Аймақтар • 20 Сәуір, 2019

Маңғыстауда түрлі этнос өкілдері арасында «Көктем аруы» байқауы өтті

1721 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жариялаған «Жастар жылы» мен «Қазақтану» жобасы аясында Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы өнірдегі этномәдени бірлестіктерінің арулары арасында «Көктем аруы» байқауын өткізді. Бұл туралы Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстауда түрлі этнос өкілдері арасында «Көктем аруы» байқауы өтті

- Бұл сайыстың мақсаты әдемі, көрікті, білімді қыздарды анықтау емес, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген мәдени құндылықтарды терең білуге негізделген. Байқауда бақ сынаған арулар өзін-өзі таныстыру арқылы, сондай-ақ мақал-мәтелдерді, өлеңдерді мәнерлеп оқу арқылы ойлау, есте сақтау қабілеттерін, қиялын дамытып, қазақ тілін терең меңгеруге, сол арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюіне септігін тигізетін болады, деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина.

Байқауға ұлттық киім киген әзірбайжан, қырғыз, ұйғыр және өзбек ұлттарының алты аруы қатысты. Олар сахнада қазақ тілінде өнер көрсетіп, қазақ тілі мен салтын қаншалықты білетіндіктерін көрсетуге тырысты, өздеріне қойылған сауалдардың мәнін ашып, қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы әнгімелеп берді.

Бірінші орынға «Атамекен» әнін орындап, байқау талабынан шыға білген әзірбайжан қызы Роксана Құрбанова ие болды.
Ал, Әзірбайжан этномәдени бірлестігін атынан шыққан Аида Шарифова Абай ақынның адамның рухани, моральдық, отбасылық құндылықтарына, жас ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған қара сөздерін мәнерлеп оқып беріп, екінші орынды иеленді.
Өзінің таланты мен қазақ тілін, салт-дәстүрін білу деңгейі бойынша өзбек қызы Базарбаева Нюлифарға үшінші орын берілді.         Байқаудың жеңімпаздары мен қатысушылары Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.