Еркін елдің ертеңі нұрлы
Жұма, 31 тамыз 2012 7:45
Тәуелсіздік туралы ой қай кезде пайда болды десек, алғашқы қауымдық құрылыстың аяқталып, құлдық дәуірдің басталуымен тұспа-тұс-ау деп шамалайсың. Өйткені, Марк Тулий Цицерон деген ойшыл нақ осы кезеңде «Біз тәуелсіз болуымыз үшін заңның құлына айналуымыз керек» деген екен.
Жұма, 31 тамыз 2012 7:45
Тәуелсіздік туралы ой қай кезде пайда болды десек, алғашқы қауымдық құрылыстың аяқталып, құлдық дәуірдің басталуымен тұспа-тұс-ау деп шамалайсың. Өйткені, Марк Тулий Цицерон деген ойшыл нақ осы кезеңде «Біз тәуелсіз болуымыз үшін заңның құлына айналуымыз керек» деген екен.
Әрине, жеке тұлғаның қоғамдағы орнын белгілеп, мемлекеттің толық құқылы азаматы ретіндегі мәртебесінің мойындалуына дейін адамзат талай дәуірді артқа тастады. Сөйтіп, адамның құқықтық санасының қалыптасуы ғасырларға жүк болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр. Сол жолда жаңа көзқарастар бірін-бірі жетелеп, біріне-бірі күш беріп, заманаларды жаңартумен болды. Осы ұмтылысында адам баласы небір бейнетті жолдан өтті: адасты да, қырылды, жойылды, сосын қайта түледі. Осылай адамзаттың белгілі бір заңдылықтарға бағынғанда ғана нағыз қоғам құра алатындығына көз жеткізілді.
Ағылшын ойшылы, конституциялық демократияның базалық идеяларын қалыптастырушылардың бірі Джон Локктың тұжырымы бойынша «Заң жоқ жерде, еркіндік те жоқ». Кез келген жеке тұлғаның тәуелсіздік алған күннен бастап, «Енді қандай міндетті мойныма алуым керек немесе қандай мақсат көздеуім керек немесе не істеуім керек?» дегендей ойлардың жетегіне ерері сөзсіз. «Ойыма не келсе, соны істеймін бе?» деген ойдың да қылаң берері анық. Осындайда адамның өзінің шексіз еркін емес екендігін де санасынан өткізуі маңызды. Адамға керегі – шексіз еркіндік емес, белгілі бір реттіліктерге бағынатын, қоғамның әр мүшесінің мақсаттары мен міндеттері айқындалған орта. Ондай ортаны мүмкін ететін – Ата Заң. Ата Заң – құқықтың негізгі қайнар көзі. Ата Заңда күллі құқық жүйесінің бастаулары шоғырланады және оның талаптарын қатаң сақтау баршаның ең басты парызы болып табылады.
Конституциямыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Және «Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» деп жалғасады осы бап. Осындай құқық беретін Ата Заңның жолымен жүргенде ғана кез келген халық, оның ішіндегі жеке тұлға өзін ерікті сезіне алады. Ал ерікті адам қоғамдық ойдың озық болуына да ықпал етеді. Адам бойындағы ерекше қабілеттілік, дарындылық, ой тереңдігі оның бостандығының арқасында ғана қанатын кеңге жая алады.
Біз тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай өзіміздің Ата Заңымызды қабылдадық. Мұндағы негізгі мақсат –қазақстандықтардың достық, бауырластық қарым-қатынасын орнықтырып, ежелден келе жатқан ізгі дәстүрлерімізді сақтап қалу. Сол міндеттердің ішіндегі ең қасиеттісі – азаматтарымыздың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру десек, қателеспейміз. Тағы бір аса маңызды міндет – әрбір Қазақстан азаматының орта білім алуға міндеттілігі. Білім алуға міндетті болудың арғы жағында біздің мемлекетіміздің әрбір азаматының саналы да ойлы, көзі ашық, жақсы мен жаманды салмақтай білетін, ұлы бәсекелестіктер дәуірінде қиындықтардан қаймықпайтындай болып қалыптасуына мүмкіндік жасау қағидасы жатыр.
Ата Заңға сүйене отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикамызды дамытып, демократияны орнықтыруға күш салдық, өндірістік қатынастарды реформалап, нарықтық экономикаға өтуді жеделдетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінді. Әлемдік қауымдастыққа кірігіп, дамыған мемлекеттермен тең дәрежеде тұра алатын жағдайға жеттік.
Біз – бостандық жолындағы талай күрестерде шыңдалған, рухын түсірмеген ұлтпыз. Сол ерлік рухының бұдан әрі қарай да ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Отанымыздың іргесінің нығая түсуіне ықпал ету қажеттігі де Ата Заңымызда атап көрсетілген. Ал бұл мақсатты жүзеге асыруда халықтың бірлігінің аса маңызды рөл атқаратындығы түсінікті. Сондықтан да біздің Конституциямыздың 3-бабында «Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық» делінген. Халықтың тұтастығы, өзара сыйластық, басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынас орната алу, экономиканың дамуы, жоғары мәдениеттілікке қол жеткізу – осының бәрі де тек қана халықтың ауызбірлігі арқылы жүзеге асырылады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы халыққа Жолдауында «Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін не керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты – көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады», деп көрсеткен еді. Біз қазір әрбір азаматтың құқықтық санасы жоғары сауаттылықпен қалыптасқан, әркім өзінің жауапкершілігін терең сезінетін қоғам құрдық және оны әрі қарай дамыту үстіндеміз. Өз құқығымызды жақсы білу арқылы қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік қарым-қатынастарда Ата Заңның қағидаттарының сақталуын әрқайсымыз қатаң қадағалайтын жауапкершілікті де мойнымызға алдық.
Соның арқасында Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылып үлгерді. Жаһандық мәселелерді қарастырған, халықаралық деңгейдегі аса маңызды құжаттар қабылданған талай алқалы жиындардың біздің Астанамыздың төрінде өткендігіне әлем куә болды.
Өткен жылдың соңында Астана форумы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа G-Global жобасын ұсынды. Бұл жоба бүгінгі таңда көп қырлы әлемді біріктіруші идеялардың біріне айналуда. Жобаға жаһандық қауымдастықтың саясаткерлері, экономистері мен сарапшылары дереу үн қосты. Ресей экономистері мен сарапшылары бүгінгідей ауыр дағдарыс жағдайында әлемдік экономиканың кез келген ойыншысы еркін қатыса алатын жаңа G-Global пішініне сенім зор екендігін білдіруде. Өйткені, ол бүгінгі таңдағы ең өзекті деген инновациялық дамудың, ядролық және экологиялық қауіпсіздіктің, этносаралық және дінаралық толеранттылықтың, геосаясаттың және басқа да толғақты мәселелерді талқылау алаңына айналып отыр.
Қай мемлекеттің болсын басшысының сөзіне әлемдік сарапшылардың құлақ түруі – бұл сол мемлекеттің халықаралық деңгейдегі әлеуетін мойындайтындықтың белгісі болып табылады. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі ең жас әрі ең артта қалған мемлекеттердің қатарында жүрген Қазақстанның аз ғана уақыт аралығында жеткен жетістіктері осындай. Мұның барлығы да Ата Заңның қағидаттарын басшылыққа алып және оны қатаң сақтай отырып қол жеткізген табыстарымыз екенін сезінудің өзі зор бақыт!
Гүлнар СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты.