Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Арқалық жылу-энергетикалық компаниясы 2020 жылы көмірге ауыстырылатын болады

1933 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Арқалық жылу-энергетикалық компаниясы 2020 жылы көмірге ауыстырылатын болады

Арқалық қаласының іргесі қаланғалы жылу-энергетикалық компаниясы мазутпен жұмыс істеп келетін. Кеңес Одағы жылдары оның арзан-қымбаты қандай болғанын кім білсін, соңғы жылдары мазутқа жыл сайын баға өсіп отырғандықтан, алақандай қаланың қыстан шығуы бюджет қалтасын қағып-ақ кетеді.

Қостанай облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетіне өзгерістер енгізілген облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясында өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Арқалық қаласы жылу-энергетикалық компаниясы үшін алынатын мазут бағасының тым қымбаттығын айтқан болатын.

«Осыдан біраз жыл бұрын мазутқа бір қыста 1,5 миллиард теңге кететін. Ал қазір оның көлемі 2,5 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Өйткені мазуттың бағасы тоннасына 50 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін қымбаттады. Алдағы жылдары қазандықты көмірге ауыстыруды мақсат етіп қойып отырмыз» деген Архимед Бегежанұлы.

Қазір сол жұмыстар Арқалық қаласында басталып та кетті. Арқалық қаласының әкімі Элдар Күзенбаевтың айтуынша, биылғы қыста Арқалық ЖЭК 20316 тонна мазут жаққан. Өткен жылдың 27 желтоқсанында «Арқалық қалалық жылу-энергетикалық орталығын қайта жаңғырту үшін қуаты 2,5 МВт турбоагрегатқа ауыстыру»жобасы бойынша "GOLD EURASIA CORPORATION" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 554 миллион 384 мың.теңгеге келісім-шартқа қол қойылды. Оның 90 миллион теңгесі 2019 жылы бөлінеді, 2020 жылы 464 миллион 384 мың теңгесі игерілетін болады. Келісім бойынша жұмыс 2020 жылы қарашада аяқталады, сол қыста жылу-энергетикалық орталық көмірмен жұмыс істеуге көшетін болады.

Арқалық қаласын жылумен қамтамасыз етуді жаңғырту жұмыстарының қазір жобалық-сметалық құжаттарын жасауға байқау жарияланды.