Конституция – еркін адамдардың ерікті таңдауы
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:38
Егемен еліміздің 21 жылда жүріп өткен қысқа да болса нұсқа жолын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнін бағалап, ертеңгі күнін болжағанда ең бірінші ойға оралатын, көңіл толқытатын оқиғалар – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларацияның және ел Конституциясының қабылдануы екені сөзсіз.
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 7:38
Егемен еліміздің 21 жылда жүріп өткен қысқа да болса нұсқа жолын ой елегінен өткізіп, бүгінгі күнін бағалап, ертеңгі күнін болжағанда ең бірінші ойға оралатын, көңіл толқытатын оқиғалар – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы декларацияның және ел Конституциясының қабылдануы екені сөзсіз.
Қазақстан халқы бірлігінің, ұлттар мен ұлыстар үндестігінің мерекесіне айналған осы ұлықты күндері әр ойлы жанды біз кімбіз, бабаларымыздың тарихы қайдан басталады деген терең ішкі сезім толқытып, толғандырып, өзінің Отаны – Тәуелсіз Қазақстанның тарихына терең үңілдіреді деп ойлаймын.
Абылай бабамыз: «Қазақтың қайран даласын жағасы жайлау ел етсем, мерейін биік, бағын зор, ырысын шалқар көл етсем» деп армандаған екен. Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Сол асыл арманға қазақ елінің қолы 1991 жылы 16 желтоқсанда жетті.
Тәуелсіз елдің ендігі қадамы – егемендігінің заңнамалық тұғырын жасап, құқықтық қазығын қағу болды. Сондықтан да 1995 жылғы 29 маусымда өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының II сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев негізгі заңның жобасы жайында сөз етіп, оның келешегі туралы келелі ойларын ортаға салды. Ассамблея бірауыздан қолдаған заң жобасы қоғамның талқылауына ұсынылды. Нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда, Қазақстан халқы өзінің тарихи таңдауын жасап, жаңа Конституцияға дауыс берді.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында еліміздің Ата Заңының мәні мен маңызын түсініп, рухын сезінгісі келген әр адам оның дүниеге келу тарихын білгені жөн екенін атап көрсетті. Ал расында, адамның құқықтары мен бостандығының, ар-ожданы мен адамдық қадір-қасиетінің қорғалуының кепілі, заңдық тұғыры болып табылатын Конституциямыз қалай дүниеге келді?
Қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының басты бағыттарын айқындайтын Конституция жобасын дайындау өте күрделі де жауапты міндет болғанын заңгерлер қауымдастығы әбден біледі. Өйткені, сол кездегі қызу пікірталастар есімізде. Заң жобасын әзірлеуге ең білікті де білімдар заңгерлер, экономистер, тіпті философтар қатысты. Олар күллі әлем елдерінің қолданыстағы және күшін жойған конституцияларын зерттеді, зерделеді. Өзгенің тәжірибесінен үйренгенмен, қайталауға ұрынбау оңай емес. Сондықтан да Қазақстан Конституциясының жобасын жасаушылардың еңбегі ересен. Конституцияның дүниеге келуіне өлшеусіз үлес қосқандардың қатарында демократиялық конституция идеясын жүзеге асыруды бар жан-тәнімен қолдаған көрнекті ғалым, мемлекеттік қайраткер Н.А.Шайкенов, аға буын ағалар, белгілі заңгер-ғалымдар Ғ.С.Сапарғалиев, М.К.Сүлейменов, Ю.Г.Басиндер болуы, сарапшылар тобын заңгерлердің ұлағатты ұстазы, академик С.Зиманов басқаруы көп жайды аңғартады.
Осындай ұшан-теңіз еңбектің, ізденістің нәтижесінде дүниеге келген Конституцияның өз өміріміздегі орнын білеміз бе, қадірін түсінеміз бе?
Ең әуелі Негізгі Заң ел дамуының болашақ бағытын айқындап берді. Қазақстан халқы Конституцияға дауыс беру арқылы президенттік басқару нысанын қолдады. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Ол биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыздыққа, ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажеттілігінен туындады. Президенттік басқару нысаны мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі тармақтарының ара жігін ажыратудың конституциялық міндетін икемді шешіп берді. Бір жағынан билік тармақтарының өзара тығыз ынтымақтастығы қамтамасыз етілсе, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгіленген өзара тежеу және бір-бірінің өкілеттігіне араласпау тетігі жасалды.
Сондай-ақ Конституция жаңадан құрылған жас мемлекет үшін тегеурінді істер мен терең өзгерістердің бастауы болды. Арада өткен он жеті жылда Негізгі Заң тек құқықтық жүйенің өзегі, заңдық құжат қана емес, еліміздің бағытын анықтайтын, табысын екшейтін таразыға айналды.
Әрине, күллі кезеңдер мен қилы елдердің мүддесіне бірдей жарамды әмбебап конституцияның үлгісі болмайтыны белгілі. Әр елдің саяси-әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктері, әдет-ғұрпы мен рухани мәдениеті конституцияға өз бедерін салары хақ. Қоғамдағы түрлі саяси және әлеуметтік күштердің өзара күресінің сипаты, олардың мүдделерінің тепе-теңдігін сақтау қажеттігі, ұлттық келісім мен азаматтық бейбітшілік өлшемдері көп жағдайда басты заңның мәні мен мазмұнын айқындайды. Қоғамның басым бөлігі саяси жүйенің жаңаруын, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани өмірдегі жаңа тенденциялардың заңнамада айқын көрініс табуын күткен кезеңде мұндай нақты, шынайы қатынастар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді. Сөйтіп, Негізгі заң өз күшіне енгеннен кейін өркениетті мемлекеттерде бағаланатын құндылықтар мен саяси-әлеуметтік, экономикалық дамулардың қазақ елінде орнығуына жол ашты. Сонымен қатар, туысқандық пен теңдік сезімдері терең, мәдени, рухани дәстүрі бай ежелгі қазақ жерінде құрылған жаңа Қазақстанның өзіндік ұлттық даму ерекшеліктері де ескерілді.
Конституцияны құқықтық ресімдеу – өтпелі кезеңдегі қазақстандық қоғамның күрделі де серпінді, біртұтас күш ретінде етек-жеңін жиып, жедел экономикалық өсуге, мәдени және рухани өрлеуге, демократиялық реформаларды тереңдетуге ұмтылуын қамтамасыз етті.
Осы жылдар ішінде Конституциямыз қоғамдық қатынастарды бүкіл әлемдік үрдістерге сәйкес қорғау мен дамыту мақсатында қажетті арналарға бағыттайтын қалыптастырушылық қызмет атқарып келеді. Тоқ етерін айтқанда, ел Конституциясы адамның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын бекітіп, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бүкіл қызметі адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын нақтылы айқындап берді. Оның 98-бабының үштен бір бөлігі адамның құқы мен бостанығын қорғауға арналған. Және олар декларативті түрде емес, шын мәнінде пәрменді жұмыс істейді. Атап айтқанда, Конституцияның 13-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әр қазақстандық өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқылы.
Азаматтардан соттарға толассыз түсіп жатқан өтініштер санының артуы халықтың сот жүйесіне деген сенімін, олардың өз мүдделерін қорғау үшін сотқа арқа сүйейтінін көрсетеді.
Президент Н.Ә.Назарбаев судьялардың 5-съезінде атап көрсеткендей, азаматтардың өз құқықтары бұзылған кезде қорғаныш іздеп жүгіне алатын сенімді органы – соттар болып отыр. Конституциялық реформа жүргізудің нәтижесінде қазақстандық сот төрелігі жүйесі адам құқықтарын тиімді қорғайтын қуатты жаңа тетіктерге ие болды.
Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың өтінішпен сотқа тікелей жүгінуі арта түскен сайын соттардың қызметіне де қосымша салмақ түсіп отырғанын айтпай кетуге болмайды. Сондықтан сот ісін жүргізуді жетілдіру мәселесін біз шындап қолға алдық. Көп кеңесу мен ізденістің нәтижесінде, сот ісін оңтайландыру мақсатында 2012 жылғы 16 ақпанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Осыған орай, биылғы жылғы 1 шілдеден бастап соттар сот ісін жүргізуде жаңа заңды қолданатын болды. Енді облыстық соттардағы апелляциялық және кассациялық сот алқаларының толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік берілді. Облыстық соттардың құзыреті кеңейді, олар бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енген сот актілерін тексеріп, жаңа шешім шығара алады. Облыстық соттың кассациялық сот алқасында істердің түбегейлі шешімін табуы халыққа қолайлы болмақ. Кез келген іс бойынша сот актілерінің заңдылығын тексеру үшін алыстан ат арылтып Жоғарғы Сотқа келу адамдарға материалдық және моральдық жағынан да оңай емес. Тек кассациялық алқаның шешімімен келіспеген жағдайда ғана Жоғарғы Сотқа жүгінуге болады. Жоғарғы Сот өтініштің уәждерін орынды деп тапса, істі қадағалау тәртібімен қарайды.
Сот ісін жүргізудегі осы оң өзгерістердің нәтижесінде Жоғарғы Сот заңда көзделген тәртіппен жергілікті соттардың қызметiн кеңінен қадағалауға, заң нормаларын сот практикасында қолдану мәселелері бойынша түсiнiктемелер беруге, сот ісін жүргізуді жетілдірумен, судья кадрларын сапалы іріктеумен шұғылдануға, республика соттарында біркелкі сот практикасын қалыптастыру бағыттарында жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр.
Тұтастай алғанда, конституциялық реформадан бастау алған сот реформасының жетістігі – қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің әлемдік, демократиялық стандарттарына жақындай түсуіміз болып табылады. Бұл ретте шетелдік тәуелсіз талдаушылардың кеңес заманынан кейінгі кеңістікте сот-құқықтық реформалар бойынша Қазақстанның алдыңғы орындарға шыққанын мойындап, қазақстандық сот төрелігінің тиімділігін жоғары бағалап отырғанын айтуымыз қажет.
Иә, жүз жылдық тарихы бар еуропалық конституциялардың қасында біздің Ата Заңымыз жас, алайда, өткен ғасырлардың даналығынан сабақ алған, қазіргі заманның жаңалықтарынан қуат алған, әр бабы байыпты, әр сөзі салмақты. Өйткені, ол еліміздің қысқа ғана мерзімдегі толағай табыстарының заңдық тұғыры болды және болашағымыздың құқықтық бағдары болмақ.
Елбасының: «Халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі» деген толғамды сөзі бар. Киелі сөздің қадірін түсінген халықтың аспанын бұлт шалмайды. Ендеше, Конституция бойынша өмір сүру қажеттілік қана емес, қасиетті борышымыз. Бұл – өз құқығы мен бостандығын сыйлаумен қатар, өзгелердің де құқықтарын мойындайтын еркін адамдардың ерікті таңдауы болуға тиіс. Тек сонда ғана біз жеке азаматтар емес, тұтас бір халықпыз.
Бектас БЕКНАЗАРОВ,
Жоғарғы Сот Төрағасы.