06 Маусым, 2012

Бақыт кілті

795 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бақыт кілті

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 6:58

Ертеректе ерігіп отырған бір топ жастар ақылман қартты ортаға алып:

– Қария, ел осы бақыт кілті деп жатады, сіз оны қалай түсінесіз? – дейді. Сонда әлгі қария былай деп жауап беріпті:

 

Сәрсенбі, 6 маусым 2012 6:58

Ертеректе ерігіп отырған бір топ жастар ақылман қартты ортаға алып:

– Қария, ел осы бақыт кілті деп жатады, сіз оны қалай түсінесіз? – дейді. Сонда әлгі қария былай деп жауап беріпті:

– Қарақтарым, бақыт кілті деген кең ұғым. Оны әркімнің жүрген жолы, артында қалған шуақты іздерімен өлшеген орынды. Егер бақыттың кілтіне ие болғыларың келсе, кез келген мамандықтың соңынан жүгіре бермей, өздерің ұнатқан, елге пайдалы, бейімдерің бар салаға күш салған жөн. Бақытты болам де­сең­дер, арың таза болып, елдің мұң-мұқтажына құлақ асып, қолдан келгенше жәрдем беріп, олардың алғысына бөленіңдер. Сонда ғана сенің мына дүниеге бос келмегенің, азамат деген жоғары атаққа сай болып, бақытты, мәнді ғұмыр кешкенің.

Байқасаңыз, бұл адамды ойға қалдыратын терең мағыналы жауап емес пе?

Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,

Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.

Сен мықты, анау нашар, мен орташа,

Бәріміз бір аспанның астындамыз.

Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,

Шайқаңыз осы өмірді жүріп, мейлі.

Ойлаңыз арзан атақ, сасық ырыс,

Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді –

деп жырлаған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев. Ақын осы өлеңі арқылы тарыдай жетістігін таудай етіп көрсеткісі келетін мақтаншақты, байлығы мен мансабына мастанған тоғышарлықты, атаққұмар­лық­ты, өзін өзі зор санау сияқты жиіркенішті әре­кеттерді қандауырдай өткір тілмен шенейді.

Рабғузидің (ХІV ғасыр) Адам Ата мен Хауа Ана қиссасында: «Әр кісінің тағдыры маңдайына анасының құрсағында жазылады. Одан асып жақсы да, жаман да бола алмайды», – депті. Ойлап қарасаңыз, онысы да рас шығар. Әр адамның өмір атты шексіз мұхитта өз жолы, өз тағдыры бар. «Жарық дүниеге кел­ген екенсің – өмірді тіршіліктің жерта­бан­­даған өгізі етпей, қыран қанатындағы өнер биі­гіне көтерген ләзім» депті немістің ұлы ақыны Гете.

Өмір өткен күнмен, жасаған жылмен өл­шен­бейді. Өмір өлшемі – мына беймаза дү­ниеде жасаған ізгілікті ісің, адамдарға жа­саған жақсылығың, көпшілікке қайырымды­лы­ғың, артыңда қалдырған жақсы көрнекті ізің.

Ал енді базбіреулер сырт көзге қарапайым болып көрінгісі келіп әлектенеді. Бірақ онысы көзге ұрып тұрады. Сірә, қарапайымдылық та қанға сіңген бір керемет қасиет болса керек. Шіркін, мына жарық дүниеде, жарқын өмірде қаншама нар тұлғалы қарапайым жандар болды десеңізші. Нақты мысалдарға жүгінейік. Мысалы, төсін қақпай өмірден өткен жан­­­дар­дың бірі – ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов деп білемін. Атақ-даңққа еш қызыққан жан емес, қаншама елді сүйсіндірген, тіпті көкі­регі ояу жанның бәрін ғашық еткен керемет әндер жазған аса талантты дарын иесі болса да елдің ортасында, қарапайым тіршілік еткен қазақтың бір баласы.

Сондай-ақ, әріптестері арасында «ака­де­­мик­тердің академигі» атанған Салық Зиманов қа­рия туралы оны етене білетін жұрт оның абыз­­дығы, парасаттылығы мен қара­­пай­ым­ды­лығы жайлы ризашылықпен еске алып отырады.

Осы жерде қазақ ұлтының мақтанышы ер Баукең, Бауыржан Момышұлы жайлы айтпай кету үлкен күнә болар еді. Мәскеу, Кремль қан­ша жылдар бойы жанталасып «Кеңес Ода­ғының Батыры» деген атақ беруді нағыз қаһар­ман азаматқа қимаса да, халқымыз оны аса қадірлеп, ерекше ардақтап, «шоқтығы биік біздің батыр Баукең» деп көзі тірісінде-ақ сый-құрметке бөледі. Баукең осыған шүкір­шілік жасап, «маған «Алтын жұлдыз» берме­діңдер» деп аптықпады, ашу шақырмады, ызаланып күйінбеді, қапаланбады. Соңғы күніне дейін елдің еркесі болып өмір сүрді.

Кеудесіне екі «Алтын жұлдыз» таққан ұшқыш-жауынгер Талғат Бигелдинов те атақ-даңқын саудаға салмай, өз тіршілігімен қарапайым өмір сүріп жатқан азамат.

Өмірден өткен Ілияс Омаров, Жұмабек Тәшенев, Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтба­ев, Өзбекәлі Жәнібеков, Өмірбек Жолдасбеков, Хасан Бектұрғанов туралы ел аузында талай ғажайып әңгіме-естеліктер өріп жүр, барлығы аса ризашылықпен ойға алады. Кім айтсын, жүректері елжірей, олардың ерекше азаматтық қасиеттерін жіпке тізгендей етіп атап отырады. Қарапайымдылықты солардан үйренгеніміз жөн болар, сірә.

Иә, халықтың алдындағы сый-абырой, құр­мет-қолпаштау атақтармен, наградамен есептелмейтіні бәрімізге аян. Атақ десе әкесін сатуға дайын тұратын шенеуніктер қазіргі қоғамда қаптап жүр-ау, қаптап жүр. Сол сансыз, сапасыз толып кеткен ғалымдар «ғалым» деген киелі атақтың беделін құлдыратқан. Әрі қарай не болады?

Кейде ой қуып, өмірде болып жатқан құбылысқа сын көзбен қарап, өзіңше пайымдап, сараптама жасайсың. Жақсылыққа көңі­лің шалқып, теріс қылықтарға жаның күй­зе­леді, жүрегің сыздайды. Иә, «мына дүние кімнің заманы болып барады?» деп толға­насың. Тірі пенде ойсыз бола ма. Өкініштісі, өмірдің тәттілігін сезіну әркімнің басында бола бермейді екен. «Бір биік бар жорғалап жылан да шығады, қалықтап қыран да шы­ғады» деген бабалар сөзінен асыра не айта аламыз. Өмір шындығы солай.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз.