Өзге сөзден өлеңге ұста ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 170 жыл
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:13
Ақын-жазушыларын «сүлей», «шайыр» деп дәріптейтін жыр елі – Сыр елі Шиелі бұл күндері тағы бір арқалы азаматын әспеттеу үстінде. Ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 170 жыл толуы атап өтілуде. Соңғы жылдары Шиелі ауданында жақсы дәстүр қалыптасты. Оны орнықтырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған басшылық, игі істі ықыласпен қостаушы – халық. Ел өміріне қатысты айтулы оқиғалар, әйгілі азаматтардың мерейтойлары жұртың абат, тойларың қабат болсын дегендей, берекелі «Алтын күз» тойының шырайын келтірер жоталы шара ретінде бірге өткізіліп келеді.
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:13
Ақын-жазушыларын «сүлей», «шайыр» деп дәріптейтін жыр елі – Сыр елі Шиелі бұл күндері тағы бір арқалы азаматын әспеттеу үстінде. Ақын Бұдабай Қабылұлының туғанына 170 жыл толуы атап өтілуде. Соңғы жылдары Шиелі ауданында жақсы дәстүр қалыптасты. Оны орнықтырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған басшылық, игі істі ықыласпен қостаушы – халық. Ел өміріне қатысты айтулы оқиғалар, әйгілі азаматтардың мерейтойлары жұртың абат, тойларың қабат болсын дегендей, берекелі «Алтын күз» тойының шырайын келтірер жоталы шара ретінде бірге өткізіліп келеді. Бұған дейінгі жылдары «Ардақтаған азаматын, Шиелі, неткен ғажап атың!» деген атаумен түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі күрішші Ыбырай Жақаевтың, халық ақыны, сазгер Нартай Бекежановтың 120 жылдығы, академик ғалым-жазушы Мұхаметжан Қаратаевтың 100 жылдығы, Социалистік Еңбек Ері, күрішші-диқан Шырынкүл Қазанбаеваның 90 жасқа толу мерейтойлары «Алтын күз» мерекесінде тойланды. Бұл «Алтын күздің» аясын кеңейтті, қайта-қайта шашылмауға үйретті, әсіресе алыстан келетін тойшы қауым ағайынға тіпті қолайлы еді. Сонымен, биылғы жыл – Шиеліде ел бірлігін жырлаған Бұдабай ақын жылы.
Заманында, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Бұдабайдың ақындық даңқы қазақ даласында Сыр бойына ғана емес, Жетісу, Арқаға, көрші ел Ташкент, Бұхара, Хорезмге дейін жайылды. Оның әйгілі толғауы «Әйекені жоқтау» көзі тірісінде екі рет баспа жүзін көрді. Оның үзіндісін фольклор жинаушы Я. Лютшь 1883 жылы Ташкент қаласында бастырған «Киргизская хрестоматия» («Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы») жинағына алғаш рет енгізсе, халқымыздың ауыз әдебиетін тағы бір құнттаушы башқұрт Ә.Диваев 1904 жылы «Сырдария облысының есеп материалдары жинағының» ХІ томында толық нұсқасын жариялады.
Бұдабайдың ақындық мұрасы қазақ оқымыстыларының ішінде алғаш Ахмет Байтұрсынұлының назарына ілікті. Қазақтың рухани көсемі Ахаң 1925 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан халқымыздың төрт жүз жылын қамтыған «Жиырма үш жоқтау» жинағын шығарғанда, осы жинаққа енген Қазыбек би, Абылай хан сияқты қазақтың әйгілі ұлдарын жоқтаған сол жиырма үш таңдаулы әдеби туындының бірі Бұдабайдың «Әйекені жоқтауы» еді. Ахаңның келесі 1926 жылы Мәскеуде басылып шыққан теңдесі жоқ ғылыми еңбегі – «Әдебиет танытқыш» кітабында қазақ әдебиетінің түр-тұлғасын, көркемдік әдістерін саралап, талдаған кезде мысалға келтірген талай туынды – «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» дастандарынан үзінділер, Асан қайғы, Абай, Наурызбай би, Нысанбай жырау, Орынбай, Алтыбас Ақмолда, Ыбырай Алтынсарин, Шортанбай, Байтоқ, Мұрат, Жарылғап, Әбубәкір, Досжан, Шернияз, Мағжан, т.б. біраз ақындар өлеңдерінің қатарында Бұдабай шығармалары да бар еді.
Бірақ бұдан кейін ХХ ғасырдың елуінші жылдарының аяғына дейін қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілер еңбектерінде отыз жылдай Бұдабай Қабылұлы тізім арасында аталып кететіні болмаса, оның шығармашылығы туралы арнайы тоқталып айтыла бермейді, туындылары жинақтарға енбей келді. Соның салдары – қазақ энциклопедияларынан Бұдабай Қабылұлы туралы дерек таба қоймайсыз. Сондықтан, Бұдабайды бұрын естіп-біле қоймаған кейінгі ұрпақ оны ауыл-үйдің арасында ұйқас құрастырып жүрген бұрынғы қазақтың көп өлеңшісінің бірі екен деп қалуы да мүмкін.
Бұдабайды ХІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі деп бағалап, оның шығармашылығы туралы сөз қозғап, қайтадан ғылыми айналымға түсірген фольклор зерттеуші ғалым, қазақ әдебиеті ғылымының көрнекті абызы ардақты Әукең – Әуелбек Қоңыратбаев болды. Бұл 1959 жыл, «Жұлдыз» журналының алтыншы санына басылған «Сыр шайырлары» деген мақаласында бірсыпыра сүлейдің қатарында Бұдабай ақын шығармашылығына да тоқталып өтеді. Әуелбектің өзі Шиелінің тумасы, бала күнінен құлағында күмбірлеген Бұдабай шайырдың жырлары Ә. Қоңыратбаевтың ғана емес, оның шәкірттерінің, ізбасарларының да ғылыми зерттеу нысанасына айналды. Ә.Қоңыратбаев министрлік мақұлдаған жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген оқулық еңбегінде Бұдайбайдың өмірі мен шығармашылығын кең талдады. Қызылорда педагогика институтының аға оқытушысы Қуандық Әбдіразақұлы 2009 жылы ғылым кандидаты атағына Бұдабай Қабылұлының әдеби мұрасы туралы диссертация қорғады. Осындай зерттеу жұмыстарын басқа да зерттеушілер жалғастырды. Олардың қатарында белгілі әдебиетші-ғалымдар М.Мағауин, Б.Адамбаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Байділдаев және басқалары бар.
Дегенмен, Бұдабай шығармаларының кең тарай қоймауының ең үлкен себебі – ауызша да, жазбаша да жазып шығарған оның мол мұрасының сақталып қалғаны шамалы ғана болғандығында еді. Қазір қолға тигені оның ел аузынан жиналған, шығармашылығын жоғары бағалаған жандар кезінде жазып алып өздерінде сақтап жүрген, сондай-ақ кейбір әдеби мұра жанашырлары әр кезде Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына, ғылыми кітапханасына өткізген азын-аулақ қолжазбалар. «Әйекені жоқтау», басқа да өлеңдері және ақынның өміріне қатысты тартымды әңгімелер 1980–1990 жылдары «Бес ғасыр жырлайды», «Боздағым», «Айтыс», «Ел аузынан», «Әй, заман-ай, заман-ай», 2004 жылы «Жеті ғасыр жырлайды» жинақтарына енгізілді.
Бұдабайдың шығармалары жеке жинақ болып 1994 жылы ғана басылып шықты. Бұл талай жыл Бұдабай мұрасын ел ішінен жинап, игілікке айналдырған Шиелі ауданының тұрғыны, әдебиет сүйген азамат, бүгінде марқұм Нұрмахан Қасымовтың еңбегі еді, жинаққа енген шығармалардың түрлі нұсқаларын салыстырып, жүйеге түсірген, алғысөзін жазған тарихшы ғалым марқұм Мәдіахмет Аяпұлы мен фольклоршы ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедұлы. Бұл бұдабайтануға қосылған өлшеусіз үлес болды.
Бұдабай 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданында Сырдарияның сол жағалауында Керделі деген жерде дүниеге келген. Бұл қазіргі «Қарғалы» ауылының маңы. Зираты сол төңіректегі «Әулие тораңғыл» деген жерде. Биылғы жылдың шілде айында журналист-жазушы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Нұрмақан Елтай екеумізді «Қарғалы» ауылының тұрғындары Нұрбапа (Нұрпан) Оралбайұлы мен оның күйеу баласы Үсен Дүйсенбаев Бұдабайдың зиратына алып барып көрсетті. Өзінің де өлеңге әуестігі бар Нұрпан аға жол-жөнекей әңгіме үстінде кезінде Бұдабайдың қолда бар өлеңдерін Бұдабай жинағын құрастырған Нұрмахан Қасымовқа бергенін айтты. Қорым «Қарғалыдан» «Таштоп» деген жерге қарай жүргенде он шақырымдай жерде екен. Зират жолдың жиегінде, зәулім өскен тораңғыл ағаштың түбінде. Көлеңкесі қою, биік жабайы ағаш киелі ақын зиратының басында өсіп тұрғандықтан «Әулие тораңғыл» атанғандай. Басына туыстары жазып қойған мәрмәр көктас болмаса, Бұдабайдың жерленгеніне жүз жыл өткен, қазір теп-тегіс бұл жерді зират деп ойлай қоймайсың. Айнала қалың өскен жиде, жыңғыл, шеңгел, қамыс, тоғай, жал-жал бұйрат құмдар. Дария қашық емес. Келешекте зират басына келісті кесене орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді
Бұдабайдың туған жылы 1830, 1842, 1848, ал өлген жылы 1890, 1911, 1912 жыл деп, түрлі деректерде әркелкі көрсетіліп келеді. Інісі Ордалының баласы Қанжардың айтуынша, Бұдабайдың туған жылы 1842, қайтқан уақыты 1912 жыл. Мұны бекерлейтін хатқа түскен басқа дерек болмаған соң, сан саққа жүгіртпей осыны ұстанған жөн. Сонда биыл ақынның туғанына – 170 жыл, дүниеден озғанына – 100 жыл.
Сүлейлер бір-бірінен үйреніп, үлгі алып, алдыңғы шайырларды ұстаз тұтқан. Балқы Базар, Кете Жүсіп, Молда Мұса Байзақұлы, Мәнсүр, Нартай Бекежанов Бұдабай ақыннан тағылым алғандарын айтады, оның ақындық қабілетін жоғары бағалайды.
Бұдабайдың ақындығы он төрт-он бес жасынан мәлім бола бастайды, ол кезде ақынды танытатын, мойындататын жер – көпшілік алдындағы айтыс. Өлеңді суырып салып та, жазба түрде де шығара беретін болған. Жайшылықта сөзге сараң ақын өзін өзге сөзден өлеңге ұста Бұдабаймын деп таныстыратыны содан. Оның жырларының мазмұны мәнді, тілі сөлді келеді. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Бұдабай бала күнінде бірде ұйықтап жатқанында түсіне ақсақалды қария кіріп: «Балам, өлең аласың ба, әлде көген аласың ба?» деп сұрапты. Ол ойланбастан: «Өлең аламын», депті. Ояна кетсе, айналасы, көзіне көрінгеннің бәрі көкірегінен өлең болып төгіліп тұр екен деген аңыз бар ел аузында. Мұндай ақындық киесінің қонуы мысалын бұрынғы талай қазақ шайырларынан келтіруге болар еді. Сүйінбай, Жамбыл, Кемпірбай, Базар ақындар өлеңнің «киесі бар, иесі бар» деп білген. Бақтыбай мен Жанақ, Нартай ақындар да Бұдабай сияқты түс көріп, өздерінің өлеңді қалағандарын айтып кеткен.
Өлеңді бұлбұлша құйқылжытатын арқалы ақынның «Көңіл» деп аталатын мына бір шағын өлеңі оның шайырлық шеберлігін аңғартады.
Кейде бір көңіл-дария тасқындайсың,
Кернеліп кемеріңнен асқандайсың.
Қонбастай көтеріліп көкке бойлап,
Шалықтап түз құсындай аспандайсың.
Бейнебір бес қаруың сай кісідей,
Жасанған жаудан көңіл жасқанбайсың.
Жағдайда жайбарақат ер болсаң да,
Жерлерде екіталай бас қамдайсың.
Осы әдет өз басыңда бар болса егер,
Ойланып, не себептен еске алмайсың?
Өзгеден өзіңді артық санауменен,
Сен де бір, сірә, неге тайсалмайсың.
Арналып айтылғанмен өз басыма,
Кәнекей, қайсың мұнан қашқандайсың?
Бұдабай Қабылұлы – айтыс ақыны. Молда Мұсамен жазба айтысы, Майкөт Сандыбайұлымен, Жадыра, Дәмегөй, Қарлығаш, Айсұлумен, құдаша қызбен айтыстары, байдың қызымен жұмбақ айтысы, өзінің сиырымен, атымен айтысқан мысал айтыстары белгілі. Оның алғаш ақын ретінде танылуы Қарлығаш деген қызбен айтысынан басталады. Қоңырат (кей деректерде – қаңлы) руынан шыққан төкпе ақын Қарлығаш қызбен айтыстары оншақты рет болыпты, тіпті бір айтысы бір аптаға созылыпты деседі.
Шайыр есімі жоқтау жырларымен әйгілі болғанын айтып өттік. Осыған орай Бұдабайдың көзіқарақты күллі елге ең танымал туындысы «Әйекені жоқтау» туындысына тоқталып өтейік. Әдебиет тарихын зерттеушілер Бұдабай Қабылұлының Әйеке болысты жоқтауын Үмбетей Тілеуұлының Бөгенбай батырды, Алаша Байтоқтың Жәңгір ханды, Орынбай ақынның Шоқанды, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Мұса Шормановты жоқтаған жырларына, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда айтылған жоқтауларға теңестіреді. «Әйекені жоқтау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған, көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Сондықтан да бұл жыр, міне, бір жарым ғасырдай әдебиет зерттеушілер назарын айрықша аударып келеді.
Бұдабай Қабылұлы әдебиет тарихында шұрайлы айтыс, арнау, толғау өлеңдерімен өзіндік мәнері бар ақын ретінде орын алады. «Бұдабайға Сыр мен Қырдың көптеген ақындары еліктеген. Әңгіме оның жалпақ тілінде, ғажап теңеулерінде болатын. Ел билегендерге ақыл айтқанда Бұдабай ел қамын, еңбекші қамын көбірек жеген. Толғаулары сын аралас қағида болып келеді» деп жазды ақын мұрасын зерттеген ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. Соның бір мысалы мына өлеңі:
Сәлем де өрде жатқан шонжарларға,
Елге би, жұртқа қорған болғандарға.
Болыпты басың аяқ, аяғың бас,
Заманға бұл күндегі болжам бар ма?
Мал жақсы болыстан да, биліктен де,
Әр істі ақша бұзар киліккенде.
Азғанын заманыңның білмейсің бе?
Жабы озды жалы сұйық жүйріктен де.
Паһ, шіркін! Ақынның осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен төкпе жыры бүгін айтылғандай емес пе! Мұндай ескірмейтін өнерді классика, оның шығарған адамды классик дейтініміз осы болар-ау!
Ақын шығармашылығының бір қыры – оның арнау өлеңдері. Арнау қазақ әдебиетінің дәстүрлі үлгілеріне жатады. Әріден келе жатқан жанр. Кейіпкеріне қошемет көрсетіп, көтере сөйлеу, қадір-қасиетін бағалау арнауға тән. Сонымен қатар, реті келгенде қасқая қарап билеушілерге мін айту, тоқтам айту, кеңес беру арнауда кездеседі. Бұдабайдың арнау өлеңдері де тұрмыс-тіршіліктен туындап жатар өмірлік пайымдар. Шайыр орайы келген жерде ақынға тән өр мінезбен әлдебір жағымсыз қылықты бетке айтып тастаудан тайынбағаны өлеңдерінен көрінеді. Тіпті өзін де астарлы әжуа, ащы мысқылмен түйреп алады. Өзінің қу кедейшілік күйін де жырына қосады. Бұдабай Қабылұлының арнау өлеңдері жанрдың қысқа да нұсқа дөп сөйлеп, тура айту ерекшелігін мейлінше меңгерген, иі қанық шығармалар. Өлеңдерінің бірсыпырасы ел бірлігі мен адамдар татулығын жырлауға, араздасқандарды бітімге шақыруға арналған. Патша заманында әділеттен тайған кейбір ел басшылары – болыстарды сынай отырып, оларға бұрынғы хандық дәуірде әділдігімен аты қалған билер, датқалар істерін, ата-баба жолын үлгі етеді, сөйтіп оларды дұрыс жолға салмақ болады.
Бірлік, татулық, адамгершілік қасиеттер сүлейдің толғау-терме, ақыл-нақыл сөздерінің қызыл арқауы. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылдырады, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулиды. Ақын дүниетанымы халқымыздың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр. Бұдабай өлеңінің өзегі – өз құлқынының құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейтін ежелгі даналық.
Тамыры аса терең рухани танымнан тарайтын Сыр шайырларының жүйрігі, сүлейлердің сүйрігі Бұдабай ақын шығармашылығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі бүгін де таусылмайтын, сарқылмайтын қашанда өзекті тақырып. Бұдабай тәлімі – елдік ұстанымды ту ету, ұлы дала төсінде дәстүрі бұзылмаған, іргесі берік ел болып қала беру.
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері.
АСТАНА.