Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

«Nur Otan» партиясы СҚОФ-ның кезектен тыс конференциясы өтті

911 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс отызыншы конференциясына ведомство басшылары, аудандар мен облыс орталығындағы бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар қатысты.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ-ның кезектен тыс конференциясы өтті

Алқалы жиында филиал жетекшісі, аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың XVIII съезде белгілеп берген міндеттердің орындау барысы мен алдағы мақсаттар жайлы жайлы баяндады.

«Алдымызда «Әлеуметтік саланы дамыту үшін экономиканың өсімін қамтамасыз ету талаптары тұр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста барлық салалар бойынша даму байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарында айтарлықтай өсім бар», деген Құмар Іргебайұлы қол жеткен табыстарға тоқмейілсімеуге баса назар аударды.

Саяси ұйымның ең  жоғары форумында «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын жүзеге асыру жолдары белгіленген болатын. «Халыққа көмек» жобасы партияның қоғамдық қабылдауын жетілдіруге бағытталған. Облыста әр азамат әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудан бастап, құқықтық көмекке дейін кез келген мәселе бойынша жүгіне алатын 15 әлеуметтік терезе жұмыс істейді. Жоба қолға алынғаннан бастап әлеуметтік терезеге 116 аз қамтылған тұрғын жүгінген. Өңір басшысы қабылдауды жетілдіру керектігін атап көрсетті. Яғни, өтініш жолданған мемлекеттік орган, оған жауапты адам, орындалу уақыты, тағы басқа ақпараттардан хабардар болуы тиіс. Бұл талап мемлекеттік органдарға азаматтардың өтінішін орындауда жауапкершілікті арттырып, жедел шара қабылдауға ықпал етеді.

Ал, «Бақытты отбасы» – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды жан-жақты қолдауға бағытталған жоба. Облыста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 3225-ке дейін жеткен. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы отбасылар үшін әр балаға берілетін айлық төлем алты есе артады. «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары  аясында инклюзивті білім беруді дамыту, оқу орындарын салу, жолдарды жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, тағы басқа бағыттарда ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.

Конференцияда  23 сәуір күні Астана қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының ХІХ съезіне делегаттар сайланды.

Солтүстік Қазақстан облысы