Конференцияға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдары мен «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларын, «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған «Бақытты отбасы» жобасы қазірдің өзінде нәтижелі жүзеге асырылуда. Қазақстандық отбасыларды қолдау бағытындағы кешенді шаралар отбасылардың лайықты әл-ауқат деңгейін жасауды көздейді. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр өз баяндамасында «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру бағытында «Nur Otan» партиясының облыстық филиалалымен бірлесіп, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету шараларын жандандыру керектігін айтты. «Партия съезінде «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» жобалары ұсынылған болатын. Бүгінде жобаларды жүзеге асыру мақсатында айқындалған жұмыстар басталып кетті. Бұл жобаларда елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, өңірлерді дамыту, ірі қалалардан бастап, елді мекендерді түлету шаралары қамтылған. 2019 жылы облысымызда жоба аясында іс-шараларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 3 669,4 млн. теңге бөлініп, облыс бойынша 6 елді мекенді қаржыландыру жоспарлануда.
Яғни Бәйдібек ауданы Бәйдібек ата, Қазығұрт ауданындағы Қызылқия, Отырар ауданынан Қоғам, Сарыағаш ауданында Береке, Келес ауданынан Абай және Кентау қаласындағы Ынтымақ елді мекендерінде жоба аясында ауқымды істер атқарылмақ» , – деді Е.Садыр. Конференцияда сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ә.Досболов, Отырар ауданы «Темір» жалпы ората мектебі директорының орынбасары А.Омар жобалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, «Nur Otan» партиясы мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсетумен бірге барша қазақстандықтың лайықты өмір сүруі үшін жағдай жасалатын тиімді және әділетті әлеуметтік саясаттың іске асырылуын көздейтінін атап өтті.
Сондай-ақ конференцияда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезекті ХІХ Съезіне қатысушы делегаттар сайланды.
Түркістан облысы