24 Шілде, 2012

Қазақ руханиятының қабырғалы қайраткері

577 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақ руханиятының қабырғалы қайраткері

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:39

 

Бүгінгі қазақ елінің мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп, өмірін арнаған азаматтардың ішіндегі бірегейі Ілияс Омаров екендігі жалпы жұрт мойындаған шындық. Ол қай салада, қандай қызмет істемесін, бәрібір өзінің өмірлік мақсатынан айныған жоқ. Бар білік-білімін, қажыр-қайратын ұлт руханиятының өркениетті елдердің қатарына қосылып, еңсе тіктеуіне жұмсады. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ілекеңнің ғибратты ғұмыры мен әлеуметтік қызметі куә. Ол жоғары дәрежелі қызметке ерте қол жеткізді.

Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:39

Бүгінгі қазақ елінің мәдениеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңіріп, өмірін арнаған азаматтардың ішіндегі бірегейі Ілияс Омаров екендігі жалпы жұрт мойындаған шындық. Ол қай салада, қандай қызмет істемесін, бәрібір өзінің өмірлік мақсатынан айныған жоқ. Бар білік-білімін, қажыр-қайратын ұлт руханиятының өркениетті елдердің қатарына қосылып, еңсе тіктеуіне жұмсады. Бұл пікіріміздің ақиқаттығына Ілекеңнің ғибратты ғұмыры мен әлеуметтік қызметі куә. Ол жоғары дәрежелі қызметке ерте қол жеткізді. Небәрі 28 жаста министр болған. Сондай-ақ өзінің қысқа ғұмырында екі мәрте министр, обкомның хатшысы, бірінші хатшысы, Республикалық Компартияның хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Ара-арасында дәрежесі төмен жұмыстарға жегілген кездері де бар. Ал оның себебі, жүктелген міндетін ақсатып алғандықтан емес, кеңестік кезеңнің солақай саясатының салдары.

Бай көпестің қызына үйленгені, қа­зақ та­рихы­ның шындығын ашып жазуға атсалыс­қа­ны, қай салада қызмет атқар­ға­нына қарамастан, қазақ өнері мен мәдениетіне қатысты мәнді мәселелерге қызу араласып, керек жерінде қолұшын беріп, баспасөз беттерінде парасатты ой-пікірлерін жариялап тұрғаны билік басын­дағылардың кейбіреулеріне ұна­мап­ты. Алайда ұлт қамын жеген азамат өзі таңдаған жолдан жалт бұрылмаған. Мансапқа емес мақсатқа қыз­мет істеу­дің өнегесін көрсеткен. Нәтижесінде халқының қалаулы азаматы санатында есімі елінің есінде мәңгі сақталар тұл­ға­лар тізіміне қосылды. Ол мәдениет ми­нистрі кезінде каби­нетінің төріне қазақ­тың аяулы ұлы, ұлт мәде­ниетіне өлшеу­сіз еңбек сіңірген Т.Жүргеновтің пор­тре­тін іліп қойса, сол Ілиястың ізгілікті қызметін жалғастырған. Ө.Жәнібеков те өзін оның ізбасар шәкірті санаған. Туған халқына қалтқысыз қызмет көр­се­тіп, оның еңселі елдігінің басты көр­сет­кіші саналатын өнері мен мәдениетінің жоқшысы, қамқоршысы болудың тамаша үлгісі осылайша жалғасып, кейінгі ұрпаққа ұлағатты өнегесін қалдыруы қандай ғанибет десеңізші?!
Биыл – сол тұлғалы азамат Ілияс Омаровтың жасы жүзге толатын жыл. Соған орай бұрын-соңды жарық көрген кітаптарынан іріктеп, таңдап алып оқыр­мандар назарына ұсынылып отыр­ған жаңа жинақта (құрастырушы автор) Ілияс Омаровтың қазақ өнері мен мә­дениетінің өзекті мәселелерін қозғап, оның бүгінгі жағдайын талдап, бола­ша­ғына бағдар боларлық толғақты толғам­да­рын ортаға салған көкейкесті мақа­ла­лар және осы мақсатына жету жолын­дағы ерен еңбегінің жарқын беттерін баяндайтын естеліктер топтастырылған. Жаңа кітаптың Ілекеңнің бекзат болмысын танытуға татитын елеулі еңбек екендігі күмәнсіз. Енді біз осы кітапқа қысқаша болса да талдау жасап, оқыр­манмен ой бөлісе кетпекшіміз. Ал бұл Ілекең­нің қайраткерлік қызметінің қыр-сырының кілтін ашу деген сөз.

Ілияс Омаров – мәдениет пен әде­биеттің барлық саласына араласып, кемел ой, кесек пікірлерін бөліскен санаткер. Осы пікірімізді дәйекті дәлел­дер­мен тұжырымдау мақсатымен бірер мақаласына тоқталалық. Оның біріншісі – «Өскен елдің өрелі мәдениеті». Ма­қала Орта Азия мен Қазақстанды аралап қайтқан француз жорналшысы Робер Лаконтрдің «Фигаро» газе­тінде жа­рияланған жолжазбаларында айтылған теріс пікірлерге тойтарыс беруге арнал­ған. Әйтсе де, ол жай ғана себеп, ал шынтуайтында, Ілекеңнің бұл еңбегінде өркені өскен қазақ елінің өскелең өнері мен өрелі мәдениетінің сыр-сипаты кеңінен қамтылып жазылған. Онда тумысынан сауықшыл, өнерпаз қазақ елінің әндері мен күйлері, ұлттық музы­ка­сының бай қоры және оның жи­нақталуы, нәтижесінде өнердің жаңа саласы – ұлттық опера мен балет жанры­ның дүниеге келуі, Құрманғазы атын­дағы ұлт аспаптар оркестрі, мемлекеттік ән-би ансамблі, қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атын­дағы академиялық опера және балет театрының шаңырақ көтеруі, бейнелеу өнері мен мәдени-ағарту мекемелерінің өркен жаюының жай-жағдайы талдана таразыланып, осы орайдағы жемісті жетістіктер мен келеңсіз кемшіліктер сараланған. Сондай-ақ, мақалада осынау өнер салаларының саңлақ тұл­ға­лары туралы да толымды әңгімеленген.
Ал Ілекең «Өнер мұраты биік болмақ» және «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген мақалаларында көп­теген көкейкесті мәселе­лер­ді әңгімесіне арқау етіп алып, соны жүзеге асы­ру­дың амал-тәсілдерін көрсетіп, тың ойлар, тұщымды тұжырымдар жасайды. Ұлт­тық өнер­дің өркендеуіне әдебиеттің зор ықпалы барлы­ғын айта отырып, автор сахна сәні драма­тур­гиялық шығарма – пьеса екендігін және қазіргі қаламгер­леріміздің осы жанрды меңгерудегі ше­берлігі мен шалалығы туралы толға­ныс­тарын жүйелей талдап, өзекті ойларымен бөлі­седі. Ілекеңнің М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің тамаша туындылары­ның қатары толыспай отырғандығын ашы­нып айтқан пікірінің түйіні әлі күн­ге толық шешімін тап­пағаны да шындық.
Ілекеңнің драматургияда «ескі мен жаңаның арасындағы күресті тым қарабайыр түсіну, оны көбіне-көп адамдар арасындағы сырт тартыс­тардан, өндірістік, отбасылық келіспестік­терден іздеу орын алып келеді. Көрермендер сахнадан драма көрудің орнынан әшейін дау-дамай, ұрыс-жанжал көріп… жүр» деген сөзінің жаны бар. Сахнада көп ретте шын мәніндегі рухани тартыс, сезім арпалысы, жан күйзелісі, өмірдің қырлары, болмыстың терең сырлары бой көрсете бермейтіні бекер емес қой. Сахна­лық шығармаларда көтерілген көпшілік мәсе­лелердің өзге елдер пьесаларында айтылып қо­йылғандығы, иә болмаса оның өмірде әлдеқашан ше­ші­мін тапқандығы туралы ескертпесі де есте болатын пікір. Ал тақырып соны­лы­ғының тапшылығы – қазақ драматур­гия­сының өз үнімен, өз бетімен таныта алмауының себебі екені де сөзсіз шын­дық. Театрдағы сахналық қойылымды көріп отырып көрермен терең ойға батып, тебіренбесе, онда оның нағыз өнер туындысы болмағаны деген байламның да жөні бар. Ілекең қазіргі қазақ өмі­рін­дегі күрделі құбылыстар, қоғамдық ор­та­дағы шиеленісті, шешімін тосқан толғақты мәселелер шаш етектен бола тұра драматургиямыз сол тақырыпты, сол шындықты игере алмай отыр­ған­дығын да дер кезінде көрсетіп берген болатын.

Бір ғажабы, Ілияс Омаров, сол бір қазақ театрының дәурендеп тұрған кезінде, яғни атақтары жер жарған ұлы актерлеріміз Қалибек, Серке, Қаныбек, Шәкен, Сәбира, Хадиша, Қа­пан, Елубай, Құрманбек сахна төрінде жүрген шақта да театр тілінің тазалығын сақтау мәні зор мәселе екендігін қатаң ескер­те­ді. Ол актер­лердің ана тіліміздің әуен-әуезін, нәзік әрін қашырып, салдыр-са­лақ сөйлейтінін, сөйтіп оның мазмұнды­лы­ғын, мәнділігін бұзатынды­ғын, ал драматургтеріміздің қазақ сөзінің сан сырын, алуан бояулы көркемдігіне көңіл бөлмей, біржолата қалалықтардың қара­байыр, ауызекі әңгімесіне көшіп кет­кендігіне қын­жы­лыс білдіруі бекер ме?! Бұл өзі қазіргі таңдағы нағыз көкейкесті мәселе ғой. Содан көре­ген­дікпен күніл­гері сақтандырған Ілекеңе қалай риза болмассың.
Соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарла­масының арқасында қазақтың әндері мен күйлерінің толыққанды антологиясы жазылып, жарыққа шығып, ұлтымыздың рухани қазына­сының алтын қорына айналуда. Ал Ілекең өзі мәдениет министрі қызметіне келмей тұ­рып-ақ, халықтың музыкалық мұра­сы­ның іздеусіз, зерт­теу­сіз қалғандығын айтып, сол жөнінде әлдене­ше қайыра мәселе көтерген. Ілекең айтпақшы, біздің баяғы А.Затаевич жинаған ән-күйлерге ғана иек артып, осы мақсат­тағы ізденістерді тереңдете түсуге енжарлық жасап жүргеніміз де рас қой. Осылайша Ілекең қазақтың ән мен күй өнерінің терең тамыры халықтың фольклоры екендігін дәлелдеп, рухани мұ­рамызды байыта түсудің аса қажеттігін есімізге салған-тын. Бұл болса, халық­тық өнерді түр, мазмұн жағынан жаңар­та, жақсарта, өркендете беру мақсатын көздеген, армандаған парасатты адам­ның пікірі.
Осы орайда Ілекең атақты әншілер мен күйшілердің аттарын атап, олардың орындау­шылық шеберліктерінің сыр-сипатына тоқтала кетуді де ұмытпаған. Жұртшылық жүрегіне жол тапқан талантты өнерпаздардың дара қасиеттері мен қабілеттерін айта отырып, бүгінгі жастардың вокалды өнердің техникасын меңгере тұра, халық әндері мен күй­ле­рін орындауда орашолақтық көрсетіп жүргендерін ашып, ащына әңгімелей­тіні бар. Сазын да, сөзін де, оның ұлт­тық әшекей-мазмұнын да тереңнен, жан-жүрегімен ұқпайтынын айтса, оны қалай теріске шығарасың. Ілекең ән мен күйдің құлақ құрышын қандырып, жү­рекке жетуі үшін әнші, ақын, компози­тор­дың шығармашылық бір­лес­тігі мен үндестігі үйлесім табуы қажеттігін де дөп басып айтқан. Әншілік, күйшілік шеберлік шыңдаудың қайнар көзі осы айтылған пікір­лерде екендігі айна-қатесіз ақиқат.
Дәстүрлі музыка туралы толға­ныс­та­рына қоса, Ілекең бүгінгі эстрадалық ән­дер жайында да ой бөліскен. Ол ке­ңес­тік билік тұсында эстрадалық-джаз­дық шығармаларға күдікпен қарау­шы­лық болғанын, бірақта бірте-бірте оның тыңдаушылары көбейіп бара жатқанын, әсіресе жастарымызға жағымды екен­дігін, ендеше жаңа өнер саласына көңіл бөліп, жас жанрдың жақсы бағытта дамуына қамқорлық жасау қажет десе, оған қалай құлақ аспаймыз?! Мәселе, бүгінгі жастардың биік эстетикалық талғамын қалып­тастыратын, тәрбие­лейтін музыка жазатын жас сазгерлерге даңғыл жол ашуда.
Жалпы, Ілияс Омаров зерделі өнер зерт­теу­шісі әрі ұлттық мәдениетіміздің ұстазы болған өзгеше дарынды өнер­тану­шы. Оның барша шығармашылық еңбегі қазақ халқының әлемдік көркем­өнерде өзіндік орнын алуына арналған. Ілекең әлемдік театр сахнасына шыққан күрделі өнер туындылары: опера, балет, драма өнерлері төңірегіндегі ой-тұжы­рым­дарын ортаға салып, оның орны­ғып, өркен жаюына, рухымызды көте­руі­не қатысты мәселелерге ерекше кө­ңіл бөліп, жетістік-кемістігін саралаудан да қалыс қалған жоқ. Ол сонымен қатар би, айтыс, тіл өнерлеріне қатысты ма­ңызды мәселелер көтеріп қана қоймай, олардың өмірде өз деңгейінде заман, ұлтымыздың рухани байлығына сүбелі үлес қосуына қамқоршы да болды. Басқасын былай қойғанда, кенже қалса да, би өнерінің де қазаққа жаттығы жоқтығын айтып, қазір оның ұлттық дәстүрде өркендеп келе жатқандығына жан-жақты тоқталып, құнды ойларына ортақ­тас­ты­рып отыр. Осы арқылы біз Ілекеңнің әлем­дік өркениеттің озық шығармаларын жетік мең­герген мәде­ниет­танушы, қазақ руханиятының ша­ңы­рағы шаңқан, керегесі кең болуына атса­лыс­қан қажырлы күрескер болған­дығына риясыз сенеміз және еліне сіңірген сол еңбегі үшін ардақтаймыз.
Ұлт мәдениетіне байланысты мәсе­ле­ні шешуге келгенде, басын бәйгеге тігіп, сөзімен де, ісімен де тікелей ара­лас­қан азаматтың мына еңбегінде сол орайдағы қызметі біршама қам­тыл­ған. Тіпті жолжазба есебінде жарияланған екі эссесінде де ерекше көңіл аударар­лық тұстары бар. Айталық, «Монреаль сапарында» көргендері мен көңілге түйгендерін баяндай отырып, көрмеде қазақтың қолөнер шеберлері жасаған түрлі заттардың жоғары бағаланғанын айта келіп, өзіміздің тарапымыздан осы­ған тиісті мән бермей жүргенімізге өкінішін білдіреді. Сол қолөнер бұйым­дарын сәулет өнеріне, құрылысқа пайдалану және сувенир ретінде арнайы дү­кен­дерде сату қажеттігін айтады. Қол­өнерден мүлде қол үзіп қалмайын десек, мектептерде тиісті үйірмелер ашып, шәкірттерді шеберлікке баулу жө­нінде ұсыныс жасауы да өте орынды. Ал «Айас­танның алтын айдары» болса, Армения мен Қазақстанда алма-кезек өткен әде­биет пен өнер саласының онкүндіктері­нен туған, түйген ойларын сабақтауға арналыпты.
Ілекең ұлы композитор Комитастың армян­ның ұлттық музыкасын дамытуға сіңірген ерекше еңбегін егжей-тегжей баяндай отырып, оның халық әндерін өңдеп, бүгінгі күннің озық әуендеріне қосқандығына тоқталып, соған орай өз еліміздегі бай музыкалық мұралары­мыз­дың жай-күйі көңілдегідей еместі­гін, біздің сазгер­лер­дің оған атүсті қа­рап, олар өңдеген ән-күйлердің әуелгі сырлы сазынан, әсерлі әуезді­лігінен жұр­дай кейіпке түсетіндігіне кейіс біл­ді­реді. Халықтық әуенде ұлттық ерек­ше­ліктер ескерілуге тиістігін еске салады.
Біздің жапан түзде жаңа орнаған елордамыз Астана қаласына қатысты бір пікірі бар. Ол Ереван қаласының бет-бейнесін айшықтап тұрған архи­тек­тура­сының өзгешеліктері туралы тол­ғам­дары. Сондай-ақ армянның «күн су­ретшісі» атанған Сарьянның картиналарын талдауы да таң-тамаша қалдырады. Бұл ретте Ілекеңді білгір де бірегей өнертанушы екен деп қабылдайсың. Оның армянның әр атақты композиторлары мен әншілерінің аты-жөндерін ғана емес, олардың өнерге сіңірген ең­бек­терін талдай түсіндіруі де сөзсіз сүй­сін­діреді. Ілекеңнің өнегелі елдің үлгі­сі­не қуанумен бірге одан үйренуге де ұм­тылу керек деген қорытынды пікіріне қосыла кетесің.
Біздің пайымдауымызша, Ілияс Ома­ровтың ұлттық өнер мен мәдениетке қатысты жазбаларын шындап келгенде ғылыми трактаттар деп бағалауымыз керек. Өйткені онда сындарлы ой, парасатты пікір, соны ізденіс, тың тұжы­рым­дар тоғысып жатыр. Оның осы бағыт, осы мақсаттағы ерен еңбектерін толық­тыра түсетін тағы бір қыры бар. Ол қазақтың көрнекті актер, ғалым және жазушылары туралы әдеби-көркем сын мақалалары. Әр сала, әр жанрдағы су­рет­керлердің дарын-қабілетінің табиға­тын ашып, шығармашылық еңбектері­нің ерекшеліктерін таразылай талдау барысында да Ілекеңнің білімпаздығы, өресі, талғамы, ұлт өнеріне деген сүйіс­пеншілігі айрықша, айқын аңғарылып тұр. Әсіресе, оның Бейімбет, Мұхтар, Ғабит, Бауыржан, Сырбай шығар­ма­шы­лықтарын талдаған зерттеулері – байсалды, батыл, өрелі, өрісті сындарлы көркемөнердің көкжиегін кеңейтіп, ұлт­тық рухани қазынамызға олжа салғаны белгілі. Бұл орайда Ілекеңнің ұстанған бағдары – адал­дықтың ала жібін аттамау, жақсыны жазғырып, әдейі даттамау, тұлғалы талантқа жанашыр болу.
Саңлақ санаткер, қарымды қоғам қайраткері Ілекеңнің озық ойлы орыс жазушы, актер, ға­лымдарымен жазыс­қан хаттары, А.Чехов, В.Белинский, Н.Сац, Ю.Казаков, Л.Леонов, И.Тур­геновтың шығармашылығын талдаған толғам­дары да оның көркем ойдың көш басында тұрған тұлға екендігіне нақты дәлел. Өзі­нің әдебиет пен өнер хақын­дағы пікір­лерін айтудың осы әдісін ол қазақ ақын-жазушыларына жолдаған хат­тарында да жалғастырды. Жол-жөне­кей жазылса да, қысқа да нұсқа тәлімді ойларымен бөліскен бұл жазбалар да Ілекеңнің сұңғыла сыншылдығы мен ғажап ғұламалығын айғақтап тұрған дәйектер.
Кітапқа енген естеліктер де алаш азаматы­ның асқақ бейнесіне орнатыл­ған ескерткіш сияқты. Өңкей игі жақ­сылары мен жай­саңдары­ның жазбалары Ілекеңнің адами және азаматтық болмысын жан-жақты, әр қырынан көрсетуге арналған. Кезінде араласқан, сыр­ласып-мұңдас­қан, дәмдес болған қазақтың мар­қасқалары: Ғабит Мүсірепов, Өмір­зақ Сұл­танғазин, Серік Қирабаев, Әбді­жә­міл Нұр­пейі­сов, Асқар Закарин, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жұма­ғали Ысмағұлов, Өзбекәлі Жәнібеков, т.б. атақты адамдардың Ілияс Омаров сынды сегіз қырлы, бір сырлы аяулы азаматтың халқына, еліне, оның өнері мен мәдениетін өркендетуге сіңірген ерен еңбегін, қарапайым адам ретіндегі болмыс-бітімін біздерге – кейінгі ұр­паққа жет­кізуді көздеген естеліктерінің тағылымы мол.
Туған еліне, қазақ халқына қадірлі, айналасына абыройлы кемел тұлғалар көп десек күпір­лік болар. Ал Ілияс Омаров – мол сиректердің қатарындағы қай­раткер. Заман өзгерсе де, қоғам жаңарса да бүгінгі ұрпақпен сырлас, пікірлес, мақсаттас болып қалған да қайран Ілекең. Оның ой-арманы, бүгінгі бізбен үндес. Оның бойын­дағы ең ардақты, ең асыл қасиеті – қазағына деген шексіз сүйіспеншілігі. Ол – халқының адал ұлы ретінде елінің есінде мәңгі сақта­латын тұлға. Ол – халқының рухани өмірінің жанашыры, қамқоршысы бол­ған азамат. Ілекеңе абырой-бедел атқар­ған жоғары дәрежелі шенімен емес, бойына біткен табиғи дарыны арқылы келген. Таяздық пен саяздықтан ада, Ілекең сынды ұлт ұстазының санамызға сіңіріп кеткен сабағын жүрегімізге ұялатсақ, ұмытпасақ қана халқының қа­мын ойлайтын азамат қатарына қосы­латы­ны­мыз жадымызда жүрсін дейміз. Табиғи талант­ы­ның жемісін туған хал­қының өнерін өрге бас­ты­руға арнаған азамат Ілекеңдей-ақ болсын! Ілияс Омаровтың аманаты бойынша біздің жатсақ-тұр­сақ ойымыздан шықпауға тиіс басты мақсатымыз біреу: ол ұлты­мыздың өнері мен мәдениетін көкке өрлетіп, өркендетуге аянбай атсалысу!
Иә, Ілекең елім деп еміренбесе, қаза­ғым деп тебіренбесе кезіндегі кеңестік кезеңнің тар қыспағында ғұмыр кеше жүріп, адалдықтан айнымай, ұлтының кемел келешегін ойлап, сол мақсатқа ой-санасын сарқа жұмсап, өзгелердің де ел игілігіне адал қызмет істеуіне жолашар болар ма еді?! Оның өмірі азамат­тық асқақ мақ­сатқа, қажымас күреске, үзілмес үмітке, риясыз сенімге толы. Тұла бойы тұнып тұрған ұлт­жанды­лықтан жаратылған тұлғаның толыққан­ды шығарма­шылық және қайраткерлік бейнесін айшықтау үшін арнайы кітап арнаса да артық болмас еді. Ал бүгінде оны ел тарихының төрінен орын алған тұлға десек, онда ол Ілияс Омаровтың халқына сіңірген еңбегінің ізі сайрап жатқан ісіне берілген баға деп білеміз. Ол – халқының алдындағы перзенттік парызын адал өтеген азамат.
Елінің бүгіні мен ертеңін ойлап, қазіргі сәттің жақсылықтарымен жалға­сып, болашақта бұдан да көркейе түсуін аңсап-армандап, жарық дүниемен қош­тасар сәтінде де халқымның алдындағы азаматтық борышымды ойлағандай орындай алмай барамын деп опынған жарықтық Ілекеңнің бекзат бейнесіне қатысты азды-көп ойларымызды осымен аяқтай тұрамыз. Біз айтпағанды, біз ашпағанды кейінгі ұрпақ жеріне жеткізе жазар дегенге кәміл сенімдіміз...

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.