Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Баянауыл ауданында бруцеллезге ұшыраған мал саны азаймай тұр

1063 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аудандық ветеринария бөлімінің мәліметінше, ауылдарда малдан қан алу наурыз айынан бастап жүргізілуде.

Баянауыл ауданында  бруцеллезге ұшыраған мал саны азаймай тұр

Мақсат – бруцеллез  ауруын жұқтырған малдарды анықтап, аурудың одан әрі таралуына жол бермеу. Жоспар бойынша биыл қара малдан 81 мың сынама, қойдан 25 мың сынама алу қарастырылса, қазір әр айда қара малдан 25 мың сынама алынуда. Сынама барысында, аудан бойынша 300 ірі қарадан бруцеллез ауруы табылған.

Жалпы ауданда жекеменшікте 68 мың қара мал бар. Мысалы, Құндыкөл ауылдық аумағында 5 мың мал болса,37-сі бруцеллез дертін жұқтырғаны анықталған. Сондықтан, мал иелері де тексеріледі.

Мамандардың айтуынша, негізі, бруцеллез ауруына қарсы егу жұмыстарына ауылдықтардың өздері жауапты. Мал иесі екпе сатып алса - ветеринарлар малға екпе жасайды. Ал, ауру деп табылған малдың барлығы оқшауланып, сойылып, Ақмола облысындағы ет өңдеу цехына әкетілуде.

Арнайы меморандум бойынша ет өңдейтін кәсіпорын бруцеллезбен ауырған қара мал етін келісін 700-1000 теңге аралығында бағалап сатып алады. Аудандық ветеринария бөлімі сойылған малды цехқа өз көліктерімен апарып тапсырып, ондағы зертхананың хаттамасын алып қайтады


Павлодар облысы