Тағдыр
Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:25
Адам баласы шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда, оның маңдайына ащылы-тұщылы дәмі бар тағдыры жазылып қоятыны рас сияқты. Қалай десек те, адам баласы үшін тағдыр дегеніңіз – үлкен бір сынақ алаңы.
…Бүкіл дүниежүзі ғалымдары аспан әлемін зерттеу үшін тұңғыш рет адам баласын ғарышқа ұшыру мақсатында күн-түн демей жұмыс істеп жатқан 1961 жыл еді. Жер-ана да бусанып, ауыл балалары доп қуып, мамыражай көктемнің келген шағы. Сол заманда яғни, осыдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын енесі босағадан жаңа аттаған келінімен қатар босана беретін. Оны ешкім де ерсі көрмейтін.
Бейсенбі, 29 қараша 2012 7:25
Адам баласы шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда, оның маңдайына ащылы-тұщылы дәмі бар тағдыры жазылып қоятыны рас сияқты. Қалай десек те, адам баласы үшін тағдыр дегеніңіз – үлкен бір сынақ алаңы.
…Бүкіл дүниежүзі ғалымдары аспан әлемін зерттеу үшін тұңғыш рет адам баласын ғарышқа ұшыру мақсатында күн-түн демей жұмыс істеп жатқан 1961 жыл еді. Жер-ана да бусанып, ауыл балалары доп қуып, мамыражай көктемнің келген шағы. Сол заманда яғни, осыдан жарты ғасырдан аса уақыт бұрын енесі босағадан жаңа аттаған келінімен қатар босана беретін. Оны ешкім де ерсі көрмейтін. Ұлы Отан соғысының ардагері Қуандықбай атамыздың үйіндегі Танагүл апамыз содан бір жыл бұрын ғана босанып, өмірге маңдайы жарқыраған Бақыт атты қыз келген еді. Ал, әлгі 1961 жылдың көктемінде сол үйдің үлкен келіні баладан қайтыс болып, өмір есігін жаңа ашқан торсық шекелі ұлға Қалдыбек есімі қойылады. Содан жарық дүние есігін ашпай жатып жетім атанған немересі Қалдыбекті Танагүл апа өз қызы Бақытпен бірге бағып-қағып, жетілдіреді. Қалдыбек өз құрбыларымен бірге екі үйдің арасында жүріп, қызықты балалық шақты өткізді. Олай дейтінім, өзіне жарық дүние сыйлаған анасының қазасын балалық кезде білмепті. Анасының жылы өткесін ағайын-туыс ақылдасып, Қалдыбектің әкесін көрші ауылдың Райхан атты қызына қосады. Үлкен шаңыраққа түскен жас келін бәрін ақылға салып, ойын баласы Қалдыбекті бауырына басып, өзін «мама» деп айтуды үйретеді.
Сол жылдары елдің ниеті дұрыс болды ма, ағайынның татулығы керемет еді. Біреудің үйіне қонақ келсе, шақырусыз-ақ көрші-қолаң түгел жиылады. Ағайынның үйінде той болатын болса, туыстар мен көршілер жиналып қалай өткізу керек деген мәселені қызу талқылайтын. Үлкендер жағы тамақты кім пісіреді, шайды кім қайнатады, отынды кім жарады деген сияқты ұсақ-түйекке дейін бөліп беретін. Балаларға да өздерінің шамаларына қарай тапсырмалар жүктелетін. Балалардың тату, ағайынның бауырмал болуына осындай жағдайлардың әсер еткені сөзсіз.
Бір көшеде Қалдыбектің өзімен құрдас он шақты ұл-қыз қатар өстік. Қалдыбектің атасы шешендігі бар, өзі жақсы оқи алмаса да радио арқылы бірнеше рет тыңдаған соң жаттап алған Рүстем-Дастан, Қыз Жібек поэмаларын көрші балаларға жарыстыра айтқызып, өзі шынайы беріліп тыңдайтын. Барлық балалар маған оқытса екен деп бір иығымызды беріп тұратынбыз. Оқытқан жағдайда барынша мәнерлеп оқуға тырысатынбыз. Дастанды мәнерлеп оқыған баланы мақтап, осыдан жақсы азамат шығады деп отыратын.
Сөйтіп, уақыт шіркін зымырап өте шықты. Біз орта мектепті бітіріп, әрқайсысымыз өз жолымызбен кеттік. Қалдыбек Қаратау қаласындағы политехникалық институттың студенті атанды. Ал, орта мектепте жүргенде жұбы жазылмаған Әдемі есімді сыныптас қыз мұғалімдер дайындайтын институтқа түсті. Қазіргідей бір-бірін сәл көрмей қалса, мәңгіге «бөлініп» кететін жұптар ол кезде сирек кездесетін. Біздің кейіпкерлеріміз де екі қалада оқып жүріп, бір-біріне деген ынтық көңілін суытпай, ақыры үйленіп еді.
Қалдыбек пен Әдемі қосылғанда ауыл болып қуанып, үлкендер жағы ақ баталарын бергені есімізде. Әсіресе, әкесі студент кезінде дүние салған соң жесірліктің дәмін ертерек татқан Райхан ананың қуанышында шек болмады. Қалдыбек мамандығы бойынша аудан орталығындағы геологтар мекемесіне жұмысқа орналасып, Әдемі өзі оқыған мектепке мұғалім болып қабылданды. Қандай бақытты шақ. Жаңадан отау құрған жас отбасы осылайша өмір атты үлкен жолға қол ұстасып бірге аттанды.
Әйел адамның үлкен бақыты ана атану екені даусыз. Әдемі де айы-күні жеткенде жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Оған бүкіл әулет жиналып, азан шақырып Жақсан есімін қойды. Одан кейін іле-шала өмір есігін ашқан қыздары Балжан есімін иеленді. Араға төрт жыл салып үшінші балаға аяғы ауырлаған Әдемі айы-күні жеткенде аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіледі. Әдеміні дәрігерлер қиындықпен босандырып алады. Бірақ жас ана бір аптадан соң есін жимаған күйі бақилық болады.
Шиеттей үш балапанын, жан жарын тастап о дүниеге аттанған жас келіншектің қайғысы ауылдастарының қабырғасына қатты батты. Жаназасына жиылған жұрттың жыламағаны қалмады. Бірақ тірі адам тіршілігін істейді екен. Өмірге келе сала жетім қалған сәбиге Анар деп ат қойылды. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, өмір есігін ашпастан әжесінің ақ сүтін еміп адам болған әкесінің тағдыры, арада 28 жылдай уақыт өткенде Анардың басында да қайталанды. Бұл жолы кішкентай сәбиді Қалдыбектің әпкесі Бақыт асырап алып, өз баласымен қатар емізіп өсірді. Қалдыбектің балаларының бағы бар екен. Оларды Райхан әже ешкімнен кем қылмай өсірді.
Жас өседі, жарлы байиды. Бүгінде Қалдыбектің Жақсаны – үлкен азамат, жоғары оқу орнын тәмамдаған маман. Балжан да жоғары білім алды, тұрмысқа шықты, балалы-шағалы. Туған анасын көрмей өскен Анар да олардың ізін басып келе жатыр.
Олардың әр қадамына қуана отырып, реніш енді қайталанбаса екен деп тілейсің.
Кәдірбек СӘДУБАЕВ.