Қазақстан және Венеция комиссиясы: Құқық үстемдігі жолында
Сәрсенбі, 27 маусым 2012 7:14
Үстіміздегі жылы 15-16 маусымда Венеция қаласында (Италия) Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясының) 91-жалпы отырысы өтті. Қазақстан өкілдері бұдан бұрын да мұндай іс-шараларға қатысып жүретін, алайда бұл жолы еліміз үшін ол ерекше маңызды болды. Жалпы, отырыста Қазақстан Венеция комиссиясының толық құқылы мүшесі ретінде таныстырылды. 2012 жылғы наурызда Республика Президенті «Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиядағы Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды.
Сәрсенбі, 27 маусым 2012 7:14
Үстіміздегі жылы 15-16 маусымда Венеция қаласында (Италия) Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясының) 91-жалпы отырысы өтті. Қазақстан өкілдері бұдан бұрын да мұндай іс-шараларға қатысып жүретін, алайда бұл жолы еліміз үшін ол ерекше маңызды болды. Жалпы, отырыста Қазақстан Венеция комиссиясының толық құқылы мүшесі ретінде таныстырылды. 2012 жылғы наурызда Республика Президенті «Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиядағы Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл акті Еуропа Кеңесі министрлері комитетінің Қазақстанның тиісті өтінішін қанағаттандыру туралы шешімінен кейін қабылданды. Бұл Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың танып-мойындауын айғақтай түсті.
Форум жұмысына Венеция комиссиясының Президенті Д.Букиккио, Еуропа Кеңесі министрлері комитетінің және Парламент Ассамблеясының өкілдері, түрлі құрлықтардың конституциялық бақылау органдарының басшылары, сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты.
Қазақстан 1998 жылдан бері Венеция комиссиясында байқаушы мәртебесін иеленіп келген болатын. Комиссия Конституциялық Кеңеспен және еліміздің басқа да мемлекеттік органдарымен, құқық қорғау құрылымдарымен тұрақты негізде өзара іс-қимыл жасап, жекелеген құқықтық институттарды реформалау кезінде біздің сұрауымыз бойынша бірнеше рет сарапшылық-әдістемелік тұрғыда көмек көрсетті. Енді ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде. Комиссия мүшесі ретінде Қазақстан шешім қабылданар кезде дауыс беру құқығына ие болды.
Венеция комиссиясы Еуропа Кеңесінің конституциялық мәселелер бойынша консультативтік органы болып табылады. 1990 жылы құрылған Комиссия еуропалық конституциялық мұраның стандарттарын ескере отырып конституциялар қабылдануында үлкен рөл атқарды. Бүгінде Комиссияға 58 мемлекет мүше болып табылады, атап айтқанда Еуропа Кеңесінің 47 мүшесі, сондай-ақ Алжир, Бразилия, Чили, Израиль, Қазақстан, Қырғызстан, Корея, Мексика, Марокко, Перу және Тунис. Беларусь қоғамдастық атынан мүше. Аргентина, Ватикан, Канада, Жапония, АҚШ және Уругвай байқаушы мәртебесіне ие. ОАР мен Палестинаның байқаушыға теңестірілген ерекше ынтымақтастық мәртебесі бар, соның арқасында олар қорытынды беруді сұрай алады.
Өз Жарғысына сәйкес Венеция комиссиясы тәуелсіз консультативтік орган болып табылады, ол қатысушы мемлекеттердің бірінші кезекте құқық жүйелерін жақындастыру мақсатында оларды зерделеумен, сондай-ақ құқықтық мемлекет пен демократия қағидаттарын іске асырумен айналысады. Өз жұмысында Комиссия Еуропа Кеңесінің қызметіне негіз етіп алынған еуропалық конституциялық мұраның тұғырлы үш қағидасын, атап айтқанда: демократияны, адам құқықтарын қорғауды және құқық үстемдігін басшылыққа алады.
Қазіргі уақытта Венеция комиссиясы халықаралық қоғамдастықтың конституциялар үстемдігін қамтамасыз ету саласындағы іс-қимылын біріктіретін орталық болып табылады. Оның көп жылдық жұмысы нәтижесінде 2011 жылғы мамырда конституциялық бақылау органдарының халықаралық қауымдастығы ретінде Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция құрылды. Бұл ұйымның мақсаты – негізгі заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету мәселесінде конституциялық соттар мен баламалы институттар арасында әлем деңгейіндегі тығыз ынтымақтастық орнату болып табылады.
Конституциялық бақылау органдарының өзара іс-қимылы өңірлік деңгейде де іске асырылады. Бүгіндері әлемде Еуропа, араб, африка, латын америкасы, франктілді және португалтілді елдердің, ТМД-ға мүше мемлекеттердің конституциялық соттары қауымдастықтары бар. 2011 жылғы шілдеде Джакарта қаласында Азия елдері конституциялық соттарының қауымдастығы құрылып, оған Индонезияның, Жапонияның, Кореяның, Малайзияның, Моңғолияның, Таиландтың, Өзбекстанның және Филиппиннің конституциялық әділет органдары тең құрылтайшылық жасады. Қауымдастыққа соңыра Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Түркия қосылды. Бұл ұйымға қосылу туралы ұсыныс Қазақстанға да жасалып келеді. Қазіргі уақытта ол Қазақстан тарапынан зерделенуде.
Мұндай бірлестіктерге мүше болу конституциялық бақылауды іске асырудың өзекті мәселелерін конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, мерзімді баспасөз өнімдерін шығару шеңберінде тұрақты түрде ақпарат және пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған өңірлік бірлестіктермен және оларға кіретін мемлекеттермен жеке-дара нәтижелі жұмыс істеп қана қоймай, Дүниежүзілік қауымдастық шеңберінде олардың іс-әрекетін біріктіре отырып, Венеция комиссиясы халықаралық деңгейде кеңінен танылды.
Жекелеген құқықтық мәселелер бойынша салыстырмалы конституциялық және халықаралық құқық тұрғысынан талдау жасап, олардың еуропалық стандарттарға сәйкестігіне қорытынды беру Венеция комиссиясының басым бағыттарының бірі болып табылады. Мәселен, бұл жолы жалпы отырыста Бельгия Конституциясы, Тунистің жаңа Конституциясының жобасы, Венгрия Парламентінің мүшелерін сайлау туралы акті, «Экстремистік іс-әрекеттерге қарсы тұру туралы» және «Федералдық қауіпсіздік қызметі туралы» Ресей Федерациясының заңдары және т.б. бойынша Комиссия қорытындыларының жобасы талқыланды.
Қазақстан Республикасының атынан Венеция комиссиясының мүшесі ретінде мен Комиссияны Қазақстан жүргізіп отырған мемлекеттік құқық саясатының негізгі бағыттары туралы хабардар еттім.
Конституциялық Кеңес пен Венеция комиссиясының кезекті іс-шарасы үстіміздегі жылғы тамызға жоспарланған. 29-31 тамызда Конституция күніне арналған «Конституция: адам құқықтарының, демократиялық қоғам мен заманауи мемлекет құндылықтарының іске асуы» атты халықаралық конференция өтеді.
Қорытындылай келе, Қазақстан мен Венеция комиссиясы ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейіне көтерілді деп атап өтуге болады. Бұл елімізде құқықтық мемлекет қағидаларын орнықтыру үдерісіне оң әсер етері сөзсіз.
Игорь РОГОВ,
Конституциялық Кеңес төрағасы.