12 Қазан, 2012

Алаштың ақсақалы

472 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Алаштың ақсақалы

Жұма, 12 қазан 2012 7:07

ХХ ғасырдағы тарихи ғаламаттарға толы ұлы өзгерістерден ұлт тағдырына қатысты ой түйген ғұлама ғалым, ұлт болашағының қамын ойлап, шәкірт шыңдаған ұстаз, ұлтының ұлылығын тануда көшелі көрегендікпен көш басында жүрген санаткер, адалдықтан тамыр тартқан адамдық ардың айнасы іспетті Тұрсынбек Кәкішұлын біз ең алдымен ұстаз ретінде таныған едік. Бүгінде аяулы ағамызбен таныс-біліс, шәкірт-ұстаз, ізетті іні-тәлімгер аға, ізденімпаз талапкер-ғибратты ғұлама, ғылым-білімдегі әріптес сынды қарым-қатынаста жүргенімізге де 37 жылдың жүзі болыпты. Өмірде өзіндік із қалдырған осынау жылдар бір адамның бітім-болмысын танып-білуге аздық етпесі кәміл. Ендеше, сол бір жылдар шежіресінен сыр тартып, ой түйіп көрсек деп отырмыз.

Жұма, 12 қазан 2012 7:07

ХХ ғасырдағы тарихи ғаламаттарға толы ұлы өзгерістерден ұлт тағдырына қатысты ой түйген ғұлама ғалым, ұлт болашағының қамын ойлап, шәкірт шыңдаған ұстаз, ұлтының ұлылығын тануда көшелі көрегендікпен көш басында жүрген санаткер, адалдықтан тамыр тартқан адамдық ардың айнасы іспетті Тұрсынбек Кәкішұлын біз ең алдымен ұстаз ретінде таныған едік. Бүгінде аяулы ағамызбен таныс-біліс, шәкірт-ұстаз, ізетті іні-тәлімгер аға, ізденімпаз талапкер-ғибратты ғұлама, ғылым-білімдегі әріптес сынды қарым-қатынаста жүргенімізге де 37 жылдың жүзі болыпты. Өмірде өзіндік із қалдырған осынау жылдар бір адамның бітім-болмысын танып-білуге аздық етпесі кәміл. Ендеше, сол бір жылдар шежіресінен сыр тартып, ой түйіп көрсек деп отырмыз.

ХХ ғасырдың 70 жылда­рының орта тұсында бағымыз жанып, ҚазГу атты қара ша­ңырақтың студенттері атандық. Еліміздегі маңдайалды оқу ордасында атақ даңқы жер жарып тұрған, елге белгілі, жұртқа танымал біраз ұстаздарды оқуға өмір­лік тә­жі­рибе жинап кеп түс­кен біз сияқты «тіс қаққан­дар» сырттай шырамытып, жазбай танушы едік. Со­лардың бірі Сәкен жайлы кі­тап­тарын қызыға оқып, баспа­сөздегі өткір де ойлы мақа­лала­рын жі­бермей қарайтын аяулы ұстаз Тұрсекең болатын.
Ұстаз жоғарғы курстарға дә­ріс оқитындықтан да, алғашқыда университет дәлізінде ғана көріп қалып жүрдік. Жүзтаныс болма­сақ та, өзіне деген үлкен құрме­тіміздің белгісі ретінде ізетпен берген сәлемімізді ол кісінің жылы қабылдап, күлімсірей бас изеп өткеніне мәз болатынбыз.
Біздің, яғни, әдебиетке, ғы­лым­ға жақындау жүргісі келетін жігіт-қыздардың бірінші курста екі бақыты болды деп білем. Оның біріншісі, «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен әр сабағын ке­мерінен асып төгілген кемел ойларымен байытып жататын Зе­кең – Зейнолла Қабдоловтың дә­ріс оқуы. Екіншісі, талапты жі­гіт-қыздарды топтастырған Тұр­се­­кең­нің – Тұрсынбек Кәкішұлы­ның ғылыми үйірмесі. Шіркін-ай! Сол кездегі ұстаздардың шә­кіртке, әсі­ресе, талапты шәкіртке білім беру мен ғылыми ізденіске баулуға деген құлшыныстары мен үйретуден жалықпас қасиет­теріне таңдан­бас­қа шараң жоқ-ау. Данышпан Абайдың: «Ұстаздық еткен жа­лықпас, үйретуден бала­ға» дегені сол кездің ұстазына, «Бі­лім­діден шыққан сөз – талап­тыға болсын кез» деген арманы сол тұстың шәкіртіне арнап айтыл­ғандай.
Тұрсекеңнің үйірмесіне бі­рінші курста мені аяулы Алма апай – Алма Қыраубаева алып келген еді. Ғылым атты тылсым дүниенің, ғажайып әлемнің та­бал­дырығын солай имене аттаған едік. Кейін­нен, есейген соң, сол бір ғылым­ның әліппесін қолға ұстатқан ағаның төл шәкіртіне айналдық…
Әр аптаның бейсенбі күні ұс­тазымыз Киров пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы бас корпустың астыңғы қабатындағы 107-дәрісханаға жинап алып, екі сағат бойы, кей кездерде төрт сағатқа созылып кететін ғылыми үйірме жұмысын бастай жөнеле­тін. Мен сол тұстан бастап Тұр­сын­бек ағай бойындағы ұстаздық қасиеттерді, ұлық ұстазға тән ұлағаттылықты, әдебиеттану ғы­лы­мына деген адалдықты танып біле бастадым десем, өтірік айт­қандық емес. Ол кісінің талапты мен талантқа жол ашқан ізгі мейі­рімі, адал көңілден тұратын азаматтық биік парасаты, шәкірт үшін жасаған әр жақсылықтан жаны рахат табатын ұстаздық іске шын берілген шынайы болмысы айрықша қасиеттер ретінде өзіне үйіре тартып тұратын.
Бірінші курстың «сары ауыз балапандарымен» төртінші курс­тың дүниенің төрт бұрышын тү­гел білген «ғұламаларына» дейін бас қосқан бұл «жиынды» Тұр­секең өз уақытын аямай, шәкірт жанын аялай өткізуші еді. Ұстаз төзімінің сырын кейін ұқтық. Ол әр студент жасаған баяндамадан жылт еткен ұшқынды дәл аңға­рып, талқылаулар тұсында айтыла қалған өткір пікір, тапқыр ойды жіті саралап, биік талғамды дәл танып бағалайтын. Әр шәкірт бойындағы бұғып жатқан ұяң да бұйығы талант пен дарын көзін дер кезінде ашуға ұмтылып, балау­са жастың бойындағы әлі бұ­зыла қоймаған ғылымға деген та­залық пен адами мінез-құлық­тың тұнба тұнықтығын сақтап қалуға тырысатын. Сөйтіп, аға­мыз қай ба­ла­ның неге бейім, нендей бағыт-бағдар ұстарын ерте аңғаратын-ды. Ке­йіннен үлкен курстарда өз үйір­месіне қатысып, әдебиетке деген ерекше ықы­ла­сын таныт­қан, ер­кін пікірлі, ал­ғыр ойлы студентін қанатының астына алып, әдеби зерттеуге бейімдей бастайтын. Өз бойын­дағы жақсы қасиетімен көзге түскен, назарға іліккен ізденімпаз студент ұстаз мейір шапағатынан тыс қалған емес. Өткен ғасырдың 1968 жылынан жүргізе бастаған осынау үйірмеде болған шәкірт­терінің көбін Тұр­секең қолынан жетектеп әкеп, ғылымға қосты. Ұстаз­дың уақыт­ты текке өткізбе­енінің бел­гісі болса керек бұл.
Менің бұл жайды тәптіштей жазып жатқаным, Тұрсекеңдей ағаның өзгеден ерек өзіндік бір қырын ашуға тырысқаным ғой. Жалпы алғанда, Тұрсынбек Кә­кішұлы – ұстаздығы мен ғалым­дығы, адамдығы мен азаматтығы, санаткерлігі мен қайраткерлігі тұ­тасып кеткен тұлға! Ұстаз бойын­да біте қайнасқан осынау қа­сиет­терді бөліп жаруға, бөл­шек­теу­ге әсте болмайды.
Ең алдымен ашып айтарымыз, Тұрсынбек Кәкішұлы бо­йын­­дағы бар қасиеттің басын қосып, ыдыратпай ұстап тұрған ұлы құдірет – оның ұлт руханиятына деген шексіз құрметі. Өйт­кені, ол – ұлт руханиятын, сол арқылы ұлттық рухты көте­руге саналы ғұмырын түгел ба­ғыш­таған азамат.
Тұрсынбек Кәкішұлының ұлт руханиятына деген сүйіспен­ші­лігі жүрегінен бала кезден орын тапқан. Қасиетті Арқа мен кө­рікті Көкше бір-бірімен шектесер жерде дүниеге келіп, туған та­биғаттың бар асылын бойға жинап бұла өскен, сұлу да сымбатты жас жігіттің еңбек жолын өнер­ден бастағаны тегінен-тегін болмаса керек-ті. Алланың салған жолы шығар, Ұлы Отан соғысы аяқталар тұста мектеп бітірген бозбала қазақтың әйгілі әншісі Қосымжан Бабақовтың жөн сіл­теуімен, қазақ қыздарынан алғаш шыққан өнер қарлығаштарының бірі Зағифи Тіналинаның көме­гімен Ақмола облыстық театрына әртіс болып алынады. Сөйтіп, өзінің өмір жолын өнермен өзек­тес етіп өре бастайды.
Сан өнердің басын біріктіріп, сөз бен саз, сурет пен қимылдан тұратын жанды өнер театр өмірі, әсіресе, жас баланың бойындағы сөз өнеріне деген құштарлықты арттыра түседі. Осылай жанын әлдилеп, өзгеше бір әлемге елік­тіріп жүрген құпияның сыры ашылады. Ол өзіне «жүрегінің түбіне терең бойлаған» құдіретті сөз өнерін мәңгілікке қалап алады. Көңілді қытықтаған қиялдың жетегіне еріп, Алматыға келеді… Оқыды, тоқыды… Көрді, білді… Еліктеді, еркін кетті… Арманның ақ жолын тапты, өзіндік биікке жетті… Ол биікке Тұрсекең Алла берген талант пен дарынды талмас талаппен ұштастыра отырып, іргелі ізденіс, ерен еңбектің арқа­сында шықты.
Ал ардақты азаматты халқы дана танып, ел абызына айнал­дырған қасиеттерінің асылы қай­сы­сы десеңіз, ол шындықты мо­йындаған туралық дер едік. Ол кісінің бүкіл тірлігінің тірек күші осы шыншылдықтан қуат алған туралықта жатыр. Бұған Тұр­сын­бек Кәкішұлының өмір жолы куә.
Шындықтың ауылын іздеген жастық жігер ғылым атты ай­дынға ақ желкенін көтертіп, тәуе­кел қайығын салғызды. Білге­німді бөліссем, «адамдықтың дә­нін сепсем» деген үміт ұстаз­дық жолға түсірді. Мыңдаған шәкір­тінің жүрегіне жаққан шындық шырағы нұрлы сәулеге айналып, санасына жарық түсіріп, елінің ойын оятты. Бұл күнде иісі қазақ атын білетін азамат тұлғаға айналды.
Сан қырлы саңлақ санат­кер­дің саналы ғұмырында ғылым­ның орны ерекше-ақ! Ғалымның зерт­теушілік әдіс-тәсіліне тән сипат­тың ең бастысы әдебиет тарихы мен тарихтың жігі ажырамастай бірлікте көрініс табуы деп біле­міз. “Қолындағы қаламы жыл­­жып жерге түскенше, күйме­сіне үміт пен күдікті қатар жегіп жүре бер­генді” арман еткен жас ізденуші ә, дегенде-ақ әдебиет­тану ғылы­мындағы өз бағытын дұрыс таң­дап, тап басып тани алған секілді. Ал енді, бағдар тура болғанда, істің нәтижелі болары бесенеден белгілі. Тұрсекең – өз сөзімен айтқанда, «осыны мық­тап ұғын­ған» жан. Сондық­тан да Тұрсын­бек Кәкішұлының алғашқы таң­даған тақырыбы – ғылымға келіп қалған соң, шап берген «суға кеткен тал қар­майдының» тақырыбы емес, бей­нетінің кермек дәмі сезіліп тұ­ратын «тереңнен маржан тер­мектің» ізденісі. Тұңғыш зерттеу жұмысы «Қазақ совет әдебие­тінің қалыптасу дәуіріндегі идея­лық-творчестволық мәсе­ле­лер (1917-1929)» аталып, аты ай­­қай­лап тұрған еңбегінің өзінде-ақ әдебиетіміздегі күрделі де қиын кезеңге бой ұрып, айтыс-тартыс­тың отына шарпылмай, тұжы­рымды ойларымен әдеби-ғылыми ортаны мойындатты. Содан бергі уақытта желілес қос ғылым – әдебиет пен тарихтың бірлігінен шындық іздеген әдетінен әсте жаңылған емес.
Тұрсынбек Кәкішұлы қандай еңбек жазбасын, тіпті кішігірім мақалаға отырса да, әуелі тақы­рып­ты әбден игеріп, қажетті ма­териалдардың бәрін білдім, енді ешбір қоспасыз ой қозғауға болады деген сенімге ие болғанда ғана іске кіріседі. Сондықтан да ға­лым­ның ғылыми еңбектеріне тән тағы бір қасиет – шындықтан ауыт­қымай, шырайландыра жазу. Өзін-өзі сыйлайтын азамат үшін бұл бір үлкен ғанибет. Шығар­машылық жолында «барды барша ашық та айқын баяндау» прин­ципін қалыптастырған ға­лым, ұстанған бағытынан еш айнымастан келеді. Бұған дейінгі 40-тан астам кітаптың өн бойына желі болып тартылған шыншыл­дық, кейінгі туындылардың да негізгі арқауы боларына сенім мол.
Аңғара алған адамға Тұрсе­кең­нің ғылыми зерттеулері ауқым­­­ды да арналы үш саладан тұрады. Олардың жеке-жеке ал­ған­да әрқайсысының өзіндік сыры жетерлік. Жалпы, ғалым адам­ға өзінің мінез құлқы мен жігер-қайратына үйлесім табар тақы­рыптарды таңдай алудың бе­рері мол-ақ. Бұл тұрғыдан алған­да, Тұрсекең тағы да бағы жанған жан. Өйткені, әдебиеттегі «ақтаң­дақтарды» айту үшін, бір­беткей мінез, қайтпас қайсарлық керек. Ертеректе 1917-1930 жыл­­дар ара­сындағы әдебиет тарихын арқау еткен еңбекке кіріскенде-ақ, ке­йін заңғар зерттеушіге айналуды мақсат тұтқан жас жігіт «ақтаң­дақтар әлемінің» табалды­рығы­нан аттағанын сезген-ақ болар. Сезе тұрып, өзіне сенген де болар. Қалай дегенде ғалым Тұр­сынбек сол алғашқы адымнан бас­тап қазақ әдебиетіндегі «ақ­таң­­дақтар» құпиясын ашумен келеді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, ғалым өзіне «бәсі­ре» етіп алған әдебиет тарихы­ның кең ауқымы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде алыптар мен арыстар, биіктер мен бәйтеректер бірде қанаттаса, бірде айтыса-тар­тыса жүріп, ұлт әдебиетіне өл­шеусіз еңбек сіңірген кезең. Арыға барсаң Абайға, беріге кел­сең Сәбитке бастайтын бас­пал­дақ бұл. Ендеше, Тұрсынбек Кә­кіш­ұлының әдеби-ғылыми ізде­нісінің алғашқы саласы – әдебиет тарихының көзден таса тұстарын назарда ұстау болып табылады.
Әдебиет тарихының «ақтаң­дақ» беттеріне үңілу – Тұрсынбек Кәкішұлы сынды ғалымның ғы­лыми ізденістерінің бастау көзі. Оның бүкіл іздемпаздық та­биғаты осыдан тамыр тартып жатады. Тереңінен сыр тартқан сын тарихынан қос кітапты шығарса да, сан кітапқа жетерлік азық тапты. Дүние кезек екенін түсін­ген ғалым, тірнектеп жинап, там-тұмдап жазып, қалғанын сырт көзден таса ұстап, қаттап жинай берді. Өйткені, көп ойға жол ашы­лар күннің келеріне іштей сенімді еді. Ғалымның сын са­ласындағы аз жазса да, саз жаз­ған еңбегі текке кеткен жоқ. Әдебиет зерт­теудегі тың бағыт сын жолы үлкен даңғылға айналып, қазақ әдебиет зерттеу ғылы­мындағы жаңа сала ретінде қа­лыптасты. Міне, бұл Тұр­сын­бек Кәкішұлы­ның ға­лымдық ізденісі­нің екін­ші саласы.
Адам баласы өмірге деген көзқарасы қалыптасып, білікті­лігі артып, айналасына кейде құптай, кейде сыни оймен қарай бастаған тұстан бастап, біреуге еліктеп, біреуге ұқсап бағуға тырысары шындық. Кейбіреуге бұл өткелең кезең, кейбіреуге мәңгі­лік. Бірақ ол құр еліктеушілік дәрежеде қалып қойса, әрине өкініш. Сырттай ұқсауға тырысудан гөрі, ішкі жан дүниең үн­десіп жатса ғой, шіркін!
Тұрсекең алдыңғылардың кө­шірмесі болуға ұмтылмай, дара тұлға болып қалыптасқанмен де, іштей еліктейтін бір жан бар. Ұқсағысы келеді-ақ, ұқсауға тырысады да. Ол кім десеңіз, ақиық ақын Сәкен Сейфуллин. Сондық­тан да болар осы бір жұмбақ жанның жұмбағын шешуге өмі­р бойы ұмтылып келеді. Бұл та­қы­рып – Тұрсекеңнің ғалым­дық парызынан, азаматтық қары­зы­нан жаралған ізгілігі мол, ілімі кең, өнегесі ұрпаққа аманат қас­тер­лі еңбек пен зейнет көмбесі. Олай болса – бұл ғибраты мол ғұлама ізденісінің үшінші саласы.
Тұрсынбек Кәкішұлы ашқан «ақтаңдақтар» әлемінің алғашқы бастауын Сәкеннен тартсақ орын­ды. Сәкен әлемі шыншыл ғалым үшін тек Сәкен бейнесі­мен дараланып қалмайды. Біле білсек, Сәкеннің қысқа ғана ғұ­мыр жолы – бүкіл зиялы қауым­ның, бүкіл шығармашылық тұл­ғалардың ХХ ғасыр басында зұламат зобалаң­ның талқысына түскен тар кезең­дегі қилы тағды­рының көрінісі. Сәкеннің азамат­тық тұлғасын таныту, бүкіл бір дәуірдің тарихи өзгерісін айқын­дау болып табылады.
Өзінің Сәкендей тұлғамен алғаш «танысуы» жөнінде саналы ғұмырын сәкентануға арнаған ғалым былай деп жазады. «1944 жылдың қысында Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуін» қазақтың үлкен әншісі Қосымжан Баба­қовтың үйінде оқып ем. Арқаның атақты әншісі маған тісіңнен шы­ғарма деп, мықтап ескертіп еді». Сәкенді оқымай өскен ұрпақ өкілі сөйтіп 17 жасында Сәкен рухымен сырласып, «Сәкеннің аяу­лы атын жүрегінде аялай өскен жастың біріне» айналады. Жүрек түпкірінде жатқан бұл бұйығы сыр кейінгі тұстағы екі жағдай­дың арқасында сан ізде­ніс­ке жол ашып, сан кітапқа өрі­ліп түсті. Оның біріншісі алғаш­қы оқиға­дан төрт жылдан соң Сәкеннің сүйген жары Гүлба­һ­рам­мен жүз­десуі, екіншісі, Ес­мағамбет Ысмайылов сынды ұстазбен бірлесе қызмет атқаруы.
Біздіңше, Тұрсынбек Кәкіш­ұлы­ның сәкентануға қосқан ең зор үлесі Сәкен өмірі мен шы­ғармашылығының «ақтаңдағын» ашу болып табылады. Яғни, ақын шығармашылығының табиғатын тануға ең алдымен адамдық болмысын, азаматтық тұлғасын зерделеу арқылы қол жеткізу. Ақын да бір «сүйек-еттен жаралған пенде» екенін еске алсақ, ақын­дығын тану үшін адамдығын тану қажет-ақ. Сәкендей аты аңыз­ға айнал­ған, бір кезде «қара тақ­таға жазылып», халық жауы атан­ған, одан соң «қызыл тақтаға» көшіріліп, қызыл сұңқар таныл­ған ақынды кешегі бір бұралаң кезеңде зиялы қауым қай тақтаға жазарын білмей тосылып тұрған шақта Тұрсекең жазған еңбектер­дің айбыны асқақтай түсті. Себе­бі, ғалымның ыждаһатты іздені­сінен туған «кезең шындығы» Сәкен тұлғасына көлеңке түсіре қой­масы хақ.
Тұрсынбек Кәкішұлының сын тарихын зерттеудегі ізденісте­рінің қазақ әдебиеті ғылымын­дағы зор табыс болып табы­латындығы айтылып та, жазылып та жүрген жәйт. Біздің айтпа­ғымыз, бұл бағытта ұлы төң­керіске дейін бізде сын болған жоқ деп жүрген «көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тап­қандығы». Және де кезінде зерт­теулері екі кітап («Сын сапары», «Оңаша отау») болып басылып шықса да, «заман түзеліп енді оқу­шы түзелер» сәтте тың деректермен байытып 25 баспа табақ «Қазақ әдебиеті сынының тарихын» жазып, одан соң оны екі томдық етіп шығаруы уақыт­пен нақты үндесуі болып табылады.
Бір қараған адам бұрынғы­ларын қайта бастырды дер. Жоқ! Бұл тың дүние деп атауға тұрар­лық, уақыт талабына орай жаң­ғырған ойларға толы, бұрын ат үсті аталып кеткен асыл қазы­наларды мейлінше терең тал­дау­ға ұмтылған сонылығы басым кітап.
Бір кездегі «Сын сапары» тақырып тың болуымен, «Дала уалаяты» мен «Түркістан уәлая­тының» беттерінен бастап, «Айқап» журналының беттерін­дегі әдеби-сыни материалдарды сұрыптаумен, ондағы сыни ой-пікірлердің қазақ әдебиетін өр­кендетуде атқарған ұшан-теңіз қызметін айқындаумен құнды еді. Мына жаңа зерттеу қазақ әде­биетіндегі сыни ой-пікірдің қа­лыптасу, даму, өрістеу құбылыс­тарын жинақтауымен құнды. Әр тұстағы әдеби айтыс-тартыстар мен өрістес келіп жатқан ой-пікірлердің ақ-қарасын айқын­дауға ұмтылуымен бағалы.
Тұрсынбек Кәкішұлы соңғы жылдары шыққан кітаптарының бірінде: «Тарих бетінде әркімнің атқарған ісі, жасаған қатесі, шалыс басқан қадамы түгелдей айтылып, жазылуға тиіс… Қазақ интеллигенциясының тағдыр-та­лайында ғана емес, бүкіл халық тарихында қағидаға айналып кеткен қателіктерді түзетуіміз керек», деп жазды («Санадағы жаралар»). Бұл бір сөздің сәні үшін айтыла салған лебіз емес. Бұл тура­лықтан таймаған ғалымның өмір­лік мақ­саты, ғұмырының мәні. Сонау «Ок­тябрь өркенінен» (1967) тар­тыл­ған зиялылар тағ­ды­рына деген жанашырлық әлі күнге дейін жал­ғасын тауып келеді. «Әр дарын­ның өз орны бар» деп түсінетін зерттеуші сол дарындардың ұлты үшін атқарған қызметін айрықша көрсетуді өзіне міндет етіп алған­дай. Бұл тақырыпқа үнемі айналып соғып, әдебиет пен мәде­ниетте елеулі еңбегі бар, әрқилы жағдаймен белгісіз болып келген талай тұл­ғаларды жұртшылыққа таныс­тырып жүр.
Заман тыныш, өмірдің өзге­ріссіз өтіп жатқан тұсында Жиен­ғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов сияқты қазақ әдебиетіне азды-көпті еңбек сіңірген қалам­гер­лер­ді жеткен биігінен төмен­детпей оқырманға жеткізген Тұр­секең екенін жоққа шығара ал­мас­пыз. Ал «замана бір желмая, қалмасаң халқым жақсы еді желмаядан жығылып» (Әбубәкір Кер­дері) дей­тіндей уақыт келгенде ұлы­ларын ұлтына қауыш­тыруда өн­дірте еңбек етіп жүрген тағы да Тұрсекең. Басқасын былай қой­ғанда «Санадағы жаралар» (1992), «Кер заманның ке­реғар ойлары» (1995), «Толғам» (2004) кітаптары осы мәселеге арналған.
Ғалымның кеңестік ақын-жазушыларға көрсетіліп жатқан «әпербақан» қылықтарға қар­сы­лық ретінде жазған соңғы еңбек­терінің бірі – «Сәбит Мұ­қанов» (2005) атты зерттеу (ға­лым Кү­ләш Ахметовамен бі­рігіп жазған).
Бұл кітаптың дайындығы ұзақ жылдарды қамтығаны байқа­лады. Сәбеңнің көзі тірісінде де, кейін де ол кісі туралы түрлі сипаттағы мақалалар жазып жүр­ген Тұрсе­кең ЮНЕСКО шеші­мімен дүние жүзілік тойға айналған Сәбит Мұқановтың 100 жылдығы тұ­сын­­да (2000) ұзақ жыл­дық ізде­ністерінің жемісі іс­петті мақа­лалар топтамасын жиі жариялады. Соның нәти­же­сінде сәбит­тануға біржола бет қо­йып, 2000 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Сәбеңе арналған екі жинақ шығарды. Ал 2005 жылы «Арда» баспасынан «Сәбит Мұ­қанов (әдеби-ғылыми ғұмырна­ма)» атты 304 беттік әдеби-ғы­лыми ғұмыр­намалық еңбекті бас­тырды. Бұл баяғы «Өнегелі өмір» сипатында жа­зыл­ған, Сә­кен жайлы кітап дәс­түрінде туған дүние. Қазақ әде­биетінің алып­тарының «кә­дімгі» Сәбит Мұ­қанов туралы осы бір зор тебі­реніспен, еркін толғаныс­пен жа­зылған шыншыл­дығы басым сырлы еңбек ғалым­дық ғұмыр­дың биік бір белесі.
Атақты жазушыны кейбір «жа­ңашылсымақтар» ағаш атқа мінгізіп жатқан уақытта дәуір шежіресінің тырнақалды талапты ізденісінен бастап, «Аққан жұл­дыз» атты дилогиясына де­йінгі шығармашылық ғұмыр­на­масын жан-жақты зерттеп, уақыт табына суарылған әділ­дігін айту оңай шаруа емес. Қаламының желі бар зерттеуші жазушының қилы заманы мен қиын да қы­зықты тағдырын ажырамастай бір­­лікте алып, қамшының өрі­міндей әдемі қиюластырады. Өлеңге қызы­ғушылық талабын оятқан да­рын­ның қасиетті қара өлеңнің қы­зулы көрігінде пісіп-жетіліп, қазақ әдебиетінің клас­сигіне айналу жолы, шығарма­шылық ерен еңбегі саты-сатылай отырып, біртіндеп ашылады. «Май­­ға сә­лем», «Сұлушаш», «Бо­­­та­гөз», «Балуан Шолақ», «Мөл­дір махаббат», «Өмір мек­тебі», «Ақ­қан жұлдыз», т.б. жанры әр алуан, тақырыбы әртүрлі шығармала­рындағы Сәбеңнің ақын­дығы, жазушылық шебер­лігі қилы қы­рынан ашылып, дархан жүрек, дала көңіл, абыз қалам­гердің адами болмысы жайылып сала бе­реді. Сәкеннен гөрі Сәбитті жа­зудың Тұрсекеңе бір жеңілдігі бар. Ол – Сәбеңді көзі көріп, рухани сырлас болуы. Ендеше, бұл кітапта Сәбеңдей теңдессіз тұл­ғаның жазушы ре­тінде де, азамат ретінде де бү­гінгі қоғамдық-әлеуметтік өмі­рі­мізде алатын орны туралы на­ғыз шыншыл, әрі турашыл көз­қарас білдірілген.
Ғалымның көздеген басты мақсаты – әдебиеттің қай кезе­ң­іне болмасын, ең алдымен, ақыл-парасат азаттығы тұрғысы­нан келу. Дәуір шындығының бүгінгі көзқараспен бірге жазушы өмір сүрген кезеңдегі иделогиямен де үндесуін бағамдау. Өйт­кені, қазақ зиялыларының қай-қайсысы да қандай ұран көтерсе де, не істесе де ұлт қамы үшін істеп жүрмін деп ұқты. Өз ке­зіндегі уақыт үрдісінде дұрыс деп түсінген кей­бір істері уақыт өте келе бұрыс боп шығып жатса, азаматтық тұлғасына қара күйе жағып, тарихтан сызып тастау әділеттік пе?! Тұрсекеңнің ел сүйіктісі Сә­кен мен Сәбиттің бедерлі бейне­сіне көлеңке түсір­меу жолындағы күресін осылай ұғынуымыз керек. Осылай баға­лауымыз керек.
Тұрсынбек Кәкішұлындай тұ­ғырлы тұлға туралы сөз қозға­ғанда, ол кісінің азаматтық кел­беті туралы айтпай кетудің реті жоқ. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей Тұрсекеңді тұтасты­рып тұрған ұстаз, ғалым, азамат атты үштаған бірлік.
Ұстаздың азаматтық келбеті оның ұлтжандылығымен айбынданып тұрады. Тұрсекең бойында азаматқа лайық мінез бен азамат­тық сана біте қайнасқан бірлік танытады. Сондықтанда ол – ұлт­жанды. Жеке бастан гөрі, ұлттың ісін үнемі алға қойып отыру әде­тіне айнал­ғалы қашан. Сонау жас кезінен-ақ ол ұлтым деп «ұлт­шыл­ды­ғын» танытты. Сол бір қасиет­тен ай­нымай-ақ келеді.
Елуінші жылдардың ортасында «Қазақ әдебиеті» газетінде қа­зақ тілінің мәселесі көтеріліп, қазақша оқытудың жайы алқалы ортаның талқысына салынған тұста, алғаш болып үн көтер­гендердің бірі осы Тұрсекең болатын. Ол кезде Қазақстан Ком­пар­тиясының орталық комитеті­не қарайтын Партия тарихы институтында істейтін жас жігіт көп қуда­лауға ұшырап, ақыры кетіп тынып, академияның аспирантурасына түсуге мәжбүр болады. Өзі қыз­мет істеп жүрген Партия тарихы инс­титутының саясатына қарсы шық­қан мұндай ерлікті батылдық демей, не дей­міз, батырлық демей не дей­міз!Ал сол батылдық пен батыр­лыққа итермелеп тұр­ған ұлт­жандылықтың қуатты күші еді.
Тұрсекең – сапарға көп шыға­тын, ел-жер көруге құмар жан­ның бірі. Бірақ ол қызықтың, «атың барда ел танының» адамы емес, әр сапардан елге пайда келтірер, ұлт мүддесіне тиесілі нәрсені жүзеге асыруды көздеп отырады. Өткен ғасырдың 60­-жыл­дарының аяғы 70-жыл­да­ры­ның басында Тұр­секең Қазан, Уфаға сапарлайды. Сол сапарда керексіз деп табылған ескі кітап­тарды жоюға деген дайындықтың үстінен тү­седі. Ішінде револю­ция­дан бұрын шыққан қазақ кі­таптары да көп болса керек. Дереу Қазақстанға хабар жіберіп, әлгі кітаптарды елге әкелуге рұқ­сат алып, бәлен қапшық кітапты арқалап қайтады. Әңгіме ескі кітаптарды арқалап қайтуда емес. Әңгіме сол кітап­тардың көбінің ол кезде оқу тү­гілі, атын атауға болмайтын кі­таптар екенінде… Соның бірі қазақтың тұңғыш романы Міржа­қыптың «Бақытсыз Жамал» шы­ғармасы болса, көп адам көрсе тұра қашатын осы кітаптың бір данасын Жақаңның күйеу баласы аудармашы Әбен Сатыбалдиев ар­қылы туған қызы Гүлнар Дула­товаға береді. Ал бұ­­ны ерлік емес деп қалай айтарсың.
Еліміз жаңадан тәуелсіздік алып, шеттегі бауырларымызға енді көңіл бөле бастаған тұста,  Т.Кәкішев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым және жаңа технологиялар ми­нистрлігінің шешімімен «Қа­зақ диаспорасы әдебиетін зерттеу» лабораториясын ашты. Сөй­тіп, Моң­­­­­­ғо­лияға ғылыми іссапар ұй­ымдас­тырды. Қазақстаннан Қаз­ГУ бөл­ген кішкентай авто­бус­пен Моң­ғолияға жол шеккен Тұр­се­кең де жүрек жұтқан-ау. Жанында Ілия Жақанов, Зұфар Сейіт­­жанов және бір топ жас ғалымдар бар Тұр­секең бұл жолдан олжалы оралды. Том-том қолжазба, бә­лен­бай кассеталық ән таспасы, ауыздан жазылып алын­ған сан дәптер қазақ әде­биеті үшін үлкен байлық еді. Ал, енді мұны ұлт­жандылық емес дей аламыз ба?!.
Тұрсынбек Кәкішұлының аза­маттық тұлғасының айқын бір танылған тұсы – қазақ зиялысына сын болған 1986 жыл­дың жел­тоқсаны. Онда ұстаз ҚазГУ-де филология факульте­тінің деканы еді. Ол сол күндері студент жас­тардың жай-күйін жаны күйе ойлады. Ұрда-жық саясаттың құр­баны болып кет­пеулерін қада­ғалады. Астыңғы қабаттағы журналистика фа­куль­тетінің жаңа ғана сайланған орыс бастығы арнайы комиссия құрып, қазақ жандайшаптары ар­қылы 2 сту­дентті оқудан шы­ғар­тып, 5 студентке қатаң сөгіс жариялап жат­қанда, филфак аман-сау қалды. Өйткені, алдына жайып салған суреттерден декан өз сту­дент­терін «танымай» қалған-ды. Ал бұл ұрпақ қамын ойлап, қауіпке бас тіккен үлкен азаматтық! Ұлт­шыл мі­нез­дің айқын көрінісі!
Айта берсек, Тұрсекеңнің ұлт үшін еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бәрін айтып тауысу мүм­кін емес. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастаған қазақ тілі үшін күресі әлі күнге жал­ғасын табуда. Ұлт мәселе­сіне, елдікке қатысты құ­нарлы ойларын үлкен мінбер­лерден жас­қан­бай ашық айтып келеді. Мем­лекет мүддесі үшін жасалып жатқан іс-шаралардың ба­сы-қасынан табылып, реті келсе, алдыңғы сапында жүреді.
Ұстаз туралы толғанысы­мыз­ды түйіндей келе айтарымыз: бүгінде қалың елі – қазақ жұрты Тұрсынбек Кәкішұлын білімпаз ғалым ретінде, жас ұрпақ «ұқсап бағуға» тұрарлық ұстаз ретінде, сындарлы кезеңде күлбілте­ле­мей, айтарын ашық айтатын, ой-сананы оята білетін санаткер ре­тінде бағалайды.
Осынау ел құрметіне адал еңбегімен ие болған ұстазға біз ұстаздығыңыз ұлағатқа, ғалым­ды­­ғыңыз өнегеге, азаматты­ғы­ңыз үлгіге айналып жасай б­е­ріңіз, Тұрсынбек аға, демекпіз! Асқар­дан асқарға, биіктен би­ікке өр­леңіз, ары таза, абыз жан!

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор.