Аймақтар • 16 Сәуір, 2019

Қарағанды облысының әкімі Израиль елшісімен кездесті

879 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат Вексельман ханыммен кездесуде кәсіпкерлік пен инвестицияларды дамыту саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады.

Қарағанды облысының әкімі Израиль елшісімен кездесті

– Қарағанды облысы – еліміздегі ең ірі аймақтың бірі. Біз Қазақстанда қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі және машина жасау салаларында жетекші позицияларда тұрмыз. Біз әріптестіктің орнатылғанын қалаймыз және барлық бағыттардағы қарым-қатынастарымызды дамытуға әзірміз, – деген облыс басшысы Қарағанды өңірі әлеуетті инвесторларға медицина мен фармацевтика, туризм, ауыл шаруашылығы бойынша 70-ке тарта жобаны ұсынуға ниетті екенін айтты.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында Қазақстан мен Израильдің бірлескен 11 компаниясы жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, электрмен жабдықтау, қаржы және сақтандыру қызметі, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету сияқты салаларда нақты істермен айналысады.

Израиль елшісі Қарағанды облысында ұсынылған барлық жобалардың міндетті түрде қарастырылатынын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына ықыласты екендіктерін жеткізді.