Қаны қырғыз, жаны қазақ ер көңілді еңбек адамы туралы сыр
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:27
Бұл асыл азаматты өткен жылы кездестірдім. Сарыбастау ауылының тұрғыны екен. Есімі Нарынқол, Тұзкөл, Шалкөде аймағына жақсы таныс нағыз еңбектің торысы болып шықты. Аты – Ғанибай. Онымен Сарыбастау ауылындағы жиында таныстық.
Алғаш көргеннен бастап-ақ ол көзіме жылыұшырай түсті. «Қазақ-қырғыз – бір туған», деген аталы сөз бұрыннан бар ғой. Әкесі Жақып өмірін ұсталықпен, еңбекпен өткізген жан болыпты. Ал анасы 1916 жылғы Қарқара көтерілісі көсемдерінің бірі, әйгілі Ұзақ батырдың немере қызы болып келетін Ақлиман атты әпкеміз екен. Ғанибайдың Сарыбастау,
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:27
Бұл асыл азаматты өткен жылы кездестірдім. Сарыбастау ауылының тұрғыны екен. Есімі Нарынқол, Тұзкөл, Шалкөде аймағына жақсы таныс нағыз еңбектің торысы болып шықты. Аты – Ғанибай. Онымен Сарыбастау ауылындағы жиында таныстық.
Алғаш көргеннен бастап-ақ ол көзіме жылыұшырай түсті. «Қазақ-қырғыз – бір туған», деген аталы сөз бұрыннан бар ғой. Әкесі Жақып өмірін ұсталықпен, еңбекпен өткізген жан болыпты. Ал анасы 1916 жылғы Қарқара көтерілісі көсемдерінің бірі, әйгілі Ұзақ батырдың немере қызы болып келетін Ақлиман атты әпкеміз екен. Ғанибайдың Сарыбастау, Тұзкөл өңірін тұрақтап қалғандарының бір сыры, ұштығы осында жатса керек. Марқұм анасы Ақлиман он саусағынан өнері төгілген ісмер, тігінші, тоқымашы жан болған екен. Сол кісінің жасаған құрақ көрпелері, кесте бұйымдары қарашаңырақта әлі сақталып қалған.
Ғанибайды бір көргеннен-ақ қайсар жан екенін байқайсың. Сарғыш жүзінен өр, өжет мінезі аңғарылды. Ісіне мығым екені байқалмай қалған жоқ. Тауда туып, ақ қар, көк мұзды кең даланың өтінде еңбекпен ғана шыңдалып өскендігі білінеді. Жанына серік, өміріне көрік еткен еңбегі қайратын жанып, жігерін маздатып, талпынысын ұштап, әр аттаған қадамына қуат беріп, дем беріп, биіктерге өрлеп келеді екен.
Әсілі, ер-азаматтың серігі де, көрігі де – еңбек. Еңбек бәрін де жеңеді. Бақытқа жеткізеді, шаттыққа кенелтеді. Моншақтатқан маңдай терімен құралған, өрісін толтырған бір отар қойы бар. Дастарқанын сары майға, сүтке толтырып отырған табын-табын сиыры бар.
– Қиын күндердің бәрі артта қалып келеді. Сонау жүргізуші болып кеңшардың түрлі жұмысы үшін ғана шапқылап өткізген күндер де алыс қалды. Жібек жалды, суыққа төзімді, азығын өзі табатын, өзім жақсы көретін түліктің төресі жылқының санын жүзге жеткізіп алсам, ешкімнен кем болмаймын. Шүкір, ол күн де алыс емес сияқты. Арайлап атар таңдарыма сенемін, – деп қояды Ғанибай жүрегіндегі шын сырын ақтарып. Рас, мінсең – ат, пайдалансаң – көлік, сойсаң-ет, ішсең – қымыз жылқыға жетер ештеңе жоқ. Қатал қыста қарды тебіндеп күн көре беретін ақылды жануар еңбегіңді ақтайды. Тілі жоқ демесең, бәрін түсінетін, аялағанды жаны қалайтын, бабымен пайдалансаң, ширап сала беретін, қамқор қолыңның жылуын сезінсе бар шаруаңды бітіруге көмектесетін жылқы ырысыңның көзі іспетті.
Жігіт ағасы Ғанибай Мұсаев Сарыбастау ауылындағы «Айділда» шаруа қожалығының төрағасы. Аудан мен ауыл арасын жалғар жолға пайдаланар «УАЗ» атты қуатты жеңіл көлігі бар. Қыстауы мен жайлауына келе қалса, кезек-кезек таңдап тұрып мінер жарамды аттары дайын. Жеңіл көліктен гөрі атына мініп алып сай-саланы аралап кеткенді жаны қалайды да тұрады. Ойы-қырын бір шолып өтсе, жаны кеңіп, көңілі сергіп, жүрегі жайланып қалады.
– Шіркін, десеңші! Мұқағалидай ақынның әр сөзі алтын, әр шумақ өлеңі гауһар ғой. «Су емес, суатынан қымыз аққан, Не деген кереметтей өлкем едің», деп жырлаған Шалкөде жайлауынан айналайын. Жанымдай, ақынның әр өлеңіндей жақсы көремін. Мұндай жер, мұндай келісті жайлау оңайлықпен кездесе бермейді. Осындай өңірді сан ғасырлық ұрпағына жауынан қорғап, аманаттап кеткен батыр бабаларымыздың рухына мың тағзым, – дейді Ғанибай бір әңгімесінде.
Бұл оның шын сөзі, шынайы сыры. Қыс маусымын Сарыбастау ауылының маңындағы Хасанның қырқасы деп аталатын жерде өткізсе, жазды осы хан жайлау, бал жайлау Шалкөдеде жайлайды. Айғайтас, Шәкірамбал, Қарағайлы секілді өңірлердің бәрі фермер жігіттің, малшы, шопан, жылқышы, бесаспап атпал азаматтың көзіне таныс, жанына жақын. Бұл өңір емдік қасиеті бар, жүз түрлі ауруға дауа дәрілік шөптері, өсімдігіне бай қастерлі өңір. Оның бір жақ бүйірі Ойқарағайдың қара алтынына ұласып жатыр. Шалкөде – талай ақынның жырына арқау болған мекен. Көгінен қыран, бүркіті қалықтап, қиясынан арқар, киігі көрінген, түрлі табиғи жемісі төгілген өлке.
Міне, сол сұлу жайлауда Ғанибай секілді азаматымыз ырысын тасытып, мерейін шалқытып отыр. Қатал қыстан аман шығып, ойдағыдай төл өрбіткен төрт түлік жақсы жетіліп келеді. Жүз түрлі әдемі гүл мен мың түрлі көк құрағына аяқ оратылып қалар жерде мал семірмей қайтеді. Қоңды мал шелді, төлді деген жақсы сөз бұрыннан бар. Ендеше, осындай жерұйықты пайдаланғанға не жетсін!
Сол үшін де таза ауасы, мөлдір бұлағы, әсем гүлдері әр беріп, жүзін шырайландыра түскен Ғанибайдың көңілі көтеріңкі, жүзі жарқын. Асыл жары, бар ісіне белді көмек көрсететін Рысжанға әзілі, әңгімесін қағыстыра, саумал сары қымызын сіміре отырып ертеңдеріне көз жүгіртеді. Кемел келешегін көріп қуанады. Еңбегімен келген бақытына жұбанады. Ғанибай бар жанымен қазақ болып кеткен. Көзін ашқаннан көргені Нарынқол өңірі, Сарыбастау жері, Шалкөде, Тұзкөл аймағы. Туып-өскен жерінде шаңырағын биіктетіп, босағасын мықтап, ұрпағын өрбітіп, шаруасын құнттап, дәулетін шалқытып отыр. Одан артық ештеңенің керегі жоқ. Қазаны көтерулі, оты маздаулы. Осының бәрін еңбектен тапқан бақытым дейді. «Күндеріңмен көркейе бер, Ғанибай!» дейміз.
Қанат БІРЖАНСАЛҰЛЫ,
журналист.
Алматы облысы,
Райымбек ауданы.