Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Оралда жаңа кардиоорталық салынып, №7 емхана ашылады

858 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Орал қаласындағы Достық үйінде бас қосып, білім беру сапасын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу, БҚО ҚХА құрылымдық бөлімшелері құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелерді талқыға салды.

Оралда жаңа кардиоорталық салынып, №7 емхана ашылады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, ассамблея кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысқан отырыста БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина «Мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесінде білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға белгіленген тәсілдердің орындалуы туралы» баяндама жасады. Ол педагогтардың біліктілігі, білім беру жүйесіне жаңа технологияны енгізу, материалдық-техникалық базаны заманға сай жаңғырту мәселесінде олқылықтар бар екендігін айтты.

Өңір басшысы Алтай Көлгінов мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселелеріне қатысты көптеген арыз-шағым түсетінін мәлімдеп, «Балаларды сапалы түрде тамақтандыру үшін өңір бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер тиісті шешімін табуы тиіс» деді. Аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жұмыс сапасын арттыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарға кешенді талдау жүргізу тапсырылды.

«Ағайын» қазақ этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген алғашқы медико-санитарлық жәрдемнің қолжетімділігі және медициналық қызмет сапасы мемлекеттің ең басты құндылығы – ұлт денсаулығына ықпал ететінін нақты айтты.

Өңірде дәрігер мамандарының жетіспеушілігі де бар, облыс орталығында медициналық мекемелер де қажет. Алтай Көлгінов Орал қаласындағы көпбейінді аурухана жанынан жаңа кардиоорталық салу мәселесі жоспарланып, қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Жаңа кардиоорталық құрылысы 2020 жылы басталмақ. Сондай-ақ Орал қаласында жаңа, №7 емхана ашу қажеттілігі туындаған. Өңір басшысы қалалық аурухана жаңа ғимаратқа көшкен кезде босаған корпусты «Қарашығанақ» б.в. компаниясының қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіп, емханаға айналдыру жоспарымен бөлісті.

Батыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені әлеуетін дамыту туралы баяндама жасаған БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы Қоғамдық келісім Кеңесінің мүшесі Жеңіс Сағидуллин салада еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, заманауи агротехнологияны қолдану, шетелдік білікті мамандардың тәжірибесін пайдалану туралы мәселелерді көтерді. Алдағы уақытта ауыл кәсіпкерлерін шаруашылық жүргізудің жаңа әдістеріне үйрететін курстарда жаппай оқыту жоспарланған.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ


Батыс Қазақстан