Буынсыз жерге пышақ ұру ма, әлде…
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 7:37
Ақтөбедегі облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бесінші қабатынан құлаған 73 жастағы әйелдің мерт болғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Иә, осындай бір оқыс оқиғаның орын алғаны шындық. Қайғылы оқиға құзырлы органдарды да аяғынан тік тұрғызды. Іле оқиғаға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізіліп, болған жағдайға облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров, аталған диспансердің бас дәрігері Нұрлан Ағзамов түсінік берді.
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 7:37
Ақтөбедегі облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бесінші қабатынан құлаған 73 жастағы әйелдің мерт болғаны жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Иә, осындай бір оқыс оқиғаның орын алғаны шындық. Қайғылы оқиға құзырлы органдарды да аяғынан тік тұрғызды. Іле оқиғаға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаты өткізіліп, болған жағдайға облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров, аталған диспансердің бас дәрігері Нұрлан Ағзамов түсінік берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Самат Данияров оқиға орын алған жерге шұғыл түрде қалалық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімінің қызметкерлері жеткенін, осы іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалғанын, оны құзырлы органдар одан әрі тексеріп жатқанын жеткізді. Әзірше белгілі жай Қызылорда облысынан келіп емделіп жатқан К.есімді әйелге туберкулезге қарсы ем тағайындалған. Емін, дәрілерін уақытылы алып отырған, емдеу процесіне, тамақтың сапасына науқастың тарапынан ешқандай шағым болмаған. Бірақ, бірге емделіп жатқан сырқаттардың айтуларына қарағанда, марқұм өзінің туберкулез ауруына шалдыққанына уайымдап жүрген.
Дәл сол күні стационарлық ем алып жатқан бір топ науқас әкімшілік ғимаратының алдына шығып, өздерінің талаптарын білдірген еді. Баспасөз мәслихатында осы жай да назардан тыс қалған жоқ.
– Науқастардың аурухана әкімшілігінің алдына қойған талап-тілектеріне қатысты айтатын болсақ, бұл жерде жоғары дәрежелі диетолог жұмыс істейді, науқастардың тамақтануын азық-түліктердің қуаттылығын тұрақты қадағалап отырады. Науқастар күніне бес мезгіл тамақ ішеді, – деді Самат Данияров.
Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Ағзамов талап қоюшы топтың өз басшылары бар, жанжал шығарушылар сол «көсемдеріне» бөлек жеке бөлме сұрайды. Бұдан басқа олар осы ауруханада өздері бақылау орнатып, түрмедегідей тәртіпті жүргізіп, бөлімдердің арасында күні-түні емін-еркін жүргісі, ойларына келгендерін істегілері келеді дегенді айтып қалды.
Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде күзет жұмыстарын лицензиясы бар жеке күзет фирмасы жүзеге асырады екен. Өкінішке орай олар да емдеу орнында ішкі тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде дәрменсіздік танытуда. Өйткені ұйымдасқан топқа күзет қызметінің күші жете бермейді. Ал диспансердің бас дәрігері Нұрлан Ағзамов аталған науқастарды күзетуді ішкі істер органдары өз қолына алуы қажеттігі туралы мәселені жиырма жылдан бері көтеріп келе жатқанын, алайда ешқандай нәтиже жоқ екендігін жеткізді. Бұл еліміздегі барлық туберкулезге қарсы күрес диспансерлері басшыларының бас ауруы көрінеді. Диспансердегі күзет жұмыстарын күзетуді ішкі істер органдары атқаруы керек дейді дәрігерлер бірауыздан.
Қазір облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері ішкі істер басқармасы жасақтарының бақылауына алынған. Әрине, адам өліміне қатысты соңғы сөзді құқық қорғау органдары айтатыны белгілі. Ал, жанжал шығарушы топтың талаптарының орынсыз екені жоғарыдағы әңгімелерден де аңғарылатын сияқты. Алайда, тұжырым жасауға асықпайық, бұл буынсыз жерге пышақ ұру ма, әлде ащы шындық па, оны арнаулы комиссия анықтайтын болады. Десек те, орын алған оқыс оқиға туберкулезге қарсы күрес диспансерінде қордаланып қалған түйінді мәселелер де бар екенін көрсетеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.