Зәріп көкеміз алғашқыда аула ішінен монша салып алыпты. Оған жеті мыңға тарта бөтелке жұмсалған. Сойы бөлек моншаға түсуге ниет білдіргендер көбейіп, жақсы жасалғанына, ішінің мінсіз, нағыз бабына келтірілгеніне мақтау айтып, тәуекелдің үстінде жүрген азаматтың үй салсам деген шешімін нығайта түседі.
Өнерлі адам бір іске бекінсе бағытынан айныту қиын. Зәріп Мысабеков үй салу үшін қырық мыңға жуық бос бөтелкені жинайды. Оған ауылдастары да жәрдем берген. Баяғыдай дүкендер бос бөтелкені ақшаға қабылдай бермейді. Той-томалақтан соң бос құмыралар ауылдың репетін алып, әр жерде домалап жата береді. Оны жинап алып тұтынушысына берсең, ауыл қоқсықтан тазарады. Сонымен Зәріп ұзындығы он екі, ені сегіз метр болатын баспана тұрғызып алды. Мұның да өз ерекшелігі бар екен. Қыста жылы, жазда салқын болатын бұл үйге ауылдастарының ішінен қызығушылық танытып жатқандар аз емес.
Зәкең үйдің сыртқы қабатын ашық күйде қалдырып, ішін ғана сылаған. Мұның тағы бір жақсылығы, сыртын сумен айнадай етіп жуып алуға әбден болады. Отағасының тәуекелі жұбайы Сәуле Ыбыраеваны да қанаттандырып отыр.
«Расымен жақсы құрылыс материалы болады екен, дейді ол. Енді осы тәсілмен жылыжай және дүкен тұрғызсақ деген ниетіміз бар». Ниетке жеткен жақсы. Қам кесек, қызыл кірпіштен үйді әркім-ақ тұрғызады. Шетелдің біраз қалаларына жолымыз түсті. Адам ойына келмейтін материалдардан түрлі нысандар, ойын-сауық орталығын тұрғызғандарды көрдік. Адамдар көп келеді. Тұтынушысы көп.
Мына Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы жол бойында кемеден кафе ашып қойған азамат бар. Түнде шамдары жарқырап құм үстінде жүзіп келе жатқандай әсер береді. Сол сияқты, Зәріп шебердің босаған бөтелке құмыраларынан тұрғызылған үй-жайы да атақты шайыр Тұрмағамбет ауылының көркіне көрік қосып тұр.
Қызылорда облысы