Қоғам • Бүгін, 12:42

Несиені төлеуге шамаңыз жетпесе не істеу керек?

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға сәйкес қарыз алушылардың банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимылының бірыңғай тәртібі бар екенін еске салады. Бұл тетік азаматтардың қаржылық қиындық кезінде құқықтарын қорғауға және берешекті реттеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Несиені төлеуге шамаңыз жетпесе не істеу керек?

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қаржылық қиындық туындаған жағдайда қарыз алушы өз кредиторына – банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттікке – міндеттемелерді орындау шарттарын өзгерту туралы өтініш беруге құқылы.

Өтінішке қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын немесе төлем мерзімінің кешігу себебін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс. Олардың қатарына жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, еңбек шартының тоқтатылғанын растайтын құжат, жалақысы сақталмайтын демалыс туралы акт, еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамасы, жақын туыстарының немесе жұбайының ауруы немесе қайтыс болуын растайтын құжаттар, мүгедектік туралы анықтама, сот актілері және өзге де қаржылық қиындықты дәлелдейтін құжаттар кіреді.

Ұлттық банк ипотекалық шарттарды қайта қарастыра ма?

Өтінішті кредитордың мекенжайына жеке тапсыруға болады, сондай-ақ шартта көзделсе мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы жолдауға рұқсат етіледі. Қарыз шарттарын өзгерту тәртібі туралы нақты ақпаратты тікелей кредитордан алуға болады.

Кредитор өтінішті қарауға және шешім қабылдауға дейін 15 күнге дейін уақыт алады.

Егер қарыз алушы кредитордың шешіміне қанағаттанбаса, ол банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгінуге құқылы.

Банктік қарыздар бойынша өтініштерді bank-ombudsman.kz арқылы жолдау қажет. Өтінішке шарт, төлем кестесі, кредиторға жүгінгенін растайтын құжаттар және олардың жауабы, сондай-ақ қаржылық қиындықты дәлелдейтін құжаттар қоса беріледі.

МҚҰ бойынша өтініштер mfombudsman.kz  арқылы беріледі. Мұнда да өтініш, микроқарыз шарты, өтеу кестесі, МҚҰ-ға жүгіну дәлелі мен жауабы және қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

Банк және микроқаржы омбудсмандарының қызметі тегін, ал олардың шешімдері қаржы ұйымдары үшін міндетті болып табылады. Олар қарыз алушы мен кредитор арасында өзара қолайлы шешім табуға ықпал етеді.

«Маңызды: омбудсманға тек кредиторға ресми түрде жүгініп, жауап алынғаннан кейін ғана шағымдануға болады. Сонымен қатар, ақылы делдалдардың көмегіне жүгіну ұсынылмайды – өтінішті азаматтар өздері де кредиторға және омбудсманға тікелей бере алады», делінген хабарламада.

Егер азаматтың қарызын өтеуге мүмкіндігі болмаса, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң аясында соттан тыс банкроттық рәсімі қарастырылған.

Бұл рәсім қарыз алушыға берешек мәселесін заңды түрде шешуге және міндеттемелерді тоқтатуға мүмкіндік береді. Алайда, бастамас бұрын оның барлық салдарын ескеру қажет.

«Маңызды шектеулер: банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде жаңа кредиттер мен микрокредиттер алуға тыйым салынады, 3 жыл бойы қаржылық жағдайға мониторинг жүргізіледі, ал қайта банкроттық тек 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады», делінген хабарламада.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарға кредиттік міндеттемелер бойынша жауапкершілікті сақтап, қиын жағдайда заңда көзделген тетіктерді дұрыс пайдалануға кеңес береді.

Енді банктер ипотека беруде қарыз алушының төлем қабілетін қатаң тексереді

Соңғы жаңалықтар

Алдағы күндері күн суытады

Ауа райы • Бүгін, 13:31