Университет ректоры Гауһар Ахметованың айтуынша, былтыр оқу бітірген түлектердің 96 пайызы жұмыспен қамтылған. Университет 2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» атты «Серпін» бағдарламасы негізінде техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша студенттер дайындайды. Биылғы оқу жылында 16 білім беру бағдарламасы бойынша алғашқы 267 студент оқуларын тәмамдайды. Қазір университетте барлығы 20 мамандық бойынша 550 студент білім алуда. Жыл бойы жұмысқа орналасу мәселелері бойынша жиналыстар, кездесулер, тренингтер, жәрмеңкелер өткізіледі. Бүгінде 42 студент «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «KSP Steel» ЖШС ПФ, «ПРЭК» АҚ, «ERG Service» АҚ секілді өндірістік кәсіпорындарда жұмысқа орналасты.
Бастысы, «Серпін» бағдарламасының алғашқы түлектеріне өңірде жұмыс істеу үшін облыс әкімдігі мен оқу орны «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының үшінші бағыты – Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға арналған жеңілдіктерін ұсынуда. Мәселен, биылғы түлектер «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасына қосса, оларға тұрғын үйді жалға алуға субсидия беріледі. Коммуналдық шығындарды өтеу үшін берілетін қаражат та қолайлы болмақ. Түлектердің ата-аналарына университет атынан хат жіберілді. Яғни, олардың отбасылары өңірге келіп, жеңілдіктерді балаларымен бірге пайдалана алады.
Бұл жақсы жаңалық. Екіншіден, «Мұнай-химия зауыты» ЖШС-мен «Мұнай ісі» мамандығы бойынша бакалавриат студенттеріне арналған дуалды білім берудің бірлескен бағдарламасы жүргізілуде. Студенттер аптасына екі күн зауытта тәжірибелік білім алады. Бағдарламаға қатысушы студенттер жұмысқа да орналасып үлгереді, тиісті жалақыға қажетті жеңілдіктерге де ие болады.
Былтыр Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнында да дуалды білім беру бойынша оқу орталығы ашылды. Онда агротехнологиялық факультеттің студенттері оқиды. Барлық қолайлы тұрмыстық жағдай жасалған.
Сонымен бірге университет ғалымдары инновация мен биотехнология саласындағы жобаларды да қолға ала бастады. Бұл күндері оқу орнында 3 ғылыми-өндірістік орталық жұмыс істеуде. Барлық ғалымдардың күш-жігерін біріктіру және олардың жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында оқу орнында «Агроинновация және биотехнология ғылыми-зерттеу» институты құрылып жатыр.
Ғалым Тоқтар Бексейітовтің айтуынша, инновация мен биотехнологиялардың жаңашыл әдістерін енгізу ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруда аса маңызды. Ғалымдар еліміздің Білім және ғылым министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі желілері бойынша және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша бірнеше жобаны іске асырды. Зертхананы аккредиттеу және жаңа жабдықтарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осының нәтижесінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешені салаларын дамытуға ғылыми қолдау көрсетілмек.
Негізі оқу орнында бакалавриаттың 64, магистратураның 49 және докторантураның 8 мамандығы бойынша модульдік білім беру бағдарламалары әзірленген. Модульді білім беру бағдарламалары кезеңінде оқу жоспарлары, жұмыс бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілер қатысады. Сөйтіп нақты жұмыс берушінің талаптарына сай болашақ маманның еңбек жолы қалыптасады.
Қазіргі жаңашылдық – өндіріс орындарында кафедра филиалдары құрылуда. Бұл жұмыс берушілер мен серіктестер университет түлектерінің тәжірибелік дайындығын жақсартуға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге, мамандарды жергілікті жерге даярлауға көмектеседі. Кафедралар филиалы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы», Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Компания Нефтехим LTD», «Полимер» кәсіпорындары, облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, Сәулет және құрылыс басқармасы, Ішкі саясат басқармасының ақпараттық-сараптамалық орталығы, Стандарттау және сертификаттау институты, «Вагонсервис» АҚ, Павлодар ауданындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, облыстық гидрометеорология орталығы, туризм және экология, балалар-жасөспірімдер орталығы, Г.Потанин атындағы облыстық өлкетану музейі сияқты өңірдегі 65 өндіріс және ірі серіктестіктерде ашылды.