Он мың ота жасаған хирург Нұртас Қазыбаев жайлы бір үзік сыр
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:29
Дәрігер – философ. Даналық пен медицинаның айырмашылығы онша көп емес.
Гиппократ.
Ол жемісі мол, сабырлы сары күзде өмірге келді. Соның да әсері болар, мінезі де сол күздей салмақты, еңбегі де сол күздей жемісті. Ақбас шыңдарын күн сүйген Алатау баурайындағы арман қала Алматыда әсем үйлер ауласында балдан тәтті балалығын өткізді.
Бейсенбі, 12 сәуір 2012 7:29
Дәрігер – философ. Даналық пен медицинаның айырмашылығы онша көп емес.
Гиппократ.
Ол жемісі мол, сабырлы сары күзде өмірге келді. Соның да әсері болар, мінезі де сол күздей салмақты, еңбегі де сол күздей жемісті. Ақбас шыңдарын күн сүйген Алатау баурайындағы арман қала Алматыда әсем үйлер ауласында балдан тәтті балалығын өткізді.
Ойхой, ол кездегі қала аулалары қандайды?! Тамсандырып, тақ еткізер таңдайды. Таңғажайып бір әлем еді ол! Оның ойын баласы кезінде Алматы аулаларында өзгеше бір ғажайып аура болатын. Тазалығы таңғы шықтай ол аулалар ойын балаларын достастырып, болаттай берік бірлікке баулыйтын. Бір ауланың балғындары бір ағаның баласындай болатын. Олар ойын-сауықтың әр саласында жарысқа түсіп, өз аулаларының мәртебесін асқақтататын. Аула намысы олардың өз намысына айналып, балауса балғын шағында-ақ жігерлерін жаныды.
Оның тағы бір бақыты өнегелі от басында өмірге келді. Елге танымал ер азаматтың – жаны жайсаң, жалы биік жақсы әкенің тәрбиесін көрді. Шетелдерде демей-ақ қояйық, Қазақстанда Кәкімжан Қазыбаевты білмейтін көзі ашық, көкірегі ояу жан жоқ шығар, сірә. Иә, Кәкімжан аға ел таныған ер азамат, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, көрнекті қаламгер еді. Анасы да осал емес, еліміздегі білікті, белгілі ұстаздардың бірі – Орынша Қарабалина. Ол кісі деректі, халыққа керекті кітаптарымен танылғанын айта кетсем деймін.
«Жігіттің жақсысы – нағашыдан, үйдің жақсысы – ағашынан» депті даланың дана қарттары. Нұртастың туған нағашысы Ұзақбай Құлымбетов ұл мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қойған қайраткер. Сонысымен алты алаштың аяулысына айналған тұлға. Тектіден текті тумай ма, тәрбиесі жақсы тектілер ата жолын қумай ма? Тегінде, адам – өз ортасының жемісі. Біздің кейіпкеріміз – Нұртастың алдымен Адам, сосын білікті маман бола білуі дер едік.
Ауру-сырқау адам жанын күйзелтпей қоймайды. Дімкас билеушіден денсаулығы мықты қарапайым шаруа әлдеқайда бақытты. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық ақ жаулық, сосынғы байлық – он саулық» деп атам қазақ тегін айтты дейсің бе? Сынақтар алаңына айналған, экологиясы сын көтермейтін, кей жерлерде, әсіресе, малшы қауым су орнына у ішкен Қазақстанда денсаулығы жүз пайыз жақсы, тепсе темір үзетін адам аз болар. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деген рас. Күндердің бір күнінде өзге ыңқыл-сыңқылға өттегі тастың «көтерілісі» қосылып, қинай бастады. Оны алып тастамаса қауіпті десті білетіндер. Мұндайда білікті дәрігер іздейсің. «Қазақстанда Нұртас Қазыбаевтан асқан хирург жоқ» десті ақыл қосқан кісілер. Пышаққа түсу оңай емес. Қыл үстінде тұрған тағдырыңның тізгінін кім көрінгенге ұстата алмайсың ғой. Мен енді өзім сырттай ғана білетін Нұртас Қазыбаевты зерттей бастадым. Бұл 2004 жылдың күзі еді.
Анық білгенім, осы кезге дейін Қазақстанда, Ресейде білім алған ол – АҚШ-та, Швейцарияда тәжірибеден өтіпті. Германия, Израиль, Франция сынды өркениетті елдерде болып, жақсы жетістікті бойына сіңіріпті.
Еңбек жолын Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханада қатардағы дәрігер-хирург болып бастаған Нұртас 2004 жылдың күзінде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасына хирургия бөлімінің меңгерушісі болып барады. Бұл кезде оның жоғары санаттағы дәрігер дәрежесі бар, медицина ғылымының кандидаты екен. Қайда барсам да, кіммен сөйлессем де ол жайлы тек қана жылы сөздер естідім.
«Он хирург от Бога», – деді орыс әріптесі.
«Оның қолы нағыз оташының қолы», – деді қазақ дәрігері.
«Ол небір қиын операцияларды жасап жүр, жауапкершілікті қатты сезінеді. Тәжірибесі мен білімі мол», – дейді ол жұмыс істейтін үлкен ұжымының сол тұстағы басшысы Бекмахан Құралбаев.
«Қолы жеңіл», – деді ол ота жасаған кісілер.
Ота жасатуға бекінген мен енді оның өзімен кездестім. Екеуіміз ұзақ әңгімелестік.
– Хирургтің еңбегі – бұл шахтердің, бұған қоса математиктің және әр жүрісін ойлап жүретін шахматшының еңбегі, – деді Нұртас ойлана сөйлеп.
– Ауру адамның тағдыры дәрігер қандай шешім қабылдап, қалай емдейтініне байланысты. Қазіргі дамыған технологияға қарамастан дәрігер өнері шешуші рөл атқарады. Жаңа жылды операция үстелінде қарсы алған кезің болды ма? – деп сұрадым мен.
– Болған, – деді ойлы жанары жарқ еткен Нұртас. – Әсіресе, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ондай сәттер көп болды. Капитализммен бірге атыс, шабыс, кісі тонау, пышақтап кету, рекет деген пәлелер келді ғой. Сондай күндерде ел шампан ішіп жатқанда бірер жаңа жылды операция үстелінде қарсы алғаным бар.
– Сіз телефонды құшақтап жатып ұйықтайды дейді білетіндер. Дәрігер деген халыққа қызмет ете жүріп өз мүдде, өз қызығын өзгелер үшін «құрбан» ететін қиын мамандық, аса ауыр жұмыс қой. Дәрігер болғаныңызға өкінбейсіз бе?
– Еш өкінішім жоқ. Адамға өмір сыйлаудан асқан бақыт бар ма? Осы уақытқа дейін анық көзім жетіп, көңіліме мықтап тоқығаным: өмірдегі көп қызықтардан шет қалмай жақсы дәрігер бола алмайсың.
– Тәуліктің кез келген уақытында төсектен тұрғызып, ота жасауға шақырады деп естиміз. Сол рас па? Рас болса сондай шиыршық атқан тынымсыз жұмыста шаршап-шалдықпайтын адам темір емес қой. Тіпті, сол темір де тозады. Сол ауырлықты қалай жеңесің?
– Дәрігерге босаңсуға болмайды, – деп жылы жымиды Нұртас. – Шаршаған шақтағы күш-қайратымды спорт, соның ішінде салт атпен жүру, Шымбұлаққа барып шаңғы тебу, футбол ойнау арқылы қалпына келтіремін.
Нұртас Қазыбаев жайлы қағаздағы мәліметтер мен замандастар айтқан сөздердің шындығына осы әңгімеден соң көзім жетіп, ота жасатуға бекіндім. Өтінішімді қабыл алған ол:
– Аға, қорықпаңыз. Бәрі сәтті боларына сеніңіз, – деді.
Сөйтіп, Нұртас Қазыбаев жасаған ота сәтті өтіп, көзімді ашқанда жанымда отырған мейірбике:
– Мана таңертең Нұртас аға келіп, жағдайыңызды біліп кетті. «Бірер сағаттан соң ағаң оянады. Сол кезде тағы да келемін деген. Қазір келіп қалар, – деді.
Мейірбике қыз айтып аузын жиғанша Нұртас та кіріп келді күлімсіреп.
– Аға, қалайсыз? – деді бетіме үңіліп.
– Шүкір, Нұреке, шүкір. Жақсымын. Палатаға қашан көшіресің?
– Бүгінше осында болыңыз. Ертең өз орныңызға барасыз, – деді Нұртас.
Сол жолы палатада да оншақты күн жаттым. Нұртас бауырым күн сайын келіп, қас-қабағыма қарап, жылы-жылы сөзімен де емдеп жүрді.
«Адамның жанын емдесең тәні де тез сауығады», – дейді екен Нұртас әріптестеріне.
– Сенің саусақтарың – шипагердің нағыз саусағы, – депті бір лездеме кезінде бас дәрігер.
– Музыкаға бейім саусақ отаға да оңтайлы болатын шығар, – депті Нұртас.
Арада жеті жыл өткенде екінші рет ота жасатуға тура келді. Бұл жолы жүрекке. Тағы да Нұртасқа келдім.
– Жүрекке ота керек болып тұр – дедім Нұртасқа.
– Жүрекке басқа жігіттер жасайды.
Осы әңгімеден соң, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасына Данияр есімді жас дәрігер жүрегіме ота жасады. Ота жасау кезінде де, одан соң да Нұртас жанымда болды. Сөйтіп, ол өзінің қызметтік міндетіне жатпайтын азаматтық парызын да адал атқарды. Мұндай сергектік пен жанашырлықтан айналып кетпейсің бе?!
Мен білетін Нұртас Кәкімжанұлы бұрынғы биігінен төмендеген жоқ. Қай қырынан қарасаң да өрлеп, өсіп барады. Бүгінде ол сол Президент Іс басқармасының орталық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары. БАҚ-та жарияланған алпыстан астам ғылыми жұмыстың авторы. Бірнеше жаңалықтарына патент алған өз ісінің білгірі. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Құрмет» орденінің иегері. Жұбайы Шолпан Мырзаханқызы Кәрімова екеуі қызғалдақтай құлпырған екі қыз, ұлтын сүйер ұлан болар бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.
Ең бастысы – ол он мыңға жуық ота жасап, талайды ажалдан арашалап алған, талай науқасты аяғынан тік тұрғызған аса білікті, асқан мейірімді дәрігер. Әріптестерінің сөзімен айтсақ: «Врач от Бога».
Сәбит ДОСАНОВ.
АЛМАТЫ.