Ақынжанды азамат
Сенбі, 11 тамыз 2012 7:14
Қытайдың ғұлама ғалымы, данагөй философы Конфуций: «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірмандылық – асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет», – деп түйіндеген екен. Шүкір, өмірге деген жауапкершілік ұстанымы, айналасындағыларға деген дарқан көңілі, айтқан сөзі мен іс-әрекеттерін шындыққа, нақтылыққа негіздейтін талмайтын талпынысы мен ізденгіштігі, кімге болса да мүмкіндігінше көмек көрсетуден қашпайтындығы сияқты қасиеттерге ие азаматтар елімізде жоқ емес, баршылық.
Сенбі, 11 тамыз 2012 7:14
Қытайдың ғұлама ғалымы, данагөй философы Конфуций: «Байыптылық, жомарттық, кеңпейілділік, адалдық және мейірмандылық – асқан адамгершілікті көрсететін бес қасиет», – деп түйіндеген екен. Шүкір, өмірге деген жауапкершілік ұстанымы, айналасындағыларға деген дарқан көңілі, айтқан сөзі мен іс-әрекеттерін шындыққа, нақтылыққа негіздейтін талмайтын талпынысы мен ізденгіштігі, кімге болса да мүмкіндігінше көмек көрсетуден қашпайтындығы сияқты қасиеттерге ие азаматтар елімізде жоқ емес, баршылық. Солардың бірі – осы күндері алпыс деген асуды алған, есімі елге белгілі, қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысының прокуроры лауазымында Елбасының сенімін ақтауға барынша күш салып жүрген Жақсылық Байтұқбаев дер едім.
Әріптестігіміз, достығымыз бүгіндері тонның ішкі бауындай ағалы-інілі бауырға айналған Жақаңмен таныстығымыз сонау 1989 жылы, өмір баспалдақтарымның ұмытылмас кезеңдерінің бірінде болып еді. Әлі есімде, сол кезде Республика прокурорының орынбасары Ғалихан Ержанов (өзі менен екі-ақ жас үлкен еді) мені қызметке ала отырып, үлкен сенім артатынын ашық айтқан еді. Сол сенімді ақтауға жаңа бастығым Жақсылық Байтұқбаевтың адами қасиеттері бірден-бір себеп болды. Жақаң менен 10 жас кіші болғанмен, прокуратура саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман екендігін бірден байқатты. Өзі басқарып отырған құрылымның мәртебесін көтеруде жаңа қадамдарға сескенбей барып жүрді. Қысқаша айтқанда, өзінің реформаторлық, яғни жаңа бағыттарға ұмтылу арқылы жасаған жұмысын жандандырып, прокуратура жүйесінің соттарды қадағалау саласындағы көрсеткіштерді жақсарту жолында көптеген шаруалар атқарылды. Көп ұзамай-ақ, төккен тері бос кетпей, біздің басқарма көрсеткіші жоғарылай түсіп, мәртебесі күннен күнге көтеріле берді.
Сол бір жылдардың құқық саласындағы, әсіресе, прокуратура қызметкерлерінің жауапкершілігін ең жоғары деңгейге көтеретін екі мәселе аса мәнді болды. Біріншісі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты, тіпті Жоғарғы Сот деңгейінде бекіп кеткен қылмыстық істердің де жаппай қайта қаралуы, ал, екіншісі – 1985 жылы Мәскеуде қабылданған «Мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді заңсыз иемденумен күресті күшейтудің кейбір мәселелері» деген Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысын орындау барысындағы сот шешімдеріне сонау Мәскеу арқылы келіп жатқан бақылау арыздарды тексеру еді. Жақсылық Байтұқбаев халқына, өз еліне деген сүйіспеншілігін, адалдығын тек заңды дұрыс пайдаланып қана қоймай, сол заңды дұрыс пайдалану барысындағы қиындықтарға аспай-саспай төтеп бере алды. Тікелей бастығымыздың бұл ұстанымы қатардағы біздерге әсер етпей қойған жоқ. Тек менің өзімнің ғана қолымнан Желтоқсан оқиғасына байланысты сотталған азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың істерін қысқарту жөніндегі оннан астам прокурор наразылығы дайындалып, кейін Жоғарғы Сот деңгейінде қолдау тауып жатты.
Қандай да болсын қылмыстық істерді не азаматтық дауларды қараған кезде, әсіресе, шешім қабылдағанда құқық қорғау саласындағы қызметкерлер мемлекетте жүргізіліп жатқан сол саладағы саясатты негізге алып, істің дәлелдену деңгейі мен дәлелденген іс-әрекеттің заңдылық бағалануын ұмытып кетпеу керек. Өкінішке орай, қазірдің өзінде де кейбір сот шешімдері прокурордың қолдауымен саяси көзқарастың басымдылығы тұрғысында шешіліп жататындығы жасырын емес. Ал, сонау Кеңес өкіметі заманында ондай қадамдарға мемлекет тұрғысында қабылданған кейбір саяси шешімдер тікелей жол ашып беретін. Ондай кезде «шаш ал десе, бас алуға» дайын тұратын, өз жағдайын жақсартуда адам құқығын аяққа басып, заңсыз шешімдерге баратын жағымпаздар да табыла қалады. Мен айтып кеткен СОКП Орталық Комитетінің қаулысы да сондай құжаттардың бірі болды. 1985-86 жылдары сол қаулыны негізге алып, мемлекеттік және қоғамдық меншікті «иемденушілермен» жаппай күрес басталды. Ол кезде басқа меншік жоқ қой. Яғни кез келген лауазым иесін қойып, аға шопан, дүкеншілерді, қойма меңгерушісін шетінен жауапқа тарта беруге жол ашылды.
Республика Жоғарғы Сотында бекіп кеткен заңсыз шешімдерге түскен арыздарды тексеру де аз болмады. Тек менің өзім қараған көптомдық істер бойынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы бір кеңшар директоры (есімі есімде жоқ) және Қызылорда облысының Арал аудандық автокөлік мекемесінің директоры болған О.Ерекешовтің істері бойынша Бас прокурордың наразылығы дайындалып, олар жөнінде Жоғарғы Соттың ақтау қаулылары шықты. Әрине, наразылықтың қолдау табуында қатардағы қызметкерлердің тұжырымдамасымен ең алғаш танысатын Жақсылық Байтұқбаев болатын. Жақаң өзінің осындай ерлікке тән әрекеттерімен, адам тағдырын дұрыс шешудің бірден-бір жолы тек әділеттікте екендігін берік ұстанған маман екендігін дәлелдей білді.
Жақаңның осы қасиеттері 1995 жылы қабылданған Ата Заңымыздағы прокуратура жүйесіне арналған 83-бапты іс жүзіне асыруда, өзі қызмет атқарған салада көп пайдасы тиді деп ойлаймын. Әрине, бүкіл прокуратура жүйесінің түбегейлі өзгеруіне негіз болған Ата Заңымыздың 83-бабын орындау үшін, ең алдымен, Прокуратура туралы жаңа заң қабылдануы қажет. Өйткені, бұрын-соңды негізінен қаралау функциясын арқалап, тек айыптаушы есебінде елге белгілі прокурор қызметкерлері енді негізінен құқық қорғаушы, яғни тіпті ақ-қарасын тексеріп, көзі жетіп жатса ақтаушы жағына тұра алатын лауазым иесіне айналуы тиіс еді. Мен ол кезде Елбасымыздың шешімімен мемлекетіміздің Бас прокуроры болып тағайындалып едім. Аталған талаптарға сай заң жобасын дайындауда және сол заңды іс жүзіне асыруда білек сыбанып, әділеттіліктің ақ жолын заңдылық негізінде салуға кіріскен жүздеген әріптестерімнің ішінде Жақсылық Байтұқбаев та тұрды. Сондай еңбектің арқасында бүгінгі таңда біздің мемлекетіміздегі прокурор ел аузында айыптаушы емес, құқық қорғаушы есебінде танылып, әркім өз құқығын қорғауда, ең алдымен, прокурорға жүгінуді жөн көретіндігі де сондықтан.
Айта берсе, Жақаңның кәсіби еңбегіндегі ерен іс-әрекеттері жетіп жатыр. Меніңше, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың ең жоғарғы бағасы – оның өзі істеген саладағы өткен жолы. Осы мақаланы жазар алдында Интернетті ашып, Жақаңның өмірбаянын паш ететін ресми құжатты іздедім. Бақандай отыз бес жыл істеген қызмет тізбесі тек бір салада болғандықтан, бар-жоғы бір-ақ бетке сыйыпты. Осы отыз бес жылдың ішінде Жақаң Семей облысының екі ауданы мен бір қаласында, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында он бес жыл қызмет істесе, 1992 жылдан бастап, Семей, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының, Алматы қаласының прокуроры болып, 2009 жылдан Батыс Қазақстан облысы прокуроры қызметін атқарып келеді. Кәсіби, адами тұрғыдағы тәжірибесін жерде қалдырмай, заңгерлік мамандықты таңдаған жастарға пайдасы тисін деген мақсатта ғылыммен де шұғылданып, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғап шықты. Өз қаламынан туындаған екі кітап пен алпыстан астам ғылыми мақалалардың авторы.
Ел алдында, мемлекет алдында атқарған ерен еңбектері жоғарғы бағаға ие болып, Жақаң «Құрмет», екінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, алты медальмен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министрдің, Бас прокурордың мадақтау қағаздарымен марапатталды.
Жақаңның адами тұрғыдағы қасиеттерін, отбасына, жан жары Райханға деген кіршіксіз сезімін 33 жыл тығыз қарым-қатынаста жүрген біз ғана емес, бүкіл дос-жарандары, әріптестері де біледі. Журналистика саласындағы белгілі қаламгерлердің бірі бола тұра, өзінің ең негізгі міндеті Жақаңның жары болуды таңдаған Райханның, асқар таудай Жақаңның өсіп-өркендеуіне, ағайын-туысқандары мен әріптестерінің ортасындағы мәртебесінің жоғары болуына қосқан үлесі зор.
Жақаңның тағы да бір ерекше қасиеті, кейбір прокурор әріптестеріміз сияқты заңнан басқа әңгіме айтпай, «түп-түзу тақтайдай қатып қалмаған», шығармашылыққа көп көңіл аударатын, әдемілік пен нәзіктікке, адам өміріндегі сұлулық пен пәктікке бас иіп жүретін, өзі қызмет жасап жүрген салада сирек кездесетін, ақынжанды азамат. Содан да болар, Жақаң еліміздің қай түкпірінде жүрсе де өзіне ұқсаған дархан көңілді азаматтарды айналасына жинай жүреді.
Мақсұт НӘРІКБАЕВ,
Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор .