Өткен жылғы акция нәтижесінде елордамызға 120 жас маман келді. Қазір олардың барлығы қаланың білім беру мекемелерінде жұмыс істейді.
«Қалалық білім беру ұйымдарына жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында қалалық білім басқармасының өкілдері өңірлердегі университеттер мен колледждерге баруда. Сапар барысында біз Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне, Қостанай педагогикалық колледжіне, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне бардық. Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелері Қарағандыда. Аптаның соңында олар Көкшетауға аттанады. Содан кейін жұмыс тобы Павлодарда болып қайтады», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметінде.
Басқарма ақпаратына сүйенсек, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледж түлектерімен кездесу барысында елордада жұмыс істеудің артықшылықтары жайлы айтылады, білім беру саласындағы инновациялық шешімдер көрсетіледі.
Студенттерге арналған тұсаукесерде тұрғын үй сертификаттарын алудың алгоритмі, ақшалай сыйлық берілетін кәсіби жарыстарға қатысу жайлы айтылуда.
Естеріңізге сала кетейік, бұл шара жаңа білім ордалары ашылуы себебінен болатын кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін қолға алынды. Басқарма мамандарының болжамына сәйкес, алдағы үш жылда елордаға барлық деңгейдегі 2 мыңнан астам мұғалім қажет болады.