Ұзақбай ұлағаты
Сенбі, 25 тамыз 2012 6:00
Адалдық – ардың ісі дейтін болсақ, ауылдың қара жолында шаңғытып ойнап өскен бала қанша елді аралап, қанша жердің дәмін татса да, туған топырағының бақалы көлі мен балдырғанды жеріне адалдығын еш өзгертпек емес. Негізі, адам баласы өзі жаратылған топырақпен тамырлас. Қаншама академик-профессорлардан алған сан салалы білімнің шетін ұстап жүрсең де, туған жеріңнің аты аталса, құлағыңды тосып елеңдей қаласың. Тіпті «Әр бақа өз көлшігін мақтайды» дегендей, дәл сенің ауылың, дәл сенің ауылыңның адамдары басқаларға ұқсамайтынын айтып, көңілің алабұртып, көзің ойнап шыға келесің. Бұл – туған жердің, балалық бақыттың құдіреті.
Сенбі, 25 тамыз 2012 6:00
Адалдық – ардың ісі дейтін болсақ, ауылдың қара жолында шаңғытып ойнап өскен бала қанша елді аралап, қанша жердің дәмін татса да, туған топырағының бақалы көлі мен балдырғанды жеріне адалдығын еш өзгертпек емес. Негізі, адам баласы өзі жаратылған топырақпен тамырлас. Қаншама академик-профессорлардан алған сан салалы білімнің шетін ұстап жүрсең де, туған жеріңнің аты аталса, құлағыңды тосып елеңдей қаласың. Тіпті «Әр бақа өз көлшігін мақтайды» дегендей, дәл сенің ауылың, дәл сенің ауылыңның адамдары басқаларға ұқсамайтынын айтып, көңілің алабұртып, көзің ойнап шыға келесің. Бұл – туған жердің, балалық бақыттың құдіреті. Кейіннен ел тізгінін ұстап, мақтаулы маман, атпал азамат болған жандардың өз ауылын ұмытпай, тіршілігіне араласып отырғанын көргенде, осы құдіреттің жүрек түкпірінен өшпегеніне куә боласың. Өзім білетін сондай бір азаматтың өмір жолы туралы кітапты оқи отырып, осындай толғанысты басымнан кешірдім.
Қазағымның қайтпас қара нарысың,
Туған елдің абыройы, арысың.
Тайталаста тайдырмаған намысын,
Ұрпағыңа қасиетің дарысын, – деген ақынның өлең жолдарымен басталған бұл кітап басынан аяғына дейін қазақтың қара нары, елінің сыйлы да ұлағатты азаматы, қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың өмір жолы мен қызметіне арналыпты.
Ұзекеңмен мен біраздан таныспын, өзін көрмей тұрып, бірінші атына қанықтым. Құрылыс инженері мамандығы қазақ жерінде тек 60-жылдардың басында ғана қалыптаса бастады, дәлірек айтсақ, осы мамандық бойынша алғашқы түлектер 1962 жылы еліміздің құрылыс индустриясын дамытуға қанат қаққан еді. Сол алғашқы түлектердің бірі болғаным – мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақ даласында сәулет өнері кенже қалған дүние емес: қалалар, астаналарды айтпағанда, жаз-жайлаудан кейін қыстың қатал ызғарында ық-пана болатын қыстақтар салынғаны бұрыннан-ақ белгілі, бірақ халықтың басым көпшілігі үшін құрылыс ісі ата кәсіп болып қалыптаспаған. Сондықтан да болар, сол 60-жылдардың басында құрылысшы жұмысшылардың арасында қазақтар некен-саяқ кездесетін, қыз-келіншектер тіпті болмайтын да. Қазіргі Никольский шіркеуінің қасындағы базардың маңында университет жатақханасын салып жатқан бригадаға бір қазақ қызының жұмысқа келуі үлкен оқиға болған. Бұл жәйттің тосын әрі қызық болып көрінгені соншалық, Алматы қаласы бойынша құрылыс-монтаж басқармаларында (СМУ-17) қызмет атқаратын 3-4 қаралы қазақ жігіті сол қызды көруге барғанбыз. Ол кезде құрылысшы қыз-келіншектердің бәрі орыстар болатын, солардың ішінен кәдімгі жұмысшының комбинезонын киіп, қолына сылақшының құралын ұстаған қазағымыздың қараторысы көзге оттай басылған еді. Ол уақыттарда қыз баланың құрылыс ісінде қара жұмыс істегені, әрине, қазақ тәрбиесіне жат нәрсе еді.
Аталмыш жылдарға дейін мамандар Ресей, Украина қалаларынан білім алып келіп жататын. Онда да оқуға баратындар жалпы білімімен қатар орыс тілі бойынша сынақтар тапсырып, әбден іріктелетін. Әр одақтас республикаға берілетін орын саны да шектеулі болатын, сондықтан үміткерлерге қойылатын талаптың үдесінен шығу барлығына бірдей бұйыра қоймайтын. Ал сыннан сүрінбей өткендер қабылданған оқу орнында білім алып, өз мамандығын игерсе, туған жерінде оның шашасына шаң тимейтін, өйткені қазақтың ғасырлар бойғы мәдениеті, өнері болғанында дау жоқ, бірақ ел жаңа заманның ағысына ілесу үшін сол заман талабының ой-шұқырын таныған маманға зәру еді. Солардың бірі Ұзекең болды.
Теңіздің толқыны жағасын ұрған Ұялының балықшысы Қараман ошағының түтіні, үмітінің оты Ұзақбайға жасынан-ақ білім алуды нықтап құлағына құйып өсіріпті. Ырзығын теңізден тауып жүрген Қараман ақсақалдың судай сырғыған өмірдің қай бағытқа барып құярын алдын ала болжағаны болар, әйтпесе көзінің қарашығы – жалғыз ұлын көзден таса қылмай ығында ұстаса, оны ешкім сөкпес еді ғой. Әкесінің сөзі ме, жаратқанның дарытқан зеректігі мен талпынысы ма, бала Ұзақбай жасынан-ақ білімге құштарлығымен, құйма құлақтығымен танылыпты. «Аз да болса ақындығың болмаса, нағыз математик болу мүмкін емес», деп неміс математигі К.Вейерштрасс айтқандай, жүректе жатқан көңіл сырларын өлеңдетіп айту өнері бар ма, жоқ па – мен оны білмеймін, бірақ Аралдың баласы Ұзақбай жоғары оқу орнына қабылдайтын комиссия мүшелерін есепке алғырлығымен таңғалдырған. Тағы бір данышпан, ежелгі грек жазушысы, ойшыл Исократтың «Математика дегеніміз – ақылдың гимнастикасы…» деген сөзі бұл ғылымның адамды, оның ойын тәртіпке келтіріп, өмір ұстанымдарына белгілі бір әсер ететініне дәлел. Шынымен де Ұзекеңмен қызмет бабында араласып жүріп, ол кісінің қисынды ойлары мен жоспарлы істерін шашау шығармай жүзеге асырып жататына куә болдым. 1959 жылы Куйбышевтің инженерлік-құрылыс институтын бітіргеннен кейін туған жеріне келіп жұмысқа араласқан жас Ұзақбайдың білімі де, күш-қайраты да еліне арналды.
Кәсіби құрылыс инженері мамандығын алғашқылардың қатарында алып, елдің болашағы үшін тер төккен Ұзекеңді көпшіліктен ерекшелеген оның білімімен қатар, іске деген құлшынысы еді. Онда қай жұмысқа да немқұрайлы қарау деген болмайтын, оның үстіне өзінің ұйымдастырушылық қабілетін де айналасына бірден аңғарта білді. Діні мен тілін айтпағанда, мінезі мен қалыптасқан әдеті, білімі мен тәрбиесі бөлек қаншама адамның басын бір ұжымға біріктіріп, жұмысқа жұмылдырудың өзі оңай шаруа емес, ал енді сол жұмысты, әсіресе құрылыс ісінде уақытылы, сапалы орындауға ұйымдастыру нағыз дарындылық деп айтуға болатын шығар. Осындай қабілет Ұзекеңді қандай қызметінде болса да тек абыройға жетеледі. Прорабтық қызметтен тәуелсіз Қазақстанның Үкіметін басқарғанға дейінгі аралықтағы қызметтерінің бәрінде де өзінің азаматтық келбетін жоғалтпай, білімі мен қабілеттерін шыңдай білді.
Телеарналардан, газет-журналдардан «депутат» деген ұғымды «халық қалаулысы» деген тіркеспен айтып жүр. Мағынасы үлкен, салмағы ауыр тіркес… Депутаттықты қарақан басының қамы етіп, «пәленше депутат болыпты ғой, мен содан кеммін бе» деген қағидатпен бәсеке жарысқа айналдырып жүрген пысықайлар көп. Уақытында естіп жататынбыз, кейбір «мықты» үміткерлер сайлау мерзімінен бірер жылдай бұрын аттарына ер салып, жан-жаққа шабармандарын жіберіп, ақыл-кеңесшілерін, «жазғыштарын», демеуші-қолдаушыларын дайындап, солардың бәрін ойластырып, депутаттық додасына кірісіп-ақ кететін. Кейінгі уақытта Парламент сайлауы партиялар арқылы құрылатын болғандықтан, өркениеттілік қалыбына түсе бастаған сияқтымыз.
Ұзекең өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан бастап екі-үш мәрте өз кандидатурасын Мәжіліс депутаттығына ұсынды. Ағамыздың депутаттықта дайындық жұмысы қалай жүрді дейсіз ғой. Біздің командамыз екі-ақ адамнан тұратын: Ұзекең – басшы, мен – қосшы. Сайлау болар алдында 1-2 ай бұрын телефонмен хабарласады: «Әй, Әбеке, жұмыстасың ба? Демалысың қашан, бір жаққа кетейін деп жатқан жоқсың ба?» деп бабына келтіре сұрап, ілгерінді-кейінді жоспарларымды біліп алады да: «Екеуміз бірге бір шаруаны бітіруіміз керек еді», деп пәленше уақытта баратынын ескертіп қояды. Шаруа – депутаттық додаға дайындық жұмыстары. Келгеннен кейін өзі туралы, өзінің халық алдындағы міндеттері мен оларды шешу жолдары туралы жазылатын мәтіндерді Ұзекеңнің басшылығымен құрастыратынбыз. Мен де ол кісі сияқты құрылысшы инженермін, сондықтан мұндай іске қаламы жүйрік азаматтарды шақырсақ деген пікірімді Ұзекең қабылдамайтын. «Осы шаруаға екеуміз де жетеміз», деп менің кейбір «мәнерлеуге талпынған жазбаларымды» қолпаштап, көтермелеп қоятын.
Жазатын да өзіміз, редактор да өзіміз, дизайнер де өзіміз, яғни басуға дайындалған материалдардың түр-түсін анықтап, басылатын данасын белгілейтін де өзіміз. Материалдарды кімге, қашан жіберу керектігін Ұзекең бізге айтып, тапсырмаларын беріп аттанып кететін. Қолымыздан келгенше бар істі ағамыздың айтқан мерзімді уақытында атқаруға ұмтылатынбыз. Құжаттардың барлығын жібергеннен кейін Ұзекеңе сәттілік тілеумен болатынбыз. Осылайша әр сайлау науқаны аяқталғанша бізде дегбір қалмайтын – бар ойымыз: егер Қараманов депутаттыққа сайланбай қалса, онда ол біздің мәтіндерді дұрыс құрастырмағанымыздан болады деп қатты мазасызданатынбыз. Бірақ Ұзекең қаншама рет депутат болды – бәрі де халықтың қалауымен болған дүние еді. Өзі сайланған өңірлердің қиындықтары мен мұқтаждықтарын кабинетте шірене отырып шешкен жоқ, үнемі халық арасынан табылды. Қай өңірден сайланса да, халықтың өзіне артқан сенімін адалдықпен ақтай білді.
Мақаланы адамның туған жермен тамырлас екендігімен бастаған болатынмын. Ұзекең өзі туып-өскен Аралын гүлдендіру жұмысынан тыс қалып көрген емес. Аралдың айдыны 60-жылдардың басынан бастап тартыла бастағанда, ондағы халықтың көңілі де, тұрмысы да өз нәрінен тартылғандай болып еді. «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, Сыры шалқып, теңізі телегей болып жатқанда да өңір халқының ауыз суға зәрулігі әрдайым өзекті болып келген. «Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық», жаратқаннан қол жайып қанша сұрасаң да, Арал өңірінің күйіп тұрған топырағына тамшы тамбайтын кездері көп болады. Ал көктен түсетін нәр көзінен басқа қалың халықтың өздігінен ауыз суға қол жеткізуі – қиынның қияметі: қаладағы бірнеше ғана шүмектен ағатын суды иінағашпен шелектеп таситын. Міне, осы кезде бойындағы жалынымен жарқырап іске кіріскен Ұзақбай Қарамановқа Арал-Аманөткел су құбырын тарту жұмысы тапсырылды. 99 шақырымдық бұл арна құрылысы осы өңір үшін де, Кеңес одағы үшін де ХХ ғасырдың ең үлкен әрі маңызды нысаны болды. Халық игілігіне жасалған бұл жұмысты абыроймен атқарған Ұзекеңнің де көңілі марқайды: ауыз су әр үйдің ауласына әкелініп, қыз-келіншектер мен балалар «Қырымнан» су тасу азабынан құтылды, есік алдына бау-бақша егу мүмкіндігі ашылды. Әбділда Тәжібаевтың кейіпкері Толағайдың тамшысыз қалған елге жаңбыр жаудыратын тау әкелгені былай суреттеліпті:
Таңдап жүріп тау жотасын
Талғай қарап орман, тасын
Тарбағатай үйірінен,
Толағайы таңдап алды.
Көңілі сүйген бір шатқалды
Ұзақ ырғап бөліп алды
Өркештенген түйінінен,
Басындағы қарын қоса,
Баурындағы аңын қоса,
Шайқап бұлақ, көк орманды,
Күшпен әрең алды-дағы,
Арқасына салды-дағы
Келген ізбен қайта оралды.
Ұзекеңнің – жігері тасыған жас жігіттің сол 60-жылдардың басында орындаған жұмысы осындай толағай еңбекпен келген. Сол еңбек әлі де жалғасып келеді: Ұзекең Арал теңізінде Көкарал бөгетін тұрғызу, Сырдария арнасын реттеу жұмыстарының да басы-қасында болды, бұл жұмыстарды әлі де бақылауында ұстап келеді. Депутат болып жүрген кезінде елді әлеуметтік-мәдени жағынан дамыту шараларын қолға алып, мектептер, стадион, емханалар салдырды. Жарты ғасырдан астам уақыт халыққа қызмет еткен су құбырының тозығы жетіп, оған да жөндеу жұмыстары жасалды. Міне, бұның бәрі – Ұзекеңнің өз ісіне адалдығының белгісі.
Пендешілікпен кейде біреудің сыртынан біреу ғайбат сөз айтып жататын кез болады, ал Ұзекең туралы мен ешкімнен ешқандай теріс пікір естіген жоқпын. Қаншама қызметте болды, ірілі-ұсақты лауазымдарға тағайындалды, мемлекеттік билік басында болды, талай реформалық шараларды басқарды, белгілі бір өңірлерді дамыту тұтқасын ұстап тұрды – бәрінде де ол кісі адалдығынан таймады. Артынан жаман сөз ермеді, ешкімнің көңілі қалып, өкпесін арқаламады. Билік басында жүріп, өзінің ар-ожданына кір келтірмей, халық алдындағы абыройын ол қызметтен кеткеннен кейін де асқақтата білген санаулы адамдардың ортасынан қайда жүрсе де адалдықтың исі аңқыған Ұзақбай ағамызды бөліп айтуға болады. Халық алдындағы адал еңбегі оның адами жаратылысымен өзектесе келеді. «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген қазақ.
Балалық шағында сансыз құстың құтты, ұялы мекеніне айналған Ұялы ауылынан Ұзекең де өз ұясын тұрғызды. Сол ауылдан түлеп ұшып, бір мектептен қанат қаққан Ұлдай қызбен бас қосып, отбастарында Асқар, Нұрлан, Дәулет атты ұлдары дүниеге келді. Ұлдай жеңгеміз ағамызға адал жар, балаларына асыл ана болумен қатар, еліміздің Бас прокуратурасында жұмыс істеп, полковник шенінде зейнетке шықты. Ұлдары қадірлі азамат болып, өздері де ұл-қыз өсіріп отырған өркенді отбасы. Қазір Ұлдай жеңгеміз бен Ұзақбай ағамыз екеуі балалары мен немерелерінің қызығына бөленіп, егемен Қазақстанымыздың ертеңін құратын ұрпақтарды тәрбиелеп отыр.
Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.