Конференцияда алдағы 23 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезіне қатысатын 30 делегат анықталды.
Есепті кездесуде қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова партия мүшелеріне Елбасының өткен съезде берген тапсырмалары «Халыққа көмек», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» жобаларының мегаполисте қалай жүзеге асып жатқандығы туралы баяндама жасады.
«Шымкент қаласында «Nur Otan» партиясының «Құтты мекен» жобасы аясында 6 513 пәтерлі 132 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мамыр айында 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің кілті табысталады. Мұның ішінде 177-і пәтер көпбалалы аналарға беріледі. Нәтижесінде биылғы жылы 1368 әлеуметтік жағынан әлсіз санаттағы және жас отбасылар (342 пәтер) баспаналы болады. «Бақытты отбасы» жобасы аясында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша бүгінгі күнге 32 559 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 17 582 отбасының өтініші тіркелді. Сондай-ақ, қала тұрғындарының әлеуметтік картасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін «е-Халық» ақпараттық жүйесіне 21 081 отбасы (75 725 адам) енді», деді өз сөзінде Гүлжан Құрманбекова.
Сонымен қатар, әлеуметтік салаға жауапты әкім орынбасары осы жылдың бірінші тоқсанында Шымқалада 6021 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалып, 870 млн теңге төленгендігін айтты. Әрі, Жұмыспен қамту орталығының мамандары күніне 3 мыңнан аса азаматты қабылдап, түсіндіру жұмысын күшейтуде халықты жұмыспен қамту орталығының 4 ауданда 9 филиал ашылғандығын тілге тиек етті.
Конференция барысында елдегі өте маңызды саяси науқанға білім беру мекемелері мен кәсіпкерлік саласының өкілдері, зейнеткерлер мен денсаулық сақтау мекемесінің жауаптылары бей-жай қарамайтындықтарын білдірді. Партия ардагерлері, зейнеткер Валерий Гордиенко бұл реткі сайлаудың еліміз үшін тарихи маңызға ие екендігіне тоқталып, әрбір қазақстандықты сайлаға белсене қатысуға шақырды. Шымкент қаласы № 49 жалпы орта мектебінің директоры, көп балалы ана Сәуле Утебаева, Шымкент қалалық №17 футболдан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменов, «Сәлем компания Қазақстан» ЖШС-нің директоры, жеке кәсіпкер Аятолла Азимов жарыссөзге шығып, партиялық жобаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Nur Otan» партиясы филиал төрағасы, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов конференция жұмысын қорытындылап, Бахадыр Нарымбетов басқаратын партия активіне 9 маусымдағы Президент сайлауына тыңғылықты дайындалуды тапсырды.