Әдебиеттің әділ қазысы
Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:22
Асыл бейнесі, абзал есімі туған халқының жүрегінде көмескі тартпай, жарқын күйінде сақталып қалған ардақты арыстарымыздың бірі Ілияс Омаровты еске алсақ, көңілімізде алдымен «азамат», сосын «қайраткер» деген екі сөз егіз ұғым болып дәйім қатар аталады. Ілекең осы сөздің асқақ мағынасында алдымен азамат болатын. Сол азаматтық борышын барынша терең сезініп, өз бойындағы қабілет-қарымын қоғамдық дамудың ең зәру қажеттеріне қалтқысыз, қапысыз жарата білгендіктен де үлкен қайраткер дәрежесіне көте-ріліп, халқының қадір-құрметіне бөленді.
Сәрсенбі, 3 қазан 2012 7:22
Асыл бейнесі, абзал есімі туған халқының жүрегінде көмескі тартпай, жарқын күйінде сақталып қалған ардақты арыстарымыздың бірі Ілияс Омаровты еске алсақ, көңілімізде алдымен «азамат», сосын «қайраткер» деген екі сөз егіз ұғым болып дәйім қатар аталады. Ілекең осы сөздің асқақ мағынасында алдымен азамат болатын. Сол азаматтық борышын барынша терең сезініп, өз бойындағы қабілет-қарымын қоғамдық дамудың ең зәру қажеттеріне қалтқысыз, қапысыз жарата білгендіктен де үлкен қайраткер дәрежесіне көте-ріліп, халқының қадір-құрметіне бөленді.
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған Ілекеңнің қайраткерлік қабілетінің айшықты бір тармағы танылып, әсіресе, мәдениет майданындағы ұзақ жылдар бойы үрдіс сіңірген жемісті еңбегі ішінде ерекше есте қалған бір саласы – оның көркем шығармашылыққа деген ынта-ықыласы, оқырман қауым мен әдебиетшілер ортасына бірдей танылған сыншылық дарыны еді. Үйіп-төгіп үсті-үстіне жазып жатпай-ақ, айтпауыма болмады-ау деп санаған салмақты пікірлерін анда-санда бір жарқ еткізіп тастауының өзі біздің қолтума әдеби сын қазынамызға әжептәуір үлес болып қосылып жатқаны сол кездің өзінде айқын аңғарылатын. Сол еңбектердің басы бір жерге қосылып, бірнеше кітап боп басылғанда қандай бағалы дүние, құнды қазына тастап кеткенін бір-ақ білдік.
Сыншының атын білгенмен, затын біле бермейді көп жұрт. Ақынды біледі. Жыр жазып, өлең шығаратын адам ол. Жазушыны біледі: олар жазған небір қызық кітаптарын оқиды. Ал, енді, сол шығармалардың жан дүниеңе ләззат берген қасиеті неде немесе сол тәттінің арасында тіліңді қуырған ашқылтым кермек бірдеңе араласып жүрген жоқ па? Бұның әділ төрелігін айтатын әдебиет сыншысы ғана.
Әлбетте, мұндай төрелікке қатардағы қарапайым оқырман ғана емес, сол көркем туындыны түн қатып, түс қашып, терең тебіреніп, тынымсыз толғаныс арқылы өмірге әкелетін қаламгердің өзі де тоқтауы үшін сарапшының аузы дуалы, сөзі уәлі, ойы қисынды, дәлелі дәйекті, тұжырымы түйінді болуы керек. Әдебиет сыншысы ретінде Ілияс Омаров дәл осындай биік талап деңгейінен табылған тамаша қаламгер еді.
Сыншы қай қаламгер туралы сөз қозғаса да, туған әдебиетіміз бен өнеріміздің қай саласы туралы тебіренсе де, мен мұндалап тұратын қасиет белгілері: көркем шығармашылық табиғатын терең түсінетін талғам тазалығы, қай шығарма жайында пікір айтса да, ождан үкімімен, жүрек әмірімен қара қылды қақ жара сөйлейтін әділдік, туған әдебиетін жанындай сүйген, халықтың рухани қазынасына қамқорлықты өзінің өмірлік борышындай сезінген азаматтың перзенттік махаббат, сындарлы ойының сынын бұзбай әсем етіп, әрлі етіп жеткізе білетін тіл шеберлігі, шешендік мәнері ғой. Қазіргі үлкенді-кішілі ақын-жазушыларымыздың қайсысы туралы сөйлесе де Ілияс Омаров стилінің осындай ерекше белгілері танылмай қалмайтын.
Ілекеңнің көзі тірісінде өнерпаз интеллигенция мен оқырман жұртшылықтың назарына бірден ілігіп, баршаны түгел селт еткізген бір құнарлы дүниесі, мазмұны жағынан да, көлемі жағынан да, әсіресе, нысанының маңыздылығы жағынан да тамаша татымды еңбегі – заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгер суреткері Мұхтар Әуезовтің ұлы Абай туралы романдары жайында жазылған «Халықтық эпопея» атты сын мақаласы болатын. Бір ескеретін жәйт – Ілияс Омаров бұл мақаласын эпопея жөнінде пікір қалыптасып, жазушының атақ-даңқы дүниежүзіне түгел танылып болған кезде, шығарманың көркемдік ерекшеліктері, суреткер шеберлігінің қырлары мен сырлары бірпара ашылған шақта жазды. Бақсақ, тапқыр ойдың тапталған танабын шиырлап қалмай, тыңнан із тастап абырой алар жері де осы екен. Ілиястың Әуезов романдары жайындағы бұл мақаласы күні осы уақытқа дейін эпопея туралы жазылған таңдаулы сын туындыларының бірі болып келе жатыр десек, әсте де артық емес.
М. Әуезов эпопеясы тәрізді тарих шыңына көтерілген шынар шығарманың төңірегінде жатқан қоғамдық-саяси факторларды іздестіргенде, мұның өзі ең алдымен туған халқының белгілі бір даму сатысындағы рухани қажеттілігінен туғанын айта келіп, сыншы бұл сияқты ірі оқиғаның бұлтартпас тарихи заңдылық екенін әдемі аңғартады. Осы ойға сабақтасып туындайтын суреткер шеберлігі мен тапқырлығы жайындағы сыншы пікірі халық өмірін дұрыс түсініп, шын суреттеу үшін кейінгі тарихтың көзі тірі куәсі болған Әуезовтің дәл өзіндей өзге бір «шежіре адам» Абайдың шығармасын өзек етуі өте бір жемісті жаңалық болғанын тұжырымдаумен толысады.
«Абай өз шығармаларында халқының өмірі мен күресіне үңілсе, оны терең бойлап ұғына білген болса, Әуезов эпопеясында Абай творчествосының терең мәнін дәл солай ұғынған. Осы мағынада Абайды Әуезов қолындағы шамшырақпен теңеуге болады. Әуезов сол шамшырақты қолына ұстап, көшпелі феодализмнің небір меңіреу түкпірлері мен қараңғы қапастарын аралап кетеді де, зорлық-зомбылық, қатал жауыздық, әділетсіздік сияқты қара күштердің ойнағы болған нешетүрлі бұралаң шатқалдарды көз алдыңа жарқыратып әкеледі».
Осы сияқты көшелі ой толғаулар, сындарлы сөз саптаулар сыншы тәжірибесінің кемелділігін байқатса, бұдан арғы идеялық-көркемдік талдау машығының тартымдылығы көбіне-көп шығарма кейіпкерлерінің небір нәзік сырларына дендеп бойлау талабы мақала авторына деген құрмет сезімін одан әрі арттыра түседі. Алайда сыншы пікірі – салқын ойдың сарабдал сары сүрлеуі емес, оқырман қауыммен ағынан жарылып сырласқан ортақ тілек кісінің бүкпесіз, бүркенішсіз, жайып салған шынайы жүрек тебіренісі. Жүрек тебіренткен ізгі ойын ол эпопеяның алғашқы кітабын оқығанда-ақ жайып салған. Сіздің «Абайыңыз»,– деп жазған ол Мұхаңа жолдаған бір хатында,– адамзат ақыл-ойының адами мәдениеттің тереңдігі өлшенетін ұлы туындылардың қатарында тарихтың асыл қазынасына енетініне ешкім де күмән келтіре қоймас».
Тағы да сондай тұтас бір өлкенің толайым тарихы мен талайлы тағдырын кестелі тілмен зерлеп берген сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің де еңбегі сыншы на-зарына бірден-ақ ілінді. Онда, сонау елуінші жылдардың орта тұсында Ілияс Омаров Жоғары партия мектебінде оқып жүрген-ді. Сол тұста жарық көрген «Оянған өлке» романы туралы Мәскеуден Ғабит Мүсіреповке хат түрінде жазған мақаласы кезінде оқырман қауымды елең еткізіп, қатты әсер еткен айтулы бір оқиға болды. Ілекеңнің сыншылық талантының алғаш танылғаны да сол жолы десек ақиқаттан, сірә, алшақ та кетпеспіз!
Ілияс табиғатында бітімі бөлек, кішіпейіл, қарапайымдылығының үстіне қашанда болсын қалтқысыз адал, жаны кіршіксіз таза адам болатын. Сол адалдығын толғанысы жеткен ой тебірінісімен, зейін зерделілігімен өріп, емін-еркін жеткізу үшін автор сынның осынау арнау хат түрін өте сәтті таңдап алған.
Романның жалпы идеясы көркемдік ойдың негізгі арқауы жайындағы өз ұғымын, өз бағасын айта келіп, сыншы өзін тебіренткен, толғантқан тұстарында аса бір албырт сезіммен, нағыз құштарлықпен жалын ата жазған-ды кезінде. Қарап отырсақ, сол әсер күшінің қызуы күні бүгінге дейін сөнбегендей көрінеді екен.
«Сабаз жұмыскерлер-ай, сен болмаған жерде тайыздықтан басқа не бар? Бұланбай жоқ та, Жұманы көп елдің тарихында не өзгешеліктер болсын? Дегенмен Бұланбайлар шыққан жер нәрсіз де емес. Тақырда гүл өспейді ғой. Қазіргі бақытты заманның бізге берерін толық пайдалана алсақ, еліміздің тарихының кедейлігіне жетпес те едік, бірақ бір жаманың – кейде өз тоғышарлығымыз жер бауырлата береді. Бұны басқаша түсінбеу керек. Бұны сол қол жеткен табысқа қанағаттанбаған жөн деген ойда айтып отырмыз».
Нағыз Ілекеңнің өзі сөйлеп отыр. Туған халқын шексіз сүйген, оның өткендегі бақытсыздығын дәл бүгінгідей қиналыспен еске алып қынжылатын. Бүгінгі жақсы өмірінен ертеңгі жарқын болашақты көріп, оны жеке басының мерейіндей қуаныш ете білетін азамат перзентінің ғана өресі жете алатын ой биігі, тілек тазалығы.
«Қазақтың ең жақсы қасиеттерінің біразын Байжан арқылы берген екенсіз. Өзі нағыз қазақ болып шығыпты. Романдағы қазақтардың бәрі де қазақ қой, бірақ Байжан солардың бәрінен де қазағырақ. Елпілдеген ақкөңіл, керек десе өкпесін жұлып беретін адал қазақ». Шығарманың көркемдік қасиеттері туралы айтқанда осындай лепті сезіммен араластыра отырып әсерлі толғау – Ілекеңнің осы мақаласына да, одан кейінгі еңбектеріне де тән ерекшелік.
Сосын авторға деген құрмет сезімін өсіре түсетін нәрсе – қаншалық көңілдес, тілектес болған адамына да ол жалған сыпайылықпен орынсыз жығыла бермей, өзіне олқы көрінген жай-лар жөнінде өз пікірін ашып айтатын. «Оянған өлкедегі» әйелдер туралы айтылған ескертпелер осының дәлелі.
Әрине, сыншының шын талғампаздық қасиеті осы тәріздес жекелеген жағымды-жағымсыз мәселелерді түгелдей тізіп жатуда емес, көркемдік табиғатының небір терең де нәзік сырларын жүйелеп аша білуде, соған қалың оқырман қауымын тәнті қыла білуінде ғой. Ілияс Омаровтың Ғабит Мүсірепов шығармалары туралы жинақтап, жүйелі пікір айтқан «Сұлулықтың санқырлы сыр-сипаты» атты мақаласында осы қасиет айқын танылады. Мәселен, жазушы шығармашылығына шендестіре келіп, сыншының сұлулық табиғаты, әсемдік ажары жайындағы ой толғауы өте әсерлі. «Ғабит Мүсірепов әрқашанда өз халқымен бірге қуанып, бірге толғанып, әр оқиғаның мән-мазмұнын шеберлік құдыретімен ұғынуға тырысады. Сондықтан да суреткердің өнері ой қозғайды, жүрек тебірентеді, сезім оятады, қуантады, күйіндіреді, сүйсіндіреді. Жазушының әрбір шығармасын оқыған сайын өз өміріңе көз жіберіп, бүкіл адам баласының асыл қасиеті – көркемдік пен сұлулыққа ой жүгіртесің».
Ілияс Омаров тек М. Әуезов пен Ғ. Мүсірепов шығармашылығын ғана емес, қазақ әдебиетінің асыл қазынасына олжа салған аға буын өкілдері хақында да құнарлы тың пікірлер қалдырып кетті. Бейімбет Майлин мен Сәбит Мұқанов жайында айтылған лебіздері сыншы ойының кең ауқымы мен аумағын білдіреді. Бұлар туған әдебиетіміздің көшін бастаған ірі тұлғалары туралы, олардың үлкен прозаның шырайын енгізген іргелі туындылары туралы айтылған өз алдына бір желі еңбектер.
Ілияс Омаровтың асқақ адамгершілік қасиеттері хақында ел аузында, халық жадында қалған көп деректер бар. Солардың ішіндегі ерекше сүйсінерлік қасиеті – оның талантты танығыш сергектігі, жас дарынға жанашыр қамқорлығы, қиядан жалт еткен жақсыны қырандай қырағы көзбен шалып, аялы ағалық алақанымен мәпелей білетін ізгілігі еді. Кезінде ол Бауыржан Момышұлының, Тахауи Ахтановтың, Әбдіжәміл Нүрпейісовтің, Зейнолла Қабдоловтың, Сафуан Шаймерденовтің, Әнуар Әлімжановтің, Жайсаңбек Молдағалиевтың алғашқы шығармаларына жылы лебіз арнап, жаңа көрінген жас таланттардың шығармашылықтың кең арнасына құлаш сермеуіне игі тілек білдірген болатын. Содан бері, әрине, көп уақыт өтті. Көп дарынның қанаты қатайып, қаламы ұшталып, кейбіреулері әлемдік аренаға да шығып кетті. Бүгінде біразы арамызда жоқ та. Әйткенмен, олардың шалқар шығармашылық айдынға шығып, кең тынысты туындылар, беруі алғашқы аяқ алыстан басталғанын ұмытпаған абзал. Қиыны мен қызығы мол осынау бір толассыз тіршіліктің бастауында жалт еткен от ұшқынын жазбай таныған жіті жанардың сондағы жылы шырайы әсте ұмытылмасқа керек.
Айталық, Б. Момышұлы шығармаларындағы тіл құнарлығы, ерлік пен батырлықты шыңдайтын мінез-құлық ширақтығы, жауынгерлік өмірдің шындығы; Т. Ахтанов романындағы жемісті реалистік ізденістер мен психологиялық талдау машықтары, автордың айқын аңғарылатын өзіндік қолтума беталысы; Ә.Нүрпейісов туындыларындағы эпикалық кең тыныс пен тарихи табандылық; З. Қабдолов повесіндегі сұлу романтика мен жалын, жігер; Ә.Әлімжанов еңбектеріндегі публицистикалық пафос пен азаматтық әуен – міне, осылардың қай-қайсысы болса да, сыншының бір кезде дәл басып айтқан, бәлкім, сол арқылы болашақ жазушының бетін айқындауына едәуір үлес қосқан жанрлары болар. Біз бүгінгінің қаншама биігінен қарасақ та, әлгі жәйттер шабытқа шарапаты тиген қымбат лебіздер болғанын ұмыта қою қиын.
Мәселен, бұл күнде аты алысқа танылған аға жазушыны Әбдіжәміл Нүрпейісов көп жылғы еңбегін тәмамдап, кесек туындыларына нүкте қойған бойда-ақ одақ көлеміне кеңінен та-нылып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Одан келе дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылып, халқымыздың «Абай жолыннан» кейінгі жаһан танып, санасарлықтай өкілетті өкілі болды. Ендеше, сол трилогияның алғашқы кітабы бой көрсеткенде-ақ оның зор болашағын аңғарып, әз ағаның адал көңіл білдіруі, қазір ойлап отырсақ, оның керемет талғампаздығы екен. Тұлпарды тайынан, жүйрікті шаңынан танитын көзқарақты қайраткер тіпті оның тырнақалды туындысы – «Курляндия» романына да жылы лебіз айтып, алғаш пікір білдірді емес пе.
Ақынжанды аға ақындық өнерді де жан-тәнімен сүйіп, қатты қастерлеген. «Сырбайдың сырлы дүниесі», деген мақаласында ақындық сезімталдықты, көрегендікті, талғампаздықты талап ететінін, Сырбай жырлары соның бәріне жауап беретінін, сондықтан өлеңдерінде көп екенін атап өтеді. «Ақындық анкета» деген тақырыппен Жұбан Молдағалиевқа, Қайнекей Жармағанбетовке, Жаппар Өмірбековке, Мұзафар Әлімбаевқа, Ғафу Қайырбековке жолдаған хаттары сыйлай-ұрқым сәлем емес, аталмыш ақындардың өлеңдеріндегі жалт еткен жаңалықтарын дер кезінде байқап, солардың өрістеуіне, қалам сілтеулеріне тілек қосу еді. Оларды негізінен хат-рецензия деуге де болар. Біздегі күні осы уақытқа дейін жоны жұқа болып келе жатқан поэзия сынына кезінде нақты үлес қосудың жақсы нышаны емес пе бұл?!
Кейде осындай қолдау хаттың адам тағдырын шешіп кететіні де болады. Мысалға мына бір хатты алайықшы: «Жолдас Ебікенов! Сіз жөнінде барлық дерегім – жорналда басылған «Финиш», «Аттаныс» деген кішкентай өлеңдеріңіз. Болжауым – заманына тән қаулап өсіп келе жатқан жастардың біреуі боларсыз деймін. Хат жазып отырған себебім – өлеңдеріңізде адам қимылын, адам сезімін беруде шебер еркіндіктің ұшқыны көрінеді. Мұны талабыңызға сай бір мүмкіншілік тәрізді көрдім. Бұл бірер ауыз сөзді ақындықтың айғақ көзірі екен деп ұқпаңыз. Онда екеуіміз де ұрылып қаламыз. Ал тек қана жол-жөнекей «іске сәт» деген қолдама деп қабылдаңыз. Зор пікірлер зор еңбектердің тұсында айтылады ғой. Еңбек сіздің мойында, пікір менің мойнымда болсын! Коммунистік сәлеммен Ілияс Омаров. Москва. ВПШ».
«Жолдас Ебікенов» деп отырғаны оқуын енді ғана бітіріп, облыстық газетке қызметке жаңа кіріскен жас ақын Еркеш Ибраһим. Хат сонау одақ астанасы Мәскеуден көп облыстардың бірінің орталығы – Көкшетауға жолданып отыр. Неткен сергектік, неткен қамқорлық десеңізші.
– Облыстық газетке енді ғана келіп, үй-күйсіз екі ойлылау болып жүргенде есімін естігенім болмаса, өзін көрмеген, мүлдем кездеспеген үлкен кісінің сонау ел астанасынан жазған осы шағын хаты өмірімді күрт өзгертіп, қанат байлап жібергендей болды. Поэзия менің өмірлік мұратым, ұшатын қа-натын, қонатын тұғырым екеніне көз жеткізіп, жыр жолына жалтақсыз түсуіме жігер берді. Кейін «Қолшана» деген өлеңіме пікір жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде сәт-сапар тілеуі жыр пырағына мінгізіп, қайтып түспестей етіп, ұлы бәйгеге қосты да жіберді. Әйтпесе өлең-жырды онша қажет етпей, тек газет жұмысының шоқтығына мініп, шоқырағына үйреніп алған жалаңтөс жайдақ журналист боп қалар ма едім, қайтер едім,– деуші еді Еркеш марқұмның өзі.
Бүгінде айдай әлем танып отырған, аса талантты ақынымыз Олжас Сүлейменовтің дара дарынын алғаш байқағандардың бірі де осы Ілияс ағамыз болатын. «Ақындық анкета» деген атпен Жұбан Молдағалиевқа жолдаған хатында үні асқақ, мақамы бөлек танымы терең бұл ақынның поэзиямызға еркін енгелі тұрғанына қатты қуанғанын жасыра алмай былай деп жазады.
«Олжас өлеңдеріндегі менің аударған – біздің ұлттық әдебиеттің өзегінен үзілмей келе жатқан өмір мен бір ұлы сарынның сырын ұқтым, көкірегінде көзі бар кісі болмаса, саңлаусыз жан әсте оны аңғара бермейтін бұл сырдың түйіні көп ақындардың қолына түсе бермеуші еді. Сонау ежелгі дүниеден басталған бұлталағы мен бұралаңы көп соқпақ жолымыз соқыр кісідей адастырмай кеп, ақыры жанама көшінің жетегіне ілестіріп, біздің халқымызды да бүкіл адамзатпен бірге ілгері бастырып отырды. Біздің еліміз ілгері басты, өмір көгіне өрмеледі, өсті, өнді, дамыды. Олжас осыны сезіне білді. Махамбеттің жалын атып, дабылдатып отыратын отты шығармаларындағы шапшаңдықтың, жүйріктік пен жігердің кейіпкері болып көрінетін «Тарлан» Сәкеннің кезінде «Экспреске» айналып, Олжастың заманында космос кемесі боп ыршып ғарышқа көтерілді. Осы бір заманның табиғатына тән ілгері ұмтылу әлеуметтік өмірдегі өзгерістерді дәл басып, поэзия тілімен суреттеу ақын бойындағы асқақ, тәкаппар дарынның күші».
Поэзия хақында салмақты да салиқалы, ақылды да әсерлі пікір айту үшін өзгені былай қойғанда, сыншы өз сезімінің пернесін ақын болып басуға немесе ақынша басуға тиіс. Онсыз сыншының да күй сандығы күмбірлей алмайды. Ақындық туралы толғанған сыншыға бұл, біздіңше, бірінші шарт. Ал Ілекеңнің ақындық өнер жайында айтқандары ой мен сенімді бір арнада тоғыстырған өрнекті поэзия өлкесіне оның өзі де ақындық жүрекпен саяхат кеше алатын қабілетін танытып еді.
Ақындықты түпкілікті кәсіп қып, жалына жабысып айырылмағанмен де, Ілекең өлең де жазған, әсіресе жасырақ кезінде көбірек жазған. Сыйлас, сырлас достарына әзіл-қалжың ретінде бірер шумақты суырып салып, жазып беруді бертін де қалдырмаған. Осы ғасырдың басында бір топ ізбасарлары құрастырып, «Санат» баспасынан шығарған «Ілияс Омаров» атты кітапқа кірген өлеңдерін оқи отырып, зымырандай зырлаған заманның күнделікті қарбаласы, қат-қабат қоғамдық қызмет, миды ашытқан мемлекеттік қарекет қандай ақынды жұтып қойған деген ойға келдік. Көзі тірісінде Ілекең, сол өлеңдерінің бірін де баспасөзге бермей, Абай атасы сияқты жазып-жазып, қойын дәптеріне сақтайтын. Талап тұлпарының тізгінін тартып ірікпей-ақ, тоқтамай жаза берсе, өз тұсындағы үзеңгілес ақындардың ешбірінен кем түспес еді. Мәселен, қаламынан:
«Ой шапса қия жарға қайырмаймын,
Болса да жүгім ауыр қайғырмаймын.
Ойымды, қиялымды ешуақытта
Халықтың мүддесінен айырмаймын».
немесе
«Түнгі ойлар тұңғиықты аралайды,
Кездескен кедергіге қарамайды.
Текедей кейде құлап мүйізіне
Сеніммен табандарын тағалайды»
сияқты жолдар туғызып жүрген кісіні қалайша ақын демессің.
Иә, болмаса оның Ердің сипатын беріп:
Ойы бар найзағайдай жарқылдаған,
Жігер бар алып ұшып қарқындаған.
Өмірі от секілді жанған өршіп,
Жүйріктей өрге шапша алқынбаған, –
деп, енді бірде:
«Жалмаудан көрсеқызар тартынбаған,
Шен көрсе жоғарылау жалпылдаған.
Халыққа әйгіленсе жамандығы,
«Мен жақсы, мен жақсы» деп барқылдаған ездің сипатын әкеп көз алдыңа тарта қояды. Сонда:
«Қалғып жүрген адамда,
Қамалды бұзар күш болмас.
Кеудесін қаққан жаманда,
Түйінді шешер тіс болмас»,–
деп күрсінеді. Бұларды халқым деп көкірегі қарс айырылған ақынның жүрегін жарып шыққан жолдар демеске бола ма. Бәрінде де лүп-лүп соққан жүректің лебі, шүп-шүп тұрған ойдың сөлі бар десек әсте жаңылмаспын.
Жоғарыда аталған кітапқа Ілиястың жетпіске тарта ірілі-ұсақты өлеңдері кірген екен. Оның ел аузында жүрген, дос-жарандарының мұрағатында жатқан әзіл-қалжың, арнау өлеңдерін жинастырып, бәрінің басын құрап бөлек бастырып шы-ғарса, жап-жақсы жыр кітабы болғалы тұр. Әлбетте ол келешектің мәселесі.
Сыншы, әдебиетші Ілияс Омаровтың жоғарыда айтылғандардан басқа, әдебиеттің жалпы мәселелері, былайша алғанда, бірыңғай эстетикалық, көркемдік мәселелері, әдебиет пен өнердің тарихы, ілгері басу, даму перспективалары жайында жазғандары, жекелеген өнер қайраткерлері туралы айтқан сөздері ұлттық мәдениетіміздің ен ортасында жүріп, жемісті еңбек еткен адамның көп жылғы пікір жиынтығындай, артта қалған замандастарға айтып кеткен жолдастық аманатындай естіледі. Әсіресе, драматургия, театр, музыка, тіпті би өнері жайын кең толғап, ұлттық цирк болашағын қозғаған, халық өнерпаздығын дамыту жайын сөз қылған мақалалары.
Ілекең жан-жақты білімдар, бойына ғылымның сан саласынан мол мағлұмат жинаған, ойына адамзат ақыл-ойы жасаған асыл атаулыны барынша сіңірген мейлінше білімді адам болатын. Қай халықтың болсын, қай саланың болсын ғұлама ғалымымен де, асқан дарынды ақын-жазушысымен де, басқа өнер қайраткерімен де терезесі тең отырып пікір толғай алатын әйдік оқымысты кісі еді. Олар да Ілекеңнің телегей теңіз біліміне, ой тереңдігіне тәнті болып, әділ таразы пікіріне қашанда құлақ асып отырған. Шынында да, оның Михаил Шолохов, Александр Фадеев, Леонид Леонов жайында жазғандарын оқығанда шын жүректен шыққан шынайы пікірлеріне разы болып, зор ләззат аласың.
Елуінші жылдардың ортасына қарай тағы да тың көтеру басталды. Бұл тың бұрынғы тыңнан өзгеше болды. Алғашқы тың шаруалар тұрмысының ғасырлар бойы қалыптасқан қалың қатпарын қопарып, өмірді өзгертсе, бұл тың ғасырлар бойы тусырап жатқан қазақ даласының қалың құйқалы қыртысын қопарып, өңірді өзгертпек болды. Бұны жасампаздық жолындағы және бір жарқын бастама деп білген жаңалыққа қашаннан құлағы түрік қазақ қаламгерлері қызу қуаттап жапатармағай жарыса қалам сілтеді. Алайда көпшілігінің жазғандары жол-жазба әсерден, очерк-суреттемеден, асса-шағын хикаядан ұзап шыға алмай, ұсақ-ұсақ дүниелер болып қалған еді.
Сол кезде жасы отызға енді жеткен жас жазушы Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы дүниеге келіп, оқырман қауымды елең еткізді. Романның оқиғасы бір заманда зор-лық-зомбылықпен тізеге салып, аша тұяқ қалдырмай ортаға түсіріп, жұрттың аузындағысын жырып ап, ашаршылыққа ұрындырып, әрең құрған ұжымдық шаруашылықтардың шат-шә-лекейі шығып ыдырап, қу медиен құба түзден қазық қағып, кеңшарлар ұйымдастырып жатқан кезеңді қамтиды. Ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа мирас қалып келе жатқан жерінде қазақы өмірдің қаймағы бұзылып, тұс-тұстан топырлап келіп жатқан тыңгер деген жалаңтөс кеудемсоқтардың тәртібі орнай бастаған тұс шығармада шынайы бейнеленіп, тыңның түп мәнін түсінбесе де, партия бастамасы деген соң басын изеп, амалсыз мойындаған халықтың көңіл күйі тәп-тәуір көрінеді.
Тәжірибелі тамыршыдай жас таланттардың мүмкіндігін мүлт жібермей тез танитын сергек сыншы Ілияс Омаров роман жарыққа шығысымен-ақ іліп әкетіп, «Жалғыз үй сыры» атты талдама мақала жазды. «Сәкеннің жазушылық өміріндегі шоқтығын биік шыңға көтеретін, болашағынан зор үміт күттіретін бір қасиеті – әдеби тілді тәуір білетінінде, ана тілінің нормасын жатық орынды қолданатындығында жатса керек, – дейді сыншы. – Бұл – жазушы үшін басты қасиет, кітаптың да безбенді басар ең салмақты жағы тілінді ме дейсің. Біріншіден, Сәкен дала суретін, табиғат стихиясын бар тынысымен, бар романтикасымен беруге күш жұмсайды. Романның негізгі объектісі – қазақтың көсіліп жатқан байтақ тың даласы болғандықтан, оны бар құбылысымен, бар өзгерісімен көрсету тап осы шығарма үшін аса қажет нәрсе… Дала көрінісі әншейін суреттеу үшін алынбаған, әрқайсысында астарлы сыр бар – болашақ оқиғаның мықты суыртпағы, тартылған желінің берік қазығы. Екіншіден, портрет, характер жасауда тіл көркемдігінің берер әрі мол. Осы романда қаншама адам болса, сол адамдардың өзіндік бет пішіні, сыр сипаты, жүріс-тұрысы, мінездегі ерекшеліктері тайға таңба басқандай десек артық болмас еді».
Талдауы терең шебер сыншы осылай жазушы шығармасының ішкі сырын аша түседі. Оқырман деңгейінен әдебиет сыншысы дәрежесіне көтерілген Омаровтың шығарманы талдауынан әдебиет теориясын жетік білетіні, білімінің байлығы, пікірінің әділдігі айқын көрініп отырады. «Сәкен Жүнісов жазушылық арсеналы бай, қызса бөкен желісінен төмендемейтін де секілді. Оқырман ретінде менің өз басым одан үлкен жеміс күтуге болады деп түйемін», деп тұжымдайды ойын.
Парасатты сыншы, пайымды публицист Ілияс Омаровтың өзіне тән үрдісі, өзі салған соқпағы бар. Ол көбіне жазушының шығармашылық шырайын ашатын портреттік сын мақалалар жазды. Әрбір мақаласында ол жазушылардың жаңалығына айрықша тоқталып, әдеби талдау жасауға бой ұрды, көбіне тарихи салыстырмалы әдісті жиі қолданды. Бұл сыншының белгілі арнасында іске асырылып, әдеби сын, публицистикалық туындыларын көбейтіп, мұрасын молайта түсті. Аз ғана ғұмырында Ілекең әдеби сынның өрісін кеңейтуге, оның хат түрін түлетуге үлкен үлес қосты. Сондықтан да оның қазақ әдеби сынында алатын орны айрықша.
Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы.