09 Қазан, 2012

Парасатты суреткер

600 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Парасатты суреткер

Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:06

Ісі де жемісті, сөзі де келісті, жан-тәні меруерттей таза журналист, жазушы, аудармашы, іс қағаздарын жазуға жетік Сейітжан Ома­ров­тың өмір жолы, өркендеу жолы ғибрат алар­лық өрлемпаз өреннің сонау өсу, есею жыл­да­рына қатысты ой өрбітер болсақ, 1924-1927 жылдарда Атбасардағы 7 жылдық орыс-татар мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер курсында, Қостанайдағы мұғалімдер институтында білім алған. 1932 жылдан бері журналистік қыз­мет­пен шұғыл­да­на­ды. Сол бір жылдарда рес­пуб­ликаның әдеби-мәдени өмірінде айрықша із қалдырған. 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын сахналайды.

Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:06

Ісі де жемісті, сөзі де келісті, жан-тәні меруерттей таза журналист, жазушы, аудармашы, іс қағаздарын жазуға жетік Сейітжан Ома­ров­тың өмір жолы, өркендеу жолы ғибрат алар­лық өрлемпаз өреннің сонау өсу, есею жыл­да­рына қатысты ой өрбітер болсақ, 1924-1927 жылдарда Атбасардағы 7 жылдық орыс-татар мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер курсында, Қостанайдағы мұғалімдер институтында білім алған. 1932 жылдан бері журналистік қыз­мет­пен шұғыл­да­на­ды. Сол бір жылдарда рес­пуб­ликаның әдеби-мәдени өмірінде айрықша із қалдырған. 1925 жылы Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасын сахналайды. Атбасарда Әбдірахман Айсарин ұйымдастырған «Социалистік дала» газетінің жауапты хатшы­сы міндетін атқарады. Сондай-ақ, «Бес жылдық үшін», «Социалистік еңбек» секілді жергілікті газеттерде редактор болып істейді. Сонан соң Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінде бөлім мең­ге­ру­шісі қызметінде жүр­ген­де Қазақ Республика­сы­ның 15 жылдығына орай облыс ақын-жазу­шыларының таңдамалы шығармаларын жинақ­тап, «Жас қалам» атты жинақ шығарады.

1936 жылдың жазында Қызылжарға «Жұм­бақ жалау» романын жазу үшін Сәбит Мұ­қа­нов келеді де, Сейітжан Омаровты өзіне кө­мек­ші етеді (қол­жаз­ба­ны мәшіңкеге бастыру, тексеру үшін).  Келесі жылы Сәбит Мұқанов «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Бейімбет Майлинмен, жауапты хатшысы Мұха­мет­жан Қаратаевпен келісіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби қызметкер етіп орналастырады. Атал­мыш газетте Тайыр Жароков, Өтебай Тұр­манжанов, Қалмақан Әбдіқадыров қызмет етеді екен.
Еңбекқор, бейнетқор Сейітжан Омаровтың «Жұлдыз» журналында 12 жыл бойы жауапты хатшы болғаны тағы бар.
С.Омаровтың кемел шеберліктен, терең дү­ние­танымнан, эстетикалық қабылдауынан ту­ған көркем прозасы – Адамзатқа, Табиғатқа, За­манға, Уақытқа бағышталған. Шабыт құді­реті, рухани қабілеті, тегеурінді түйсік қуаты оның көкейкесті ойларын, толғаныстарын ізгілік пен сұлулықтың бесігінде тербетіп, көр­кем­дік ой-сезім әсерлеріне, лирикалық әуез-сарындарға көмкеріп, есілте-көсілте сөйлетеді. Асылы, шынайы мәдениетті көр­кем шығарма поэзияның, музыканың, филосо­фия­ның үздік қасиеттерін өн бойына жинақтайды. С.Омаров прозасының полифониялық сипаты ай­рықша. Жазушының өзіндік суреткерлік қолта­ң­ба­сы, өзіндік көзқарасы бар. Метафоралық-образдық жүйесі де өзгеше өрнекті тоқылады. С.Ома­ров­тың лирикалық прозасы бұл бір жанрлық түр деуге келмейді, атап айтар болсақ, суреткердің ішкі жан дүниесінің иірім-толғаныстарынан, көркемдікті қабылдау, сезіну, түйсіну, ұғыну-түсіну қабілетінен туындайтын ерекшелік яғни стильдік сипат-белгі.
Көркем сөз зергері Сейітжан Омаровтың «Қызыл арай» атты романы (1970) ХХ ғасыр басындағы ел өміріндегі дүрбелең-сер­гелдеңдер, машақат-мехнаты мол қым-қуыт, аласапыран, сан сапалақ тіршілік дүниесіндегі көріністер, тұңғиыққа құлдырап батқан қан кешудегі қилы-қилы, аумалы-төкпелі тағдырлар, лайсаң соғыс уақиғалары, небір рауаяттар қамтылған, типтік дәрежедегі тұлғалар, яғни психологиялық сыр-сипаттарға толы образдар галереясы сомдалған.
Соғыстың оты мен суын кешкен, жалақтап төн­ген ажалдың аузында жүрген жалынды офицер Алмас Оспанов Курск пен Белгоград арасындағы жол­ды іске қосу батальоны командирінің көмекшісі еді.
Алмас күдікті тұтқын мадияр жігітін барлау бөліміне әкеле жатқанда 6 қызыл вагон тіркеген паровоздың соңғы эшелонына бомба түсіп, жанып-күйіп отқа оранғанда ішіндегілерді құтқаруға кіріседі. Одан арғысы бей­мәлім. Рязань қаласындағы хирургиялық госпитальда есін жинайды. Медбике Валя зағип жауынгердің көңілін барынша қанаттан­ды­рады. Ықылас-пейілін, рақымын аямай аялап жүргенде оның орнын Елена алмастырады.
Иә, Еленаның сүйген жігіті Виктор Хрусталев болатын. Онымен мектепте де, педаго­гика­лық институтта да бірге оқыған еді. Фин соғысына қатысты. «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің иегері. Ұлы Отан соғысының да қаһарманы. Оның майдандас грузин жігіті Камо Валиашвили қаралы хабар жеткізеді. Виктордың ажалы Еленаның «жас дәуренінің жаңа гүлденіп келе жатқан бау-бақ­ша­сын өртеп кетті». Ұшқыр сезімді Алмас Еленаның қайғы жұтып, көкірегі қарс айрылып жүргенін сезіп қояды.
Тегінде, иман-таразы қалыпты Елена күн­делік жазуға машықтанған-ды. Күн­деліктегі сыр­ларын зағип Алмасқа оқып беретін еді. Алмас оған «жазымпазсың» деп үйіріле таңданатын. Сыпайы-сырбаз Елена көңілімнің күйлері ғой дейтін. Еле­наның жан сырлары Алмасты ересен әсерлендіріп, рахаттан балқып, көкірегін отты сезім кернеген. Дереу тумбоч­каның ішін қармалап, қойын дәптерін тауып, Еленаға ішінен Петропавлдағы бір та­ны­сының есімін іздетеді. Нақты айтқанда, Қазақстан, Петропавл қаласы, Хлебников кө­шесі, 12, Пали Илона. Егер аты өзгеріп, наға­шы­сының атын иеленсе, Швецова Елена Федоровна болуы ықтимал. Әп-сәтте Еленаның жүрегі жойқын сезім толқынына тербелді.  Қайран қалды да:
– Пали Илонаны сен қайдан білесің? – деп сұрады қыз.
– Мен Илонаның әкесін білетін едім. Менің бомба астында қалып, осылайша тірі қалуыма, ең алдымен, Габриш Пали деген мадияр себепкер болған.
Елена керемет толқып, осы бір оқиғаны бүге-шігесіне дейін бажайлап түсіндіреді. Алмас аң-таң.
– Илонаң да, станция басында өзің өлімнен құт­қа­рып алатын жас әйел де мен болармын? – дейді Елена.
Тоғысқан тағдырлар-ай. Қайырымды іс, қан кешуде жасалған ерлік, жақсылық сыбаға боп алдыңа келеді екен ғой. О, құдірет! Бірде болмаса бірде жолықтырады. Жалғанның ісі ақыретке кетпейді-ау!?
Кейде тентек тағдыр адам баласын осылай тәлкек етеді. Соңынан асқақ әсерлі кереметтерге кезіктіреді, күншуаққа кенелтеді.
Ақыл-парасаты, ажар-көркі, мінез-қылығы келісті мадияр қызы Илона (Елена) ықылас-пейілін, мейірімін мол төгеді. Алмастың жігері жасымасын, намысы кемімесін деп Ока өзенінің ну орманына серуендетеді, жанын жадыратады.
– Саған екі көзімді ойып беріп, етегің­нен ұстап жүрер едім, – деп елжірей түседі.
Айтпақшы, екеуі-де ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің 3 курсын тәмамдаған. Алмас Илонаны таң алдында туған Шолпан жұлды­зым яки тағдырымның кілті деп түсінеді.
– Алдыңызда отырған Харитон Оспанов Алмастың бел баласы, мадияр қызы Илонаның тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен тұңғышы, – дейді Сейілбек Төлемісовке.
Оның тұтқиыл жаңалық әсерімен жүйкесі босап, толқып, дереу бойын жинап, Харитонға қа­рап, ойға шомды. 44-ші жылдың жаз айында, санитарлық пойызда жолықтырған көзәйнекті жігіт пен нәрестесін өбектеген ақсары көркем келіншек көзінің алдына елестеп кетті. Ақ сейсепке оралған үлпершектей бөбек жас емендей сол­қыл­дап өскен Харитон болғаны ма? Иә, соның тұп-тура өзі! Сейілбек өзінің әдеби кейіп­кер­лерінің аман-есен болғанына керемет шаттанды.
– Қадамыңыз қайырлы, қаламыңыз қарымды болсын! – деді Харитон. Харитон Шалқардың таң­ға­жайып шарайнадай жарқыраған айды­ны­на асқан құштарлықпен ықыластанып, қанат­та­нып ата-баба тарихынан сыр шертеді. Ол әңгі­ме былайша өрнек­теледі: Әкесінің әкесі Жаманбай қария дүниеден өтер алдында баласы Оспанға сонау бір жылдарда Айшуақ байдың шұнақ тоқалы Жұмабикенің соңы­нан еріп келген суреті хор қызымен таласқандай «көй­лек­шең қыз» Күнбалаға ықыласы ауады. Алайда аюдай ақырған, тасқаяқтай қағыстырған «денесі түйенің жарты етіндей, беті сиырдың қар­нын­дай күж-күж». Анар бәйбішеден жария қо­сылуға сескенеді, елдің гу-гу өсегінен именеді. «Жаманбай тағдырдың тосқауылын бұзамын, құдайдың бермесін тартып аламын деп жүргенде, өмірдің бұралаң жолында, қиын құз-шатқалында мықтап сүрінді.
…Жаны, ары таза Күнбаланы бармақ басты, көз қысты әрекетке итермеледі. Отқа салған темірдің екі басы бірдей ыстық». Жаманбайдың көзсіз батыр­лығы­ның, көзжұмбай тәуекел жасауында да бір кілтипан уәж бар. Айшуақ қызының жүкті бол­ға­нын естісе, әзер болса тулап-тулап, мөңкіп-мөң­кіп басылар, сөйтіп, шарасыздықтан рұқсат берер деген ішкі есебі бар-ды. Қызының жайын Жұма­бике естіртеді. Соққыға жығы­ла­ды. Тағдырдың зілмауыр салмағын қайғымен көтерген Күнбалаға сегіз қанат ақ боз үй тігіп, қамап ұстайды. Не болса да Жаманбай Күн­баланы алып қашады. Иен далада Күнбала толғатады, «өлмегенге өлі балық» дегендей, Ақмола ауруханасының дәрігері Сергей Павлович Кантемиров ұшырасып, нәрестенің кіндігін кеседі. Дүние есігін «дала перзенті, дала батыры» ашты деп, ғайыптан кезіккен мейірімді дәрігер өз үйінің бес мүшесінің есімдерінің бас әрпін алып, Оспан деп атайды. (Ольга-Сергей-Павел-Анна-Николай).
Талғампаз жазушы С.Омаров «ел дәс­түрінің имандылық болмысының» (ақын Жаппар Өмір­беков бағасы) жыршысы, «жаны таза адам­дардың сандығы, көрмесі», «шолақ сайдай таспайтын, еңбектен ешбір қашпай­тын» (Әбу Сәрсенбаев сипат­тамасы) қалам қайраткері.
Романда терең ойлы, тәуекелшіл Қанипа мен Жаманбайдың Оспаны арасындағы кіршіксіз нәзік ғашықтық сезім қандай көркемдік әсерлілікпен берілген десеңізші!
«Қызыл арай» романында кемел көркем суреттер, «бейнелі әрекеттер» мол. Мысалы, Тоқсан­бай­дың қызы Жәмиді «ғайыптағы пірлеріне ұран са­лып» емдеген бақсының ойыны келісті-ақ. «Бақсы қобызының ысқышын қыл үстіне ерсілі-қарсылы жүгіртіп, біраз желпініп алды да, қырылдап, үйрен­шікті бәдігін бастап жіберді. Кәрі қобыз құдды адамша сөйлеп кетті. Күзгі шақта аспан кеңістігіне шырқап шы­ғып алып, жылы жаққа үдере жол тартқан үйір­лі тырнаның мұңлы тырауындай, сыңсып басталған әуен кем-кемнен күшейіп, сың­қылдап кетті…
…Күйіне келген кәрі қобыздан шыққан алуан нақыш шартарапқа атой салады. Біресе әуелеп ұшқан тырна болып тырауласа, біресе айдын көлде таранған аққудай сұңқылдайды. Енді бірде алыстап бара жатқан бір топ қаздай қаңқылдайды. Тағы бір сәтте ботасы өлген бозінгендей боздап кетеді. Тыңдаған жанның көңілін босатып, егіле еңірейді. Бір ауық тасыған өзендей гүрілдеп барып, баяулап тына қалады. Нәзік саусақтар ерсілі-қарсылы ойнақ салғанда кәрі қобыз ышқына ыңыранады.
Сейітжан Омаровтың шығармашылық өмір­баянын, суреткерлік өнегесін әңгімеле­ген­де профессор Нығмет Ғабдуллиннің мына бір пікірінің жаны бар. Ол: «Жазушы дағдылы өмір тынысын жіті барлап, көзге жұпыны кө­рін­ген оқиғаның сырын ашып, сол күй арқылы адамгершілік мәселесіне байланысты келелі ой қозғайды… Өмірдің қатқыл желі бетке тигенде, адамның ары мен қайраты сыналар болғанда, осы қарапайым жандар бір түрлі жоталанып, іріленіп көрінеді», дейді.
Жазушы Сейітжан Омаровтың аңыздық-ер­тегілік, сиқырлы сарындарға, халықтық-поэ­зия­лық дәстүрлерге құрылған «Аққу күйі», «Хан­ тағы», «Жолбарыс пен түлкі», «Алтын киік», «Толыбай сыншы», «Аң патшасы», «Бақ жұлдызы» дейтін әңгіме-новеллалары көркем­дік сұлулығымен, музыкалық архитектоника­сымен қиял, сезім, ой мұхитына шомылдырады. Жазушының дархан пейілді мейірбан шырайы, тілінің тазалығы, ұлттық ойлау ділі, рухани кейпі, келбеті, терең көркемдік дүниетану даралығы, ішкі мәдениеті, оқырманның саналы көңілін сәулеттендіріп гүлдендіреді.
Бұл ретте «Аққу күйі» атты ертегілік си­пат­ты новелласының көркемдік-философия­лық маз­мұ­ны­на, сұлулық әлеміне ой жүгір­тейік­ші. Бір үзім нанға зәру, отағасынан айырыл­ған жас жесір қос жетімегін ертіп, Бақытты іздеп табуға «темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанда жететін» белгісіз, жұмбақ мекенге аттанады. Ол: «Азап деген асу бермес биік тау бар… Жер дүниені тұтас алып жатқан Қасірет атты теңіз бар. Тәуекел деген қайыққа мінеміз де, өтеміз», дейді қос жетімегіне. Және де жұбайының мылтығы мен қобызын ала шығады, тұйыққа тірелсек тірек, көмек болар деп ойлап.
Сөйтіп, шексіз кеңістікке сүңгіп кетеді. «Күн жалыны құлақ-шекелерінен өтіп күйдіріп барады». Әупірімдеп бір жіңішке өзенге кезігіп, жайлы жерге жайғасады. Сегіз жасар ұлы әкесінің мылтығымен екі шүрегей үйрек атып әкеліп, «етін шақпақ отына қақтап жеп, өзен­нің тұнық суын қанып ішіп» мызғып кетеді.
Таң шапағында ғаріп Ана ұйқысынан шошып оянады. Осынау жаздың әсем таңын: «Даланың қырмызы гүлдері мен алуан түрлі өсімдіктерін таң самалы бөбекше тербетеді… Аспанның иығына шырқап шығып алып, жалт-жұлт еткен шолпан жұлдыз таңнан ұялғандай жасқана жымыңдайды», – деп әсерлі, мәнерлі сипаттайды. Дереу мақсаткер Ана қос бала­панын оятып, қиямет-қайымы, азап-қорлығы есепсіз ұлы сапарды қайрат-жігермен жалғас­тыра­ды. Азап тауынан, Қасірет мұхитынан Тәуекел қайығымен аман-есен, сау-саламат абы­роймен шыққан-ды. Әлбетте, сүйектері саудырап, құр сүлдері қалған-ды.
Олар күндердің бір күнінде «айналасы ат шаптырым айдын-шалқар көлге кездеседі». Құс базары, ән базары дерсің!
Баланың атқан оғы құсқа дарымайды. О, ғажап! Бейкүнә бейшаралардың қуат-күші ізім-қайым құмға сіңгендей. Ұйқы жеңіп, та­лық­сып кетеді. Оянса, көлде бірде-бір құс жоқ. Құлаққа ұрған танадай меңіреу тылсым тыныштық.
Жесір Ана гөй-гөйлетті. Күңіренді, күрсін­ді. Жер тепкілеп еңіреп боздады. Қайраттанып, тың тың­дады. Әлденеден үміттеніп, рақым­шы­лық аң­сап. «Сұңқылдаған бір әсем үн шалын­ды ана құла­ғына. Аспан аясынан, қияннан келеді асқақ үн… «Құс патшасы киелі аққу осы­лай сұңқылдайтын, деп ойлады Ана, құс та болса тиер ме әлде ша­рапаты…».
Шынында да: «Айбарлы асқақ үн бірте-бірте жақындай түсті. Әлдебір ғажап әндей немесе өзектен өтетін көтеріңкі күйдей жандарын тербетіп, мұңды жүректерін қытықтайды…
Көз алдында тәкаппар, маңғаз, керім-кербез аққу айдын көлде сұңқылдап, қанатын керіп күміс суға шомылды.
Ана баласына ат деп бұйырды. Екі мәрте дәл нысанаға алса да, тағы да оғы мүлт кетті.
Аққу ұшып, Балқан тау жаққа бет түзеді. Бала анасынан қиылып рұқсат сұрап, бақыт құсының мекеніне, жаратылыстың сұлу құша­ғына жөнейді… Өлермендігі мен өжеттігі бірдей жасөспірім басына көкала бұлт қонақтаған ақ сәлдеге оранған сеңгір тауға жетті. Баурайында айдын көл. Бірақ та бірде-бір құс жоқ. Е, олар күндіз тау басында серуендеп, түнде көлде масайрайтын шығар деп, таудың жақпарындағы бір үңгірге кірді де, аққудың келер жолын тосып жата берді».
Көзге таныс көрікті аққу ымырт жабыла айдынға зор қанаттарын жайып қонып, сыла­нып-таранып рахаттанады. Бала тура көздеп, аққуды атып өлтіреді.
Мұзарт шың басындағы бақыт құсын шарқ ұрып іздеп шыққан бала өлі аққудың денесін арқалап, шешесі мен қарындасына оралады.
Сонда анасы: «Атқанда аққу не деді… Жылап зарлады ма?..» – деді.
Ол қара қобызын қолына алып, «Аққу» атты күйін дүниеге әкеліпті.
Мұнан кейін үшеуі Балқан таудың ұшар басындағы бақыт құсын іздеуге шығыпты. Бақыттың құсы – ғайыптың құсы таптыр­мапты. Ол еліне оралғанда, жұрт алдында «Аққу» күйін күңіренте тартып берген дейді…
Асылында, «қиял – ой қанаты, ой – тіл қанаты» деген данышпандық қағидаға жүгін­сек, С.Омаров­тың «Аққу күйі» тақылеттес әңгіме-новеллаларына шытырман, тосын, бейнелі оқиғалық сюжет және оны қайыстырып баяндау, құштарлықпен айшық­тап толқыта суреттеу тән.
Сөз ұстасының аудармашылық өнері де өзгеше. Түрік жазушысы Ришат Нури Гунте­кен­нің «Боз­тор­ғай» романын, Сәйфи Құдаш­тың «Көктемді қарсы алғанда», «Жастық шақтың ізімен» хикаят­та­рын және орыстың классикалық әдебиетінің озық өкіл­дері Л.Толстой, Н.Гоголь, А.Чехов, М.Горкий, И.Франко, В.Катаев, А.Корнейчук шығармаларын, соны­мен қатар, чех жазушысы Божена Немцованың «Алтын кітап», «Күміс кітап» дейтін туындыларын қазақша сөйлетті.
Сейітжан Омаров Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында ширек ғасыр іс қағаздарын мұқият жазумен, журнал мен газет шығарумен өткізсе де шығармашылық еңбекте де өнімді, өнікті жаратындылар туындатқан. «Кішілікте де, ұлылықта да ісіммен еңбек сауып игілік көрген егіншімін», деп жазыпты. (1980 жыл, 1 қаңтар).
Таза еңбектің соңында құмырсқаша қимыл­дап, адамшылықтың ақ жолында адалдық, түзулік көрсеткен «өз дәуірінің безбеншісі» Сейітжан Омаровтың:
Уа, келер ұрпақ,
Кемел ұрпақ!
Мен кемеңгер Мұхтардың замандасымын,
Дана Сәбиттің ізбасар – қаламдасымын,
Көркем сөздің оты болмаса да қоламтасымын, – деуі қисынды. «Адал істің әулие-пірі бар» дегендей, сөз қадірін өз қадірім деп білген, қарапайым­дылы­ғымен қадірлі Сейітжан Омаровтың өмір­шең шы­ғармалары жас ұр­пақты ізгілік пен әдептілік сабақтарына баулиды.
Серік НЕГИМОВ, 
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.
АСТАНА.