Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай, Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, осы оқу орнындағы ақындар мектебінің жетекшісі Айман Ақтанова секілді ғалымдар қатысқан шара барысында Жарма өңірінің есімдері елге әйгілі, даңқты тұлғаларын ұлықтау жайы жан-жақты сөз болды. Әсіресе әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабайдың айтқан ұсыныстары көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. Біреу білер, біреу білмес, «Күлдір де күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз» деп жыр толғаған атақты Ақтамберді жыраудың Абай ауданы Құндызды ауылы шетіндегі Жүрекадыр жотасына жерленгені белгілі.
С.Қорабайдың айтуынша, тұлғаға өткен ғасырдың 80-жылдар шамасында сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаевтың күш салуымен төрт қабырғалы, шағын бейіт тұрғызылыпты. «Ол уақытта үлкен кесене тұрғызуға рұқсат берілмеді ғой. Ақтамберді жыраудың Кеңес заманында салынған бейітін еңселі кесенеге айналдыру – баршамыз үшін үлкен парыз. Бір өкініштісі, не Семейде, не Өскеменде жырау атында көше жоқ. Атақты Түбек және Сабырбай ақындардың да бейіттері жермен жексен болып кеткен. Мүлде белгі жоқ. Ертең мүлде ескерусіз қалады ғой. Айтпақшы, Жарма ауданының орталығы – Қалбатауда Т.Байқошқарұлы деген көше бар. Шынын айтсам, мұны ешкім түсінбейді. Осыны Түбек ақын көшесі деп дұрыстап атау керек. Ол заманда ақынды ешкім Т.Байқошқарұлы деп атаған жоқ қой», дейді ғалым.