Осы ретте конференцияның күн тәртібінде партияның XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған «Бақытты отбасы», «Құтты мекен» және «Халыққа көмек» атты ауқымды ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.
Нұр-Сұлтан қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дүбірова баяндама жасап, астанада «Халыққа көмек» қазірдің өзінде қала тұрғындарымен кері байланыс жүйесін қалыптастырудың тиімді құралы болып отырғанын айтты.
Бір айдың өзінде IKomek109 Бірыңғай байланыс орталығына партияның қоғамдық қабылдауынан 800-ден аса өтініш қабылданған. Осылайша бұл әртүрлі әлеуметтік мәселе бойынша азаматтарға көмек көрсетудің «терезесіне» айналады.
Сонымен қатар басқосуда «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы жөнінде «Медина» жекеменшік балабақшалардың басшысы Мәдина Әжікенова сөз қозғады. Ол жобаны іске асыру мақсатында әлеуметтік-экономикалық шаралар, құқық қорғау, отбасы институтын күшейту сияқты үш міндеттің айқындалғанын, Үкімет мен әкімдіктер бірлесіп арнайы Жол картасын әзірлегенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында жиналған қауым Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің жұмысына қатысатын делегаттарды анықтады.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
НҰР-СҰЛТАН