терді сарқылмастай, сұрауы, қайтарымы жоқтай көретіндері де аз емес. Мұндай сүреңсіз мысалдар Қызылжар өңірінде де жетіп артылады. Облыстық тексеру комиссиясының талдаулары мемлекеттік сатып алу, бухгал­тер­лік есеп жүргізу заңнамала­рының бұзылуы, бюджет қаржы­сын тиімсіз жұмсау, негізсіз пайдалану, шығысты  дұрыс жоспарламау, жабдықтаушылармен шарт­тық міндеттемелерді орындамау, асырып көрсетілген жұмыс көле­мін жалақыға қосу секілді олқылықтардың жиі қайталана­тынын көрсетіп берді. Мұның бәрі бюджеттік қаржыландыруды шамадан тыс көбейтіп, орынсыз ысырапшылдыққа соқтырып отыр. Бюджеттік бағдарлама әкімші­лері мемлекеттік тапсырыстарды орындауда заң талаптарын бұр­малап, белгіленген нормативтер мен шекті  лимиттерді сақтай бер­мейді. 42 мекемеден ғана 851,7 миллион теңгенің заң бұзу­шылықтарының анықталуы осы сөзіміздің дәлелі болса керек.

Облыстық қаржы бақылау инспекциясының мәліметтері де  бюджет қаржысын тегін шүлен таратқандай  оңды-солды  ысы­рап­сыз­дықпен жұмсаушылар қа­та­рының азаймай отырғанын байқатады. Былтыр  15.851 миллион теңгенің заң бұзушылығы әшкереленсе, оның  жартысына жуығы  бюджеттік ұйымдарға тие­сілі.  2010  жылға қарағанда  заң­ды белінен басу 1,9 есеге артқан.  Қолданылған шаралар­дың арқасында 387,9 миллион теңге қайтарылған. Құмға  сіңген су  секілді ізім-қайым жоғалған қалған соманың сұрауы жоқ па деген төңіректе әңгіме қозғасақ, бюджеттің  ақшасын сауын сиырдай көріп, жемсауы бүлкілдеп отыратын солтүстікқазақстандық небір жебірлер еріксіз еске түседі. 296 лауазымды тұлғаның тәртіптік жауапкершілікке тартылуына, 13 қылмыстық іс қозға­лып, 4 шенеуніктің сотталғанына қарамастан қаржылық бұзушы­лық­тың жолын кесу өз нәтижесін берер емес. Осы жылдың бірінші тоқсанында қаржы тәртібін бұр­малаушылық сомасы 2,6   миллиард теңгені құраған. Өндіріліп алуға тиіс қаржының  үштен бірі ғана қайтарылған. 2010-2011 жылдар аралығында  «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген  республикалық транс­ферт­ті  пайдалану бойынша 860,4 миллион теңгенің  заңсыздық­тары  жалғанның жалпағына шы­ға­рылған. Бюджеттік  бағдарла­малар әкімшілері тарапынан жі­берілген  кемшіліктер көзге бір­ден шалынады.

Республикалық қазынадан бө­лінетін мақсатты трансферттерді тиімді пайдалану дәрежесі де қанағаттандыра бермейді. Тиісті қадағалаудың әлсіздігінен жекелеген әлеуметтік және мәдени мақсаттағы инвестициялық жобаларды кейінге ысыру фактілері жиі кездеседі. «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңдар өрескел бұзыла­ды.  Бір таңқаларлығы, мемле­кеттік сараптама қорытындысы, бекітілген жұмыс жоспары, жо­балық-сметалық құжаттар жоқ­ты­ғына қарамастан қаржы­лан­дыру үрдісінің жалғасқаны бай­қалады. «Мемлекеттік мекемелерге бөлінген бюджеттік қара­жатты, оның ішінде, республика­лық және облыстық бюджеттерден берілген нысаналы транс­ферттерді пайдаланудың бақы­лау­лық іс-шаралары» аясында тексерілген 3 мекемеде ғана 200 миллион теңгенің заң бұзушы­лығына жол берілген. Ал, жекелеген әкімшілердің бюджет шы­ғындарын игере алмауы  мемле­кеттік бағдарламалардың орындалмауына, кешеуілдеуіне әкеп соқтырған. Мысалы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы  кә­сіп­керлер тарапынан өтініш­тер­дің түспеуін сылтауратып, «Биз­нестің жол картасы-2020»  бағ­дарламасы бойынша  жобаларды қаржыландыруға қарастырылған жарты миллиард теңгені игере алмаған. «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша  жобалық-сметалық құжаттардың кешігуі себепті 46,1 миллион теңге қоз­ғалыссыз қалған. Аталмыш бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде бөлінген 310,8 миллион теңге мақсатты трансферт­тің төрттен бірі игерілмеген. Ал, бюджеттік өтініштерге дәйекті есептердің жасалмауы, шығын­дарды еш талдаусыз жоспарлау, белгіленген нормалар мен лимиттер шегінен ауытқып кету 369,3 миллион теңгенің заңсыздық­тарына ұрындырған.

Жекелеген мақсаттардың, түп­кі нәтижелердің, сапалық өлшем­дердің нақты сараланбауы стратегиялық жоспарларға  ортақ кемшіліктер деуге болады. Нысаналы индикаторлар көбіне ақша­лай бағаммен көрсетілгендіктен, салалардағы кешенді өзгерістер мен бетбұрыстарды болжау қиын. 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық жобаларға  білім басқармасы ұсынған 7 бағдарла­ма­ның жарты жылға кейін ше­герілуін іске жауапты адамдар­дың  немқұрайдылығы мен сал­ғырттығы демеске лажымыз жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы бойынша  орындалуы тиіс 13 жобаның 8-і дайын болмай шыққан. Энергетика жә­не коммуналдық шаруашылық басқармасы 2011-2020 жылдарға арналған сумен қамтамасыз ету, тарату желілерін қалпына келтіру және жаңғырту бағдарламасы барын біле тұра өз міндеттеріне жүрдім-бардым қараған. Осындай жауапсыздық салдарынан «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқы­лы 2013 жылға қарастырылған мақсатты трансфертке ілікпей қалу қаупі бар. Мұндай түйткілді жәйттер жұртшылықтың  сын садағына жиі ілігіп жүрген жолдарды жөндеу бойынша да туындап отыр. Облыс жабындысы жоқ автомобиль  жолдары жағынан елімізде алдыңғы орындардың бірінде тұр. Әсіресе, жергілікті  маңыздағы жолдардың сапасы төмен. Осыған қарамастан 2011-2015 жылдарға арналған өңір аумағын дамыту бағдарламасы шеңберінде 8 миллиард теңгенің жобалық-сметалық құжаттары жасалғанымен, әлі күнге дейін республикалық арнайы бағдарла­ма тізіміне  енбеген.  «Автомобиль жолдарының қызметін қам­тамасыз ету» бағдарламасы бойынша 354,6 миллион теңге мөл­шерінде қаржылық бұрмалаушы­лықтың табылуы біраз жәйтті аңғартса керек. Сайып келгенде, жоспарлы индустриялық-иннова­циялық жобалардың кейінге қал­дырылуы аймақтың  әлеуметтік-экономикалық даму үрдісін күр­делендіріп жіберері анық.  Сонда бұл қалай,  салалық ведом­ство­лардың жобалық-сметалық құ­жат­тары бар бағдарламаларды ғана қабылдайтынын көпе-көрінеу елемеушілік пе, әлде жауапты лауазым иелерінің  сал­ғырт­тығы ма? Қалай десек те,  түзетілуі қиын соғатын әрі қо­сым­ша қомақты қаржыны талап ететін жобаларды жоспарлаудағы олқылықтар көзге шыққан сүйел­дей анық аңғарылады. Өңірдің жылдық бюджеті, шамамен алғанда 92 миллиард теңгені құрап жүр. Оның ішінде 2011 жылы республикалық трансферт­тердің үлесі 75 пайызға жетті. Осыған қарап-ақ, жергілікті бюд­жетті толықтыруда, үлес салма­ғын арттыруда ішкі мүмкіндіктер мен қолдағы резервтерді әлі де ұтымды ұйымдастыра алмай отырғанын байқауға болады.  Осы орайда,  көп қаржыны және ерекше  қажыр-қайратты қажет ететін мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларды орындаушылар мен іске асырушылар  қаржылық тәртіпті арттыру, бюджеттік рә­сімдерді жақсарту,  жергілікті бюджет қаражатын тиімді пайдалану жолдарын үнемшіл, ойлы  тұтынушылық пиғылмен шеш­кен­дері абзал.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.