Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

«Ұлы Дала тарихы» танымдық конференциясы өтті

1322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «Ұлы дала тарихы» тақырыбында танымдық конференция өтті.

«Ұлы Дала тарихы» танымдық конференциясы өтті

Конференция барысында Ұлы даланың тарихы кеңінен қамтылды. Жергілікті ғалымдар қазақ халқының салт-дәстүрі, өнері мен фольклоры, музыкасы, ұлы есімдері жайында әңгімеледі.

«Қазіргі таңда Сыр өңірінде жергілікті ұлт өкілдері басым екені белгілі. Дегенмен, өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары біздің аймаққа өзге ұлт өкілдері түрлі жағдайлармен жер аударылып келді. Бұл жергілікті демографиялық ахуалға едәуір ықпалын тигізді. Атап айтқанда, демографиялық ахуал Ұлы Отан соғысы жылдарында күрт өзгерген. Басқа аймақтардан келген өзге ұлт өкілдерінің көбеюі салдарынан сол кезеңде қазақтардың үлес салмағы 30 пайызға дейін түсіп кеткен. Демографиялық ахуалды зерттеген кезде 1853 жылы Сыр өңірлеріне орыс әскерлері келіп, Ақмешіт қамалын алғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол уақыттан бастап біздің аймаққа басқа ұлт өкілдері келе бастайды екен. Нәтижесінде 30-40 жылдың ішінде демографиялық ахуалда өзгерістер орын алған. Мәселен, 1897 жылғы санақта біздің аймақта 60 ұлттың өкілі тұратыны белгілі болған. Сыр өңірінің этонодемографиялық ахуалы үлкен зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта көптеген жұмыстар әлі де атқарылуы керек», - деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Айтжан Оразбақов.

Ал, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты, Қазақстан Республикасы тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Бақытжан Ахметбек «Сыр бойындағы пантеондар: рухани құндылықтар» тақырыбында әңгімелеген қызықты деректер келтірді.

«Сыр өңірін Алаштың анасы деп атайды. Рас, бұл далада кезінде түбі бір түркілер өмір сүрді. Дария бойында олардың астаналары болды. Атап айтқанда, оғыздар астанасы - Жанкент, сақтардың астанасы - Шірік-Рабат, Қазақ хандығының ордасы - Сығанақ көне дәуірлерде өмір сүрсе, өткен ғасырдың басында Қызылорда Қазақ елінің астанасы атанды. Қысқаша айтқанда, Сыр өңірінің тарихы өте бай деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ, біздің өлке кезінде өркениеттің орталығы болды. Біздің аймақта елдің ақылшысына айналған, қазақтың қалыптасуында өз орнын еншілеген тұғырлы тұлғалар мәңгілік мекенін тапқан көне және орта ғасырлық пантеондар болған. Мәселен, Қармақшы ауданындағы Шірік-Рабат қалашығында сақ көсемдері жерленген осындай киелі орын бар. Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы Үйғарақты, Шиелі ауданындағы Оқшы ата, Жаңақорған ауданындағы Төлегетай-Қылыш Ата, Қорасан ата қорымдары - осы сөзіміздің айқын дәлелі. Ал, Жаңақорған ауданы аумағында орын тепкен Сығанақта Ақ орда хандары жерленген. Сол аудандағы Аққорған, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр, Сырдария ауданындағы Қожжан қожа, Қармақшы ауданындағы Марал ишан және Қарақ тауының етегінде осындай қорымдар бар. Оларда батырлар, ишандар, билер және өзге де ардақты кісілер мәңгілік мекенін тапқан», - деді ол.

Конференция барысында ғалымдар қазақ халқының тарихы жайында жаңа деректерге негізделген өз пайымдауларын ортаға салды.