29 Желтоқсан, 2012

Зерде-зейіні бөлек қаламгер

1069 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Зерде-зейіні бөлек қаламгер

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:16

Қолы ұзақ жылдар бойғы сталиндік кісен-тұсаудан босасымен жазу-сызуына айырықша ашқарақтықпен кіріскендерден менің алғашқы танысқандарымның бірі – фамилиясы қажы атасы Шәшкенің атына жазылғанында замана ырқына сай орысшалау реңк алып кеткен Зейін Жүсіпбекұлы Шашкин ағамыз еді.
Мәскеу Академиясының Әдебиет теориясы кафедрасының аспиранты кезім. Неліктен еке­нін, кафедра маған диссертациялық зерттеу та­қырыбын белгілеуді тым кешеуілдетіп жіберді. Бастауыш партия ұйымының жиналысында сөйлеп, үш жылдық оқудың екі жылын тауыс­тым, өзге аспиаранттардың бәріне диссертация тақырыбы белгіленгелі қашан, ал маған күні бүгінге дейін зерттеп талдайтын ештеңе аталған жоқ деп реніш білдірдім.

Сенбі, 29 желтоқсан 2012 7:16

Қолы ұзақ жылдар бойғы сталиндік кісен-тұсаудан босасымен жазу-сызуына айырықша ашқарақтықпен кіріскендерден менің алғашқы танысқандарымның бірі – фамилиясы қажы атасы Шәшкенің атына жазылғанында замана ырқына сай орысшалау реңк алып кеткен Зейін Жүсіпбекұлы Шашкин ағамыз еді.
Мәскеу Академиясының Әдебиет теориясы кафедрасының аспиранты кезім. Неліктен еке­нін, кафедра маған диссертациялық зерттеу та­қырыбын белгілеуді тым кешеуілдетіп жіберді. Бастауыш партия ұйымының жиналысында сөйлеп, үш жылдық оқудың екі жылын тауыс­тым, өзге аспиаранттардың бәріне диссертация тақырыбы белгіленгелі қашан, ал маған күні бүгінге дейін зерттеп талдайтын ештеңе аталған жоқ деп реніш білдірдім.

Сын атаулының бағасы ұшып тұрған қадірлі кезі. Іле-шала қорытынды жасалды. Диссертацияны «Казахский роман и современность» деген тақырыпта жазатын болдым. Осының алдында ғана Алматыда Евгения Лизунованың «Современный казахский роман» атты кітабы жарық көрген-ді. Ғылыми жетекшім, КСРО Ғылым академиясының мүшесі, доктор, профессор, көп ұлтты совет әдебиетінің атақты білгірі, Максим Горький атындағы әлем әдебиеті институтының бөлім меңгерушісі Георгий Иосифович Ломидземен ақылдасқа келе, менің диссертациялық жұмысым Лизунова шығар­ма­сына қай жағынан да ұқсамауы тиіс деп ұйға­рыстық. Аталмыш еңбек қазақ романының идея­лық-эстетикалық мән-мазмұнын, әдеби процес­тегі орнын анықтаса, менің жұмысым тақыры­бы­на сәйкес қазақ романын нақтылы әдеби-тео­риялық проблемасы тұрғысынан саралауға тиіс.
Заманауилық (современность) – жеке дара идеялық эстетикалық категория есепті. Роман – жеке өмір эпосы болғанда, өзі жазылып отырған уақыт тынысымен әрдайым етене. Мұнда батырлар жырларындай эпостық дистанция сақ­тал­майды. Тарихи тақырып па, кешегі Ұлы Отан соғысы туралы ма, жә болмаса бүгінгі дәуір жайынан ба, – қай тақырыпқа жазылса да роман ХХ съезден кейінгі дәуір талаптарына қалай жауап беріп отырғандығы тұрғысынан талдануы керек. Жарыққа шыққандары нендей толғақты проблемаларға назар тігеді, мазмұны мен пі­ші­нінде жаңалық, өзгеріс бар ма, болса қандай, қорамсасындағы типтендіру құралдарын қалай­ша пайдаланып отыр? – диссертация міне, осы мәселелердің шешімін табуы ләзім.
Кандидаттық минимумды тапсыра жүре, қазақ әдебиеті шығармаларын құнттап оқуымды үзбегенмін. Диссертация жазуға даярлық үстінде еңбегімнің екі бірдей тарауына тікелей қатысты, Кеңес уақытындағы ең өтімді тақырып – революциялық және өндірістік роман жанрларында жазылған «Таң атты» (1956), «Тоқаш Бокин» (1958), «Теміртау» (1960), «Доктор Дарханов» (1962) сынды туындыларды талдап тек­серуді бірден жоспарладым. Бұл шығарма­лар­дың авторы – Зейін Шашкинмен қалайда ақыл­дасу керек деген ойды да бір бүйіріме жазып қойдым. Оған қамшы болған және бір жайт – әдебиет жанры жайындағы айтыс-тартыстарға ұдайы белсене араласып жүргендерден Зейін Шашкиннің алғырлығы, теориялық жағынан озықтығы басқаны қайдам, өзіме қатты әсер еткен. Жас шағында бес жыл бойы Мәскеу мекте­бінде оқығанында уақытын бос жібермегендігі сезіліп тұратын.
Диссертацияның алғашқы нұсқасын қалайда 1965 жылдың аяқ шеніне дейін 4-5 ай шамасында бітіруім керек деп мақсат қойғандықтан, Алматыдағы екі айлық демалыс бас алмайтын үздіксіз жұмыс үстінде өтті. Сол кезде ғой Зейін ағамен кездесудің сәті түскені.
Абай даңғылындағы ұзыннан-ұзын созылған еңселі көп қабатты үйдің 25-пәтерінде тұратын Зекең журнал столшасының қасында аласалау креслода жазу жазып отыр екен. Алдында жайылған парақ-парақ қағаздары қалың жұмыс үстіндегі қарбаласты айғақтайды. Шот маңдай, томпақтау өткір көзді, қуқыл тартқан өңі суықтау адам. Бірақ, мені көрген бойда жүзі бірден жылыды. Ернінің суағарына қойған төрт текше мұртын сұқ саусағымен сипап қойып, сәл күлімсіреп, берген сәлемімді даусын көтере жылы қабылдады. Мені жақын тартатын дос, жарандар Шериаздан демей, Шекен деуші еді. Бұл кісі де сөйтті. Інісіндей жақын тартатынын білдіргісі келгені ме, қосалқы атыма «жан» деген жалғауды және қосты.
– Шекенжан! «Қазақ әдебиетіндегі роман жанры туралы айтысқа қатысқаның дұрыс бол­ған. «Әңгімені сұйылтып алмайық» деген мақа­лаңды оқыдым…
Мұндайды орыс ағайын «быка за рога» дейді. Әр минутым санаулы маған Зекеңнің қысыр әңгіме айтып, отырып алмай, бірден іске көшкені қатты ұнады.
Кейін жазушы мен ізденуші диссертант хат жазыстық. Мен екі, ол кісі – үш дүркін. Менікі – жазуымды КазГУ-де оқып жүргенде оқыған дәрістерді қағазға бұлжытпай түсіремін деп бұзып алғандықтан машинкада басылады. Қол­мен сүйкектетсем, кейде басқаны қойып, өз жазғанымды өзім танымай қаламын. Ал, Зекең бір сөзін сызбай тасқа басқандай етіп анықтап жазады екен. Әр қарпін мөлдіретіп түсіреді. Мұны еске алып отырғаным, үйіндегі әңгіме сол хаттарда жалғасын тапты. Келмеске кеткен қайран ағалардың әр сөзі біз үшін бүгіндер баға жетпес асыл мүлік, қазына ғой. Берген ақыл-кеңестерінің бірін қалдырмай, бұлжытпай түгел түсірсем бе деймін.

Әр ғылымның өз тілі, сөздік құрамы, лексикасы, қалыптасқан ойлау жүйесі болады. Бұған дейін очерк, фельетон, басқа да газет жанрларымен көп айналысқан мен, әдебиеттануға келгенде бас кезінде әр қадамымды санап басқандай халде жүрдім. Ал, Зекең тіс қақты әдебиет­тану­шы да. Не мәселе қозға, бірден сайрай жөнеледі. Және айтқанының бәрі көзі мөлиген диссер­тант­тың «қышыған жерінен» тиеді. Әсіресе, көркемдік форманы саралау жағына келгенде Мәскеудің талай қасқа жайсаң ғалымдарынан кем соқпайтыны қайран қалдырады.
Көкейде жүрген сұрағымның бірі «Тоқаш Бокин» романы туралы еді. Сауалымды жайыңқырап қойдым.
– Тоқаш бейнесі бояуы қанық шыққан. Оған дауым жоқ. Нағыз «жанып тұрған жалынды от». Бірақ, сөйлеген сөздері тым қарапайым, келтелеу ме, қалай? Биік интеллект адамы ауыр салмақты ой шытырманына берілмеуші ме еді? Осыдан барып, роман мен біздің заманымыздың үндес­тігі қандай дәрежеде?– деген сұрақ туады…
Уай дерсің, сонда ғой Зекеңнің сөзді фонтанша атқылатқаны. Өз басым кейде аузыма сөз түспей ойымды қожыратып аламын. Ал, Зәкең ұшқыр тұлпардай бірден көсіле жөнеледі екен. Және артық сөз шығындамайды. Бәрі санаулы, шотқа қаққандай есептеулі.
– Шекенжан, бауырым! Жазушының ығын есетін сұрақ қоймағаныңды құп көремін, – деп, сын көтере білетінін сездірді. Сонан соңғы айт­қа­ны: автормен ақылдасқаның – жөн-жосықты бі­летіндігің. Көп нәрседе жәрдемім болуға тиіс. Іштен шыққан шұбар жылан, көп жайды бас­қа­дан артық білем. Ал, пікірімді қабылдау, қа­был­дамау, ол – өз ықтиярыңда, – деп, біраз тыныстады. Сонан соң романының жазылу мәнері­не көшті.
– «Тоқаш Бокин» атты романымның әр тарауын мен кейіпкерлердің бірінің әсері арқылы беруге тырыстым. Сондықтан оның ой-сезімі елі­міз басынан кешіп жатқан оқиғалармен айыр­ғысыз жұптастықта берілетіні табиғи нәрсе. Бір тарауды үш-төрт геройдың көзімен баяндаудан оқырманның әсері ала-құла болатыны даусыз. Галина Николаеваның «Жолдағы шайқас» романы («Битва в пути») осы жағынан кемшін. Онда оқиға бір кейіпкердің көзімен суреттеліп отырады да, кенет оны қалдырып басқа геройдың аузына қаратады, сонан соң бастапқысына қайта оралады. Бұл тәсіл тым жиі қолданылады да, романның оқылуын ауырлатады.
Мен геройдың өзі ішін өзі ашуына көп мән беремін. Ішкі монологсыз образ қан-сөлсіз шы­ғады. Тіпті қатып-семген қуыршақ тәрізді болады, характері өзгеріп өспейді деп айтар едім. Бұл – бір. Екінші, жағымды бас кейіпкердің ішкі монологы авторлық шегіністі ауыстыра алады. Сонысы тиімді. Авторды орынсыз уағызшыл­дықтан бой тартқызады. Ол шығарма оқиғала­рына араласа берсе, оқушысының сенімінен айырылып қалуы мүмкін.
Осы тұста Зекең өз заманының әдет-ғұрпына сай Энгельске жүгінді. Сөзін орысшасынан аудармай сол күйінде келтірді: «Чем больше скрыт взгляд автора, тем это лучше для произведения искусства».
– Ішкі монологты, – деді жазушы одан әрі, – мен үшінші жақ арқылы жеткізуге ұмтылдым. Яки герой өзі туралы үшінші жақтан сөйлейді. Кейде адам өзіне өзі: «Әй, Зейін, сенің бұл не еткенің?» – демеуші ме еді. Басқа амал – бірінші жақтан: «Мен мұнымен келіспеймін» деген тәрізді.
Стендаль бір кезде қысқа, анатомиялық жіліктеу стилінде жазатын қаламгерге сыйлық берер едім деп қиялданады екен. Қысқа жазу –қарапайымдылыққа жатпайды, – деп енді менің қойған сұрағымдағы сынға жауап қайтарды. – Қысқа сөйлемнің қары бұлшықты болады, деді. Сөз тастасы да ебдейлі, ширақ шығады. «В нашей прозе все еще занимает место восточная витиеватость, иногда язык поэзии вырывается в строй речи прозаика», – деп орысшалады. Көзіме көзін қадап, сондайдан сақ бол дегендей сұқ саусағын көтерді:
– Кей-кейде, жас сыншылардың психология­лық талдаудың жөні солай екен деп көп сөз­ділікке, бастауышы мен баяндауышының аралы­ғы көш жер, езіп көпіріп мылжыңдыққа салынатын жазушыны дәріптейтіні бар. Соған абай болуға керек. Замана ағынымен есептеспеске болмайды. Сол революцияны суреттеген романдарда, Шолоховтың «Тынық Донындағы» Гри­горийдің немесе «Көтерілген тыңдағы» Давыдов пен Нагульновтің сөзі қаншалықты «интеллектуально» шыққан? Жалаң социологизмге ұрын­баудың өзіме тапқан амалын айтайын. Игорь Саввин екеуміз «Бокин» бойынша кино­сценарий жаздық. Мәскеудің кино қайраткерлері талқылау үстінде біздің геройымыз Тоқаш Бокинді адамгершілдігі үшін мақтаса, мұның өзі, сөзсіз, жоғарыда айтқанымды растайды…
Сонсоң күле отырып және ескерткені: шы­рағым, сынға сын айтты деп ренжіме. Жаңа әзірде «Сіздің геройларыңыздың ой көңілінде өз-өзімен екі жақ боп сөйлесуін, не басқа біреу­мен ойша сөз жарыстыруын ішкі монолог деуден гөрі ішкі диалог десе қалай болады?» – дедің. Бұл сенің өз тапқаның. Оныңа келісемін…
Осы тұстарда Зекеңнің жөтелі күшейіп бара жатқан соң сұрағымды кілт доғардым. Бір өкпесін операция жасап алып тастаған деп естігенмін. Және шәй да келіп қалған еді.
Зекеңе ендігі сұрақтарымды Мәскеуге бар­ғанда хат арқылы жазып жіберетінімді айттым. Қойған шарабының бір рюмкасын ғана іштім. Ішер алдындағы тостымды қысқа қайырдым.
– Қадірлі Зейін аға! Беті аршылған қайнардай, туған халқыңыздың рухани сусынын әлі де талай қандырып, бойына қуат, кеудесіне жігер беретініңізге кәмілмін. Тек Алла жар болсын! Тозақтан жұқтырған дерттен сауығып кетіңіз. Жүз жасаңыз!
Зекең рахметін айта отырып басын шайқады. Мағжан ақын айдауда жүріп фельдшер маман­дығын алыпты. Менің Итжеккенде тындырған шаруам – дәрігер дипломына ие болдым. Соның жақсы жағы – өзімді емдеу тәсіліне жетікпін. Жаманы – енді қалған сапарымның шолақ шақырымын шамалаймын. Әрине, тірі қалға­ным­ның өзі олжа. Қолыма қаламымды қайтары­сымен азын-аулақ бірдеңе істеген сияқтымын. Соған да шүкіршілік. Менімен бір камерада рес­публика Жоғарғы сотының басшысы жатты. Сол аға ақыл қосты:
– Қарағым, басың жас. Жиырма бестесің. Күш-қайратың дер шағында. Сондықтан ұзын етектілердің (НКВД жендеттері.– Ш.Е.) ұрып соғып, шыбын жаныңды көзіңе көрсеткеніне қалайда шыдас бер. Айыптымын деп қол қой­дың-ақ, шаруам бітті деп есепте.
Бір күні итше тепкілегеннен есімнен танып қалыппын. Камераға сүйреп әкеліп тастаған болуға керек. Көзімді ашсам, ұсқыны жүрек суылдатар сайтан ба, жын ба, әлдене не, маған көзі шақырая қарап жатыр. Талып кетіппін. Есімді жиғанда барып түсіндім. Бұл камераның бір қабырғасы айна екен. Әлгі зәремді ұшырған ұсқынсыз жалмауыз – өзім екем… Абай сөзін өзгертіңкіреп айтқанда, сол қуғын-сүргіннің табаннан өтіп маңдайыңа жетіп құрыстыратын сызы бостанның рахатына белшеңнен батып жүрсең де қалмайды екен…
Қоштасарда Зекеңнен «Доктор Дарханов» романының орысшаға аударылған қолжазбасын сұрап едім, ол: «Бұл шығармамның тәржімәсі жайында сәтсіздікке ұшырадым. Мәскеуде Семен деген аудармашым екі жыл ұстап, түк істемеген соң өзім қайтып алып, Алматыда жерлес жазушымыз Кузьминге жасатып жатырмын. Ал, екінші данасы – жаңағы айтқан Семенде. Соған барып еркіне қоймай қайтарып ал. Маған жіберем деп, жібермей алдап жүр», – деді. Кейін хатында әлгі аудармашының үйінің адресін, телефонын жазып жіберді. Тек ескерткені: бірақ, сен телефон соқсаң роман керек еді деп айтпа. Зейіннің сізге берген хаты бар еді де. Әйтпесе, таңертең сағат сегізде тура жетіп бар да орнынан бас… Не қылса да сол қолжазбаны алмай қойма. «Дархановты» Мәскеуде бір үлкен журнал басамыз деп отыр. Ендігі мәселе – аудармашыда.
Ағаның айтқанын екі еткенім жоқ. Бірақ, тапсырмасын орындаудың сәті түспеді. Ештеңе өндіре алмағанымды айтып хат жаздым. Және жазушының творчестволық шеберханасы ха­қын­да өзара ақыл қосысу ретінде бірер пікір айтқан болдым.
«Ардақты Зейнеке!
Айтқан Семеніңізге бардық. Апырай, неткен безер: тілін шайнап маңына жуытар емес. Менікі әншейін босқа далақтау болды. «Зеину я в письме все написал…», бәлен-бәштүген деп, мені қойып Сіздің өзіңізге де «Дархановтың» подстрочнигін бере алмайтынын айтты. Енді «Дружба народов» журналындағы жолдастар­дың өздерін салып көрмесем…
Зейнеке! Сізге бір қуанышты хабар айтқалы отырмын. Сүйіншісі өзімдікі. Кеше «Друж­ба­ның» уақытша бас редакторы Салахянмен жүз­дестім. Сіз туралы сұрастыра келе, редакция портфе­лінде жас жұмысшылардың өмірінен (сірә, «Өмір тынысы» болу керек) бір повесіңіз жатқанын, өздерінің жариялайтын ойы бар екенін айтты.
Содан әңгімеміз бірте-бірте Сіздің творчес­тво­ңызға ауысты. «Его краски слишком однообразны». Геройларын суреттегенде ақ пен қара бояуды ғана қолданады деді… Мен дауласып Қайырды қайтесіз? – дедім. Жалпы осы жөнінде өзіңіз не айтар едіңіз?…»
Көп кешіктірмей 1966 жылғы 2 қаңтар күні жазған жауап хаты келді. Содан үзінді:
«Шекенжан!
Қолыңды қыстым.
… «Теміртау» жайында бір ауыз сөз. Бұл роман үлкен айтыс, талас тудырды. Соның өзі романның күштілік жағы ма деймін. Шығарма ой тудырады, алға жетелейді. Бірыңғай бояу дегені дұрыс емес, ол романда бір бояумен суреттелген бір-ақ адам бар. Ол – Мүсілім. Бірақ, іске келгенде ол – шебер, қауырт істейді. Жұ­мысқа берілген, ысылған инженер. Ол жұрттың бәрін Дәмеш құсатып қуғындай бермейді. Соңынан өзін жақтайтын топ та ертеді. Горком хатшысы да сенеді. Сондықтан бір бояу дегені менің әдебиетші противниктерімнің шығарып алып жүрген дәлелсымағы… Дәмештің мінезіне құлық салып, талдап қарашы: өткір де батыл, білімді де жаңашыл. Екінші жағынан тиісті жерінде әйелдік мінездің салдарынан толқып, ұялып шегініп те қалады. Көз жасына да ие бола алмай қалады. Өзің айтқан Қайыр ше?
Жақында Домбровскийдің переводы шыға­ды. Соны өзің де, Ломидзеге де оқыт. Романның қазақша текстіне жақын».
Бұл үзіндіге біраз түсінік бере кетейін. А.Сам­сония жасаған «Теміртау» романының ал­ғашқы аудармасы 1964 жылы БЛКЖО Орталық Комитетінің «Молодая гвардия» баспасынан жа­рық көрді. Аудармасындағы кінараттарға қара­мас­тан (орынсыз қысқартулар, ойды бұрмалау), 65 мың дана тиражбен шыққан, тартымды оқы­ла­тын, жазушының өз тілімен айтқанда «ой тудыратын, алға жетелейтін», әрқилы пікір туғызатын кітап тез тарап кетті.
Кітапқа көз салсаңыз, бүгін де ойға шомдырады. Кешегі алып держава – Кеңес Одағының ыдырауының түпкі себептеріне қаныға түсесіз. Жас инженер Дәмештің хатында көтерілген техникалық прогресс мәселесі қазақ жазушы­сының сөз саптауында елдің былайғы тағдырын шешетін мәселе. Романдағы тартыс Дәмеш жеңісімен аяқталады. «Қазақстан Магниткасы» аталатын алып металлургиялық заводтың директоры Қайыр ғашығы Дәмешті сүйсе де, көп уақыт бойы бас инженер, кертартпа Мүсілімді қолдайды. Тек СОКП Орталық Комитетінің пленумы техникалық прогресс мәселесін қараған жерде ғана жиырма шақты жыл бойы күні-түні істеп әбден тозығы шыққан завод техникасын жаңалауға кіріспек болып, бір жағы Дәмештің де көңілін табады. Роман соңында Дәмеш пен Қайырдың Теміртау етегіндегі көл жағасында қол ұстасып серуендеп жүргенін оқимыз.
Социалистік реализмнің шығармасы комму­нистік рухтың жеңісімен аяқталатыны табиғи нәрсе. Ал, іс жүзінде социализм мен капи­та­лизмнің қырғиқабақ соғысында қайсысының жеңіп шыққаны енді баршаға аян. Мұнай тұрбасымен ғана күн көрген, техникасы артта алған Кеңес Одағының іргесі қара алтынның бағасын бәсекелес дұшпан лагерь әдейі күрт арзандатқанда, шайқала бастады. Ақыры алып мемлекет жер шарын жаңғырықтырып гүрс етіп құлады. Бірақ, бұған қарап романды кемсітуге болмайды. Болмайтыны – романның мәселе қойылысының зәрулігінде, уақыт сынынан өт­кен дұрыстығында. Оның бер жағында көр­кемдік тартысының тарихилық сыпаты қандай. Характерлерінің сом болаттай құйылғандығы да – романға ерекше әр беріп тұр.
Романның әр тарауының оқиғасы, қайталаса артықтығы жоқ, белгілі бір кейіпкердің тұрғы­сынан, соның әсерімен беріледі де, келесі тарауда басқа біреуінің сол оқиғаны өзінше қабыл­дауы суреттеледі. Бұл тәсіл оқырман назарын өзіне қаратуы үстіне кейіпкерлердің характерін бірте-бірте ашуға септеседі. Дәмеш – кімнің де атақ-даңқына жығылмайтын тәкаппар сұлу. Өзін құлай сүйетін Еңбек Ері Оразға деген сезімі бауырмалдықтан артылмайды. Сол уақыттың көрнекті тұлғасы Қайырдың бұлталақ мінезін Томирис, Әлия, Мәншүктей апаларына тартқан өр жүрек арудың жақтыртпайтынын түсіну қиын емес. Есіңде мықтап қалатыны замана геройы Дәмештің махаббат хикаясынан гөрі, сюжет тартысының астарындағы алысқа мезгейтін дә­уірлік ой-парасаты. Өжет қыз хатында айтылған ұсынысты жобадан іске айналдыруға барын салады. Не қиындыққа қасқайып қарсы тұрады. Заводтағы аварияға өзін кінәлі санаға­нымен, жүнжіп жасымайтыны, болған апаттың өзі де заводтың техникалық артта қалуынан салдары екеніне берік сенімділігінен еді.
Дәмеш типтік жағдайдағы нағыз типтік характер. Оның хатындағы шындық – тек Қазақ­станның ғана емес, АҚШ, Англия, Жапония, басқа да капиталистік елдерден техникалық жа­ғы­нан көш кейін қалып, тым құрса халқын асы­рауға қаражат таба алмай, 100 миллиард доллар қарызға батып, онысын өтей алмай өлусіреп бара жатқан сорлы жүйенің де шындығы болатын.
Дәмеш көзге ұрып тұрған шындықтан қо­рытынды шығарып, тиісті шарасын қолдан­ба­саң тұралайсың, «Атом ғасырында коммунизмге есек­­­тің бүйірін тепкілеп жете алмайсың!», дейді. Жазушы бұл үлкен ойдың ақиқаттығына кіш­кен­­­тай көркем детальдың күшімен де көз жеткізе білген. Цехта смена бастығы Дәмеш пен металлург Ораздың арасындағы әңгімеге құлақ түрелік.
Ораз: Біз болат қорытуды бес саусағымыздай білеміз. Мәселе онда емес. Уақыттан ұтсақ қой. Болаттың қорытылуына сегіз сағат кетеді. Соны жоқ дегенде бір сағатқа қысқартса. Міне, қайда мәселе.
Дәмеш: Бір философ өмір өлшемі – уақыт депті.
Ораз көңілдене: ендеше мен уақытты ауыздықтайтын басқа философпын, – дейді.
«Теміртау» романы көтерген уақыттан ұту проблемасы қазір де ескірген жоқ. Ол проблеманың ендігі аты – «инновация». Бүкіл ел шаруашылығына жаңа техника мен технология, еңбек ұйымдастыру мен басқарудың тың формаларын енгізуді қаражаттау болады.
«Теміртау» романының ең соңғы беттерінен Қазақстан Магниткасына комсомол жолдауымен 500 қазақ жастары келе жатыр, олар болат пен шойын қорытушыларының жаңа ұрпағын құ­ра­мақ деген қуанышты хабар оқимыз. Сол жас­тар жасағының арасынан суырылып Нұрсұлтан Назарбаевтай қайраткер өсіп тәрбиелетінін жазушы Зейін Шашкин білмесе де білді деуге хақымыз бар. Өйткені, аузы дуалы ағаның жаңағы бес жүз жас ұланға берген ақ батасының ішінде болашақ Президентіміз де болғаны күмән туғызбаса керек.
…Зейін ағаның дәрігер есебінде ғұмырының аз қалғанын айтып шағынғаны да, өкінішке қарай, тегін болмады. Мен Мәскеудегі оқуымды тәмамдаған 1966 жылы ол өмірімен қоштасты. Жолыққанымда көзіме жасамыс көрінуші еді. Енді бақсам, небары 54 жасында, жігіт ағасы кезінде көз жұмыпты-ау…
«Дружба народов» журналының сол 1966 жылғы мамыр айында (№5) «Открытие современности» деген мақалам жарық көрді. Сонда Зейін ағамен ақылдасудан туған пікірлер жарияланды. Жазушы Зейін Шашкиннің «Теміртауы» мен «Доктор Дархановы» әдебиетіміздің соңғы жылдарғы даусыз табысы екендігі дәлелденді. Жазушының қараңғы үйден шыға салысымен өскелең өмірдің өркендерін, жас қазақ инженер-техникалық кадрларын қалай тез танып игерді деген сөз тікелей айтылмағанымен, аты затына сай, зейіні, зердесі бөлек қаламгердің твор­чес­тволық табысын атап өтуге аянып қалғаным жоқ. Кейіндері республика баспа жүйесінде іс­теп жүргенімде Зейін Шашкиннің артына қал­дырған мұрасын жинап жариялауға атсалыстым. 1974-1976 жылдары алты томдық шығармалар жинағы жарық көріп, туған елінің игілігіне айналды.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
АЛМАТЫ.