09 Қазан, 2012

Шәмша жолы

811 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Шәмша жолы

Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:11

Осы бір жанға бір ауыз сөзді артық айтуға болмайды, бір ауыз сөзді кем айтуға болмайды. Орындысы сол – анығын айту керек. Сондықтан да ағыл-тегіл сезімің болса да, күмбірлеген күйдей көңілің болса да шындық сүзгісінен сүзілу қажет. Иә, Шәмша Көпбайқызы туралы әділ айту керек. Себебі ол – қазақ қызының үйренерлік үлгісі, өрелі өнегесі. 

Сейсенбі, 9 қазан 2012 7:11

Осы бір жанға бір ауыз сөзді артық айтуға болмайды, бір ауыз сөзді кем айтуға болмайды. Орындысы сол – анығын айту керек. Сондықтан да ағыл-тегіл сезімің болса да, күмбірлеген күйдей көңілің болса да шындық сүзгісінен сүзілу қажет. Иә, Шәмша Көпбайқызы туралы әділ айту керек. Себебі ол – қазақ қызының үйренерлік үлгісі, өрелі өнегесі. 

Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов өзінің ұлы шығармасына «Абай жолы» деген атауды тегін бермеген ғой. Абайды терең таныған, даналығына бала кезінен бойлаған, 7 жасында бар өлеңдерін жатқа оқып, қарасөздерін білген, ой қуған дана Мұхтар өзі таңдап түскен Абайдың адамдық жолына өзінің туған халқын, ел-жұртын, ұрпағын түсіруді көздеген. Абайдың даналық, арлы жолы барша адамзаттың жолы болса екен деген арманы да болған шығар. Ізгі арманнан туған шығарма шын мәнінде әлемді шарлап кетті…

Сол сияқты, өз басым Шәмша Беркімбаеваның жолына түссем деп армандаған жанның бірімін. Әпкемізбен 1995 жылы таныстым. Сол жылы ұлы Абай­­дың 150 жылдық торқалы тойы Юнеско көле­мінде атап өтілді. Ол кезде Шәмша Беркімбаева Білім минис­­трінің орынбасары болатын. Білім министрлігі мен Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы бірлесе отырып, Абайдың 150 жылдығына арналған халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлады. Сол конфе­ренцияның ұйымдастыру комитетінде мен де болдым. (Мен онда Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында ғылыми қызметкер болатынмын). Халықаралық конференция өте жоғары деңгейде өтті. Мәселе онда емес. Шәмша Көпбайқызы конференцияға дайындық барысында: «Қымбатты әріптестер! Абай ақын ғана емес, Абай философ қана емес, Абай – біздің елдігіміздің белгісі, тә­уел­сіздігіміздің айғағы, тіліміздің, діліміздің тірілгендігінің белгісі. Осы жауапкершілікті ұмытпаңыз­дар», – деді. Көзіне қарадым… мұңды да көрдім… рухты да көрдім. Тағы бір тапсырмасы: «Алыстан келген, мектептен келген ұстаздарды құрметтеңіздер. Абайдың тойы алдымен сол ұстаздардың тойы, қуанып келіп, ренжіп қайтпайтын болсын». Міне, Шәмша Көп­бай­қы­зының осы екі сөзі мен үшін тұмардай қастерлі болды. Шәмша биігі, Шәмша әлемі менің санамда осылай орын алды. Одан кейін Шәмша Беркімбаеваның жазғандарын іздеп жүріп оқи­тын, сөйлеген сөздерін ден қойып тыңдайтын болдым.
Біздің қоғамдағы елге қызмет атқарып жүрген тұлғалардың өз орны, өз стилі, өз даусы бар. Көзі қарақты жұрт оны біледі. Еңбектің төрешісі – халық. Шәмша Беркімбаева дегенде алдымен қазақ мектебі, ауыл мектебі деген ұғымдар ойға оралады. Шәмша Көп­байқызы «Ұлттық мектептің ұлы мұратын ұмытпайық» (Қазақ тілінде оқытатын мұғалімдерге арнау сөз) («Егемен Қазақстан», желтоқсан, 2002 жыл) атты мақала­сында «… Мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинаған халықтың осынау рухани мол мұрасы әлемдік озық үлгілермен астаса келіп, оқу-тәрбие беру қызметіне негіз болып отырған бүгінгі қазақ мектебі нашар болуға тиіс емес. Мен мұны қазақ мектебінде білім сапасы төмен деген әңгіме намысыма тиген соң айтып отырмын. Оның жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмай, ұлттық мектептің атына кір келтіріп отырған білім беру жүйесінің басшылары, біз нашар шығармыз. Өз міндетін жете түсінбейтін шалағай ­директорлар, білімі жадағай кейбір мұғалімдер­дің кінәсі болар. Ендеше, құрметті әріптестер, халық намысын ту етіп, қазақ мектептерінің жақсы аты үшін еңбектенетін уақыт келді.
ХХІ ғасыр – қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр марғау­лық­ты көтермейтін ғасыр. Бізге серпілу керек … Елдігі­міздің кепілі, мемлекеттік тілдің бағы жануының алғы­шар­ты – қазақ мектебінің оқу-тәрбие процесін тиісті деңгейде көтеру – біздің басты міндетіміз екендігі, тіпті туған халқымыздың алдындағы перзенттік, азаматтық парызымыз екендігі әрдайым есте болса», деген жанайқай сөзін ісімен дәлелдеген Шәмша Беркімбаева Елбасы сеніп тапсырған Білім және ғылым министрі қызметін «Ауыл мектебі» бағдарламасын жүзеге асырудан бастады. «Ауыл мектебі» бағдарламасы тұңғыш рет үкімет деңгейінде қабылданып, сол мерзімде ауылда 226 мектеп салынды, қаншама мектептер күрделі жөндеуден өткізі­ліп, химия, физика кабинеттері қайта жабдықтал­ды. Шындығында 2002 жылы ауыл мектебі республика мектептерінің 77 пайызын құраса, оның 65 пайызы ша­ғын комплектілі мектептер еді. Сол кезде ауыл мұғалім­дерінің 54 пайызы ғана жоғары білімді болса, екі жыл­дың ішінде 44 мың мұғалім мектептен кеткен, 342 мектепте маман жетіспей, шет тілдері жүрмеген. Міне, осын­дай жағдайда министр болған Шәмша Көпбайқы­зының еңбегі «түнде ұйқы, күндіз ас ішпеген» ежелгі ел қорғаны болған батырлардың ерлігі сынды.
Шәмша Көпбайқызы ауыл мектебін дамыту туралы ойларын 1999 жылы сайлауалды бағдарламасына да енгізген екен. Онда: «…Менің бағдарламамда білім саласына ерекше мән беріледі. Білімді азаматтары бар мемлекет қана нағыз өркениетті және гүлденген мемлекет бола алады. … Ашыққан қарын тойынар, тозған киім жаңарар, білімнің шаңырағын шайқалтып алсақ, келер ұрпақ қайтіп оңалар, кімге жалынар, кімге жалданар.
…Әсіресе, шалғайда жатқан шағын комплектілі мектептің жағдайы қатты алаңдатады. Ол қоғам тарапынан айрықша назар аударуды, қолдауды қажет етеді. Меніңше, Үкімет тарапынан «Ауыл мектебі» бағдарла­масы қабылданып, ол материалдық және қаржы ресурс­тарымен қамтамасыз етілуі тиісті» депті. Қараңызд­ар­шы, шынайы тілек, ауыздан шыққан сөз жанданады, орындалады дегеннің растығы. Ең бастысы – ниет тазалығы. Ниет – елге қамқорлық.
Расында да, ауыл мектебі, оның қарапайым мұға­лім­дері, оқушылар мен ата-аналар сол бір жылдарда бір еркін демалып, еңселері көтеріліп қалды. Күтімі жақсы болса, жеміс ағашы да жақсы өседі емес пе? Даналарды да, дараларды да берген қазақтың ауылы қасиетінен, тамырынан айырылған жоқ. Небір жұлдыздар әлі де шығады. Мұқағали Мақатаев айтқандай: «Туады, туады әлі нағыз ақын …» демекші, ауылдан «шығады, шығады әлі нағыз ғалым». Елбасымыздың «Дипломмен – ауылға» деген ізгі бастамасы, жас мамандарға ауыл басшыларынан жасалып жатқан қамқорлық бұлақ көзін ашқандай әсер қалдырады.
2002 жылы Шәмша Көпбайқызы Білім және ғылым министрі болып тағайындалып, қазақ мектебі үшін жанын салып шырылдағанда жүректегі қуаныш толқыны бес-алты шумақ жырды сыртқа шығарып еді. Соның бір шумағында:
«Елім деумен елжіреп, көзін жаспен жуған қыз,
Сарыарқада сарылып, ел мұратын қуған қыз.
Ауыртты ма жаныңды жапырақты жуған күз,
Анасынан о баста ұстаз болып туған қыз»,– деген едік. Ел мұраты үшін ғұмырын арнаған Шәмша Көпбай­қызы бар қазақтың сыздап тұрған жарасын өз жарасындай көріп, ел болашағы жастардың тәлімі мен тәрбиесіне алаңдап ғұмыр кешіп келеді.
Бір жолы Шәмша әпкеммен әңгімелескенімде жастар­дың діни ағымдарға бой ұрып, дәстүрімізде жоқ әрекет­терге барып жүргеніне қарны ашып сөйледі: «Тыныш­тығы жоқ елдің білім-ғылымы кенжелейді. Бұны да бізге тарих көрсетіп отыр. Тәуелсіздік, Бейбітшілік деген сөздер – біздің халқымыз үшін Тәңірдей киелі, анамыздай қастерлі, қара жеріміздей қасиетті ұғым. Біз басы­мызға қонған бақыт құсын ұшырып, үркітіп алмауымыз керек. Әлдебір қияс ойы, қара жүрегі бар адамдар қай заманда да болған, олар қазір де бар. Дін жолындамыз деп, ата-дәстүрінен безіну немесе ұлдар қысқа шалбар киіп, сақал жіберу, қыздардың жабылып тұмшалануы сияқты көріністер шынымен имандылық па? Иман әр адамның жүрегінде, жүрегінің тазалығында, Аллаға деген ақ сені­мінде болмай ма? Жүрек тазалығы, адамзаттың бәріне деген мейірбандық сезімі, кешіре білу, түсіне білу, адам өмірін сақтау ең басты дүние емес пе? Өзіміз көзіміз кө­ріп отырған ислам елдеріндегі жағдайдан жан түршігеді. Ғасырдан-ғасырға жеткен, адамзаттың ақыл-ойымен жасалған құндылықтарды жойып, бірін-бірі қырып жатуы қандай ақылға сияды? Мен жастарға, олардың тәр­биешілеріне: «Айналайын жастар, күн жарықта адас­паң­дар. Иман нұры жүректеріңде болсын, адам баласы – ба­уырың, табиғат – бағып-қаққан, ауа берген ару анаң. Ендеше, тіршіліктің сақтаушысы – өзіңсің. Соны ұмытпаңдар.
Қадірлі ата-аналар, жаһандану заманында әлем кеңи түседі, барыс-келіс оңайлайды, бұл жақсы жағы болса, ата-ана мен балаларының арасы алшақтайды. Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада болады дегендей заман болады. Балалар білім іздесе де, кәсіп іздесе де алыста жүреді. Сол үшін балалар қолда болғанда, мектепте оқығанда ар тәрбиесімен жүректеріне ата-ана, бауырға, туған жеріне, ана тіл, ата-дәстүріне деген адалдыққа тәрбиелеуіміз керек.
Ұстаздар, ұрпағымызды ғылым мен білімнің нұрлы жолына түсіріп, мінез байлығына, сұлулығына тәрбие­лейік. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды бабаларымыз да аңсаған. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның да бар арманы осы. Ел мен елді елдестіріп, дін мен дінді бітімгершілікке шақырып, көп ұлтты елін ұйытып отыр. Ол оңай шаруа емес. Қабырғалы халқы Елбасына көмектесуі керек. Шаңырақтың бір уығы да түспеу керек»,– деймін.
Шәмша Беркімбаеваның «Атамұра» баспасынан 2011 жылы шыққан «Әлі де ізгілікті іздеп келем…» деген кітабы қолыма түсті. Ішіндегі әр мақаласын оқығанда ізгіліктің тұнбасынан шөліңді қандырып су ішкендей боласың. Өзі жауапкершілігі мол қызметтерде жүріп, осы қоғамның тынысына үн қосып, жетістігіне қуанып, кемшілігіне қынжылып, талай-талай мақалаларды жазып, баспасөз бетіне жариялады. Сол мақалалары мен журналистерге берген сұхбаттарын жинақ етіп шығарған екен. Мазмұны да, мәні де терең, оқырманға ой салатын, елге адал қызмет жасауға тәрбиелейтін кітап болып шығыпты. Кітаптың кіріспесі «Егемен Қазақстан» газе­тіне (2010 жыл, 6 шілде) жарияланған «Ақ тілек» деген мақаласынан басталады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның қазақ тарихындағы атқарған еңбегіне сана биігінде баға береді. Қиялынан ешнәрсені қиыстырмайды. Ма­қа­ланы оқып отырған оқырман ерік­сіз келісіп, басын изеп отырады. Сонымен қатар, Шәмша Көпбайқызы ой жүйе­сін сұлу сөзбен келісті етіп жаза біледі. Мақаланың мына бір тұстарына назар аударсақ: «…Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның болмысында жарыққа, жаңалыққа құштарлық бар. Сайын сахара төсінде, ашық аспан астында Астанадай мұражай қаланы өмірге әкелді. «Мұражай қала» дегені­міздің сыры – Астана қаласын көрген әрбір жан таңда­нып, таңдай қағады. Бейне қолдан соғылған емес, небір ғажайып ғимараттар әдемі ертегілерден түсіп, орнай қалғандай әсер береді. Бұл, сөз жоқ, Елбасының ұлы туындысы», деп өзінің жүрекжарды қуанышын жеткізсе, енді Астананың мәні туралы: «Елорда еркіндікке кенелген елдің ұлттық құдірет күшін әлемге паш етті. Астананың ең басты тәлімі – ұлтының төрден, ұланының өрден көрінетін әлеуетіне әлемді сендірді. Елорда – ұлты­мыздың қаны мен жанында, рухы мен тектілігінде бар бауырмашылдығын, дарқандығын танытып, әлемге қа­зақ­ты табыстырды, таныстырды. Елорда осы жылдары сәтті жүзеге асырылған архитектуралық шешімдер арқы­лы Батыспен бауырласып, Шығыспен тамырласып үлгер­ді. Қазақ елінің Еуропа өркениетін талғаммен тани алатын, Шығыстың шұғылалы шыңынан көріне алатын және оларды байырғы түркі мәдениетіне тән сырбаз­дық­пен байыта алатынын дәлелдеп, сол арқылы жаһанды жарасылымдылыққа, бірлікке шақырған символ сипатына ие болды» («Әлі де ізгілікті іздеп келем» «Атамұра», 2011 жыл, 4-5 бб.) дейді. Шәмша Көпбайқызының еліміз­дің ордасы Астана туралы терең толғамы Екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: «Мәртебесі, рухы биік шаһар – адамдарды бір-біріне жақсылық жа­сауға құштар ететін, өздерінің тамаша қадір-қасиеттерін баға­лап қабылдауға өзге де жұрттарды ынтызар ететін қала» деген ойымен ұштасып жатқандай көрінді.
Осы кітаптан өзім үшін алған тағы бір тағылымым – Шәмша әпкемнің тәлімгер, ақылшы ұстазы, белгілі қоғам қайраткері Асанбай Асқаров туралы екі мақаласы. Бірі – «Ұстаз туралы сөз» деп, екіншісі «Ұлағатты ұстаз Асанбай Асқаров сабақтары» деп аталады. Ондағы бір үзік ой мынадай еді: «Біз сөйлеу мәдениетін Асекеңнен үйре­нуге тырысатынбыз. Білімділігі, табиғатынан шешендігі өмір тәжірибесімен ұштасқанда тыңдаушыларын үйіріп әкету­ші еді…» (9-бет), деп ұстазының өз сөзін беріпті: «Жиналыстар, кездесулер жастармен сұхбаттасудың тиім­ді жолы, яғни оны дұрыс пайдалану керек. Екін­шіден, трибуна адамды көпшілікке танытады. Бірақ қалай болса, солай шыға салмай, дайындалу керек. Есіңде болсын, ой жоқ жерде сөз шықпайды. Ал ой болу үшін көп оқып, көп білу керек әрі білгеніңді орынды пайдаланып үйрен, өмірмен байланыстыра біл. Әдемі сөйлеген жақсы, бірақ сыртқы әдемілігін түгендеймін деп, әңгіме­нің мазмұнын жоғал­тып алма. Басшының сөзін отыр­ғандар күтеді. Сондықтан сылдыр судай ағып кетпей, істің тетігін көрсететіндей сөзде нақты түйін болғаны жөн». Ұлт қамын жеген Асанбай Асқаровтың осы бір ауыз тәлімгерлік тағылымын Шәмша Көпбайқызының кітабынан алып, өз басым студенттерге дәріс оқығанда пайдаландым. Студенттердің жұрт алдында сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда ірі тұлғаларды үлгі етеміз. Өзім қызмет жасайтын Назарбаев Университетінде елдің ертеңгі көшбасшылары тәрбиеле­ніп, білім алуда. Оларды бүгін де, ертең де әлем мінбер­лері, әлем журналистері күтіп тұр. Сол себепті де біз оларды сынақтың сан түріне бүгіннен әзірлеп жатырмыз. Шәкірттеріне Асанбай Асқаров айтқан ақылды сөзімізге тірек етіп, біз де айтамыз. Бұл – ұстаз парызы.
Ш.Беркімбаева көптеген жылдар бойы Білім минис­трі болған Қажахмет Балахметовтың саналы басшы­лы­ғын, адамдармен қарым-қатынасындағы мәдениеттілігін, команданы жұмысқа жұмылдырудағы әдіс-тәсілдерін «Он климат нашей школы изменил» («Казахстанская правда», июль, 2006 г.) деген мақаласында шынайы жет­кізген. Мақа­ланы оқып шыққан соң өзің өзіңе міндетті түрде сын көзбен қарайсың, өзіңді өзіңнен артық кім таниды, Абай айтпақшы, іштегі ұятың өзіңді қыса түседі, мініңді түзетесің. Мақаланың адамға бұлай әсер етуі – оның шынайылығында.
Шәмша Көпбайқызы «Тәуелсіздік және қазақ қыздары» деген мақаласында: «…Батырлар жырындағы әйелдердің барлығы дерлік ер азаматына сенімді серік және ел қорғаны – батыр ұлдарына қамқоршы әрі ақыл­шы болуымен көзге түседі. Мейлі, ол ел бастаған хан болсын, сөз ұстаған би болсын, қол бастаған батыр болсын жанындағы жары, ақ сүтін берген анасы ер азаматты бірде сабырға шақырып, бірде намысын ұштап, ақы­лына ақыл қосып, мақсатына қуат беріп отырған. Қазақ эпосындағы Құртқаның, Гүлбаршынның, Ақжүністің, Назымның, Қарлығаның асыл қасиеттері арқылы ғасыр­лар бойы қаншама қыздар тәрбиеленді десеңізші!
Дегенмен, қазақ қыздары тек ой батыры болуды ғана місе тұтпағанына кәрі тарихтың куә болғаны баршаға аян. Қадыр Мырза Әлі «Қазақ қызы» деген өлеңінде:
Тағдыр сенің жиғызбады есіңді.
Төзім сауыт тауқыметтен тесілді.
Жауға шаптың азаматтың жанында,
Орамалмен тартып тастап төсіңді…
…………………………………………………
Өздеріңнің бастарыңда
Қазақтың
Жазылмаған азабы мен ерлігі», – деп суреттеген».
Шәмша Көпбайқызының осы мақаласын үлкен монографиялық еңбектің бастауы деп айтуға болады. Автор қоғамдағы қыздардың, аналардың рөлін сонау Сақ дәуірінен бастап, бүгінгі таңдағы Тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағына аянбай еңбек сіңіріп жүрген әйелзатының еселі ерен еңбектерінен мысал келтіре отырып, дәлелді, сенімді уәждерін айтады.
Қызына қамқор болуға әкелерді, қорған болуға аға­ларын, аға болуға азаматтарды шақырған Шәмша Көп­байқызының даусы мінберлерден де естілді. Ол бірде: «…Егер халқымыздың өзіне ғана тән педагогикалық мәде­ниетін жақсы меңгерсек, қазақ қызының, Әйел-ананың ұлт болып ұйысуымызға, халық болып қалыпта­суымызға қосар үлесі бүгінгіден де мол болар еді. Себебі, қазақ үшін ерекше қасиетті, Құран сөзіндей құдіретті үш ұғым бар. Ана! Жер-Ана! Отан-Ана!» – деді. Рас, білім кеңістігі кең. Адамзат жинаған білімді өзге елден де емін еркін алуға болады. Ал тәрбиенің ең үлкен кеңістігі – туған ел, туған үй, ата-ана, Мұхтар Әуезов түсінігіндегі – БЕСІК. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе». Шәмша Беркімбаева айтқан «халқымыздың өзіне ғана тән педагогикалық мәдениетін жақсы меңгерсек» дегені де осыған саяды.
«Ұл өсіргенің – ұрпақ өсіргенің, қыз өсіргенің – ұлт өсіргенің» деген халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті тағылымын ұмытпай, өмірлік салтымызда берік ұстансақ, көңілге көлеңке түсер сәттер аз болар еді-ау деген ойлар келеді.
Шәмша Көпбайқызына Шығыстың данасы, ұлы ұстаз Конфуцийдің мына бір даналық ойымен бір тілек, бір тапсырма айтқымыз келеді.
«Он бесімде оқуға пейіл еттім,
Отызымда кәмелетке жеттім,
Қырықта күмән-тұманнан арылдым,
Елуде Аспанның әмірін тыңдадым,
Алпыста құлағым ашылды,
Жетпісте жүрегімнің қалауын таптым, бар ісім байыпқа түсті»(Конфуций).
Қадірлі Шәмша Көпбайқызы, жүрегіңіздің қалауы табылып, халқыңыз үшін төл педагогиканың, оның ішіндегі қыз бала тәрбиесінің тұжырымдамасын жасап, нәтижесін көріңіз, қуаныңыз дейміз.
Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ, 
Назарбаев Университетінің профессоры, 
қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі.
АСТАНА.