Көзге ыстық бейне
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:46
Суретші Орал Таңсықбаевқа Алматыда ескерткіш орнатылды
«Елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттеп білгенде ғана ғажайып ұлттық өнер туындауы мүмкін», деген атақты қылқалам шебері Орал Таңсықбаевтың тастан қашалған ескерткіші оңтүстік астанадан өз орнын тапты.
Сенбі, 21 сәуір 2012 7:46
Суретші Орал Таңсықбаевқа Алматыда ескерткіш орнатылды
«Елдің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жан-жақты зерттеп білгенде ғана ғажайып ұлттық өнер туындауы мүмкін», деген атақты қылқалам шебері Орал Таңсықбаевтың тастан қашалған ескерткіші оңтүстік астанадан өз орнын тапты.
КСРО халық суретшісі, академик Орал Таңсықбаевқа орнатылған осы бір ескерткіш көзімізге ерекше жылыұшырады. Талантты суретшінің мүсіні өзінің тастан қашалғанын ұмыттырып, күлімсіреп тұр. Дарын ретінде де, адам ретінде де тағдырдың талай теперішінен өтіп, осы күнге жеткеніне қуана қарайтын сияқты. Ескерткіштің тағы бір ерекшелігі, ол Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің ең қабілетті ұстаздарының қолынан шыққан.
Осы арада бұл колледж еліміздің талай майталман суретшілері мен мүсіншілерін бейнелеу өнерінің қыр-сырына баулыған, кезіндегі Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі екендігін айта кету артық болмас. Демек, осыдан 20 жыл бұрын Орал Таңсықбаев атын иемденген колледждің тарихы 1937 жылдан бастау алады. Ал ескерткіштің қойылуы да осы 75 жылдық мерейтойға орайластырылып отыр.
Сәуірдің күн шуағы себелеген сәтті күніне дөп келген айтулы шараға әрісі Ташкенттен, берісі Бішкектен де арнайы қонақтар келді. Еліміздің бетке ұстар кескіндемешілері, айтулы суретшілері мен өнер өкілдері де осында.
Алғашқы сөзді О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің директоры, профессор Сейітқали Шалабаев алып, осынау сауапты іске мұрындық болғандар жайлы баяндады.
Қазақ КСР-ның халық суретшісі Үке Әжиев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков сынды өнер саласының көрнекті өкілдері Орал Таңсықбаевтың шығармашылық тұлғасы туралы сөз сабақтады. Келешекте қолданбалы өнердің көсегесін көгертеміз деп білім алып жатқан жастарға талай тағылымды әңгімелер мен естеліктер айтылды.
Осы шараға арнайы келген Өзбекстан Өнер академиясының профессоры Нигора Ахмедқызы мен Қырғызстандағы өнер колледжінің ұстазы Табылды Байбосынов Орал Таңсықбаевтың көрші елдерде де таланты танылған, шоқтығы биік суреткер екендігін сөз етті.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.