«Ең үлкен университетім газет деп есептеймін»
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:13
«Бәріміз де қамшының сабындай қысқа өмірдің қонағымыз. Қанша құрметтесек те көзден кеткен соң көңілде сақтала бермейтін қымбат штрихтар болмайды екеш болады. Абзалы, соларды тірлікте арттағыға айтып үлгерейік. Алды-артымыз сиресе де ақиқат қаза болмасын».
Бұл ғибрат сөздер менің ардақты да аруақты атам, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Хамит Ерғалидың эссе, очерк, басқа да толғаныстары енгізілген «Жақсыдан –шарапат» атты кітабының кіріспесінде жазылған.
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:13
«Бәріміз де қамшының сабындай қысқа өмірдің қонағымыз. Қанша құрметтесек те көзден кеткен соң көңілде сақтала бермейтін қымбат штрихтар болмайды екеш болады. Абзалы, соларды тірлікте арттағыға айтып үлгерейік. Алды-артымыз сиресе де ақиқат қаза болмасын».
Бұл ғибрат сөздер менің ардақты да аруақты атам, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Хамит Ерғалидың эссе, очерк, басқа да толғаныстары енгізілген «Жақсыдан –шарапат» атты кітабының кіріспесінде жазылған.
Мамандығы тіл мен әдебиеттен тыс, бар білімін орыс тілінде алған және әр сөзді санап сөйлейтін математика саласындағы мен сияқты адамға ақын-жазушылар туралы жазу оңайға түспейтін шаруа екен. Бірақ көп ойларың сол атамның кітаптарынан табылып жатса, ардақты ағалардан көргенің, олардың асыл сөздерін естігенің көп болса, жазбауға болмайтыны тағы бар болып шықты.
2011 жылы атамыздың 95 жылдығына арнап «Өзегім толы ақ жалын» атты естелік кітап шығарған едік. Ол осыдан он бес жыл бұрын жоспарланып, біраз уақыт әзірленіп, ақыры жарық көрді. Атам жайында қырық жыл бойы көкейімде жинақталған естелігімді кітаптың көлемі көтермегендіктен оған кіргізе алмадым. Тұсаукесер рәсімінде сөйлейтін адамдар қатары мол болғандықтан айта алмадым. Ал 2004 жылы ардақты ақын ағамыз Қадыр Мырзалиевтың «Иірім» деген естеліктері маған атамның шығармашылық өмірбаянын зерттеуге түрткі болды.
1947 жылы жазылған «Әке сыры» поэмасында соғыстан жаралы болып келген ақын сәби-бөбегін алдына алып, қан майданда өткен оқиғаларды еске ала отырып, болашаққа қиялмен сапар шегеді.
Тыңда мені, ұланым, тыңда, тыңда!
Болмасам да ол сәтте өз қасыңда,
Әлпештеген анаңдай тұрып алар,
Біздің заман ойыңның ортасында.
Ел ғалымы, не жүйрік ақындары,
Еңбек Ері, майданның батырлары –
Мен қалдырған әйнекті шкабыңда
Жайнап тұрар кітап боп соның бәрі…
Сол «әйнекті шкабқа» қарап отырғанда маған түрлі-түрлі ойлар келеді. Кеше ғана көз алдымызда жарқылдап жүрген аталарымыз бен ағаларымызды сағынышпен еске алып, олар туралы естелік жазатын адамдардың да күннен-күнге азайып бара жатқаны ащы шыңдық.
Бүгінгі жастардың сол абыз ақындарымыздың өлеңдерін оқымақ түгілі оларды суреттерден танымай, есімдерін естімей өсіп келе жатқаны да ақиқат.
Міне, «Әке сырындағы» сәби-бөбегі – бүгінгі күні Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын атамның төл мұрагері Мұрат Ерғалиев отыз жыл Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкері болып, кемеңгер жазушылар Мұхтар Әуезовтың «Қарагөзі» мен «Хан Кенесін», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын», Әбіш Кекілбаевтің «Абылай ханын» орысшаға аударып, бұл шығармалар орыс театрларының сахнасында қойылды.
«Әке сыры» поэмасы бойынша ұлы Жеңістің 60 жылдығына арнап, біздер компьютердің мүмкіншілігін және атам қалдырған «әйнекті шкабтағы жайнап тұрған кітаптарды» пайдаланып, ол кісі жайында деректі фильм жасағанбыз. Мұнда Аманжан Серіков 17 минут ақынның тек поэмасын оқып, атамның сүйікті інісі Қаршыға Ахмедьяров «Хамаң толғау» күйін орындады. Поэма сөздерінің кереметтігі соншалық, осы шағын фильмді студенттер мен оқушылар үлкен зейінмен көріп, кірпік қақпай тыңдап, зор әсер алды. Бұл фильмнің суреттемелерін пайдаланып, «Санаттағы сарбаздар» атты Ұлы Отан соғысында қан кешіп өткен қазақ қаламгерлеріне арналған жыр альбомын жасадық. Оған майдангер ақындардың бүгінгі ұрпаққа өнеге-өсиет боларлықтай көркем құндылығы жоғалмайтын жалынды жырлары енгізілді.
Бұл туралы абыз ақын:
Санаттағы сарбаздың мен өзімін.
Көңіл-күйі демессің мұны өзінің:
Қашан көрсең, қажымас жауынгердің
Темір тәртіп, қызметі, мінезімін!
– деп толғанып: «Ендігілерге аға буынның адал төккен қан, тері – қасиетті мектеп те, өкініші – сабақ. Шаққан мұңымыз да мұра сипатында құпталуы керек. Қайта жаратылу үшін де қандай болғаныңа қарап бақ. Ақиқаттың өзімен азырақ ақылдассақ, ол осылай дейтін секілді», – деген дана сөзімен өрнектейді.
Атам айтқан: «…Жасы ұлғая келген адамды алаңдататын ерекше бір жағдай жастар тағдыры ғой. Мен болсам оларды өз мұратымнан бір сәт бөлектеген емеспін. Ірі деген оқиғалы шығармаларымдағы негізгі кейіпкерлердің 90 проценті жастар екені, соның дәлелі бола алатын шығар-ақ. Мен жас адамның жаңа жаратылысымен, арманымен азықтанамын, жаманшылығымен жанымды азаптаймын. Жалпы жастар қандай бағыт ұстаса да мен соны мезгіл мінездемесі сипатында пайдаланамын», – деп толғанғаны, оның өмірлік ұстанымы болды. Айтайын дегенім, сол жастарды ғаламторды пайдаланып, әдебиетімізбен, тарихымызбен, ұлы тұлғаларымызбен сол арқылы етене жақын таныстырсақ деген ой. Қазақ мұғалімдері әдебиетті көп оқи қоймайтын жас буынды компьютердің мүмкіншілігін пайдалана отырып, ақын-жазушылардың мұрасымен таныстырып отырса тамаша болар еді.
2006 жылы атамның 90 жылдығына арнап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінде әдеби кеш өткізілген еді. Сол кезде профессорлар Рымғали Нұрғали мен Ақселеу Сейдімбеков «Хамиттану» сабақтарын жоспарға енгізу туралы айтқан-тын. Өкінішке қарай, сол азаматтар айтқан игі бастама аяқсыз қалды. Ақселеу ағамыз «Ақын мен күй» естелігінде: «…Сахна төріне Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық оркестрі жайғасқан. Оркестрдің алдыңғы қатарында жуан ортаға қойылған қос топшылы жайлы орындықта ақын Хамит Ерғалиев отыр… Әйгілі оркестр кезекті концерттік маусымының шымылдығын түргенде, көрермен қауымның көзіне түскен көрініс осы болды. Күй мен өлең!.. Күйші мен ақын!.. Өнер деген құдірет жүрекке ғана қонақтар құс болса, сол құстың қос қанаты музыка мен поэзия болар. Егер Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» поэмасынан басқа ештеңе жазбаған болса, бәрібір бүгінгі және болашақ ұрпақ Хамаңның творчествосын айналып өте алмас еді», – деп жазған-тын.
Осы жолдарды оқығанда қырық жылғы бір жағдай есіме түседі. Жұбайым Мұрат екеуміз еңбек жолын Қарағанды мемлекеттік университетінде бастаған болатынбыз. Мен куратор болған топта қазақ балаларының бәрі домбыра шертетін. Соны пайдаланып, атамның «Құрманғазы» поэмасы бойынша тамаша кеш өткізген едік. Сол шәкірттеріміздің біразы қазір өнер мен ғылымның белді өкілдері болды.
1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын ұзақ жаяу аралап жүріп Құрманғазы зиратын әрең тапқанын, ал 1954 жылы ұлы күйші басына академик Ахмет Жұбановты ертіп апарғанын айтып, күй атасына қойған осы күнге дейін бір де дұрыс ескерткіш жоқ екенін ренжи айтатын еді атам. Жуырда Астана қаласында Құрманғазы ескерткіші ашылғанда ойыма келгені: атам тірі болса, жас баладай қуанар еді-ау!..
2001 жылы Орал қаласында жаңа қазақ театры ашылып, онда атамның «Құрманғазы» пьесасы көрсетілді. Бұл театр ғимараты жобасын жасаған өзінің туған немересі Айдар екенін білсе, немесе тағы бір немересі скрипкашы Ердан Санкт-Петербургтегі атақты Мария театрына қабылданып, бүгінгі күні дүние жүзін гастрольдік сапармен аралап жүргенін сезсе, ал шөбересі Ерасыл Ресейдің бірнеше конкурстарында жеңіске жеткенін көрсе, атасы қандай мәз болар еді, шіркін!
Атамның алғашқы «Әке сыры» поэмасы отыз жастағы ақынның келешек ұрпаққа айтар ғибраты десек, соңғы өлеңдерінің бірі «Немереме, қарата» жыры оның болашаққа бағыштаған өсиет жыры деуге болады. Бұл туындысы ешбір кітапқа кірмегенін баса айтқым келеді.
Қырларында қыстақ, жайлау, күзектің
Терге малшып жейдем сыртын тұз еттім.
Құлшылыққа қызмет қылдым
құлшынып,
Құлдығымды ұлдығым деп түзеттім.
Мен секілді ешкім аштан бұрлықпас,
Мен-ақ болдым бірді ұқса да,
бірді ұқпас.
«Ұшар басы – ұшпағың!» деп сендірсе
Тағзым етіп тас қияға ұрдық бас.
Неше мәрте өтірікке иландым,
Билік, дәулет елдікі деп миландым,
Өмір нарқын керісінше безбендеп,
Қол қайырып мейлі алмадым,
мейлі алдым…
Мақтан еттім қожам үшін өлмекті,
Өле жаздап мен сүйткенде ол нетті?..
Құдды менше, өзін емес, өзгені
Жарылқады туған өлкем өрнекті.
Ол да ақыры кесе алмай еш кесірді,
Мерез жайлап, неше жерден тесілді.
Үміт-сағым үнемі тек булығып,
Көз көрместі көксегеннің несі үлгі?..
Ешкім бәлкім менен үлгі үйренбес,
Ешкім менше торай сойып үйленбес,
Төсегімнен әкетпесе игі деп
Ешкім менше үрейлене үйге енбес.
Өзін-өзі шу асаудай құрықтап,
Өрге салса деп түсіндім құл ұтпақ.
Ешкім менше жабырқауды жатсынып,
Қасіретін қоя білмес құлыптап.
Көрдім қанша адам малша өргенді,
Жазықсыздан жау атанып өлгенді.
Көрдім ұл мен әкесінің арасын
О дүние мен бұ дүниедей бөлгенді.
Босқын көрдім жаяу-жалпы тасынған,
Өз үйіме жай да түсті жасыннан,
Азап-сордың арты бақ деп өзімше
Рас, соның бәрін де кештім басымнан.
Сөйткен бізден үйренбесең үйренбе,
Бірақ менің жеңісімнен жиренбе.
Кім бар, кім жоқ, айырбасын тапқанша
Тер сіңбеген сенің құрғақ жейдең де.
Сен де әрине, қатал сыннан өтерсің,
Тер төгуге қандай жолмен жетерсің?..
Өтірік те айта алмайтын шын түгіл
Бәз біреудің көбік сөзін нетерсің?..
Маған ауыр сенің күнің жұтаған,
Қалай қарап отыр бүгін жұрт оған, –
Түспегей де қырық пышақ астына
Ағайындар бөліп жеген бір тағам.
Сен де шыңға шықпай қалдың етекте
Бос әулігіп кете берме жетекте,
Ереуілде екі иықты жұлам деп,
Еш пайдасыз өле қалма не текке.
Бекер айғай – бейшараның қылығы ол,
Өлсең-дағы елге пайда қылып өл.
Мені қанша сынасаң да – аты бар
Мына менше мезгіліңнің құлы бол!
Атам өзінің қойын дәптеріне: «Шіркін-ай, әлжуаз денсаулық мүмкіндік берсе республиканың алпыс жылдығына арналған «Өлке шежіресінен өрнектерді» он жылдан кейінгі осынау жетпіс жылдық тұсында бір сыдырғы толықтырсам-ау деймін. Егер сол жұмыс барысында ауқаттылар мен алашорда апаты, 1932 жылғы аштық пен 1937, 38 жылдардағы һәм елуінші жылдардың бас шеніндегі репрессияны кіріктірсем, тыңға шабуыл ағытқан келімсектер тасқыны тұсындағы Хрущевтің зымиян мақсаты әшкереленсе, соңғы бес жылды да ескерусіз қалдырмасам, өлкенің өмір тарихы бір сыдырғы бүтінделер еді-ау деймін. Зады, шама-шарқыма қарай осы бағытта бір әрекет жасайтын шығармын», – деп жазған болатын.
1995 жылдың қаңтар айында жазған бір жырында атам Астанаға да бата беріп кеткен:
Керуен мен кең жазық – ежелгі үйлесім,
Кең пейіл заманда, кең Арқа билесін.
Келесі күндердің кемеңгер талабы,
Ақын Абызға, Бектер мен Биге сын.
Ей, Алла, төртінші жүрегін елімнің,
Емшісі қыла гөр мертіккен белімнің.
Пенде емес, тек сенің тәртібің бекіткей,
Табиғи заңдарын өмір мен өлімнің.
Соғыс жылдарындағы атты әскердегі қызметі туралы, «торай сойып» үйленгені туралы:
«…Дәм таусылып, майданда қаза болсам ше?.. Сонда жер төмпіштеп баяғы со жалғыз кемпір отыру керек пе?.. Неге қазақтың бір қаракөз әйелі артымда жылап қалмайды?.. Мен соған татымаймын ба? Бұл қыз маған құдды бір әдемі өлең-жырдай әсер етті», – деп жазған «Ғұмырнамада». Осыны еске түсіріп бір күні кезінде енеммен театр училищесінде бірге оқыған Бикен Римова, Шолпан Жандарбекова, Жамал Бектасова апаларымызды жинап, олармен әзілдесіп, баяғыда курстас қыздарыңды қалыңмалсыз алып едім деп, оларға сыйлықтарын таратып, керемет қызық кеш өткізгенін жыр ғып айтушы еді жарықтық атам.
Ерғалиевтар әулетінде алғашқы көрген, ерекше есте қалған қонақтар Әбу ата Сәрсенбаев пен зайыбы Ләзиза апай болды. Ләзиза апайдың: «Айналайындар, өмірдің ұсақ-түйегінен, қиқым-сиқымынан жоғары болыңдар» – деген тілегін өмір бойы есте сақтап, бүгінгі жас жұбайларға үнемі айта жүретін болдым. Сонда Әбу атаға арнаған атамның мақаласындағы: «Бұл кісіні өмір бойы шығыс қызының шырағданын жоғары көтеріскен атақты журналист Ләзиза Серғазина апаңыз деп біліңіз», дегені немесе Әбу атаның 60 жылдығына арнаған өлеңінің шумағы есіме түседі:
Әбу ақ қой шағала, желкеннен де,
Қуанғанда сүйеді ол желкеңнен де.
Ақша бұлтқа қарайды ол аспандағы,
Жердегі бір пасықтан жиіркенгенде…
Сәбит Мұқановтың жары Мәриям, Тайыр Жароковтың жары Мүнира апайларды: «Аяулы менің ақ жеңгем», деп пір тұтып құрметтейтін. Өзінен үлкен қадірлі ағаларын, немесе отау құрған жастарды, өз замандастарының ата-аналарын шақырып қызықты және мағыналы кештер жасайтын. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Жұбан Молдағалиев,Тұманбай Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Бек Тоғысбаев ағаларымыздың аналарын да ерекше сыйлап: «Алтын етекті жеңешелерім», дейтін. Енді бір күні Ахмет Жұбанов әулетін арнайы шақырып, ол кісінің балаларын біздерге үлгі ретінде таныстыратын.
«Сендер мен туралы не айтатындарыңды, маған не тілейтіндеріңді де білемін», – деп шақырған қонақтарының біреуіне де тост айтқызбайтын.
Бірақ өзі сол кісілердің әрқайсысы туралы толық мәлімет беріп, ақ тілегін көсілте шашатын.
Арнайы шақырылған қонақтары да, өз бетімен шақырусыз келген адамдар да біздің үйге келіп той-думан жасайтындары, немесе шығармашылық кештер өткізетіндері қаншама! Мұндайда Зейнолла, Тауман, Қалижан, Ғафу, Сағынғали, Тахауи, Сафуан, Тұманбай, Қуандық, Берқайыр ағаларымыздың немесе Атыраудан келіп атамның өлеңдерін жатқа айтатын Беркес ағамыздың сөздеріне мәз болатынбыз.
Атамның бұл қасиеттері «Әріптес» деген өлеңінде анық байқалады.
Айналайын әріптесім дарынды,
Біреу білсе сен білесің барымды,
Әсте мені отты көрік демінің
Дей алмассың азабынан арылды.
Мен де өзіңдей, жалын жұтқан түтінмен,
Бейнеткешпін, бір күні жоқ күтінген.
Өз парызым өтелсе де жартылай,
Өмір бойы дәмелімін бүтіннен.
Атам әріптестерінің қуанышының да, қайғысының да ортасында жүретін. Оның мына сөздері: «Талантты жас адамның өлімін көргенде менің бетім күйеді. Бұл күйге Қалжан Нұрмахановтың денесін түнгі сағат үште ауруханадан моргке апарған күннен бастап ұшырадым. Айқын, Ізтай, Төлеген, Мұқағали, Меңдекеш, Баламер, Әбілахат, Әбдікәрім, Қабдікәрім, Ғаббас, Құдаш, Еркеш пен Жұмекен, Жүсіп, Оспанхан, Жайсаңбек, Шәміл (обал-ай!..) бұлардың қайсы бірі де менің бетімді күйіксіз қалдырған жоқ», – дейді. Немесе: «…Қаламдас, яғни тағдырлас қатар-құрбы, аға мен іні аралығындағы осындай әзілі жарасқан дәстүр қазір әлсіреп те бара жатқан секілді. Сырбай болмысын аңсататын сәттер маған өмірдің осы жағын да ойлатады. Сырбай мен Жұбан, Ізтай мен Оспанхандар дүниеден өтсе де Қалтай, Тахауи, Шерхан, Садықбек, Қадыр, Қайрат, Жарасқандардың салауатты сауықшыл қалжыңдарын алдыма ұстап, Аллаға шүкірлік айтамын. Зады қазаққа кемел де кең пейілді жарқын мінез жарасқан», – деген ойлары дәлел бола алады.
Әзілің жарасса, атаңмен де ойна деген дана сөз бар. Бір күні атам: «Мына Мұрат мен шаршап отырғанда жұмыстан кейін маған келіп отыр. Аздап дем алу үшін онымен преферанс ойнасам деймін. Сен, қалқам, ренжіме, мен Мұратты бір күн ұстап, оның, есесіне сендерге елу сом ақша беріп жіберейін, сендер ақшадан қиналып жүрсіңдер ғой», деп маған телефон шалды. Біз ол кезде Алматы микроауданында Мұраттың нағашы әжесінің үйінде тұрамыз. Мен болсам жұмыс істемеймін, кішкентай балаларыммен отырамын. Мен атама: «Жарайды, папа, олай болса Мұратты екі күн ұстап жүз сом беріп жіберуіңізге болады» дедім. Ол кісі болса мәз болып, аса бір рахаттана күлгені есімде. Атам екеуміздің кейбір істерімізге, сөздерімізге қарап марқұм енем: «Ой-бұй, мынандай ата мен келінді бұрын-соңды көрсемші», деп назын айтатын.
Атам екеуміздің келіспей қалған жеріміз де болды. 1979 жылы ол кісінің ширек ғасыр тұрған бұрынғы Коммунистік даңғылындағы үйінен бәріміз басқа үйге көшетін болдық. Себебі атам 1959 жылдан толығымен шығармашылық жұмысқа көшкендігін айтып, пәтер мәселесі туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне хат жазған болатын. Осы кезде біз де Қарағандыдан көшіп келіп, аспирантураға түсіп, бұл үйге баламызбен пропискаға тұрып алғанбыз. Енді Іс басқармасындағы бір бастық жаңа үйге көшер алдында балаларыңыз пропискадан шықсын, көшіп болған соң қайтадан жаңа үйге пропискаға тұрғызамыз деп атамды алдын ала көндіріп қойған екен. Мен сол тұста ол кісіге: «Ескі үйден біз күні бұрын неге пропискадан шығуымыз керек, ол сізді алдап отыр», деген уәжіме қария үзілді-кесілді қарсы болды. «Мен Қонаевқа арыз жазғанда, үйімді тыныш жерге ауыстырып бер деп айтқанмын. Сондықтан мен сол сөзімде тұрамын», деп тыңдамай қойды…
Жалпы, ол кісі өз пайдасына жарайтын жағдайларды ешқашан пайдаланған емес деуге болады. Ұлы Отан соғысында ауыр жарақаттанған атам, бір күні әскери комиссариатқа телефон соғып:
– Назарларыңызға рахмет. Енді мені мүсіркеудің керегі жоқ. Рас, өкпем жарақатты. Көк етте бір жарқыншақтың жатқаны да бар. Қабырғаларымның саны бұрынғысынан кем екені де рас. Бірақ, мен жүкші (грузчик) емеспін, ақыл-ой қызметіндемін. Ал, екі қол, екі аяғым басымның бұйрығын орындауға жарайды. Сондықтан мен 29 жасымда мүгедек деген атақты арқалап жүруді өзіме ыңғайсыз санаймын. Сіздер мені комиссияға қайтадан салмай-ақ қойыңыздар. Бұдан әрі мен мүгедек болмаймын! Мені мүгедектер қатарынан шығарып тастаңдар. Қош, сау болыңыз!» деп Ұлы Отан соғысына қатысты жеңілдіктерден бас тартқан.
Атам 1945 жылы майданнан жарақатты болып келген бойда «Социалистік Қазақстан» газетіне тілші болып жұмысқа тұрады. Ол туралы:
«Социалистік Қазақстан»,
Асылым, саған не деймін:
Бар сыйлығым – қаламұштан!..
Атан, нарға кедеймін…», – деп жырмен толғаса,
«Уа, орта!.. Әлеуметтік орта!.. Қоршаған ортаның қадір-қасиетін айтсаң-шы!.. Жалпы бар ғой, осындай іскер, принципшіл, жұмыс бабында тартысып жатса да татулығын бұзбайтын, өзара сыйластығы мол коллективті мен бұған дейін де, бұдан кейін де көрген емеспін. Өзім жұмыс істеген аттай бес жыл ішінде арыздасу, тіктесу, жіктесу дегендердің ұшығын да көргем жоқ. Әлі күнге шейін бұның әр адамын еске алу менің жанымды жадыратады. Өйткені, бұлардың ішінде іскерлігі мен кісілігі төңірегіне жарығын түсіріп тұратын жұлдыздар көп болатын.
…Редакцияда отырып, әдебиет, ғылым, өнер қайраткерлерімен түгелге жуық білістім. Бұл газет мені Сәтбаев, Марғұлан, Базанова, Қастеев, Қажымұқан, Мәриям Жәгөрқызы, Ілияс Омаров, Нұрмолда Алдабергенов секілді небір жайсаң жандармен кездестіріп, кішкене бойымды кісі танитын дәрежеге көтерді. Бұл маған бүкіл республиканы аяқтай аралатты, оның экономикалық, саяси-әлеуметтік өмірімен жете таныстырды. Шөлден әбден аңқасы кепкен адамның мөлдір бұлаққа жете жығылғанындай, мен де дастандардың бірінен соң бірін жазуға құныға кірістім. Сондықтан да мен өзімнің ең үлкен университетім «Социалистік Қазақстан» газеті деп есептеймін», – деп жазған болатын.
1986 жылдан бастап атамның өмірінің соңғы онжылдығы мейлінше күрделі болды. 1988 жылы, күнделігінде Ғабиден мен Ғабит ағаларын еске ала отырып жазғаны: «…Енді, міне, көрмейсің бе, ол аз дегендей, азамат арын жоғары ұстап, ел атынан сөйлей алатын дәрежеге жетіп үлгерген Жұбанды да жұлып әкетті. Алдында ағаларым барырақ болғандықтан бәлкім Ғали мен Тайыр өлімдері тұсында да мұншалық күйзелмеген шығармын. Екінші көзіме операция жасатып үйге шыққан күні естілген Жұбан қазасы жарақатты қарашығымды қарып түсе жаздады. Асылы: «Су қараңғы соқыр боп қаласың!» деп, дәрігердің үйге келіп зекігені еңіреген қалпымнан сейілуге себін тигізді-ау деймін», – деген сөйлемдер.
1990 жылы Қалижан досы қайтыс болғанда: «Алайда ұрма-берме албырттықты, асыл мағынасындағы тентек мінезді тең бөліскен тетелесі едім. Ащы-тұщы өмір сыбағасы да ортақ болатұғын. Ел аузында да егіздей едік» деп жазған еді. Әрі қарай Сырбай Мәуленов те о дүниелік болып, ол аз дегендей артынан інілері Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаевтан айырылып, атомдық сүңгуір қайықтың офицері болған атамның сүйікті баласы Қанат мезгілсіз қайтыс болғаны оны қатты күйзелтіп, теңселтіп жіберді.
Сол жылдарғы бір естелікте: «Өзім болсам, жүректен үшінші рет құлап, ауруханадан «азар алдамен» шықтым. Кісіге бауыр өлсе де ауыр: өзіммен бірге туғандардан қалған екі апай, екі ағадан қалған екі іні, бір келін – бәрі сөз байласып алғандай-ақ, бас-аяғы екі жарым жыл ішінде дүрмегімен дүниеден өтті. Осы жолы қанша мықты болсам да қағаз бен қалам қаңтарыла тұратын шығар. Ар жағын Алла біледі», – депті. «Қағаз бен қалам қантарыла», денсаулығы сыр беріп тұрса да, сапасы нашар қағазға басылса да, тираждары 1000-2000 дана болса да, шығуын көп күтсе де атам марқұм соңғы бес жылда бес кітап шығарды.
«Жер… Туған жер… Ол қандай да болса бір тосын ойларға тоғытпай, өзін өзі жаманды-жақсылы оқыс окиғалармен үстемей тып-тыныш жата алған ба, сірә?! Бір қызығы, ақын сол соны қозғалыстардың ішінен ең әуелі өзін, өзіне өлшеулі өнімін тауып алғыш келеді ғой. Мен бұл жолы көкірегімде туған жер тұтатқан шер шеңберінен табылдым, жан азығым да сол шерді тарқату болып шықты. Туған топырағым, қазақ жері осы оралымда маған мерез ауруына ұшырап, денесінің әр жерінен тесіліп жатқан кіріптар жанның бейнесін елестетті. Осы көңіл күйзелісіне қайдағы-жайдағы қасіреттердің қоры жиналып, тап бір бесті қымыздай қыжылдап қызды. Сабасы тоғая келе сол «қымызды» бабына жеткізе пісу керек болды. Әй, соны мен пәлендей ұзақ пісіп те жарытпаған секілдімін. Не бір ащы сезімдер тұс-тұстан атылып, тыным дегеннің тығындарын шыдатпай, сан-саққа ұшырып жібергендеймін. Көп жағдайда өзіме иелік қыла алмадым. Жарты ғасырдан астам жанып-күйген еңбегіме тиесі, кұны басынан асқан инфарктың жай тартқыш қуаты ызаның не бір алтайы қызыл түлкідей түрлерін алдыма әкеліп тастай берді. «Шер толғау» топтамасын мен солардан іріктедім…», – деп тебіренді дана ақын осы тұста.
1995 жылы жарық көрген «Сонеттер» топтамасы туралы: «…Мұны бүкіл алпыс жылдық шығармашылық өмірімнің маңдай алдына апарып қояр едім… Несін жасырайын, қартайғанда тап мұншалық тағы бір қырымнан таныламын деп ойлаған емес едім», деп жазды.
1996 жылы «Жақсыдан шарапат» жинағына халқының қалаулысы атанған белді саяси қайраткерлер, бірі аға, бірі замандас, бірі іні болып келетін белгілі қалам қайраткерлері хақындағы ой-пікірлері өзек болды.
1996 жылы «Ғұмырнама» естелік-эссесі, 1997 жылы «Ұлтым дедім, ұлғайдым» атты кітабы жарық көрді.
Сонеттерін қолмен әдемілеп жазып жүрген дәптерінің алғашқы бетінде атам былай деген екен: «Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл жұмыстарды өзім атқарып үлгере алмаған жағдайда, оған уақыт бөлуді Зейнолла Қабдоловтан, Сағи Жиенбаевтан, Сәкен Иманасовтан, Иранбек Оразбаевтан өтінер едім. «Сақтықта қорлық жоқ», деген ғой. Әйтпесе, шүкір, әзір, қалам қалжырай қойған жоқ».
Социализмнен жабайы капитализмге өткен халқымыздың басына түскен ауыр жылдары хақында абыз атам былай деген еді: «Адамның күйзеліп отырып та күлетін сәттері бола береді екен. Ендігі көмекті зейнетақы мен балалар тарапынан күту де тап біз сияқтыларға қолайлы қоң жинау боп көрінбейтін секілді. Баяғыда даурығып келген большевизм әкемнің мал-мүлкін тартып алып, өзін өлтірген еді. Тәуелсіз мемлекет шық үндемей отырып, өмір бойы жинақтаған кассамды тонап алса да, өзіме тиіскен жоқ, оған да шүкір!».
Дегенмен, атамның қайта құру заманына сенімі мол болып, 1988 жылы жазған «Қайта құру жеңісіне сенемін» деген мақаласында «Қазақстандағы мектептердің бәрінде қазақ тілінен емтихан алынып, сонын бағасы аттестатқа жазылса, Қазақстан тарихы оқытылса, жоғары оқу орындарына түсушілер қазақ тілінен емтихан тапсырса, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілсе», деген сөздері бар еді.
«Үш ғасырға жуық бодан болған қазақ халқы шынымен-ақ осынша мол жеріне өзі емін-еркін иелік етердей қуат құрап, іргелі жұрттармен терезе теңестірер болса, соны анық көзімізбен көрсек, дүниеден аттанарда армансыз әулеттің басы да, бабасы да – біздерміз деп кетер едік. Тіпті өз армиясы, өз ақшасы, өзінің озық техникасы өсіп жетілген, өз тілі өмірдің барлық саласында толық үстемдік құрған мерейлі мемлекетті балаларымыз көрсе де көңіл тоқ. Азап-сорды бақ-дәулет деп, қараңғыны жарық деп, қылмыс қылуды қырағылық деп, ана тілін ұмытуды сауаттылық деп, – бәрін керісінше құптап, әбден есеңгіреп қалған халықтың тым болмаса аздап ақыл-есін жинағанын көрсе, біздің ұрпаққа сол да жетіп жатыр», – депті ақын 1992 жылы жазған күнделік беттеріне.
Сонымен, дүбірлі 1916 жылы туған атам жоғарыда атап өткен кітаптарын асыға шығартып, 1997 жылдың 13 желтоқсанында жұрт жаңа Астанаға көшіп жатқанда өмір жоспарын орындап біткендей, о дүниеге аттанды.
«Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек», деп Зейнолла Қабдолов ағамыз айтқандай, мен, әрине, атамды мақтап жазайын деп немесе шығармашылығына талдау жасайын деп отырған жоқпын. Тағдырыма ризашылық етіп, атам арқылы тапқан қазақ әдебиеті мен өнерінің керемет әлемі туралы, ширек ғасыр бойы атамның үйінде көргенімнен, соңғы он бес жылғы атамның кітапханасын зерттегенімнен туған ойлар ғой.
Қайран менің атам! Оның аты аталса, сөзі оқылса, әрине, қуанамыз да, ал кейбір келіспей тұрған жағдайда қуарамыз да. Мәдениет министрлігінің жоспарына енген көптомдығының бес томын «Қазығұрт» баспасы шығарып жатқанда, 90 жылдығы аталып өткенде, қарияның есімі туған ауылына берілгенде, «Өзегім толы ақ жалын» кітабын біз біраз университеттердің кітапханасына, қазақ әдебиет кафедраларына екі-үш данадан болса да сыйлағанда, университет басшылары ризашылығын білдіргенде «атамның кітаптары керек екен» деп қуанғанбыз. Ал біраз жыл бойы оның туған күні – 14 қазанда бір газеттен бірде бір өлеңін көрмесек, Алматыда 25 жыл тұрған үйіне орнатқан тақтамызды дүкеннің неше түрлі жарнамалары жауып кетсе, «Гурьевім – Жерұйығым менің, қасиетті қалам – қарашығым менің!» деп жырлап өткен атамның есімі берілген атамекендегі ұсқынсыз өзен жағалауын көргенде, әрине, қатты қапаланамыз. Дегенмен, амандық болса төрт жылдан кейін 100 жылдығы лайықты түрде өткізілер, Атырау қаласының бір әдемі көшесіне немесе мектебіне атамның есімі берілер деп сенеміз.
Алтын МҰХАМЕДИЯРОВА,
ұстаз, Қазақстан Республикасы білім
беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері.
АСТАНА.