Халқы құрметтеді оны
Жұма, 8 маусым 2012 7:12
Көрнекті ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу аға Сәрсенбаевтың әзіз есімін еске алғанда
Онда мен сол кездегі Гурьев облысындағы Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылындағы Аманкелді атындағы орта мектептің 9-шы класында оқып жүрген едім. Бұл 1967 жыл болатын. Талпынып өлең жазып, туындыларым аудандық «Ембі» газетінде жарияланып, өзімше ақын бала атанып, айдарымнан жел есіп жүрген сәттер еді ол.
Жұма, 8 маусым 2012 7:12
Көрнекті ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу аға Сәрсенбаевтың әзіз есімін еске алғанда
Онда мен сол кездегі Гурьев облысындағы Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылындағы Аманкелді атындағы орта мектептің 9-шы класында оқып жүрген едім. Бұл 1967 жыл болатын. Талпынып өлең жазып, туындыларым аудандық «Ембі» газетінде жарияланып, өзімше ақын бала атанып, айдарымнан жел есіп жүрген сәттер еді ол.
Бір жолы кітапханадан Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлттар» деген 1966 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан, көлемі үлкен, безендірілуі мен түптелуі келіскен жыр кітабын алып, бірнеше күн бойы жата-жастана оқыдым. Көлемді кітапты тез арада оқып тауыса алмағасын, мектепке әкеліп, қолдан жасалған ағаш партаның қаңсып ашылып кеткен арасынан «Ақша бұлтты» оқып, әдемі теңеулер мен айшықты сөздерге алабұртып, желпініп отырар едім.
Сөйтіп, өлеңнің қызығына беріліп жүрген күндерімнің бірінде бұл ұрлығымды көріп қойған Алтын апай кітабымды тартып алып, өзімді кластан қуып шықты. Бір қызығы, Алтын апайым қазіргі қазақтың белгілі ақыны, сол кезде алғашқы жалынды жырларымен исі қазаққа танымал бола бастаған ақын Аманқос Ершуовтың зайыбы еді.
Әдебиет сабағында ақын Әбу Сәрсенбаев туралы талай рет сұрап, оның қысқаша өмірбаянына Аманқос ағайдан қаныққанмын. Ағай Алматыда өткен жас ақындардың құрылтайында Әбу ағамен кездесіп, сәлемдескенін, оның біздің жерлесіміз екенін айтқанда, тіпті қызыға түстім. «Шіркін-ай, мен де мектеп бітіргесін Алматыға барсам ғой, Әбу ақынмен кездесіп, оның мейірім мен махаббатқа бөленген жырларын өз аузынан естіп, кітабына қолтаңба алсам ғой» деген арман қанатыма одан әрі жел бітіргендей еді. Әсіресе ақынның өз кітабымен аттас «Ақша бұлт» өлеңін жатқа оқып, жаныма тоқып, өзім де Ақкиізтоғай аспанын кезген ақша бұлттарға шалқамнан түсіп қарап жатып, осы аттас алғашқы өлеңдерімді жазғанмын.
Қазақ жырынан кезінде айшықты орын алып, ақын Әбудің аты мен атағын аспанға көтерген бұл жырдың басты қасиеті оның қарапайым, халықтық сазға бөгіп жазылғаны. Жалпы, Әбу Сәрсенбаев поэзиясындағы бір ерекшелік – оның өлеңдерінің өмірдің өз бояуын сақтаған қарапайымдығы, ішкі әуезділігі, адаммен сырласып, мұңдасып отырып жазылуы. Майдан жырларындағы адуын мінез бен оқ пен оттың тажал тынысы оның туындыларында көп көрінбейді. Қайта қарапайым жанның, елін, жерін сағынып аңсаған адамның ой мен қиялы, сезімі мен сағынышы қат-қабат өріліп, бір жұмсақ әуен жаныңды тербеп отырады. (Ақынның «Ақша бұлт» атты жыр жинағы осы атпен әуелі 1947 жылы, сосын 1949 жылы және 1966 жылы үшінші рет «Ақша бұлттар» деген атпен қайта басылды). Мен ақын өлеңдерін оқығанда бейне бір Әбу ағаның өзі жанымда күлімсіреп, өз өлеңін өзі тыңдап отырғандай күй кешемін. Жұмсақ жырларды оқып отырып, олардың өн бойындағы жігер мен қайсарлықты танимын. Жеңістің қуатты патетикасын сезінемін.
Жем жағалай жарыса орналасқан ауылдың ең салтанатты мерекесі – Жеңіс күні болатын. Бұл күні әшейінде момақан, бұйығы көрінетін ауыл ордендерін жарқыратып таққан майдангерлерімен айбынданып, айдынданып кететін. Сол кезде сахнаға шыққан біздер Әбу Сәрсенбаевтың «Сен құрметте оны» деген керемет жырын келістіре оқып, құдды дәл осы өлең тек қана біздің ауылдың қарттарына арналғандай күй кешіп, оларға қызыға қараушы едік-ау. Мақтана қараушы едік. Еркелей қараушы едік.
Әбу ақынның «Сен құрметте оны» атты қаһарман да қастерлі жыры әлі сол күйінде, жап-жас, жалынды, қайта оқысаң сол күйінде шалқып, жас толқынның аға ұрпаққа деген сәл бәсеңдеп бара жатқан құрмет сезімін қайта жаңғыртып, ерліктің естен кетпейтін тарихын қайта тірілтеді. Әлі сапта. Әлі жауынгер қатарда. Батырлықтың байлыққа жол бере бастаған қазіргі шағында осы бір ішкі жан дірілі терең, иірімі ибалыққа сілтеме жасайтын жасаң жырды жыл сайын Жеңіс күні жеткенде салтанатты сахналардан жеңіс жалауындай желбіретіп оқып тұруды дәстүрге айналдырсақ қой. Жалқаулана бастаған жадымызды қағып-сілкіп, майдангер ақындарымыздың мархабатты өлеңдеріне қайырыла көз тігіп, көкірек құлағын ашсақ, қандай ғанибет болар еді. Оқып қараңызшы:
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым.
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын…
Кеше елге қатер төнгенде,
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды,
Өр кеудесімен қақты.
Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым.
Сенің келешегің үшін берді ол,
Азаттық жолында аяғын.
Осылай деп еді майдангер ақын. Халқын құрметтеп еді. Кейінгі жас ұрпаққа тәлімді сөзін айтып еді. Бүгінгі ұрпақтың есінде бар ма екен осы сөз. Тізгін ұстаған азаматтар ағаның асыл сөзін ұмытып бара жатқан жоқ па осы? Жайықтың жағасынан, Атыраудың сағасынан осы сөздің ұмытылмаған мысалын көргім келеді. Енді екі-үш жыл бедерінде ақын Әбу Сәрсенбаевтың 100 жылдық мерейтойы да есік қағады. Сол кезде, есік қаққан мерекеге лайықты ілтипат көрсете аламыз ба деп ойлана жүрген дұрыс болар еді.
Алып қашқан ойдың басын іркіп, айбынды ақын Әбу Сәрсенбаевтың өзін көрсем, көзін көрсем деген балауса арманның жалына қайыра қол артайын…
Арман қуып, әкемнің ақ батасын алып, аңсаған Алматыға да жеттім. Қазақ университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Бес жылдық студенттік кезең заулап өте шықты. Алматыда өзім армандаған ақын-жазушылардың көбін көрдім, кештеріне қатыстым, олармен бір залда отырып, бірге өлең оқыған күндерім де болды. Кітаптарына қолтаңбалар алдым. Республикалық газет-журналдарға өлеңдерім де шыға бастады. Әбу ағамен әдебиет кештерінде кездесіп, қолын алған сәттерім де болды, бірақ ішкі жан дүниемді ақтарып әңгімелесе алмадым. Балаңдық пен ұяңдық жібере қоймады. Ол кісіні сырттай аға тұтып, ұстаз тұтып жүріп, жоғары оқу орнын бітіріп, Маңғыстауға жол тарттым.
Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде адуынды ақын, қазіргі Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбековпен кездестім, сәл кейін сәтін салып, онымен осы басылымның мәдениет бөлімінде бірге қызметтес болдым.
Бір күні Әбу аға туралы сұрадым. Темірхан көкемнің түрі бірден байсалды тартып, «Әбу ағаңның мен баласымын ғой» дегенде, аң-таң болдым да қалдым. Темірхан көкем: «Адамның ішінде Әбу ағамдай абзал жан, ақ жүрек ағаны кездестірген емеспін, әулие ғой ол» деп ағынан жарылды сосын: «Түркістанда орта мектепті бітірдім. Көңіл деген көк дөненге мінген, арман деген жер тарпып, аласұрып тұрған кез. Бір жалпақ дәптер өлеңдерім бар. Алматыға тарттым. Оқуға түспекпін. Келсем, үміткерлер деген сұмдық көп, сын қатты болғалы тұр. Құр өлеңмен олжалы болу оңай емес сияқты. Әркімнен сұрастырып жүріп Жазушылар одағын таптым. Сол жерде отырған бір жылы жүзді апайдан Әбу Сәрсенбаевтың үйінің адресін алдым. Тартып отырып, тағы да әркімнен сұрай жүріп, көрсетілген үйге жеттім. Есіктің қоңырауын басып едім, сәлден кейін мектеп оқулығынан өзіме көптен таныс, бұйра шашы бұрқыраған Әбу ағаның өзі шыға келді. Асып-сасып сәлем бердім. Сәлемімді алған аға мені жатсынбай, кімсің, қайдан жүрген баласың деп есік көзінде сұрақтың астына алмай, жұмсақ дауыспен ішке өтуге шақырды.
Өзінің жұмыс кабинетіне бастап келді. Сәл қарлығыңқы күмбір дауыспен жұбайын шақырып, мені көрсетіп, «Ләзиза, қонақ келді, қазан көтер» деп сыпайы жымиды. Содан кейін кең отырып, менің қайдан келгенімді, неге келгенімді, аты-жөнімді асықпай сұрай бастады. Мен КазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіне құжат тапсырғанымды, бірақ адам көп болғасын қорқып отырғанымды, қалайда ақын болуым керектігін, отбасымның жағдайын асыға-үсіге айтып шықтым. Сәл күлімсіреді. Сосын жұмсақ үнмен, қане, өлеңдеріңді оқып көрші деп өтініш жасады. Әп-сәтте бір дәптер өлеңдерімнің жартысына жуығын оқып тастадым. Әбу аға назарын барынша аударып, байыппен тыңдап болғасын, «Ләзиза, мына бала ақын болайын деп тұр екен, тыңдап көрші» деп бірнеше өлеңдерімді тағы оқытты. Ол кісі де жақсы қабылдады.
Көп ұзамай буы бұрқыраған қазақша ет келді дастарханға, самауырын келді екі иінінен дем алып. Үстелдің үсті жайнап тұр. «Қысылмай отыр, еркін дәм ал, сен ақынсың ғой, ақын ұялшақ болмауы керек» деп, ағалық-әкелік қамқорлық көрсетіп, мені көтермелеп қояды. Тамақтан соң мен кетуге ыңғайландым, Әбу аға «бүгін демалыс қой, сен ешқайда барма, осында қон, ертең екеуміз бір жерге барамыз» деп мені қалдырды. Ертеңгі шайдан кейін ол кісі менімен бірге киіне бастады. Содан екеуміз жаяулап жүріп отырып, КазПИ-ге келдік. «Сен осында отыра тұр» деп аға ішке кіріп кетті. Есікке қарасам, ректор деген жазу бар екен. Оның кім екенін қайдан білейін, жан-жағыма қарап, жайбарақат отырмын. Бір кезде есік көзіндегі әйел мені ішке кіруге шақырды. «Міне, осы бала» деді Әбу аға, болашақ жақсы ақын болғалы тұр, оқуы керек» деп сөзін нығарлап қойды. Төрде отырған еңселі кісі «мақұл, Әбеке, сіз айтқасын болды ғой, орындаймыз» деп сөз беріп жатты. Кейін білсем, әлгі адам ректор, белгілі әдебиетші ғалым, өзі де ақын Қажым Жұмалиев екен.
Емтихан күні де келіп жетті. Бірінші сынақ – шығарма. Өзімше тәп-тәуір жазып шықтым. Бірнеше күннен кейін оқу орнына келіп, хабарландыру тақтасына көз жүгіртсем, құлағандардың тізімін ілген екен, ішінде жоқпын. Құламаған екенмін деп қуанып тұр едім, «сен бе Медетбеков деген, бері жүр, іздеп таба алмай жатырмыз сені» деп бір ағай мені сүйрей жөнелді. Ішке кірдік. Бір аудиторияның ішіне кірген соң, «мынау сенің жазған шығармаң» деп менің жазғанымды алдыма тастады. Қарасам, қатеден дәптер беті қып-қызыл. «Енді отыр да, мына шығарманы сол күйінде көшір, қатесіз, байқап жаз, өте абай бол» деп алдыма және бір шығарманы тастай салды. Айтқанын орындадым. «Ағай, енді не болады, мен құлап қалған жоқпын ба?» деп сұрап едім, ол «әрине, өз шығармаң үшін алған бағаң екі, бірақ сені құтқарған мына телеграмма» деп тілдей қағазды көз алдыма тосты. Онда ректордың атына жазылған: «абитуриент Медетбековтің бірінші емтиханнан алған бағасын хабарлауыңызды сұраймын. Әбу Сәрсенбаев.» деген сөзді оқыдым. Әлгі ағай «рахметіңді маған емес, Әбу ағаңа айт» деп жаңадан жазған шығармамды алып, аудиториядан шығып кетті.
Кейін білсем, мені ректорға әкелгесін Әбу аға Қара теңіз жағалауына еңбек демалысына кеткен екен. Сөйтіп, Әбу ағамның тікелей қамқорлығы мен қолдауының арқасында өзім армандаған КазПИ-ге оқуға түстім. Қазір мұндай қамқорлық жасайтын адам бар ма? Жалғыз мен емес Әбу аға мұндай тікелей қамқорлық-көмекті кезінде жазушы Сайын Мұратбековке, ақындар Жұмекен Нәжімеденовке, Әділбек Абайділдановқа, Зейнолла Шүкіровке, Меңдекеш Сатыбалдиевке, Қанипа Бұғыбаеваға, тағы басқа ондаған қаламгерге жасапты. Бұлардың бәрі аңызға бергісіз алғысты әңгімелер». Міне, Темірхан көкем айтқан сол әңгімені бүгін қаз-қалпында қағазға түсіріп отырмын.
Темірхан көкемнің тебіреніп айтқан әңгімесінен соң мен Әбу ағаны бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім. Кісіліктің келісті келбетін танытатын мұндай жарқын мысалдар ақын Әбу Сәрсенбаев өмірінде өте көп болыпты. Мұндай оқиғалардың өзінен Әбу ағам туралы тұтас бір кітап түзуге болады. Кісілік пен кішіліктің ерен үлгісін, елеулі нұсқасын көрсетіп кеткен, өмірде де, өнерде де биязы, сырбаз, адами асыл қасиеттерді бір бойына мінсіз жинаған Әбу Сәрсенбаев ағамыздың бұл өмірден өткеніне де біраз жылдардың жүзі болды. Енді оның өлмес туындылары арман қуған жандардың аспанында ақша бұлт болып қалқып жүр.
Алматыда өткен бір поэзия кешінде: «қалқам Өтеген, үйге кел, хабарлас, деп тілдей қағазға: Интернациональная көшесі, 29-үй, 1-ші пәтер» деп мекен-жайын жазып бергені есіме түсіп, бекер бармаған екенмін деп өкінгенім бар. Әсіресе, оқу бітіріп, Алматыдан кетер тұста бауыр басып қалған астанада қалғым келіп, қамқор қолын созар деген бір ағама барғанымда, оның сырдаң сөйлеп, сыздана жауап бергені есіме түскенде, бұл өкініш екі есе ұлғая түскен болатын.
1975 жылы мамыр айында Маңғыстауда белгілі халық ақыны, қара жырдың ағыны Сәттіғұл Жанғабыловтың 100 жылдық мерейтойы тойланып, жыр мүшәйрасы өтетін болды. Жыр жарысына 30-ға жуық ақын қатысатын болдық. Сол жыр додасына төрелік жасайтын топтың бас қазысы болып Алматыдан Әбу Сәрсенбаев келіпті. Оны сахнаға шығар кезде ғана хабарлаудан білдік. Сол жыр бәйгесінде қазылар алқасы бірінші орынды маған беріп, бас бәйгені еншіледім. Сахнаға баппен көтеріліп, жыр сайысы туралы, жалпы қазақ жырының кешегісі, бүгіні мен болашағы туралы кеңінен сыр толғаған Әбу Сәрсенбаев менің өлеңдерімнен мысалдар келтіріп, жылы лебіз білдіргенде менің көп жылғы арманым орындалғандай болды. Ауылымды, баяғы бала кезді есіме қайыра түсіріп, осы бір сәулелі сәтімді әкем көргенде ғой деп тебірендім.
Сөзін аяқтар тұста Әбу аға мені сахнаға шақырып, қалың қауымның алдында батасын беріп, маңдайымнан сүйді. Әбу аға туралы ойланғанда оның маңдайымнан сүйген жып-жылы ернінің табы әлі де жанымды жылытып, көкірегімді сағынышқа көміп жібереді. Сол кезде Әбу аға тағы да Алматыдағы үйінің адресін айтып, «еңбек демалысын алған кезде маған қалайда кел, сенің кітабыңды шығартам, қызметке орналастырам, сен ортада, Алматыда болуың керек» деп және шақырды. Алматыны қимай-қимай аттанған мен үшін бұл шақыру аса қымбат болатын.
Осылай көңіл толқыны құбылып жүргенде, жазға салым Маңғыстауға іссапармен келген сол кездегі «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, белгілі әдебиет сыншысы, КазГУ-дің филология факультетінің түлегі Сағат Әшімбаев та «мұнда көп жүрсең қарайып қаласың, Алматыға кел, қызметке өзім көмектесем» деп екі-ойлы болып жүрген менің көзқарасымды біржолата Алматыға аударып кетті. Еңбек демалысын асыға күтіп, рұқсат алған күні бірден ұшаққа отырып, астанаға тарттым. Ойым – сол кездегі әрбір қалам ұстаған жастың арманы болған «Лениншіл жасқа» қызметке тұру. Келген бойда Сағат ағама кіріп, келгенімді айттым. Ол да аңқылдап қарсы алып, дәл осы күндерде газетке қызметке адам алу жөніндегі жұмыстар жүріп жатқанын, алайда орын біреу, үміткерлер саны ондаған жас журналист екенін айтып, конкурсқа қатысуымды қалады. Өзі қолдан келгенше қолдау көрсетіп, кепілдік беретінін білдірді. Сөйтсем, орын біреу, алатын адам екеу екен. Сол кезде «Лениншіл жаста» бір штаттық орынды екі адамға бөліп беру дәстүрі бар екен. Яғни бір адамның 120 сомдық айлығын 60 сомнан екі адамға бөліп береді. Сонда басылымға тыңнан екі жас қосылады.
Конкурс комиссиясы әуелі бұған дейін жазғандарымызды қабылдап алып, сараптама жасайтын болды. Содан кейін әрбіреуімізге жеке тапсырма беріп, жазып әкелген мақаламызды талқылайды екен. Іріктеу өте қатал, сыбайластыққа жол жоқ. Комиссия мүшелері де кілең атынан ат үркетін алашқа белгілі журналист қаламгерлер. Комиссия төрағасы – қазақтың қайсар перзенті, талантты қаламгер, ұлтжанды патриот Сейдахмет Бердіқұлов. Байқауға келген жігіттер де осал емес, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде мақалалары жиі жарияланып, аты-жөндерінің дәмін біліп қалғандар екен. Байқау екі-үш күнге созылды.
Сондай бір сәтте Сағат Әшімбаев: «бала, байқау қатты болып жатыр, енді әрбіріңе бір белгілі, беделді қаламгердің кепілдік бергені қажет болып қалуы мүмкін. Соны ойлан. Кімге бара аласың?» деп көңілді одан әрі қылпылдатып жіберді. Сол кезде есіме Әбу ағам түсе кеткені. Мекен-жайы көңілде сайрап тұр. Тәуекел, деп үйіне тарттым. Есікті ағаның өзі ашып, құшақтап бауырына басып, бірден кабинетіне бастады. Аз-кем амандық-саулықтан соң ағаның уақытын көп алмайын деп, келген шаруамды айта бастап едім, «жарайды, әуелі жақсылап шәй ішіп алайық, шаруа жайын сосын қарармыз» деп тағамға шақырды. Асықпай шәй ішіп алдық. «Енді кабинетке баралық, әңгімеңді сонда жалғастыр» деп Әбу аға орнынан тұрды. Ілестім. Үш қабырғаны бірдей алып тұрған кітап жаймалары, майдандық суреттер, стол үстінде күнделікті газеттер, үстіңгі жағында «Лениншіл жас» та жатыр. Оң жақта ақынның құмшекерден қатырылып құйылған мүсіні. Менің тоқтап қарағанымды байқап, «талдықорғандықтардың тартуы, құмшекерден жасалған, қант болмай қалса, шетінен сындырып ала беруге болады» деп әзілдей күлімсіреді.
Мен бұл жерде өзімнің жеке басымның шаруасын айтып, бағамды асырайын деп отырған жоқпын. Бұл жерде Әбу ақынның, үлкен азаматтың кісілігі мен адамгершілігін, азаматтық ұстанымы мен имани қасиетін айтқалы отырмын. Келген шаруамды қысқаша айтып шықтым да, жауабын күтіп, әрине, дәметіп, ағаның жүзіне қарадым.
– Жоқ, Өтеген ұлым, мен бұл шаруаңды орындай алмаймын. Сені шақырғаным шақырған, бірақ саған бір жайды ашып айтайын. Күні кеше маған дәл осы өтінішпен Дүйсенбек ағаң келген, белгілі ақын Дүйсенбек Қанатбаев. Сол «Лениншіл жасқа» оның туған інісі Болат Қанатбаев та іріктеуге түсіп жатыр екен. Мен оған Сейдахметке барайын, сырлас інім еді, қолқа салайын, Болатты жұмысқа ал деп өтінемін деп уәде бергенмін. Енді сен келіп отырсың. Оған кеше уәде беріп, бүгін сенің шаруаңа аралассам, менікі ұят болмай ма? Бұл ағалық болмайды. Енді екеуіңе де араласпаймын, бақтарың білсін. Кім озса, сол менің қуанышым. Жолың болсын, батамды берейін, ренжімей аттан, бұл үй өз үйің, қысылмай келіп тұр, – деп ағынан жарылып, ақиқатын айтып, арқамнан қағып шығарып салды. Қандай кісілік, қандай көргенділік, қандай азаматтық! Ренжімей, қайта қуанып аттандым.
Болат Қанатбаев екеуміз де Маңғыстаудың облыстық газетінен келгенбіз, бірге қызметтес болдық. Оның да осы байқауға түсіп жатқанын мен Әбу ағадан естідім. Кейін марқұм Болат досым: «сен Әбу Сәрсенбаевты салып, «Лениншіл жасқа» қабылданып кеттің» деп үнемі айта жүрді. Мен де ол былай еді деп түсінік беріп жатпадым. Бірақ дәл осындай кезде ағалық пен азаматтықтың үлгісін көрсеткен Әбу Сәрсенбаевтың бұл әрекетін жанымдағы жақын жолдастарыма, қаламдас достарыма талай рет сыр етіп айтып, жыр етіп жеткізіп жүрдім. Мен қызметке қабылданған күні «Лениншіл жасқа» арнайы келіп, ерінбей-жалықпай жетінші қабатқа көтеріліп, келіп құтты болсын айтып, маңдайымнан сүйгені күні бүгінгідей көз алдымда. Жаны таза жайсаң ағаның ернінің ыстық табы әлі күнге дейін менің жүрегімді жылытып, көңілімді толқытып-толқытып кетеді. Мен Әбу ағаның осы бір үлгілі әрекетін өмір мектебінің жақсы бір жүрекжарды сабағы деп қабылдаумен келемін. Бүгін де соны және бір айтудың реті келгені үшін өзімді бақытты санаймын.
Қай бір жылы, шамасы жеңіс мерекесінің қарсаңы болса керек, Әбу аға түске таман уақытта Алматыдағы Панфиловшылар саябағына қарай ақырын жүріп келе жатыр екен. Алдынан жеделдеп басып жетіп, қолын алдым. Аға сәл ентігіңкі. «Осы күндерде майдандас достарымды, қыршын кеткен сол бір боздақтарды жиі есіме аламын. Кейде олар түсіме кіреді. Әсіресе жан досым, арқалы ақын Абдолла Жұмағалиев түсіме жиі кіреді. Қасымға рахмет, оған өлеңнен өлмес, өшпес ескерткіш қойды ғой. Жігіттің жампозы еді. Сенің ауылдасың Далабай Жазықбаевты да түсімде көремін. Қолын «Жазық Дала» деп қоюшы еді. Сырлас досым, хабарсыз кеткен есіл ер Бахтияр Меңдіғазиев та есіме жиі түседі. Солардың рухының алдында өзімді борыштар санаймын, қолдан келгенше олар туралы бірнеше кітаптар жаздым, естеліктер түздім».
Аға сәл ентігіп барып тоқтады. Сирей бастаған буырыл шашын Алатаудан құлаған самал жел әнтек желпіп, маңдайынан бусанып көрінген тер төмен сырғып барып, көзінің қиығына барып қонақтады. Көздің жасындай, көңілдің шеріндей болған сол бір ақшыл тамшы ағаның алыстап кеткен аяулы күндерін еске түсіріп, өмір сапарының соңғы нүктесіндей болып көз алдымда қалды.
Біраз әңгімелестік. Күтіп тұрған көлігіне шығарып салдым. Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған қарт Атыраудың атағын әдеби псевдоним ретінде алып, «Әбу әл-Атырауи» деп қол қоятын ақын Әбу Сәрсенбаевтың сол күнгі бейнесі сол кеште «Қарт ақын» деген атаумен өлең болып қағазға түскен еді:
Келеді ақын
Көшеде жалғыз демігіп,
Нар еді-ау кеше
Көтерген талай белі жүк.
Жолдасын ойлап,
Жабырқау тартқан сәті ме,
Он тарау ойы
Он тарау жаққа бөлініп.
Туралап тартқан
Төсекке жамбас жегізбей,
«Боркемік екен,
Қайраты қайтқан» дегізбей.
Еңсесін тіктеп
Елімен бірге келеді,
Толқынды шашы
Дауылды күнгі теңіздей.
Өмірі – өлең…
Өсірген талай жетімді,
Арманы оның
Ақша бұлт болып жетілді.
Тұр, әне ақын,
Жүрекке қосып байланған
Ақырғы гранаталар секілді…
(Соның алдында ақын ағаның «Ақырғы гранаталар» деген жаңа жыр жинағы шыққан болатын. Бұл өлеңді жазуын жазсам да, кейінгі кездесулерде оған көрсете алмадым. Көңілін пәс қылғым келмеді. Жүрегіне жүк түсірмейін деп ойладым. Бұл арнауды ақын аға көрді ме, көрмеді ме, ол жағын да білмеймін).
1995 жылдың қоңыр күз айының соңғы күндерінде Әбу аға үйге шақырып жатыр деген хабар алдым. Хабар тиген бойда келдім. Таныс үй, таныс орта. Ештеңе өзгермеген. Тек бұрын қуанышты үнмен абыр-сабыр болып жататын пәтер іші жым-жырт, көңілсіз тыныштық.
Аға терезенің алдындағы төсекте шалқасынан жатыр екен. Көзі де нашар көретін болған. «Аға, қалайсыз, мен ғой, Өтегенмін» деп оның салқын тартқан салалы саусақтарынан ұстадым. «Келдің бе?» деді әзер-әзер естілген үнмен. Қолымды тартып, көкірегіне басты. Кемсеңдеп, көкірегін кере күрсінді. Бас жағында белгілі ақын Сатыбалды Дауымов отыр екен. «Қарт шаршап қалды, қорқып отырмыз» деді ол құмығыңқы үнмен.
Құлағына еңкейіп, «аға, іс-сапармен елге бара жатырмын, қайта оралғасын тағы келемін» деп жауап қаттым. «Сені шақыртқаным, өзіңді тағы бір көріп, даусыңды естігім келді. Саған барлық қамқорлығымды жасай алмадым, айналайын. Ренжіме» деді. Қатты қысылып қалдым. «Ол не дегеніңіз, аға, сауығып кетіңіз, әлі талай реті келер» дедім абдырап.
– Жоқ, енді мен қатарға қосыла алмаспын. Достарым да ана жақта көп күтіп қалды. Соларға барармын, – деп бөліп-бөліп сөйлеп, тағы біршама уақыт үнсіз қалды. «Елге сәлем. Туған жерге сәлем. Атамекеніме ақырғы рет хат жазайын, Сатыбалды, сен жазып отыр. Бұл хатта Өтеген туралы да айтамын, оны өзі жазбай-ақ қойсын», – деді қайран аға. Сөйтіп ел туралы, заман туралы, мен туралы қысқаша хат жаздырды. Оның әр сөзін бөліп-бөліп өзі ұзақ уақыт бойы айтып жатты. Ішінде менен елге сәлем айтқанын, елін өмір бойы сүйгенін, құрметтегенін, елден, елдегі азаматтардан маған қамқорлық пен көмек жасауларын сұрады. «Балаңа бас-көз бол, туған ел» деген сөзі жанымды аударып түскендей болды. Өзі айтып жаздырған қысқаша хатты көкірегіне басып, біршама жатып, икемге әзер келген саусақтарын игеріп, хаттың соңына қолын қойды. Бұл қысқаша хат – ағаның ақырғы аманаты 1995 жылғы күз айында Атырау облыстық газетінің бірінші бетінде жарияланды.
Осылайша қазақ поэзиясының алдыңғы алғыр толқынын құрағандардың бірі, алыптар тобы атанған үркердей шоғырмен етене сырлас, ежелгі дос, ерке іні болған, майдан жырларының майталман жорғасы, кісілігі мен кішілігі көпке үлгі-өнеге, жаны жайсаң жайлы адам, жақсыға қуанып ғұмыр кешкен үлкен жүректі азамат, баладай аңқау, данадай пейілді, ұрпағына «Сен құрметте оны» деген қайталанбас ғажайып тағылымды жыр сыйлаған Әбу Сәрсенбаев та өмірден озған еді. «Сен құрметте оны» деп жырлаған жүректі халқы да қалтқысыз құрметтеді. Жалған дүниеден жақсылықпен өтті ол. Бақи дүниеге жақсылықпен жетті ол. Халық құрметінің арқасында.
Тегінде халық құрметінен асқан не бар?! Ештеңе жоқ!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі.