Конференцияда сөз алған өңір басшысы, филиал төрағасы Алтай Көлгінов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін Жайық жұрты, өңір халқы толық қолдайтынын жеткізді.
- Бұл биліктің тұрақтылығы мен елдің бірлігін нығайту үшін қабылданған уақытылы әрі өте орынды шешім. Мемлекет басшысы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беріп отыр. Халық болып сайлаған Мемлекет басшысының беделі жоғары, өзіне деген сенімі берік болады, – деді А.Көлгінов. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, күні бүгін облыс бойынша 11 433 тұрмысы төмен және көп балалы отбасының тұрмыстық жағдайы тексеріліп, әлеуметтік карта толтырылған. Оның 6499-ы - көп балалы отбасылар.
Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыру ісі өңірде табысты жүруде. Мысалы қазір облыста жастарға арналған 11 коворкинг орталық жұмыс жасап тұр.
Бұған қоса, партиялық жоба аясында 100 мектептің спорт алаңы салынуда. Олардың басым бөлігі ауыл мектептерінде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі, ел бойынша инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саланы жетілдіруге бағытталған «Құтты мекен» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына 12,9 млрд. теңге бөлініп, бұл қаражатқа 19 көп пәтерлі және ауылдық жерлерде 119 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 15 көппәтерлі және ауылдық жерлерде 50 тұрғын үй мен 2051 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.