Ұлытаудың ұланы
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:16
Қазақ зиялыларының ірі өкілі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров туралы ойлағанда, «Жаманның ғұмыры шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» деген ұлағат ойға оралады Ө.А.Байқоңыров ел-жұртының, халқының алдындағы қарызы мен парызын бір сәтке де ұмытпай ғұмыр кешкен жаратылысы ерекше жан болатын.
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:16
Қазақ зиялыларының ірі өкілі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров туралы ойлағанда, «Жаманның ғұмыры шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» деген ұлағат ойға оралады Ө.А.Байқоңыров ел-жұртының, халқының алдындағы қарызы мен парызын бір сәтке де ұмытпай ғұмыр кешкен жаратылысы ерекше жан болатын.
Мен 1955 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түскенімде Өмірхан Аймағамбетұлы осы институттың директоры екен. Бүгінгі күні Ө.А.Байқоңыровтың сан қырлы қызметі туралы әңгіме қозғау бір жағынан жеңіл, екінші жағынан қиын да. Оның парасатты қызметі халқының көз алдында өтті, әрбір қадамы замандастары мен шәкірттерінің есінде қалды. Ғибратты ұстаз біздерге өз бойындағы таза білімі мен даналық теңізін, адамгершілік махаббатын сыйлады. Ол туралы бүгін тебірене сөз сабақтайтын адамдар өте көп. Оның өмірі мен қызметі туралы көпшілікке белгілі жайларды қайталамай көптен көңілімде жүрген ойларды ортаға салуды жөн көрдім. Өмірхан Байқоңыров тау-кен ісінің ғалымы. Дәріс оқыған кездегі алғашқы сөзі «Біздің басты байлығымыз минералды ресурстар» деп басталатын. Ғылыми еңбектерінің саны қаншама көп болса, сапасы да сондай жоғары еді. Ғалымның әр еңбегі өз саласының жаңалығы мен жаршысы ретінде қымбат. Негізгі еңбектері жер астында кен қазу жұмыстарын үздіксіз жүргізуге, жерасты қазбаларының орнықтылығы мен тау-кен жыныстарының физикалық-механикалық қасиеттерін зерттеуге, жерасты кен игеру әдістерінің жалпы классификациясын жасауға, жерасты кен қазуды кешенді механизациялауға, кен геофизикасының негіздеріне арналған. Ғалымның ұсынған кен қазудың жаңа жүйелері мен машиналары Жезқазған кеніштерінде осы күнге дейін қолданылуда. Осылайша, Өмірхан Аймағамбетұлының ғылыми-зерттеуші, маман ретіндегі беделі бүкіл одаққа мәлім болды.
Ө.Байқоңыров студенттер, аспиранттар үшін тазалықтың, әділдіктің, бекзаттықтың үлгісі болды. Ұстаздың да ұстазы бар. Ұстаз Байқоңыров сөзімен де, ісімен де, тілімен де, сырт келбетімен де өзіне адамды тартып, баурап алатын тұлға бола білді. Оның басты тәрбиесі ойлауға, талдау жасай біліп, одан шешім шығаруға үйрету болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін аудиторияда қызмет етті, студенттерге дәріс оқыды. Ұстаз-ағартушы өз білімі мен ғибратын, тәжірибелік әдіс-тәсілдерін жастарға жеткізуден жалықпады. Өмірхан Аймағамбетұлының ашық дәрістерін студенттер ғана емес, оқытушы-ғалымдардың өздері барып тыңдайтын.
Ө.Байқоңыровтың ғалым-педагогтарды даярлаудағы еңбегі де өте зор. Ғалымның жолын жалғастырып, келешек ұрпаққа тәрбие беретін мектепті одан әрі дамытып, идеяларын таратушы қазақстандық тау-кен ісі саласындағы ғалымдардың көпшілігі Өмекеңнің шәкірттері. Санап отырсақ, Ө.Байқоңыровтың ғылыми жетекшілігімен 60 ғылым кандидаты, 10 ғылым докторы өз диссертацияларын қорғапты. Академик Байқоңыровтың шекпенінен шыққан шәкірттерінің ішінде тау-кен саласының көрнекті өкілдері, ғалым-академиктер, министрлер, ректорлар да бар. Бұл Өмірхан Аймағамбетұлының ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз болғанының айғағы.
Ө.Байқоңыров 1934 жылы құрылған Қазақ тау-кен металлургия институтының 1960 жылы Қазақ политехникалық институтына айналуына, оның қарашаңырақ болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Осы қызметте жүргенде министрлік пен үкіметтің арнаулы тапсырмасымен Қазақстанның ірі кен-металлургия комбинаттары жанынан инженер мамандарын даярлаумен айналысатын, кей жерлерде институт, ал кадрлары аз жерлерде жалпы техникалық факультеттер ашуды ұйымдастырды. Мәселен, 1953 жылы Қарағандыда тау-кен институтын, 1958 жылы Өскеменде құрылыс-жол институтын, 1959 жылы Рудныйда кешкі факультеті, 1962 жылы Алматыдағы Киров атындағы зауытта кешкі машина жасау факультетін және т.б. оқу ошақтарын ашты. Ашылған оқу орындарына жас жігіттер ағылып барып, әрі жұмыс істеп, әрі кешке оқып, көптеген инженер мамандықтарынан мыңдаған жоғары білімді кадрлар даярланды. Өндірістерге жас қазақ жігіттерін тартудың ең дұрыс жолы осы еді. Өндірістен қашудан гөрі, оған ұмтылатындар көбейді. Сол факультеттер кейін институт және университеттерге айналды.
1962 жылы Қ.И.Сәтбаевтың ұсынысымен академик Байқоңыров Қазақ КСР Ғылым академиясының академик-хатшысы болып сайланды. Сол жылдан бастап ол Қ.И.Сәтбаевпен қоян-қолтық жұмыс атқарып, Ертіс-Қарағанды каналын, Екібастұз, Жезқазған, Теміртау, Балқаштағы өндіріс орындарын салу, Қарағайлы, Шет аудандарындағы ірі кеніштерді, Маңғыстаудағы мұнай кен орындарын іске қосу мәселелерімен айналысты. Қ.Сәтбаевпен жұмыс істеуді ол өзіне бақыт деп санады.
Ө.Байқоңыров ғылыми-педагогикалық жұмысын қоғамдық қызметпен ұштастыра білді. Ө.Байқоңыров ҚазКСР Жоғары Кеңесінің, бірнеше мәрте Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды.
Өмірхан Аймағамбетұлы – қандай жоғары дәрежелі орындарда отырса да, өзінің мағыналы өмір жолымен, ішкі рухани байлығымен, асыл адами қасиеттерімен, кішіпейілдігімен, қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен бәрімізге үлгі болған үлкен тұлға. Тек қана тау-кен саласындағы адамдарға емес, ғылым қуған барлық жастардың ақылшысы, тәрбиешісі, қамқоршысы бола білді.
Ол өз қарамағындағы қызметкерлерді төмендетуге, олардың жағымпаздық жасауына жол бермейтін. Ол өзінің рухани қалпын биік ұстап, қызметкерлермен тең сөйлесетін және оларға зор сеніммен қарайтын.
Өмекең сара сөздің саңлағы болатын. Егер сын айтса анық, нақты, көңілге кірбің түсірмей айтатын. Сонымен бірге, ол дұрыс шешімін айтатын, келелі кеңес беретін мәмілегер болатын.
Талай басшылардың одан ақыл-кеңес сұрағандарына куә болдық.
Ол өз отбасын өте жақсы көретін. Мариям апай екеуі өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Қай ректор қазір студенттердің қойған концертіне барады? Өмекең көркемөнерпаздардың концертіне жұбайы Мариям апайды және бала-шағаларын ерте келіп, бірінші қатарға орналасып, концерттің соңына дейін отыратын. Өзінің кісілік қасиеті баларына да дарыды.
Иә, айта берсек, Өмірхан Байқоңыровтың сегіз қыры емес, сексен қырын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бірін еске түсіріп, ол туралы айта бастасаң екінші жағы менмұндалап шыға келеді. Өмекең табанымен жер басқан жұмыр басты пенденің ешқайсысына ұқсамайтын дара жаратылған, ғылым мен білімге өрен жүйріктігі өз алдына, қазақы қасиетке де жетік болатын.
Академик Қаныш Сәтбаев Ұлытау даласын Қазақстанның қазынасы санаған. Себебі, Менделеев кестесіндегі элементтердің басым бөлігі Ұлытау аймағы қойнауынан табылған. Өмірхан Аймағамбетұлы, міне, осындай, Қазақстанның географиялық орталығы болып саналатын, қазақ халқының бесігі, көшпелі дала мәдениетінің бастауы, ежелгі даланың көне сырларын ішіне бүккен шежірелі Ұлытауда 1912 жылы дүниеге келген.
Ол Ұлытаудан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген, толағай тұлға.
Қ.Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалымдары Мәскеуде (тұрегеліп тұрғандар ішінде: Е.А.Бөкетов, Ө.А.Байқоңыров, А.Сағынов және т.б.).
Оның ғұмырнамасы да ұрпаққа үлгі, кім-кімге де өнеге боларлық өрелі жол. Ол халқы үшін еңбек етті, парасатын танытты, даналығын дәлелдеді. Халқымыз Өмірхан Аймағамбетұлының жасағаны мен атқарғанын еш уақытта ұмытпайды. Таулар алыстаған сайын биіктеп, асқақтап тұратыны сияқты, жалпы, тіршілікте де алыстаған сайын асқақтай көрінетін адамдар да болады екен. Біз үшін сондай адамдардың бірі емес, бірегейі ұстазымыз – Өмірхан Аймағамбетұлы Байқоңыров.
Өз басыма Өмекеңнің жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. 1959 жылы жолдасым Шәріп Бекбасаров Қарағандының 38-шахтасында өндірістік жарақат алып, бір аяғынан айырылды. Сол жылдары студенттер жатақханаға мұқтаж болатын. Соған қарамастан біздің отбасымызға бір бөлмені босатқызып берді. Екеумізді де аспирантураға алып қалды. Менің ғылыми жетекшім етіп қазақтың біртуар ұлы, ғұлама ғалым Ақжан Машановты бекітті. Өмекеңнің арқасында ғалым болдық, отбасымызды құрып, пәтер алдық, қамқорлығын көрдік. Өмекең қамқорлық жасай отырып үлкен талап қоя білетін.
Өмекеңнің өмірде шыққан шыңдары, алған асулары тек қана еңбек ету, іскерлік, қайсарлық, күрескерлік, табандылық, әділеттіктен таймайтын, сөзі мен ісі арасында алшақтық болмайтын жан екендігін дәлелдеп берген.
Адамның ең басты байлығы – ол өзі бақилық болған соң, артында не қалдырды, халқы оны қай тірлігімен еске алады, сол болмақ. Біздің күнделікті өмірде жиі кездесетін үш түрлі жағдайды еске салғым келеді. Біріншісі, көзі тірісінде өзі сатып алған атақтары мен қызметтері өлген соң ұмытылады. Екіншісі, ұрпақтары бай, үлкен қызметте болса, күмбез тұрғызар, атына көше алып берер, бірақ кейінгі ұрпақ оны білмейді. Үшіншісі, артында ұмытылмас үлкен ғылыми жаңалықтар ашқан, ұрпаққа арнап өсиетті кітаптар қалдырған, ақылды, парасатты, еңбекқор шәкірттер тәрбиелеген адам ғана биік тұғырға көтеріледі, ұмытылмайды. Өмірхан Байқоңыров міне, осындай ғұлама ғалым.
Маржан НҰРПЕЙІСОВА,
Ресей тау-кен ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы,
ҚазҰТУ-дің профессоры.
АЛМАТЫ.