Қоғам • 18 Сәуір, 2019

Қатыгез ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды

1010 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл істі Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Білім және ғылым министрлігі бақылауға алды. Қыздар қажетті ем, арнайы психологтердің көмегін алды. Жетісай аудандық полиция басқармасында тіркелген іс бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар күдіктіні қамаққа алу түріндегі жазаны орындау бойынша шара қолданылған. Ата-ана құқығынан өгей анасын ғана емес, сондай-ақ әкесін де айыру жөніндегі мәселе қарастырылып жатыр. Комиссия шешімімен балалар әжесіне тапсырылған.

Қатыгез ананың үстінен  қылмыстық іс қозғалды

Кештеу болса да мәлім болған оқиғаға байланысты көңілді осылай жұбатып алғанымызбен, өгей ананың қатыгездігі, қорғансыз қыздардың денесіне ғана емес, жүрегіне түскен жара туралы ақ­параттар еңсені езіп, ауыр ойға жетелейді. Иә, әлеуметтік же­ліде ақпарат жарияланбай тұ­рып, Түркістан облысы Жетісай ауданында мектеп мұғалімдері оқушылардың денесінен ісік пен ұрып-соғу іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырды. Ба­лаларды жәбірлеген әйел бір­ден полицияға жеткізілді. Әлеу­мет­тік желі белсендісі таратқан ақ­паратқа қарағанда, апалы-сің­лілі – 16, 14 және 12 жастағы қыз­­дардың көрмеген қорлығы қал­­маған. Өгей анасы, 1991 жыл­­ғы Жұлдыз кәмелет жасына тол­­маған қыздарды ұрып-соққа­­ны аздай, жантүршігершік тәсіл­­мен денелеріне жарақат са­лып, азаптаған. Оның мұндай қаты­гез­дікке не себепті барғаны әзірге беймәлім. Өгей ана Жұлдыз 2016 жы­лы жергілікті азаматқа тұр­мыс­қа шыққан. Жәбірленген үш қыз азаматтың алғашқы әйе­лінен туған. Аудан әкімінің кеңес­шісі Айдар Сейдәзімнің айтуын­ша, от­ба­сының әлеуметтік жағ­дайы жаман емес. Отағасы көлік жөн­деумен айналысады. Өгей ананың балаларды ұрып-соғуы әкелері үйде жоқ кезде болған көрінеді. Көршілері де күдіктенер ештеңе байқамаған. 2017 жылы олардың арасында бір ұл дүниеге келген. Туыс­тары­­ның айтуынша, осы кез­ден бас­тап келіннің мінез-құл­қында өзге­рістер байқалыпты. Бірақ оған мән бермеген. Жұл­дыз қыздар­ды ұрып-соғып және оны ешкім­ге айт­пауды ескертіп отыр­ған. Қыз­­дар бұл туралы ешкімге тіс жар­­маған. Оған қорқыныш пен қор­ған­сыздық қана емес, «әкеміз тағы да ажырасып кетпесін» деген жа­на­шырлық ой да себеп болған сияқты. 

Иә, ананың жылы алақа­нын, мейірімін аңсаған, сағын­ған, армандаған қыздар өздерінің бауыры, екі жасар інісінің ертеңін ескерген де болар. Бауырының толық отба­сында тәрбиеленгенін қала­­ған шығар. Бірақ өгей ана­ның қатыгездігі шектен шық­ты. Қыздардың туған анасы бүгінде Шымкент қала­­сында тұрып жатқан көрі­не­ді. Естуі­мізше, екі арада байла­ныс үзілген. Қыздарына қарайламаған ананы қатыгез немесе мейірімсіз деп кінә­лау­ға қақымыз жоқ. Ал отбасындағы жағдайды қыз­да­ры­ның қабағына қарап-ақ бі­луге болатын отағасының  осы уақытқа дейін ештеңе білмей келгені көпшілікті таң­ғал­дырып отыр. Өгей ана қыз­дардың денесінің көзге көрі­не бермейтін жерлерін кө­гер­тіп келгені айтылуда. Әкелері байқамаған болар, бірақ қыздарымен жиі әңгімелессе, қасында көбірек бол­са бірден-ақ аңғарар еді. Бұл да бүгінгі ата-ана мен балалар арасындағы алшақ­тық­ты білдіреді. Қыздардың ата-әжелері де алыста емес. Соңғы жылдары ерлі-зайып­тылардың ажырасу деректерінің арта түсуі де ой салады. Иә, біз кінәліні іздеп отырған жоқпыз, жұртты дүрліктірген осы оқиғаның себебін білсек дейміз. 

Осы оқиғаға байланысты өткен баспасөз мәслихатында Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қыз­метінің жетекшісі Сал­та­нат Қаракөзова өгей ана­сы­ның қатыгездікпен бала­ларын ұрып-соғып, дене жарақаттарын салу арқы­лы зорлық көрсеткені анық­тал­ғанын мәлім етті. Қазіргі таңда балалар Жетісай аудан­дық орталық ауруханасында дәрігерлер қарауында. Олар­­дың денсаулығы мен өмі­­ріне еш қауіп жоқ. Атал­­ған оқиғаға қатысты пікір білдірген Ішкі істер министр­­лі­гінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәселені министр Ерлан Тұрғымбаев өз бақы­лауына алғанын хабарлады. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың тапсырмасымен министрдің кеңесшісі Раиса Шер жедел түрде Түркістан облысына аттанған.

Түркістан облысы