Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

«Бала дауысы» - болашақтың дауысы

1123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл төртінші маусысын бастаған «Бала дауысы» балалар ән фестивалі маңғыстаулық балалар арасында өз іріктеуін жасады. Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе және Орал қалаларындағы өтініш білдірген 1502 талантты балалар арасынан өз таңдауын жасап, Ақтауға қадам басқан іріктеуші өнерпаздардың алдында 132 бала өнерлерін ортаға салды.

«Бала дауысы» - болашақтың дауысы

8 және 12 жас аралығындағы талантты ұл-қыздарды тауып, болашағына жол ашу мақсатындағы байқауға талаптылардың көп болуы түсінікті, өйткені, біріншіден – аймақтардан оза шыққан ең  үздік 17 бала күзде байқаудың ақтық кезеңінде өнер көрсетеді, екіншіден ақтық кезеңде үздік танылған өрен еліміздегі таңдаулы музыкалық білім ордасының гранты мен «Диснейленд» ертегі әлеміне жолдама алады. Сондай-ақ, жоба иесі «Жандану әлемі» қоғамдық Қоры оларға қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілетін ұштауға, дамытуға көмектеседі. Бұған дейінгі өткізілген үш маусым қорытындысы бойынша, іріктеу кезеңдеріне 20 156 бала қатысып, балабақшалар мен мектептерге арналған 56 жаңа әндер жазылған. Сондай-ақ, телевизиялық эфирлерде 12 концерттік шоу өткізіліп, 24 күнделік, 128 бейнероликтер көрсетілген. Аталмыш ән байқауынан түлеген көптеген қарлығаш-өнерпаздар қор қолдауымен  музыкалық мектептер мен колледждерде білім алуда.

-Қазір талантты балалар өте көп, олар бірнеше тілде сөйлеп, ән шырқай алады және әндерді жақсы таңдай алады.  Бірақ, олардың барлығында өз өнерлерін таныту, көрсету мүмкіндігі бар дей алмаймыз. Біз талантты балаларды  алға қарай  жетелеп, қолдау көрсетуіміз қажет. Сондықтан «Бала дауысы» ән байқауының алар орны зор және  қажет. Орындаушының қай тілде орындауына және стиліне, яғни жанрына шектеу жоқ – ол дәстүрлі ән бе немесе эстрадалық ән бе, әлде шетелдік әншінің репертуарынан ба – бізге  ең бастысы баланың таланты маңызды, дейді ән байқауына қазылық етуші әнші Б.Кушкалиев.

Ән байқауында жеңімпаз атану қуанышы Ақтау қаласындағы №13 мектептің оқушысы 11 жасар Қаржаубаева Дильяраға бұйырды. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әндерді мінсіз орындап, қазылардың назарына бірден ілікті. Енді ол ұйымдасытрушылар тарапынна жасалғна мүмкіндік аясында вокал, хореография және әртістік қабілетін арттыратын сабақтарға қатысып, күзде Алматыда өтетін ақтық кезеңде Маңғыстаудың намысын қорғайтын болады.


Маңғыстау облысы