Аттестаттау
Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:19
Білім мен біліктілік
Елбасының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы» Жарлығына сай өткізілген аттестаттау барлық құқық қорғау органдары үшін үлкен сынақ. Бұл сынақтан өтушілерге республика заңдарының тізбесі, логикалық ойлау сындары, қызметкердің құқық қорғау органы мәртебесіне сай келетіндігін адамгершілік-психологиялық және дене шынықтыру жағынан анықтау және қару қолдана білу барысы алға қойылды.
Сәрсенбі, 24 қазан 2012 7:19
Білім мен біліктілік
Елбасының «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау туралы» Жарлығына сай өткізілген аттестаттау барлық құқық қорғау органдары үшін үлкен сынақ. Бұл сынақтан өтушілерге республика заңдарының тізбесі, логикалық ойлау сындары, қызметкердің құқық қорғау органы мәртебесіне сай келетіндігін адамгершілік-психологиялық және дене шынықтыру жағынан анықтау және қару қолдана білу барысы алға қойылды.
Кезектен тыс аттестаттаудың тағы бір ерекшелігі, мұнда құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің барлығы, яғни генералдан бастап прапорщикке дейін тексерістен бірдей өтті. Мұндай сыннан Қаржы полициясы академиясының қызметкерлері де қағыс қалған жоқ.
Қаржы полициясы академиясы қызметкерлерінің сынақтан қалай өткендігі туралы Қаржы полициясы академиясының бастығы, генерал-майор Рүстем Ыбырайымов айтып берді. Ережеге сай ведомстволық ЖОО қос аттестаттаудан, яғни құқық қорғау жүйесі саласы мен жоғары оқу жүйесі саласынан өтеді, дейді ол. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында Қаржы полициясы академиясы жоғары және ЖОО кейінгі білім беру бағдарламасын жүргізуші ретінде Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестаттауынан сүрінбей өтті. Енді келесі бесжылдықта бізге «Заң», «Құқық қорғау қызметі», «Кеден ісі» секілді мамандықтар бойынша оқыту құқығы бекітілді.
Үстіміздегі жылдың осы өткен айында академия қызметкерлерін қайта аттестаттау барысы да сәтті жүргізілді. Бір апта бойы академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен ғылыми қызметкерлері психологиялық тұрақтылық пен логикалық ойлауға, қолданыстағы заңдарды білуге, дене шынықтыру мен атыс қаруынан атуға тестілер мен нормативтер тапсырды. Сынақтың соңында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, қаржы полициясының генерал-майоры А.Лукиннің қатысуымен әңгімелесу өтті.
Әрине, өкінішке қарай, бұл күрделі сынақтан академияның барлық қызметкерлері бірдей өте алған жоқ. Өйткені, мұндай күрделі талапты жоғары ведомстволық мектептің алдына өмірдің өзі қойып отыр. Қаржы полициясының академиясы бұл тек еліміздің қаржы полициясы мен кеден органдары үшін кадрлар дайындайтын ғана орын емес, сондай-ақ мұнда PhD магистратурасы мен докторантурасы бойынша жоғары дәрежелі кадрлар әзірлейтін, өзінің жеке еңбектерімен қатар ғылыми журнал шығаратын, ТМД елдерінің салық (қаржы) органдары үшін базалық дайындайтын орталығы болып табылады. Сондықтан біздің қызметкерлерге қойылатын талап өте жоғары. Ал мұның маңыздылығы Елбасының Назарбаев Университетінде «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты оқыған дәрісінен де айқын байқалады, дейді Р.Ыбырайымов.
Академия бүгінде өзінің білім беру қызметінде жаңа сатыға көтеріліп отыр. Республика құқық қорғау органдары үшін 2013-2014 жылдарға кадрларды дайындау қысқартылған екі жылдық бакалавриат бағдарламасы бойынша жоспарлануда. Қазіргі таңда тек жоғары білімі барларды қабылдау мақсатында академияда қайта құрылу жұмыстары жүргізілуде. Олар мұнда тек арнайы мамандық білімі бойынша ғана оқытылып, жоғары заң білімі дипломын алады.
Демек, бір сөзбен айтқанда, Қаржы полициясы посткеңестік кеңістіктегі айрықша оқу орындарының бірі болған және солай қала бермек. Академияда, соның ішінде білім деңгейін көтеру курстарында Тәжікстан, Литва, Латвия, Қырғызстан, Украина және Ресей азаматтары білім алуда.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы мен «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты дәрісінде ұлттық білім беруді жаңғыртудың мақсаты оны халықаралық стандарттарға жақындату басымдығы ретінде белгіленгендей, бұл мәселе осы аталған жоғары оқу орнына да тікелей қатысты. Өйткені, академия ұзақ мерзімді ынтымақтастық меморандумына қол қойған тек отандық ғана емес, сонымен қатар шетелдік ЖОО және ғылыми ұйымдармен толыққанды әріптес болып табылады.
Ендеше, Елбасы: «Жаңғырту процесінің ең бір ұтымды шешуші кезеңі ұлттық білім беру жүйесін тиімді жаңарту болып табылады», деп айтқандай, Академия Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің бірден-бір жетекші оқу орыны ретінде үздік оқытумен, ғылыми және тәрбие процесінде өзінің қызметін үнемі жетілдіріп келеді. Бұған дәлел үстіміздегі жылы Қаржы полициясы академиясының екі мәрте – жоғары оқу орыны және ведомстволық мекеме ретінде – аттестаттаудан білім мен біліктілік жағынан сүрінбей өте білуі ұжымның жоғары кәсіптік және ғылыми дәрежеде екендігін көрсетіп берді.
Аяқталды
Мемлекет басшысының 2012 жылғы 8 сәуірдегі «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Астана қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттау үдерісі аяқталды.
Аттестаттауға жататын қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасы, ойлау қабілеттігін анықтауға бағытталған тестілеуді және әскери дайындық нормативтерін тапсырып, психолог мамандармен сұхбаттасудан өтті.
Аумақтық аттестаттау комиссиясында сұхбаттасудан өту барысында тестілеу мен әскери дайындық нәтижелері ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің жедел жұмыс нәтижелері де ескеріліп, қорытынды шешім қабылданды.
Аумақтық аттестаттау комиссиясының жұмысына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қаржы полициясы органдарының ардагерлері, партиялардың мүшелері тартылды. Аумақтық аттестаттау комиссиясының отырысында жалпы 173 қызметкермен сұхбаттасу өткізілді. Аттестаттау комиссиясының жоғары талаптарын білгендіктен 13 қызметкер аттестаттаудан өтуден бас тартып, қызметтерінен босату туралы баянаттарға қол қойған. Осылайша, Аумақтық аттестаттау комиссиясы жұмысының нәтижесі бойынша 52 қызметкер атқаратын лауазымына сәйкес келмеді, деп хабарлады Астана қаласы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі.
Ұсыныс та, шешім де қабылданды
Кеше Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның алқа мәжілісі болды. Онда мектептердің құрылысын жүргізу, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту барысындағы жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі заңдылықтың сақталу мәселелері қаралды. Алқа жұмысына бірқатар министрліктер мен водомстволардың басшылары, Парламент депутаттары қатысты.
Бас прокуратураның тексеруі барысында анықталған құқық бұзушылықтардың арасында ең көп таралғандары мыналар болды: құрылыс-монтаждау жұмыстарын жобалық-сметалық құжаттамалардан тыс жүргізу, құрылыс нормалары мен технологияларын бұзу, қауіпсіз емес құрылыс материалдарын, сондай-ақ метрология органдарында тексеруден өтпеген өлшем құралдарын пайдалану. Республикада құрылысы жүріп жатқан 165 жалпы білім беру мектептерінің төрттен бір бөлігінің мерзімі бұзылып салынуда. Жиналыста аталып көрсетілгендей, көбінесе қалыптасып отырған жағдай құрылысқа теріс пиғылды құрылысшыларды жіберетін және орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қоятын шенеуніктердің жауапкершіліксіз қатынасының салдарынан болып отыр.
Тексеру нәтижесі бойынша 22 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 6 қылмыстық іс қозғалды, 5 материал тергеуге дейінгі тексеру жүргізу үшін қаржы полициясына жолданды. Алқа қорытындысы бойынша Үкіметке заңдылықты бұзушылықтарды жою, елімізге шетелдік жұмыс күштерін тарту тәртібін реттейтін заңнамаларды қолданудың тиімділігін арттыру туралы ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылданды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Өзгерістер өлшемі
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде, өзге де құқық қорғау органдары сияқты, комитеттің аумақтық басқармалары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау аяқталды.
Алғашқы кезеңде комитет төрағасын және оның орынбасарларын Жоғары аттестаттау комиссиясы (ЖАК) ел Премьер-Министрінің төрағалығымен аттестаттаудан өткізді.
Екінші кезеңде, яғни тамыз айында Бас прокуратураның Орталық аттестаттау комисиясынан (ОАК) комитеттің және оның аумақтық органдарының басшылық құрамы өтті.
Бас прокуратураның Орталық аттестаттау комиссиясының шешімімен комитеттің облыстық басқармасының 1 бастығы жоғары лауазымға ұсынылды және қыркүйек айында Бас прокуратураның басқарушы лауазымына тағайындалды.
Сонымен қатар, ОАК қорытындысы бойынша 3 аумақтық басқарманың басшысы атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп танылып, төмендетуге ұсынылып, 1 басшы психологиялық тұрақтылығына тестілеу өткізілгеннен кейін жұмыстан шығу туралы баянат берді.
Үшінші кезеңде комитеттің аймақтық аттестаттау комиссиясының шешімінің нәтижесі бойынша 541 қызметкер аттестаттаудан ойдағыдай өтті, оның ішінде 18 қызметкер кадрлық резервке кіргізуге немесе жоғары тұрған лауазымға көтеруге ұсынылды, 444-і атқаратын лауазымына сәйкес, 27-сі атқаратын лауазымына сәйкес емес деп танылып, басқа қызметке (лауазымға) ауыстыруға және 35-і атқаратын лауазымына сәйкес емес деп танылып, лауазымын төмендетуге ұсынылды.
Сонымен қатар, аймақтық аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша комитеттің аумақтық басқармасының 17 қызметкері атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп танылды және құқық қорғау органдарынан жұмыстан босатуға ұсынылды. Ал 4 қызметкердің аттестаттаудан өтуі кейінге қалдырылды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Топтаманы дайындаған Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».