Қазталов ауданының Ақпәтер ауылы маңында су қақпасын ашу рәсіміне қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл күнді тарихи оқиға деп бағалады.
- Қараөзендегі Еділдің суына Киров-Шежін арнасы арқылы Жайық суы қосылып отыр. Каналдың іске қосылуы ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын азаматтар мен аудан тұрғындарына үлкен қолдау. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында осы күнге қол жеткіздік. Халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесі мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жеке бақылауында. Біз өңірде мемлекеттік бағдарламалар бұдан әрі нәтижелі орындалатынына сендіреміз. Ендігі мақсат – осы судың игілігін көріп, мал шаруашылығын дамыту керек. Канал бойында орналасқан шаруашылықтар жүгері, көпжылдық шөп егу сияқты жұмыстарды жүзеге асыруы қажет, - деді өңір басшысы Қазталов ауданы халқымен жүздесу кезінде.
Бұл жоба Ресей Федерациясынан келетін суға тәуелділікті азайтуды мақсат еткен. Осы арқылы арна бойындағы 130 мың гектар жер суландырылып, 22 тоған суға толады. Олардың әрқайсысы 10 мың шаршы метр аумақты қамтымақ. Канал шаруа қожалықтарына малдарын суаруға және егінді жерлерді суландыруға мүмкіндік туады.
Киров-Шежін каналының құрылыс жұмыстарына жауапты «Қазсушар» мекемесі Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің айтуынша, Жайық суы қазіргі күнде секундына 5 текшеметр жылдамдықпен Қараөзенге құйылып жатыр.
Алтай Көлгінов осы сапарында Ақпәтер ауылындағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында салынған фельдшерлік-акушерлік пунктінің жұмысымен танысты. Бұл медициналық пункт ғимаратын жеке кәсіпкер Самат Хасанов өзінің 16 млн. теңге қаражатына салып, ауыл халқына тарту еткен болатын.