Таразы
Жұма, 10 тамыз 2012 18:48
«Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Президент Жарлығын орындау талапқа сай жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта республика бойынша бірқатар тиісті іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соның бірі де бірегейі ретінде айтарымыз, Президент жанындағы Жоғарғы аттестаттау комиссиясынан өткен құқық қорғау органдары қызметкерлері енді біртіндеп Орталық аттестаттау комиссиясындағы сынақтан өтуде.
Жұма, 10 тамыз 2012 18:48
«Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Президент Жарлығын орындау талапқа сай жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта республика бойынша бірқатар тиісті іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соның бірі де бірегейі ретінде айтарымыз, Президент жанындағы Жоғарғы аттестаттау комиссиясынан өткен құқық қорғау органдары қызметкерлері енді біртіндеп Орталық аттестаттау комиссиясындағы сынақтан өтуде.
Мәселен, ағымдағы жылғы 21 мамырдан 19 маусымға дейін қаржы полициясының 68 қызметкері, олардың қатарында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасарлары, Агенттік аппаратының жетекшісі, орталық аппарат департаменттерінің бастықтары, облыстар, Астана және Алматы қалаларының қаржы полициясы департаменттерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары, Қаржы полициясы академиясының бастығы ел Президенті жанындағы Жоғарғы аттестаттау комиссиясында сынақтан өтті.
Аттестаттаудан өтушілер Қазақстан Республикасы заңнамасын білу және логикалық ойлау қабілетін көрсететін тестілерді, дене шынықтыру және атыс дайындығы нормативтерін тапсырды, сондай-ақ психологпен сұхбаттасты. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Жоғарғы аттестаттау комиссиясының қызметкерлерімен болған әңгімелесу нәтижесінде 3 қызметкер жоғары лауазымға тағайындауға ұсынылуға жатса, 45 қызметкер лауазымдарына толық сәйкес келетін болды, ал 8 қызметкер лауазымдарына сәйкес келмейді және төмен лауазымға тағайындалуға ұсынылды. Бұлардың 2-і қаржы полициясының аумақтық департаменттерінің бастықтары, 6-ы – департамент бастықтарының орынбасарлары. Сонымен қатар, 1 қызметкер лауазымына сәйкес келмейді деп табылып, басқа қызметке ауыстыруға ұсынылды, 11 қызметкер қаржы полициясы органдарынан жұмыстан шығарылуға жатқызылды, олардың 2-і – аумақтық департамент бастықтары, 9-ы – департамент бастықтарының орынбасарлары.
Жоғарғы аттестаттау комиссиясы қорытындыларды шығарған кезде тестілеу мен психологпен болған сұхбаттың нәтижелерін, қызметкерлердің дене шынықтыру және атыс дайындығымен қатар, олардың жедел-қызметтік жұмысының нәтижелерін де ескерді. Осылайша, жоғарғы аттестаттау комиссиясында 68 қаржы полиция қызметкерінің 29 пайызы сынақтан өте алмады.
Аттестаттауды өткізудің басты міндеті – қаржы полициясы органдарының құрамын қоғамның талаптарына сай өзінің қызметтік міндеттерін тиімді атқара алатын қызметкерлермен қалыптастыру. Осыған сәйкес, кезектен тыс аттестаттау басталмастан бұрын-ақ тапсырылған жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағандары үшін 37 басшы лауазымдарынан босатылған еді. Олардың қатарында: Агенттік төрағасының 2 орынбасары; орталық аппарат департаменттерінің 6 бастығы; аумақтық департаменттердің 9 бастығы; аумақтық департаменттер бастықтарының 20 орынбасары болды.
Талапқа сәйкес келмеуіне байланысты қызметінен босатылған аталған 37 қызметкерді және аттестаттаудан өте алмағандарды қоса санағанда, қаржы полициясы органдарынан басшылық лауазымдағы 57 адам жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар, Жоғарғы аттестаттау комиссиясының қатаң талаптарын ескеріп, 9 қызметкер кезектен тыс аттестаттаудан өтуден бас тартып, өздері жұмыстан шығуға өтініш жазды.
Осылайша, ағымдағы жылдың басынан қаржы полициясы органдарының басшылық құрамы 85 пайызға жаңартылды. Енді күні кеше ғана кезектен тыс аттестаттаудың екінші кезеңі де аяқталды. Орталық аппараттың және тағайындалуы агенттіктің номенклатурасына кіретін аумақтық қаржы полициясы органдары мен Қаржы полициясы академиясының қызметкерлері агенттік жанындағы Орталық аттестаттау комиссиясында сынақ тапсырды. Мұнда аттестаттауды 533 қызметкер өтуі тиіс болатын, алайда 19 қызметкер орталық аттестаттау комиссиясының жоғары талаптарын ескере келе, лауазымдарынан босату туралы баянат жазып, аттестаттаудан өтуден бас тартты, 2-і орталық әскери-медициналық комиссияға қаралуға жіберілді, 4 қызметкер уақытша еңбек қабілетсіздігіне байланысты аттестаттаудан өтпеді.
Нәтижесінде Орталық аттестаттау комиссиясынан 508 қызметкер өтті, олардың 283-і Агенттік қызметкерлері, 225-і аумақтық департаменттер мен Қаржы полициясы академиясының қызметкерлері. Олардың бәрі ел заңнамасын білу, ойлау қабілеттігін анықтауға бағытталған тестілеуді және әскери дайындық нормативтерін тапсырып, психолог мамандарымен сұхбаттасты. Сөйтіп, 52 қызметкер өз қызметтеріне сәйкес келеді және кадрлық резервке енгізу немесе жоғары лауазымдарға тағайындалуға болады деп табылды, 393 қызметкер атқарып отырған лауазымдарына сәйкес келеді деп танылды. Ал 38-і атқарып отырған лауазымдарына сәйкес келмейтін болғандықтан, төмен лауазымдарға тағайындалуға ұсынылды. 16 адам лауазымдарына сәйкес емес деп табылып, 9 қызметкер қаржы полициясы органдарынан жұмыстан шығарылатын болды.
Сонымен, 508 қызметкердің 63-і немесе 12,4 пайызы аттестаттаудан өте алмады, олардың 38-і – аумақтық департаменттер мен Қаржы полициясы академиясының басқармалары мен бөлімдерінің бастықтары. Кезектен тыс аттестаттау нәтижесінде аумақтық қаржы полициясы органдарының басшылық құрамының орта буыны 27 пайызға жаңартылды. Өйткені, аттестаттауды өткізудің басты мақсаты, жоғарыда айтқанымыздай, қаржы полициясы органдарының кадрлық құрамын қоғамның талаптарына сай өзінің қызметтік міндеттерін тиімді атқара алатын қызметкерлермен толықтыру болып табылатындығы белгілі.
Кезектен тыс аттестаттаудың келесі кезеңі, яғни аумақтық қаржы полициясы органдары және Қаржы полициясы академиясының жанындағы аумақтық аттестаттау комиссияларындағы сынақтар осы тамыз айында өтеді. Оған аумақтық қаржы полициясы органдары мен Қаржы полициясы академиясының 2450 қызметкері қатысады. Қазір Премьер-Министр және Агенттік төрағасымен келісілген барлық 17 аумақтық аттестаттау комиссияларының құрамдары бекітілді. Олардың жұмысына аумақтық департаменттер және Қаржы полициясы академиясының бастықтары жетекшілік етеді. Ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз ету мақсатында аттестаттау комиссиялары жұмысына қоғамдық және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тартылуда.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».