Аймақтар • 16 Сәуір, 2019

«Бекіре – 2019» балық қорғау акциясы басталды - АШМ

958 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз орталығында браконьерлікпен күресу жұмыстары бойынша брифинг өтті деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының өкілдері қоғамда орын алып жатқан басқа да сұрақтарға жауап берді.

«Бекіре – 2019» балық қорғау акциясы басталды - АШМ

2018 жылы елімізде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 8840 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі тіркелді. 180 браконьерлік факты тіркеліп, оның 78 фактісі киік аңы бойынша, ал 102 фактісі басқа жануарлардың түрі. 2019 жылдың І тоқсанында 1740 бұзушылық анықталды.       

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның  бас директорының орынбасары Тансықбаев Жаннаттың ақпараты бойынша елімізде киік аңына қатысты браконьерлік фактілері тоқтамауда.

Атап өтсек, 2019 жылғы 10 наурызда Ақтөбе облысы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының аумағында 40 киіктің атылған тушасы табылып, аталмыш факты бойынша ішкі істер органдарымен қылмыстық іс қолғалды.

«Дәл осындай жағдай 2019 жылғы 17-21 наурыз аралығында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орын алып, 108 атылған киіктің тушасы табылды. Күдіктілерді іздеу жұмыстары кезінде 6 адам құрықталып, оның 2-і «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары болып шықты. Осы факты бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясымен қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлады Қорғалжын қорығының директоры А. Сексенбиев.

Брифинг барысында киік аңын қорғау жұмыстарын күшейту мақсатында Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы киік аңының қолжетімсіз ареалына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан аумақтық инспекция мамандары жіберілді.

«1 сәуірден бастап Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре – 2019» балық қорғау акциясы басталды. Акция басталғаннан бері 250 табиғат қорғау заңнамасын бұзушылығы анықталды, оның ішінде Атырау облысының аумағында - 173, Маңғыстау облысында – 68, БҚО-да 9. Жалпы әкімшілік жауапкершілікке 191 адам тартылды, 13 қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi тіркелді және 2,3 млн. теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, бұзушылардан 8 тонна 715 кг балық, оның ішінде 536 кг бекіре тұқымдас балық, 3,2 кг уылдырық алынды» - деп атап өтті, Комитеттің өкілі Қ. Искалиев.