Руханият • 18 Сәуір, 2019

Адырбайдың «күсәктісі»

1274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Адырбайдың «күсәктісі»
Немере ағам екеуміз биік шоқы­ның бөктеріндегі ескі қорымға қарай жаяу аяңдап келеміз. Көкшіл тастардан қаланған дөңгелек қоршаудың ортасындағы үлкен төмпешік күні бүгінге дейін зерттелмеген көне ескерт­­кіштердің бірі. Сондықтан да, біз ол ту­ралы мандытып ештеңе білмейміз.

Бір білсе, оны мынау биік шоқы біледі. Бірақ, оның тілі жоқ...

Кенет ту сыртымыздан: «Ә-әй!» деп айқайлаған өктем дауыс ес­тілді. Жалт қарадық. Сонадайдан құйғытып шауып келе жатқан бір аттылы кісі көрінді.

Немере ағам қабағын шытып, не де болса тосайық дегендей ыңғай танытты. Бет-жүзі күнге күйіп, әбден то­тыққан ат­тылы кісі таяқ тастам жер қалғанда тағы да дауыстап: «Әй, – деді. – Біздің жерді таптамай аулақ жүріңдер!».
Мен біртүрлі ыңғайсызданып әрі таңырқап, аяғымыздың астындағы көк шөпке күмәндана қарадым. Ал немере ағам болса, басын шайқап, мырс ете қалды.

Сөйтті де әлгі жердің қожайы­нына: «Ас­салаумағалейкө-ө-ө-өм!» деді дау­сын әдеттегіден созыңқырап аман­дасып. «Әліксалам!» деп ол атының басын күшене тартып, әрең тежеді. «Ескі қорымға барып, Құран бағыштап қайтсақ па деп келе жатыр ек...». Әйтсе де, немере ағамның сөзі діттеген жеріне жетпей, кері қайтқандай болды. Себебі, аттылы кісі: «Ә-ә, – деп басын бір шұлғып алды да, бізге қамшысының сабымен айналма жолды нұсқады. – Анау жақпен барыңдар. Бұл – біздің жер. Күсәктіміз бар!» «Жақсы, Адеке!..».

Немере ағам сөзге келмей, маған қарап ақырын ғана басын изеп, сонадайдан қарауытып көрінген күре жолға қарай бұрылды. Әлгі жерден алыстап, оңашалау шыққанда барып: «Бұл кім?» дедім мен оған сұраулы жүзбен қарап. «Е-е, – деп ол терең тыныс алды. – Бұл – атақты Адырбай ғой. Қолындағы малы көбейгелі бері жайылымын қызғыштай қоритын болып жүр». «Немене, жаяу кісі өтсе, өрісіне шөп шықпай қала ма екен?!». «Жоғ-ә, – деді немере ағам жымиып. – Іш­тарлық та баяғы... Әйтпесе, есі дұрыс кісі елмен осылай сөйлесе ме екен. Адырбай өлгенде көметін адам керек емес қой дейсің бе?..». «Ал жаңағы... «күсәкті» дегені несі?». «Е-е, ол – госакті. Жерді жекеменшікке алғаны туралы берілген мемлекеттік құжат». 

Мен басымды көтеріп, көк ас­панға қарадым. Шайдай ашық екен. Бір шө­кім бұлт ілінбепті. Көкорай көк­тем лебімен бусанған қара жер жас баланың еңбегіндей былқылдап жатыр. Оны табаныммен сезіп келем. 

Кең даланың көкжиегі көз ұшында бұлдырайды. Мынау биік шоқы соның бір пұшпағын көтеріп тұрған секілді. Неге екені, оған қарап басымды иіп: «Апыр-ай, талай-талай заманды, талай-талай адамды көрдің-ау!» дегім келеді.

Ескі қорымға аяғымыз талып, шаршап жеттік. Немере ағам ентігіп, демін әзер алып тұрып: «Бүйте берсе, бұл жаққа келуден де қалатын шығармыз-ау», деді ренжіп.