Өнер және мәдениет факультеті ұйытқы болған фестивальде ел аймақтарынан келген жоо командаларымен бірге Ұйғыр аналар одағы, Орыс мәдени орталығы, Неміс мәдени орталығы, Татар-башқұрт қоғамдық мәдени орталығы, Украин мәдени орталығының және Алматы облысы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінің, Жамбыл облысы Жуалы мен Қордай аудандарының өнерпаздары да сынға түсті.
Екі кезеңнен тұрған байқау Қыздар университетін бұрын-соңды болмаған әлдиге бөледі. Бесік тақырыбында театрландырылған қойылымдармен қатар, ана әлдиі, бесік жырлары шалқыды.
Фестиваль аяқталғанда Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұжымы үздік атанып, бас жүлдеге ие болды. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып бірінші орын алды. Екінші орын Украин мәдени орталығы мен Жамбыл облысы Жуалы ауданының өнер ұжымдарына бұйырды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Жамбыл облысы Қордай ауданының өнерпаздары үшінші орынға табан тіреді.